Қазақтың батыр қызы Сәбира

Қазақтың батыр қызы Сәбира

Ешқашан ескірмейтін ерлік

Сәбираны бүгінде күллі қазақ біледі. Он алтыға бес күн толмай, 1986 жылдың 26 желтоқсаны күні өз өмірін өзі қиған Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы. Мектепті үздік бітірген. Ешқандай сынақсыз Өскемендегі педагогикалық училищенің қазақ бөліміне қабылданған. Мектепте сыныптастарының бетке ұстары болған оқушының жүрек қалауымен келген оқуды да қатарластарының алды болып оқығаны күмәнсіз. Алайда сол уақыттағы саясаттың долы дауылын үдеткен училище директоры мен оқу ісінің меңгерушісінен бастап, класс жетекші, тіпті тергеуде кейбір қысымшылық көрген сыныптастарына дейін оны барынша жағымсыз мінездермен сипаттауға, сөйтіп Алматыда алаңға шыққан қыз-жігіттер секілді бұзақы етіп көрсетуге тыраштанып бағады. Бірақ шындық шырмалмайды екен. Оны қорғайтын, қолдайтын елдің күші ерте ме, кеш пе, «жаптым жала, жақтым күйеден» аршып алатынына біз өмір гүлін шешек аттыра алмай арманда кеткен Сәбира Мұхамеджанованың тағдырынан да көрдік. 

Ерлікті бағалау үшін де уақыт керек екен. Әуелі жазушы Асқар Алтай біз құрастырып шығарған «Алматы 1986 Желтоқсан» айғақ-кітаптарына «Ол он алты жаста еді...» деген зерттеу мақала жазды. Одан кейін Сәбира оқыған педучилищенің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. Тарбағатай ауданындағы Ақмектеп орта мектебінде класы ашылды. Мектеп ауласына ескерткіші қойылды. Осыдан екі жыл бұрын Шығыс Қазақстан облыстық «JELTOQSAN 86» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Марат Рамазановтың ұйымдастыруымен «Желтоқсанның берері мен беделі» атты конференция өткізілді. Енді міне, мен Зайсан қаласында көше аты берілуіне орай арнайы шақырумен жолға шықтым. 

Зайсан бұған дейін табаным тимеген өңір екен. Пойызға жол билетін Өскеменге дейін алып едік. Марат: «Аға, сіздерге Жаңғызтөбеден түскен ыңғайлы. 200 шақырымдай жерде шарамыз басталады. Сәбираның басына барып құран оқып, мешітте арнайы дәм береміз. Түстен соң мектебінде «Дара жол» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтеді. Кештетіп Зайсанға барамыз», – деді. 

Сәбираға байланысты іс-шараға Түркістан мен Тараздан, Шымкент пен Павлодардан, Алматы, Астана, Өскеменнен және Күршім, Тарбағатай аудандарынан көптеген Желтоқсан қаһармандары ат сабылтып келді. 

10 қыркүйекте Зайсан қаласы күні мен Сәбираның атына көше берілу салтанаты қатар өтті. Әуелі қаланың көрікті жеріндегі Қайрат Рысқұлбековтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойдық. Қала мерекесіне қатарымыз бұзылмай барғанда, аудан әкімі ауданның мерейлі отбасы иелерінің иықтарына алтынмен жазылған ескерткіш лентасын тағып, алғыс хат тапсырып тұрған үстінен түстік. Одан кейін жаңадан бой көтеріп, құрылысы қарқынды жүріп жатқан мөлтек ауданға бардық. С. Мұхамеджанованың атына деп шешім шығарылған жаңа көшенің ұзындығы көңілімізді көншітті. Ортасында үлкен мектеп үйінің ат шаптырым орны қалдырылған. Ары қарай тауға дейін көше және жалғасады. 

