Сарғайған құжаттар сыр шертеді
Бүгінде өңі сарғайған құжаттар бойынша, саяси қуғын-сүргінге Қазақстан бойынша 90867, Қырғызстанда – 30634, Өзбекстанда – 10164 адам ұшыраған екен. Қазақстан «алпауыт əлеуметтік эксперимент» полигоны болғанына куә. Елімізде мемлекеттік зорлық-зомбылықтың, соған сәйкес саяси қуғын-сүргін құрбандарының орасан көп болуына себеп биліктің Қазкрайкомның І хатшысы Ф. Голощекиннің сипаты жөнінен – халыққа қарсы, салдары жөнінен аса қанқұйлы жоба «Қазақстандағы кіші қазан» бағдарламасы саяси эксперимент ретінде жүзеге асырғаны себеп болды.
Қуғын-сүргіннің басталу кезеңіне тоқталатын болсақ, Ресейдегі азамат соғысы кесірінен шаруашылықтың күйзеліске ұрынуы және орын алған жұттың салдарынан Қазақстанда халық 30 пайызға азайған.
Бай-кулактар тәркіленіп, тап ретінде жойылуы керек!
КСРО басшысы И. Сталин 29.12.1929 жылы аграршылар конференциясында колхоздастыру науқанына кедергі келтірген бай-кулактарды тап ретінде жоюды күн тәртібіне қойды. 15.01.1930 жылы Орталық комитет В. Молотов басқарған арнайы комиссия құрды. Қазақстандағы «үштік» құрамына Ж. Құрамысов (төраға), А. Альшанский, А. Асылбеков енген.
20 аудан белгіленіп, 20 мың бай мен кулак шаруашылықтарын тәркілеп, көшіріп, темір жолдан шалғай аудандарға қоныстандыру, ол жерлерге сырттан жер аударылып әкелінетін 30 мыңдай кулак отбасыларын орналастыру көзделді. Науқанды жүзеге асыру ОГПУ органдарына жүктелді. КСРО Заң халық комиссары төрағасы Н. Янсеннің 3.01.1930ж. нұсқауында «кулактардың контрреволюцияшыл белсенді тобы» тез арада қамауға алынып, «қастандық актілерін ұйымдастырушы» ретінде ату жазасына кесілетін болады. 1928 жылы 30 тамызда «Қаз ХХК мен ОАК 1928 жылғы 27 тамыздағы қаулысына сәйкес тәркілеуге ұшырағандарды жер аударатын аудандарын анықтау туралы» ҚазАКСР ХХК қаулысы бойынша тәркілеуге ұшырағандар Жетісу және Сырдария округтері Оралға, Орал округінен Жетісуға, Гурьевтен Петропавлға, Қарқаралыдан Қостанайға, Семейден Сырдарияға, Павлодардан Ақтөбеге, Қызылордадан Адай округіне, Ақмоладан Гурьевке, Ақтөбеден Қарқаралыға, Қостанайдан Семейге жер аударылды. Қазақстанда 22 мың адам қамауға алынып, 1930 жылы 1 шілдеде 12 мыңы (кедей мен орташа) түрмеден босатылып, 4 мыңдайы жер аударылды. Қазақстанда 54625 шаруашылық бай-кулакқа жатқызылып, тәркіленіп, 1931 жылы елден тыс жерлерге 5500 кулак жер аударылды. ҚР мемлекеттік архивінде 1928 жыл қыркүйек 1929 жыл ақпан айы аралықта тәркіге ұшырағандардан ірі қараған шаққанда барлығы 144474 бас мал тартылып алынған. Жер аударылғандардың ішінде №195 іс Алматы округі Еңбекшіқазақ ауданы № 9 ауылдан Бейімбетов Шеру, оныншы бумада 259 іс Ахмет Дәулетбеков, №1 ауылдан 265 номерде Дәркенбаев Дәулетханның, №303 іс Дәркембаев Дәулетбек т.б. отбасылардың заттары, малдары, құрал-сайманға дейін тізім жасалып, тәркіленгені және жер аударылғандары туралы мәліметтер бар. 1928 жыл ортасынан Алаш қайраткерлерін тұтқындаудан басталды. Оларға «Буржуазияшыл-ұлтшыл», «Басқаша, бөтен ойлайтындар» деп айып тағылып, түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды. 1930 -33 жылғы Голощекиндік ет, астық т.б.16 салық түрі, жартылай көшпелі шаруаны күшпен отырықшыландыру науқаны басталады. Ет, астық дайындау жоспарын орындамағаны үшін саяси қуғын-сүргінге ұшырап, 1928 жылдың қаңтарынан 1929 жылдың 15 желтоқсанына дейін осы бап бойынша 52 300 адам сотталған. Жұмысқа кешіккені, жұмыстан рұқсатсыз кеткені, астықтың бірнеше сабағын әкеткені және басқа да болмашы ағаттықтары үшін 1932 жылдың тамызынан бастап бір жыл ішінде 33 345 адам сотталған.
