Қазақтан шыққан ең алғашқы спорт шебері

Қазақтан шыққан ең алғашқы спорт шебері

Қазақтың спорт және туризм академиясында Қабден Рахманқұлұлы Байдосовты еске алуға арналған «Күрес фестивалі» биыл ХІV жыл өткізіліп отыр. Аталған «Күрес фестивалін» ұйымдастыруға Берік Аманбаев, ҚазСТА демеуші болды. Өткен жылдардағы «Күрес фестивалінде» Жақсылық Үшкемпіров, Юрий Мельниченко, Мәулен Мамыров, Мкхитар Манукян, Ислам Байрамуков, Бақтияр Байсейітов, Геннадий Лалиев, Нұрбақыт Теңізбаев, Әсет Мамбетов, Георгий Цурцумия, Асхат Житкеев сынды Олимпиада ойындарының жүлдегерлері мен Чемпиондары және Әлем Чемпиондары қатысқан еді.

 ҚазСТА-ның спорттық-көрініс залында күрестің әр түрінен, яғни еркін күрес, грек-рим күресі, дзюдо, самбо және қазақша күрестен палуандар өз өнерлерін ортаға салады. Осы жылы фестиваль бағдарламасында белбеу күресінен Қазақстан және Өзбекстан командалары кездесті. Қ.Р.Байдосов қазақтың дене шынықтыру институтын тамамдап, 18 жыл бойы күрес кафедрасында меңгеруші болған. Бүгінгі күнде Қабден Рахманқұлұлының жарқын бейнесі оның кейінгі ізбасарлары мен әріптестері есінде қарапайымдылығымен, әдептілігімен, спортқа деген сүйіспеншілігімен мәңгі қалары кәміл. Қ.Р.Байдосовтың ұжымы, туған-туысы және академия шәкірттері, сондай-ақ спорт сүйер қауым «Күрес фестивалінен» өткен күндерді еске түсіріп, палуандар шеберлігіне тәнті болып, олардың күш-жігерінен бойларына қуат алды. Енді азкем жұлдызды палуанның өмір жолына шолу жасап өтсек.

Еркін күрестен Қазақстанда тұңғыш рет КСРО спорт шебері атанған Қабден Байдосов жайлы қазіргі ұрпақтың бірі білсе, бірі білмесі кәміл. Шын мәнінде ол – қазақтың атын әлемге паш еткен, аты аңызға айналған баһадүр. Тұрғыластарының айтуынша, Қабден Байдосов – белдескеннің белін үзіп, тірескеннің тізесін бүктірген, қазақтың ішінде ең бірінші болып КСРО спорт шебері атағын алған палуан. Қарсыласын оп-оңай жеңудің қыр-сырын жетік меңгерген ол ұзақ жылдар бойы еркін күрестен Қазақстан Ұлттық құрамасын баптады. Ол аз десеңіз, Қабден Байдосовтың 1974 жылы мұхиттың арғы жағындағы Куба палуандарын жаттықтырғаны да бар. Қысқасы, Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданында туған Қабден ағамыздың елімізде еркін күрестің дамуына елеулі үлес қосқан ерек жан екені күмәнсіз.

