Қазақтың №1 детектив жазушысы Кемел Тоқаев туралы сыр

Қазақтың №1 детектив жазушысы Кемел Тоқаев туралы сыр

Өмірдің қиындығын көрген адам екенін сөзінен анық білуге болады. Сөзі нық, анық сөйлейтін және өзінің қандай адам екені осы қасиетінен білінеді. Бұл детективті шығармаларды көп жазғаннан деп ойлаймын. 

60-жылдың ортасында болуы керек, мен «Социалистік Қазақстан» газетіне мақала берейін деп келдім. Келсем Кемел аға жалғыз отыр екен. Ол мені қасына отырғызып, мақаланы оқып шықты да: «Келесі нөмірге шығады. Сен нақты  жазасың,  халық оқиды», – деді. Енді ғана орнымнан тұруға ыңғайлана бергенде редакцияға Талғат Бигелдинов ағамыз кіріп келді. Атып тұрып амандастым, содан соң сәл аялдап, орныма отырдым. «Мен енді тұра берейін» деп жәутеңдеп Кемел ағаға қарадым. Кемел ағам: «Мынау біздің журналист Ұзақ», – деді мені таныстырып. «Талғат ағаң  мен болам», – деді ол кісі қолын ұсынып.  Мен: «Батыр аға, сізді білем, екі рет батырлықты алғансыз!» – деп қолын алдым. Менің бетім қызарып кетті, осындай ұлы тұлғаны көргенде сасқалақтап  не айтарымды білмей қалдым. Кемел ағам: «Жарайсың, жазсаң қатырып жазасың, ең маңыздысы сенде түйсік бар», – деп арқама қағып, шыға беруіме ризашылығын білдіріп түрегеліп қоштасқалы жатқанда Талғат аға да атып тұрып қоштасты. Мен басымды иіп қош айтыстым. Талғат Бигелдинов ағаммен көріскеніме қуанышымда шек жоқ,   «батырдың қасында батыр  жүреді»  деген рас екен. Талғат аға  мен Кемел ағамды содан кейін жиі көретінмін. 

Бір күні Қасым Қайсенов ағамды көріп, өзім ерекше қуанышқа бөлендім. Кемел ағам болмаса, ол кісілермен кездесер ме едім? Кемел Тоқаев ағамның шын берілген екі досы бар екенін анық білдім. Біріншісі – Талғат Бигелдинов, екіншісі – Қасым Қайсенов. Ал үшеуі де менің асыл, алтын ағаларым. 

 Бүгін қазақтың №1 детектившісі Кемел Тоқаев ағам туралы сөз қозғамақпын. Ол кісі Алматы облысы Қаратал ауданында (1923-1986) туған. Ұлы Отан соғысының ардагері. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан»), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерінің редакцияларында жауапты қызметтер атқарған. 

1948 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1960-1977 ж.ж. Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің ведомостарының бас редакторы болып істеген. 1980-1984 ж.ж. Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі болған. Кеңес чекистері тақырыбына арналған оннан астам кітабы қазақ және орыс тілдерінде басылып шықты. Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақ КСР ішкі министрлігі жариялаған әдеби бәйгелерде бірінші бәйге алып, төрт мәрте Лауреат атанды. (1956, 1972, 1977, 1980). «Қызыл комиссар», «Қылмыскер кім?» және «Сиқырлы сырлар» деп аталатын пьесалардың да авторы. 