Ашаршылық
Ауыл халқының ашаршылықтан шығыны 2 млн 200 мың адамнан асқан. «Нұрлы жол» кітабында Хұсайын Бижанов 1932 жылы қыстың ортасынан аштықтан тұлыптай ісіп-кеуіп, тарамыстай тыртиып, әулеттер қырылып, үйлерден түтін шықпай қалғанын, жолай бет-аузын ит-құс жеген адамның денесін, Шелекте асхана жанында сүйек кеміріп жатқан адамды көргенін есіне алады. Асы-Саға ауылында аштық жылдарында ұйымдастырған «ортақ қазан» күніне бір рет бір ожау қара көжемен тамақтандырған, аштарға Б.Бошаев, Ә.Атамбеков мерген топ ұйымдастырып таудан аң атып әкеліп, Бектемісов Сары мен жұбайы Қатипа туған қойларды сауғызып, сүтін аштарға таратып көмек көрсеткенін, халық ашаршылықтан қиналып отырғанда Балқаш ауданынан келген адамдарға да пана болғанын келтіреді.
Ахмет Байтұрсынов інісі Самұрат: «Көктем уақыты, ағайындар түрмеге жабылды. Халық тамақсыз, киімсіз үйлерін тастап, тамақ іздеп қаңғырып кетті. Аштан өлген адамдар күн сайын көбейе берді. Әлсіреп жатқан кісілерге жабайыланған иттер бас салып, қасқырлар өлікке таласып, жолдың екі жағында аштан өлген кісілер, әр өліктің үстінде бір-бір құс шоқып жеп жатыр. Итті ұстап алып, сойып жеп, қалғанын алып жолға шықтық. Сарышұнақтың ініне су құйып ұстап, пісіріп жеп отырған адамдар... Бір жағы аштық қысса, екінші жағы аурудан шыбындай қырылып жатқан қазақтар»... (Ақаң туралы ақиқат кітабынан). Ұлттық қауіпсіздік комитеті архивіндегі құжаттар бойынша Алматы округі Шелек селосынан №11-27 тізім (3-6 бет) 1929 жылы 26 маусымда ОГПУ айрықшы отырысында РСФСР Қылмыстық Кодекс 58 бабы 10бөлімі ІІ бойынша 3 жылдан сотталған, білімі жоқ, партияда жоқ, негізінен ауылша руашылық саласында жұмыс атқаратын Беспалов А. О., Бортников П. Г., Буханцов Д. В. Москва, Ленинград басқа да қалаларда тұруға болмайды; Вихрев Е. М., Воронов П.И., Гвоздев И. Г., Лапшин Г.Н., Локтев В. Д., Локтев Т. Д., Пожидаев Н. Д., Ромохов Г. С., Четверкин А. И., Черняков Д. В. Бұл азаматтар «қылмыстық әрекеттері болмаған» деген негізбен ақталған. Шелек ауданы Қаражота ауылында 1890 жылғ Босымбеков Абай, Дмитров атындағы колхозды ұйымдастырушылардың бірі 1929 жылы 26 маусым айында ОГПУ-дың айрықшы отырысында РСФСР Қылмыстық Кодексі 58 бабы 10 бөлімі ІІ 10 жылға сотталып, Қарлаг түрмесінде (20.08.1935 ж. куәлік №109 749) мерзімін өтеп келіп, колхоз жұмысына араласып,1944жылы республикалық ауылшаруашылық үздіктері кеңесіне қатысқан, 8.07.1947 ж. «Ерен еңбегі үшін медалімен» марапатталған. Шелек ауданы Сартау ауылында жылқышы Бегалы Жангелдіге үш баукеспе ұры келіп, «3 айғыр 2 күнге бере тұр, қырғыз еліне кіріп біраз жылқы айдап келейік» деп қолқа салады. Бегалы беттерін қайтарады. Ауыл маңындағы арпаға ұрылар от салып, Бегалыға жала жауып, соттатып жіберіпті.
