Қазақстан Ұлттық банкі қазанда 4,2 тонна aлтын сатып алып, әлемдегі алтынды ең көп сатып алған орталық банктердің бірі атанды. Бұл туралы World Gold Council (WGC) есебінде айтылды.
Қазан айында ең көп алтын сатып алған елдер қатарында Үндістан (26,9 тонна), Түркия (16,6 тонна) және Польша (7,5 тонна) болды. Жалпы әлемдік орталық банктердің алтын сатып алу көлемі 60,2 тоннаны құрады. Бұл – биылғы жылдағы ең жоғары айлық өсім.
WGC мәліметінше, орталық банктердің алтынға деген сұранысы биыл да жоғары деңгейде. Жыл басынан бері сатып алынған алтынның жалпы көлемі үшінші тоқсанның соңына қарай 694 тоннаға жетті.
«Алтын бағасының өсуі кейде сатып алуды тежеуі мүмкін болғанымен, қазан айындағы жоғары көрсеткіштер алтынның стратегиялық актив ретіндегі маңыздылығын растайды. Орталық банктер оны тәуекелдерді басқару және резервтерді әртараптандыру құралы ретінде пайдалануда», – делінген WGC шолуында.
Goldman Sachs инвестициялық банкі қараша айында алтынды 2025 жылға арналған ең перспективалы активтердің қатарына қосты. Сарапшылардың болжамы бойынша, орталық банктердің белсенді сатып алулары мен АҚШ Федералды резервтік жүйесінің мөлшерлемелерді төмендетуі алтын бағасын жаңа рекордтық деңгейге жеткізеді.
2025 жылы aлтын бағасы бір унция үшін 3000 долларға дейін көтерілуі мүмкін. Бұл болжам Дональд Трамптың екінші президенттік мерзімі кезеңінде жүзеге асады деп күтіліп отыр