– Бұл – Сәбираның атындағы екінші көше. Әуелгісі желтоқсандықтардың күш салуымен 50 жылдығы қарсаңында Өскемен қаласының шет жағынан берілген еді, – деп Марат кім-кімнің де көзіне жас үйіріп, тебірентетін бір әңгіменің шетін шығарды. – Қанипа Бітібаева апайды жақсы білетін шығарсыз. Әйгілі ұстаз. Сәбира оқыған училище жатақханасы орналасқан Амурская көшесін апайдың атына беріп, тас тақта орнатқан кезде егіліп тұрып: «О, тәйірі, мен Сәбираның жанында кіммін? Ол сұрқай саясатқа қарусыз қарсы шықты. Әлия мен Мәншүк қолдарындағы қарумен соғысты. Сондықтан бұл көшеге менің атымды емес, Сәбира Мұхамеджанованың атын беру керек еді...» – дегені көз алдымда. 

Көңілді шарықтатын әуен аясында көшенің лентасы қиылды. Ақсақалдық ақ батаны «Сәбира Мұхамеджанова көшесі, 2-үй» деп жазылған темір белгіні қолына ұстаған сексеннің сеңгіріндегі Марат Мәлғаждарұлы Қойшыбаев берді. Шаруашылық басқарған кісі екен, енді батыр қыздың атындағы көшенің басшылығын қолына алатынын, көрікті көшелердің біріне айналдыру үшін қызмет ететінін тебірене жеткізді. Жас ақын Қуантай Қуанарұлы арнау өлеңін оқыды. 

Түс кезінде қаладағы «Зарина» мейрамханасында Сәбира мен оның отбасы мүшелеріне және зайсандық Желтоқсан қаһарманы Ербол Ақтановтың аруақтарына бағышталып құран оқылды, ас берілді. Мейрамхана иесі Баян Әділбекова политехникалық институтта оқып жүргенде алаңдағы жастармен бірге болып, басынан талай машақатты өткізген Желтоқсан қаһармандарының бірі екен. Естелігін жылап та, елді жылатып та айтты. 

– Сәбираның ажалы тұтастай бір үйдің басына қасірет бұлтын үйірді. Қатал қыспаққа шыдай алмай анасы мен әжесі көз жұмды, олардан соң екі аға, бір апайы бақилық болды. Бәрі Ақмектеп ауылындағы қорымда қатар жатыр. Енді Мұратай (шын есімі – Мұратхан) деген жалғыз ағасы ғана қалды, – деді осы материалды жазу кезімде Өскеменнен хабарласқан Марат Рамазанов.

Бұдан асқан қасірет бола ма?.. Бірақ оны көтеру үшін де күш-жігер, қажымайтын рух керек. Ел басындағы ауыртпалық, шаңырақтағы күйзеліс, өмірдің ащы азабы Мұратайды шаршатыпты. Ол жанымызда екі күн жүрді. Көше атын беруге байланысты телехабар жасайтын журналиске берген сұхбатында жинақталып: «Бүгін қарындасым қайта тіріліп келгендей күйдемін. Қатты қуанып тұрмын. Осындай көше әуелі өзіміздің Тарбағатай ауданында берілуі керек еді ғой», – деді ішіндегі ойды ірке алмай. 

 

«Желтоқсан жаңғырығы»

Конференция тақырыбы осылай басталады. Толық атауы: «Желтоқсан жаңғырығы – жүрегімнің жарасы». Модераторлық жасаған Әлібек Алмабаев – желтоқсандық, «Алаш-Орда» саяси партиясының хатшысы, филолог және кәсіби заңгер. Астана қаласынан. Осындай жиын, жиналыстардың талайын жүргізіп, әбден ысылғаны көзге көрініп тұрды. 