Ұлы Отан соғысының 1 және 2 дәрежелі ордендерімен, екі мәрте «Ерлігі үшін» медалімен, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамоталарымен, КСРО Ішкі істер министрлігінің Құрмет грамотасымен және төсбелгісімен марапатталған. Кемелдің серігі Тұрар Шабарбаева туралы бірер сөз. Бұл кісі мұғалім болып, бар жігерін аянбай халқына қызмет істеген. Тұрар Шабарбаева Алматыдағы шет тілі институтында сабақ берді. Институтта мұғалімдікпен қатар, лингвист-халықаралық аудармашылықты та алып жүрген. Тұрар Шабарбаева мүмкіндігінше Кемелге көмектесіп, жазушылық жолына барлық жағдай жасап, үнемі көңіл бөліп отырды. Тұрардың ерекшелігі шыншылдығында, ол үнемі «Бірлік болмай,  тірлік болмайды» деп, көпшілікті бірлікке, ынтымаққа шақырып отыратын. Сонымен қатар, Шабарбайқызы Тұрар «жүзге бөлінбеңдер, жүзге, руға бөлінушілік қоғамды артқа тартады, тұтастығымызға нұқсан келтіреді. Оның арты күшті дауыл болып кетуі мүмкін, жаман айтпай, жақсы жоқ. Құдай сондай бәледен сақтасын!» деп отыратын. Ол үнемі айналасын жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйып отыратын. Кемел екеуі үлкен жиындарда тамылжытып өлең айтатын. Тұрар жастарға: «Бақытты өмірді басқа жерден іздемеңдер. Бақыт өз еліңде, сол үшін жаныңды сал. Еңбек ет, ерінбе. Сонда мұратыңа жетесің!» – деп ақыл айтудан жалықпайтын. 

Көрнекті қаламгер Кемел Тоқаевтың 5 томдығында «Соңғы соққы» романы берілді. Бұл туындыда  Жетісу өңіріндегі 20-жылдардың от-жалынға оралған күреске толы күндері кеңінен сипатталады. Ширыққан сюжетке құрылған кең ауқымды шығармада ел мен жер үшін күрескен тағдырлар тұлғасы дәуірмен деректің шындығы тұрғысында көркемділікпен суреттеледі.   

Кемел Тоқаев – қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының жолын ашқан, қаламы қарымды көрнекті қаламгер. Оқырманды баурап алар шытырман оқиғаны көптеген роман-повестерімен қалың қауымның ықыласына бөленді. Бірінші кітабы –  «Солдат соғысқа кетті» романы. Қаламгердің таңдамалы шығармаларының үшінші томы кезінде қалың оқырман көңілінен шыққан кесек туындысы –  «Соңғы соққы» романы. Таңдамалы шығармаларының төртінші томы оқиға өрімі өзінен алынған сүбелі шығармасы «Ұясынан безген құс» атты романы мен «Қастандық» повесі. Оқиғалары қызық, тілі көркем дүниелердің оқырман көңілін баурайтыны сөзсіз. Бесінші томда детектившінің «Замандастар сыры» деректі жазбалары енген. Мұнда ол соғыс жылдарында Украина жерінде қайсарлық танытып күрескен партизандар өмірін байсалдылықпен әңгімелейді. Бес томдық шығарымдардың түйін сөзінде  Қ.Тоқаевтың әке туралы ой толғауы мен замандастарынан естеліктері де берілген. Олардың терең тебіреніске толы, жан-жақты сараптау тұрғысында жазған естеліктері қаламгердің болмыс-бітімін айрықша шынайылықпен сыр етіп шертеді. Кітап қызғылықты оқылатыны сөзсіз. 

Кемел Тоқаев – өзіндік ерекшелігі бар дара тұлға, үлкен талант иесі. Туындыларын жан жүрегімен жазған. Сондықтан да халқы оны сүйіп оқиды.  