Қолшоқпар болған газеттер шешімдерді жарыса, «Халық дауысы» айдарымен жариялап, кез келген сын-пікір соңы қуғын-сүргінмен аяқталады.
Қуғын-сүргін: ату, жер аудару, қамау
Қазақстанда алғаш рет Қарағанды, Үржар мен Пресновта ашық сот процестері жүргізілген. Ақмола облысында қуғын үлесі 1930 жылдарда 3360 адам, 1940 жылдарда 160 мыңға жеткен. 22.05. 1937 жылы НКВД Преснов ауданы басшылары үстінен қылмыстық іс қозғалып, 2 қазанда облыстық соттың арнайы коллегиясы істі қарап, ауданның бірінші хатшысы В.Конюховқа, атқару комитеті төрағасы К.Капаровқа, оқу бөлімі меңгерушісі Н. Уразбаевқа, аудан прокуроры Қ.Фазыловқа, ха лық соты Ә.Майкотовқа ату жазасын кескен. Жер қатынатары бөлім бастығы С.Калугина, колхоз төрағалары А. Гоменюк пен И.Гребешканы әр түрлі жылға соттаған. Жақия Уақбаев 1904 ж.т. Төңкеріс аудандық «Кеңес» газеті редакторы, 1935-37 жж облыстық «Ленин туы» газеті 20.12.1937 жылы 10 жылға сотталса, Баян ауылынан Байзақов Фазыл 1907 ж.т. колхозшы 10 жылға сотталған, Мырзабаев Жанымбет 1877 ж.т., Қанафин Мұқыш 1903 ж.т. мұғалім, Божбақов Далабай 1896 ж. т. колхоз басқармасы 1937 жылы 3 қарашада «үштіктің» үкімімен атылған. Айып: контрреволюлюция, ұлттық фашистік әрекет, Совет үкіметін құлату, 58 бап. Жалпы 5400 адам сотталып, 1600 адам атылған. (мем.архив Қ.954, б. 1, іс.52). Жаппай қуғын-сүргін жүргізудің құқықтық базасы да жасалады. 1926 ж. РКФСР Қылмыстық кодексінде 17 контрреволюциялық қылмыстың 12-не өлім жазасы қарастырылды. 1932,34,36,37 жылдары «Социалистік меншікті нығайту», «Отанды сату», «Террористік актілер», «Зиянкестік пен диверсия туралы» заңдар шыққан. Колхоз егістігінен масақ жинаған 12 жастан асқан 10 жылға сотталады. Террористік актіні тергеу ісіне 10 күн мерзім белгіленеді; Қамауға алынғандарға «физикалық əсер ету шараларын» қолдануға рұқсат беріледі. Ерекше жиналыс, «Үштік», одан кейін «Екілік» деп аталатын соттан тыс орган құрылады. Партия ұйымдарына жіберген сақтық пен жауды тани алмауды жоюды талап еткен жабық хат бойынша Қазақстанда бір аптада 43 контрреволюция өкілдері табылып, жұмыстан шығарылған. Бір-бірінің сыртынан арыз жазу, домалақ арыздар нақты дəлелдері болмаса да, негізгі құжат ретінде қарастырылады.