Конференцияда төрт баяндама жасалды. Баяндамашылардың бәрі – желтоқсаншылар. Қуандық Ермұхамбет Әбдікерімұлы, Желтоқсан қасіретін зерттеген комиссияның мүшесі, тарихшы-қаламгер, кәсіпкер –  «Желтоқсан көтерілісі және Сәбира Мұхамеджанова», Зейнулина Айман Файзоллақызы, филология ғылымының кандидаты, С.Торайғыров университетінің профессоры – «Желтоқсан рухы – ұлттық болмыс пен руханияттылық қуаты», Қайранбеков Бауыржан Оқташұлы,  экономика ғылымының кандидаты, Л.Гумилев атындағы Еуразиялық университеттің профессоры – «Желтоқсан көтерілісіне қатысқан ұлтжанды тұлғалардың бүгінгі жастар тәрбиесінде алатын орны», Қуаныш Тілеубайұлы Қабидолдин тарих бағытындағы педагогика ғылымының магистрі, С.Мұхамеджанованың өмір-тарихын зерттеуші, шебер ұстаз «Өскемен қаласындағы Желтоқсан оқиғасының құрбаны Сәбира Мұхамеджанова өмірінің ақтаңдақтары» деген тақырыптағы баяндамаларын ақ қағазға үңілмей, айтар ойларын іркілмей еркін жасады. Жарыссөзге шыққан Сәбит Исабеков, Құрманғазы Рахметов, Исмаил Хаджымұратов, Талғат Кеншінбаев, Бақтығали Таубай, Төлеген Қалимажан және Зайсан ауданы әкімінің орынбасары Ринат Тауасаров конференция тақырыбы қамтыған мәселелерге байланысты ой-пікірлерін жеткізді. Зайсан қаласындағы Гагарин атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Қарақат Дүйсебаеваның өлеңі де Желтоқсанмен рухтанып келе жатқан бүгінгі жас буын өкілдерінің ойын айқара ашқан дүние ретінде жүрегімізге ұялады. 

Осы жерде айта кетейін, мен жарыссөзге бірінші болып шықтым. Әуелгі баяндамашы Ермұхамбет Әбдікерімұлының сөз арасында көбіміздің орынды ренішімізді тудырған Д.А.Қонаевқа, батырлығы, қолбасшылығымен дараланған Б.Момышұлына, қазақ баспасөзінде айрықша із қалдырған редактор, жазушы, қоғам, мемлекет қайраткері Ш.Мұртазаға, ақын-жазушыларға қатысты айтқан сөздері болды. 

Сонда не деді дейсіз бе? «Дінмұхамед Қонаев алаңға шыққан жастардың алдында бір сөз айтпады, біз Өзбекстан, Грузия сияқты бола алмадық, қалаларымызға қазақтарды кіргізбей шектеді, ақын-жазушыларымыз сотталушыларды қорғамады» деді. «Бауыржан Момышұлы мен Шерхан Мұртаза ұлдарын дұрыс тәрбиелемеді. Бақытжан Момышұлы Жазушылар одағында Колбиннің қолын сүйе жаздады, Шерхан Мұртазаның ұлы орыстілді» деген секілді күстәналау... Естіп отырып, шыдай алмай орнымнан тұрып кеттім. «Айналайын, сөзіңді осы жерде доғарып, орныңа отыр!» деген даусым қатқылдау шықты. Тараздан келген Исмаил мен өзім аттас Талғат та ширығып отырды. Тарбағатай ауданындағы бір мектептің биология пәнінің мұғалімі, желтоқсандық қарындасымыз Бейбіткүл Кенжебайқызы Ілияшова:

– Сіз мына сөздеріңізбен залда отырған оқушылардың ойын басқа жаққа бұрып, теріс ойда қалдыра жаздадыңыз. Ол кісілер заманында халқымызға адал қызмет еткен арыстарымыз емес пе еді? –деді түйіліп. Ал Ермұханбет: «Ой еркіндігі деген бар ғой. Мен өз пікірімді айттым. Оны қалай қабылдайсыз, еркіңізде», – деп жауап қатты. 

Иә, әркімнің өз ойы – өзінікі. Алайда аттап өте алмайтын ақиқат дейтін ұлы ұғым бар емес пе?! Желтоқсан көтерілісінің шындығын ашайын, саяси-құқықтық баға берілуіне өз үлесімді қосайын деген оймен отыз үш жылдан бері «Алматы 1986 Желтоқсан» айғақ-кітаптарын шығарумен айналысып келе жатқан адам ретінде әлгі айтылған орынсыз сөздеріне жауап берейін деп алға оздым.

– Сізге үш минут, – деді модератор.

– Жауабы үш минутқа сыймайтын ауыр ойлар айтылды. Дегенмен, сөзімді шектеме, барынша тұжырып айтуға тырысайын, – дедім микрофонға еңкейіп. 