Кемел бала кезінен ауылда қой бағып өскен. Кәдімгі ауылдың қарапайым да алғыр баласы. Ең бір жақсы қасиеті – түйсігі бар бала. Ол туғаннан өзіндік ерекшелігімен көзге түсті. Бала кезінен, ең бірінші, спортпен қатты шұғылданды. Екінші, кітапты жанындай жақсы көрді. Үшінші, өзін таза ұстап, уақытылы тамақтанды. Темекі, арақ, ұрлық атаулыдан аулақ болды. Бұл Кемелдің ерекше қасиеті еді. Тағы бір ерекшелігі, өтірік айтпай, шындықпен өсті. Кемел сүйікті жарымен қайда жүрсе де, бірге жүрді. Рас, сол кезде өте қиын жылдар өтті. Аштық, жалаңаштық пен қиын аурулар қабаттасып. Міне, осындай сәттерде Тұрар мен Кемел қиындықтарды бірге жеңе білді. Өмірдің ауырлығымен шайқаса білді. Тұрар да тегін ортадан шықпаған, алғыр да ақылды қыз болатын. Оның ерекше қасиеті мерзімді басылымдарды  үнемі бақылап, оқып отыратын. Екінші ерекшелігі, нағыз қазақ қызына тән кеңпейілділігі, мынау жақсы, мынау жаман деп бөлмейтін, елдің бәрін бірдей көріп, бірдей жақсы көретін. Қазақша өлеңдерді нақышына келтіріп, әуелетіп әсем шырқайтын. Әсіресе, қазақтың «Елім-ай» әнін, сонымен қатар «Дедім-ай» әнін орындайтын, ал Кемел көп жиында «Дударайды» шырқағанды ұнататын. Кемел мен Тұрар қосыла шырқағанда әнге елітіп, ұйып тыңдамаған жан қалмайтын. Міне, Кемел мен Тұрар осындай тату-тәтті, көпке үлгі боларлықтай ең бақытты жандар еді. Бірде Қасым-Жомарт әкесімен екеуінің әңгімесін еске алып, көңілі босап еді.

  – Жақсы көйлегім болса, жақсы машинам, әдемі үйім болса деп әкеме айттым. Әкем Кемел сонда былай деді: «Иә, балам, бәрі болар», – деді да, өз әкесі Тоқайды еске алып, басы салбырап көзіне жас алды. Міне, сол кезде мен әкемді түсінбеппін. Ал, қазір менде көйлектің түр-түрі бар, машина да, үй де бар, бірақ өкінішке орай, әкем Кемел қасымда жоқ. Бұл өмірдің заңы ғой...» –  деп Қасым-Жомарт көзіне сәл жас алып, төмен қарап ойланып кетіп еді...

Кемел Тоқаев балалық шағында тағдырдың қиындығын көп көрді. Қабырғасы қайыспаған қаршадай шағында ата-анадан ерте айырылып, Қасыммен бірге балалар үйінде тәрбиеленген. Қазақ елін алапат аштық, жаман аурулар жайлады. Бұл жағдай соғысқа әкеліп тірелді. Осындай адам айтқысыз заманда тек тіреу болған Қасым ағасы көмектесті. Кемел Қасым ағасын жүрегімен толғанып, көзіне жас алып айтады. Алапат аштықтан кейін сұрапыл соғыс келіп, жалындаған жастық шағында майданға аттанады. Жастайынан тағдырдың ащы дәмін татқан Кемел Тоқаев Фрунзе жаяу әскер училищесін бітірісімен Сталинград майданына жіберілген. Қан майданда қайсарлығымен көзге түсіп, 226 атқыштар дивизиясының бөлімше командирі болады. Оқ пен оттың арасында жүріп, 3 айдан кейін жарақат алып, әскери госпитальға түседі. Күрескер Кемел қоярда-қоймай сұранып, майдан шебіне қайта оралады. Бұл жолы Украина және Беларусь майданының құрамына кірген 7-гвардиялық танк полкінде елді жаудан азат етеді.    

