2025 жылғы 17 желтоқсанда Мемлекет басшысы әкімшілік әділет саласын жетілдіруге және кеңейтуге бағытталған Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Заңның негізгі ережелері 2025 жылдың 29 желтоқсанында күшіне енді.
Қабылданған өзгерістер істердің жекелеген санаттарын Азаматтық процестік кодексінен Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне ауыстыруды көздейді және мемлекеттік органдармен дауларда азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын сот арқылы қорғаудың тиімділігін арттыруға бағытталған.
Не өзгерді?
Заңда заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің заңдылығына дау айту туралы істер, сондай-ақ мемлекеттік органдардың азаматтық хал актілерінің жазбаларына түзетулер енгізуден бас тартуына байланысты даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралатыны белгіленген.
Бұған дейін істердің осы санаттары азаматтық процесс шеңберінде қаралған болатын, бұл сот статистикасына сәйкес, қайтарылған талаптардың жоғары пайызымен қатар жүрді және азаматтардың сот қорғауына қол жеткізуін қиындатты.
Сот қорғауын күшейту
Аталған дауларды әкімшілік әділет саласына көшіру істерді қарау кезінде соттың белсенді рөлін қоса алғанда, өзге де іс жүргізу тәсілдерін қолдануға мүмкіндік береді. Бұл мән-жайларды неғұрлым толық және объективті нақтылауға және өтініш берушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейтуге ықпал етеді.
Бұдан басқа, жаңа тәсілдер заңсыз заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді не олардың жекелеген ережелерін неғұрлым жедел анықтау және жою үшін жағдай жасайды, бұл азаматтардың құқықтарының бұзылуын болдырмауға мүмкіндік береді.
Заңға тәуелді актілер бойынша дау айту қалай қарастырылады
Күшіне енген нормаларға сәйкес заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің күші қолданылатын азаматтар мен заңды тұлғалар, егер осы актімен олардың құқықтары мен заңды мүдделері бұзылады не бұзылуы мүмкін деп есептесе, әкімшілік сотқа оның заңдылығын тексеру туралы талап қоюмен жүгінуге құқылы.
Әкімшілік сот заңға тәуелді актіні қабылдаған органның немесе лауазымды адамның құзыретінің болуын, сондай-ақ оның Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкестігін тексереді. Бұл ретте, даулы актінің заңдылығын дәлелдеу міндеті оны қабылдаған мемлекеттік органға немесе лауазымды адамға жүктеледі.
Талап негізделген деп танылған жағдайда сот заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіні толық немесе оның жекелеген бөлігінде заңға қайшы (Қазақстан Республикасының Конституциясынан басқа) деп тану туралы шешім қабылдайды.
Қабылданған өзгерістер әкімшілік әділетті дамытудағы маңызды қадам болып табылады және азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын сотта қорғаудың неғұрлым қолжетімді, тиімді және әділ тетігін қалыптастыруға бағытталған.