Қабден Байдосов 1934 жылы Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Жарық ауылында дүниеге келген. «Күлдір-күлдір кісінетіп, күреңді мінер ме екенбіз» деп жырлаған жырау Ақтамбердінің ұрпағы. Бала кезінен еңбекке ерте араласқан Қабден мал жайлап, отбасына қолғабыс беріп, отбасына тірек, сүйеу бола білген. Жастайынан шаңғы тебуді ұнатқан оның өз құрдастарына қарағанда білек күші әлдеқайда басым болыпты. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан Қабден Байдосов Алматы қаласындағы Дене шынықтыру институтының шаңғы факультетіне оқуға түседі. Уақыт өте келе еркін күрес тобына ауысқан ол Петр Матущактың қарамағында жаттығады. Кеңес Одағының қазақтан шыққан тұңғыш спорт шеберінің спорттағы мансап жолы осылай басталған еді. Даңқты ағамыз жайлы КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Темірхан Досмұхамбетов өз естелігінде: «1957 жылы Петр Матущак баптаған Қазақстан құрамасы «Буревестник» ерікті спорт қоғамы Орталық кеңесінің біріншілігіне қатысу үшін Мәскеуге аттанды. Бұл қазақстандық палуандардың алғашқы ірі жарысы болатын. Қазақстан құрамасы Мәскеуге ұту үшін емес, үйреніп, шыңдалу үшін барған еді. Күрес залында ине шаншар орын жоқ. Одақтас республикалар командалары сапында небір мықты жігіттер келіпті. Көпшілігінің омырауында КСРО спорт шеберінің күміс жетоны жарқырайды. Біздің командада спорт шебері жоқ. Сондықтан палуандарымыз спорт шеберлеріне қызыға әрі қауіптене қарады. Дүбірлі додада Қабден 62 келі салмақта тартысқа түсті. Ел намысы үшін аянбай белдескен спортшымыз төрт спорт шебері мен бірінші разрядты бірнеше палуанды жығып, «Буревестник» ерікті спорт қоғамы Орталық кеңесінің жеңімпазы атанады. Осылайша оған КСРО спорт шебері атағы берілді», – деп жазады. Жеңісіне масаттанбай, күні-түні шүмектетіп тер төгіп жаттыққан балуан 1958-1959 жылдары еркін күрестен Қазақстан мен Орта Азия біріншіліктерінде талай мәрте топ жарады. Сөйтіп, ол қазақ палуандарының ішінде Кеңес Одағының құрамасына ең бірінші болып қабылданады. Алайда басшылықтың солақай саясатының салдарынан тепсе темір үзетін мықты спортшымыз Әлем чемпионатына бара алмай қалады. Бұған налыған Қабден Байдосов небәрі 26 жасында бапкерлік жолға бет бұрды. Оның бұл бағыттағы жұмыстары да жемісті болды. Қазақстанның атынан жарыс жолына түскен палуандардың көптеген жетістіктерге жетуінде оның еңбегі ұшан-теңіз. Ұзақ жылдар Дене тәрбиесі институтында кафедра меңгерушісі болған Қабден 40-қа жуық күрес шеберін тәрбиелеп шығарған. Кезінде Қазақстанда еркін күресті дамыту туралы ой толғаған ағамыз: «Еркін күрестің табиғаты біздің ұлттық күресімізге жақын. Ерте заманда күрес атауы қазіргідей өзіндік ерекшеліктеріне сай жіліктеліп, бөлінген жоқ. Бірақ әр халықтың күресінде өзгешеліктер болғаны рас. Дегенмен, күрестің аты – күрес. Бұл өнерді ешбір халық жатырқамайды. Жұмыр жердегі бірде-бір халықтың аузынан «күрес біздің табиғатымызбен үйлеспейді» деген сөздің айтылмағаны анық. Менің ойымша, қазақ – жаратылысынан қабырғалы, палуан халық. Мұндай елден әр жыл сайын бүкіл әлемді таңдай қақтыратын бір мықтының шығып отыруы қалыпты жайт. Бұқара ішінде небір білекті палуандардың жүргеніне еш күмәнім жоқ. Біз соларды анықтай алмай жүрміз. Ал олар болса бізге жете алмай әлек. Сондықтан қазақтың баласы тасада қалмауын барынша қадағалауымыз керек. Себебі даңқы асқан палуан – спорттың серкесі ғана емес, бүкіл бір ұлттың ардақтысы, арқа сүйер батыры. Осыны әр кез есімізде ұстайық», – деп жазыпты. 1971-1974 жылдар аралығында Қабден Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері ретінде тер төгіп, тәлімгерлік күш-қарымын байқатты. 1972 жылы Куба елінде өткізілген халықаралық сайыста біздің жігіттер 5 алтын, 1 күміс медальді қанжығаларына байлап қайтты. Осы кезде Қабден Байдосовтың ерекше бапкерлік қабілетін байқаған Куба күрес федерациясының басшылары оған өз спортшыларын жаттықтыруға шақырады. Бұған келіскен кейіпкеріміз сол мемлекеттегі еркін күрестің дамуына зор үлес қосты. Жармалық палуан жайлы Алматы қаласында тұратын оның туған інісі Нұрғали Байдосов: «Бізде: «Қолда барда алтынынң қадірі жоқ», – деген ұлағатты сөз бар. Соның тегін айтылмаған сөз екеніне көзім жете бастады. Мен ағамның ел намысын қорғап бозкілем үстінің шаңын қаққанын бұлдамаймын, бірақ ол кісінің есімі туған жерінде лайықты дәріптелмей келе жатқандығына қынжылатыным рас. Ақиқатын айтсам, ағамның есімі Шығыс Қазақстан облысы тұрмақ, Жарма ауданының өзінде ұмытыла бастағанын жоққа шығарудың жөні жоқ. Ал еліміздің Оңтүстік астанасында жағдай мүлде бөлек. Спортшының атына Қазақ Спорт және туризм академиясында үлкен күрес залы беріліп, мәрмәр тасқа фотосуреті мен аты-жөні қашалып жазылған. Сондай-ақ жыл сайын ол кісінің құрметіне республикалық деңгейде күрес фестивалі өткізіліп тұрады», – дейді риза кейіппен. Күреске келгенде қарсыластарын қаңбақтай ұшыратын, жауырыны жерге тимеген палуан ағамыздың өмірбаянының бір парасы, міне, осындай. Кезінде ел намысын жеке бас мүддесінен биік қойып, сол жолда қолдан келгеннің бәрін жасаған марқұм ағамыздың жатқан жері жарық, топырағы торқа, иманы жолдас болып, жаны жәннатта болғай дейміз! Ол – ұлтымыздың бренді саналатын қазақ күресінде өзіндік із қалдырған, басқаларға үлгі-өнеге болатын дарабоз, өз ұлтының біртуар перзенті!

Ерғали МҰХИДДИНОВ, п.ғ.к, профессор, Абай атындағы ҚазҰПУ спорт кафедрасының меңгерушісі
29.10.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 43
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 132
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 37
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 43
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 53
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 43
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 128
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 132
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 322
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 315
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 939

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9012
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8408
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11633
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9390
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10618