Жаужүрек жауынгер Кемел поляк жерінде тағы да қатты жараланып, Омбы, Гомель қалаларындағы госпитальдерде ем қабылдайды. Ол соғыстың қасіретін көп тартты. Қорқыныш пен қайғыны жеңе білді. Өзге де майдангерлер секілді соғыстағы ерліктері туралы айтқанды жақсы көрмейтін. Соғыстың соңына дейін Отан алдындағы борышын адал өткерген. Кемел Тоқаев елге оралған соң Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Әдебиетіміздің алып классиктерінен білім алады. 1948 жылы оны ойдағыдай тамамдаған соң, бұқаралық ақпарат құралдарында абыройлы қызмет етеді. Сол жылдардан бастап жазушылық жолын бастады. Оның қуатты қаламынан «Жұлдызды жарық», «Қыс қарлығашы», «Болашақ туралы ойлар», «Түнде атылған оқ», «Солдат соғысқа кетті» деген секілді шоқтығы биік бірнеше повесть, роман туған. Оның кітаптары дүкендерде шаң басып тұрмайтын, оқырмандар іздеп жүріп оқитын. Шығармаларына тұл жетімдіктің қасіретін тартқан кездері арқау болды. Кемел Тоқаевтың ғұмырына арналған «Тағдыр мен майдан» деген кітаптың авторы Ұларбек Нұрғалимұлы жазушының шығармасы туралы былай дейді: «Солдат соғысқа кетті» деген романын өз өмірінің айнасы деуге болады. Өмірбаяндық емес, көркем шығарманың деңгейінде жазылған. Сондықтан ол жерде бас кейіпкер Кемел Тоқаевтың бала кезінде басынан кешкен қиындықтарын еске салды. Бас кейіпкер Мұхаммед деген жігіт орыс офицерін құтқарып алады. Лирикалық кейіпкер Тоқаевтың өзі деуге болады. Қазақ детективінің атасы атанған жазушы Кемел Тоқаевтың өмірі мен шығармаларын арқау еткен бұл еңбек кейіпкердің басынан өткен оқиғалардан сыр шерте отырып, оның шығармашылығына талдау жасайды. Қаламгердің қарымын, тағдыр тауқыметін шыңдай түскен шын таланттың детектив жанрына келу жолы сұрапыл соғыс туралы  «Солдат соғысқа кетті» романы негізінде адам жанын, терең психологиясын, өмір мен өлім арасындағы қым-қуыт құбылыстарын қалай суреттегені зерделенеді».

Мақтасам Алатауды не дер едің?

Мінеки, етек толды не термедің?

Шіркін-ай, бір жағы тау, бір жағы бау,

Жетісудай көрікті жер көрмедің.

Жетісуын Кемел осылай жыр қылады. Ол «Менің Жетісуыма жер жетпейді. Халқыма жан жетпейді» деп айтып отыратын үнемі. Иә, өзіңнің туған жеріңе не жетеді?! Сонымен қатар бала күнінен Шерлок Холмс хикаяларын сүйіп оқитын. 

Ол кезде Холмс өмірде болған, бүкіл істеп жүрген істерін өз басынан өткерген адам деген ойда қылаудай күмән жоқ еді. Кейін білдік, Холмстың бейнесін жасаушы Шотландияның Эдинбург қаласында өмірге Артур Игнатиуе Конан Дойл деген атақты детективші екен. Оқиғаларды ойдан құрастырған. Жай көзге көріне бермейтін қате-кемшілікті ол лупамен қарап тұрғандай анық көретін.

Оқытушы Джозеф Белл деген докторды ержетіп, университет табалдырығын аттағанда барып оқып білдік. Кемелдің ең бір сүйіп оқитын кітабының сыры осындай. Кемел детективтің атасы атанған Эдгар Алданды қатты жақсы көрді. Тек онымен қоймай, үлкен ізденістің арқасында тағы да ұлыбританиялық әйел жазушы Агата Кристи, Бельгияда дүниеге келген Жорж Силиянон секілді атақты детектившілердің шығармаларын іздеп тауып, оны шын жүрегімен беріліп оқитын.  Орыс тілінен аударылған Батыс, Еуропа детективті шығармаларының үздіктеріне де өте қатты көңіл бөлді. Кемел Тоқаевтың өзгеден бір ерекшелігі осы еді. Оның жазғандарының бәрі халық жүрегінен орын алды.

ҰЗАҚБАЙ ҚОЖАНТОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Абай атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты
18.05.2023

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1102
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7149
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11000
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7212
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7357