Қазақстандағы репрессияны жүзеге асырған Мемлекеттік қауіпсіздік Комиссары С.Реденскінің «рұқсат-бұйрығына» сай 4 ай ішінде 268 950 адам қудаланып, бірден оның 75 950-і атылады. Жеке билік орнату барысында қарсыластарын ғана емес, бəсекелес, режимнің қарсыластарын да жоюға бағытталған саясат негізгі рөл атқарады. И.Сталиннің кез келген сөзі заңға айналады. 1937 жылы шілдеде республикалық, облыстық «Үштіктер» құрылады. Оған төраға, ішкі істер халық комиссары, мүше -партия комитеті бірінші хатшысы мен прокурорлар енгізіледі. «Үштіктер» – ату, жер аудару, 8-10 жыл мерзімге лагерге жіберу, түрмеге қамауға шешім қабылдап отырады. 30.07.1937 жылы ҚКП ОК хатшысы Л.И.Мирзоян И.В.Сталинге Қазақстанда «ұлттық-фашистік ұйымдардың» қамауға алынған 14 лауазым иесінің тізімін, мекемелерде жұмыс істейтін 400-дей адам қамауға алынғандығын жеткізеді. Бүгінгі күнге ұлттық қауіпсіздік комитетінің ашық тізімінде үштіктердің шешімімен 90867 адам жазаланған. Оның ішінде 25 мың адам атылған, қалғандары 25 жыл, 10 жылға т.б. мерзімге жер аударылған. Алматы қаласы бойынша 22597 адам, Шығыс Қазақстаннан – 12366, Қарағанды облысынан – 7189, Ақтөбе облысынан – 6153, Шымкент облысынан – 6766, Солтүстік Қазақстаннан – 5043, Батыс Қазақстаннан – 5078, Ақмола облысынан – 4350, Қостанай облысынан 4107, Алматы облысынан 3846, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар облыстарынан 3700-3600 ден , Атыраудан 1863, Маңғыстаудан 386 адам жазаланған екен. Жалған жала жауып, халық алдында қаралау саясатын мерзімдік басылымдар ерекше қарқынмен жүргізіп, негізсіз мақалалар көбейеді. Нағыз ұлтжанды азаматтарды «Отанды сату» мен «зиянкестігі» үшін айыптайды. 1938 жылы ақпан айы 13 наурыз 10 күнде Қазақстанның барлық басшылары ең жоғары жаза – ату жазасына кесіледі. Əскери Алқа арқылы 650 адам, Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасынан бастап, оның орынбасарлары, барлық облыстық жəне қалалық, аудандық партия комитеттері хатшылары атылады. Репрессияға ғалым, жазушы, ақын, мəдениет жəне өнер, білім қызметкерлері ілігеді. Шешімдерді жүзеге асыру, режимді нығайту үшін ГУЛАГ, 23 жалпы жəне 11 ішкі түрмелер орналасады. Қамауға алынған, атылған «халық жаулары ның» əйелдері 5-8 жылдан кем емес мерзімге лагерлерге қамалады. Ал, балалары еңбекпен түзету лагерлері мен түрмелерге, балалар үйлеріне жіберіледі. Торғaй уeзі бaсшылары Кeйкi батырды Ә.Жәнгелдин атынан қолы қойылып, мөрi бaсылғaн хаттa бaтырдың бар «күнәсi» кешірілетіндігі және Торғайдан қызмет берілетіндігі жазылады. Н.Тoкарев пен С.Мaғзұтов Кeйкіні қaпыда қoлғa түсіріп, 1922 жылы 29 нaурызда eкі қoлы мeн бaсын кeсіп aлып, бaсын бiр aй бoйы Тoрғай қaласы oрталық aлаңына сырыққa шaншып қoйып, aйы-күнi жетiп отырғaн әйeлі Ақжaнның iшін жaрып, нәрeсте eтік тaбанынa тaпталды жәнe iнісі Түскeнді азaптап өлтiреді.
Тарихтың «ақтаңдақ беттерін» зерделеу өшкенді жаңғырту, ұрпақ бойына отаншылдық сезімін ұялатуға зор мүмкіндік береді.