 

Орынсыз кінә – ауыр күнә

Желтоқсан – қазақтың жазылмаған жан жарасы. Демократия лебімен рухтанып, алаңға барған қазақ жастары қылмыскер атанып шыға келді. Қалай қуғанын, күрекпен ұрып, қолға түскендерін өлімші етіп темір торға тоғытқанын білеміз. Менің айғақ-кітаптарымда осының бәрі жан-жақты ашылады. Тарихшы ғалымдар мен саясаткерлердің, осы тақырыппен шұғылданып жүрген қаламгерлердің, басынан қуғын-сүргін азабын өткерген желтоқсандықтардың жазбалары беріледі. Өкініштісі, кітаптарым кең таралып ғылыми, рухани айналымға енген жоқ. Бүгінгі жиында осыған куә болдық. Әлгінде баяндама жасаған Ермұханбет Қуандық «халқымыз құрметтейтін Қонаев алаңдағы жастардың алдында бір ауыз сөз айтуға жарамады» деді. КПСС Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі бола тұра ол кісіні М.С.Горбачев желтоқсанның он жетісінен бастап үйқамақта ұстап, «саяси өлікке» айналдырды. Конференциядағы осы сөздерімді нақты дәйектеу үшін Нина Савицкаяның «Бірлесу» газетінің 1990 жылғы 27 қыркүйек, 5, 18 қазандағы сандарында жарияланған «Күнгей мен көлеңке» деген мақаласынан үзіндіге жүгінейін.

«Мырзавай Ильич (күзет дивизионының бастығы – Т.А.) былай дейді: «Менің қатысуыммен В.Мирошник Д.Қонаевқа Г.В.Колбиннің Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне жедел жетуі қажет екендігі жөніндегі ауызша өтінішін жеткізді. Дінмұхамед Ахметұлы алдымен мұның қандай асығыс шаруа екендігін білгісі келді, мәселені түсінген соң, үй киімін ауыстырды да, машинаға отырмас бұрын «бұл кімге керек?» деп екінші сұрағын қойып үлгерді. Мирошниктен жауап болмаған соң, «Ендеше ештеңе жоқ, мен қазір Саяси Бюро талабымды қанағаттандырғаны жөнінде сөз сөйлеймін, түсіндіремін» деді.

Дінмұхамед Ахметұлы еске алады:

– Бюроның мәжіліс залында үш сағаттай күтуге мәжбүр болдым. Алаңдағы жастардың тағдырын Москвада және Геннадий Васильевич Колбиннің кабинетінде шешіп жатты.

Сонымен, жергілікті партия ұйымдарының өз республикасындағы проблемаларды шешуден аластатылғаны тек үш жыл өткеннен кейін ғана белгілі болды.

– Үш сағаттан кейін қасыма В.Мирошник келді де, менің бос екендігімді айтты. Мен оны түсіне алмадым да, «сөйлемейтін болдым ба?» деп қайта сұрадым. Осы үш сағат ішінде мен алаңдағы балаларға не айту керектігін ойластырумен болған едім. Жылы да, жан-дүниені тебірентетін де, тіпті қатты айтатын сөздер де іздестірген болатынмын. Оларға коммунист және ақсақал ретінде сөйлеуді мақсат еткенмін. Виктор Михайлович менің бос екенімді, мені апарып тастайтынын, тіпті, үйден шықпағаным әлдеқайда жақсы болатынын тағы да қайталап айтты. Ол менің келгенім үшін екінші рет алғыс айтты да, әлі де таңданып тұрғанымды көріп, менің қажетім болмай қалғанын түсіндірді. Сөйтіп, мен іс жүзінде жасырын қамауға алындым. Алаңдағы студенттерге өрт сөндіргіш машиналардың шлангаларымен су шашылды, оларға бұл қимыл ашу-ыза туғызды, екі жақ та шиеленіске түсті.

Мен небары өсек-аяңмен ғана қанағаттандым.

Теледидар, радио, газеттер менің жастар алдында сөз сөйлеуден қашқаным жөнінде айтып та, жазып та жатты. Ал бұл кезде мен әлі де Саяси Бюроның мүшесі болатынмын...

(«Алматы 1986 Желтоқсан», 1-том 158, 159 беттер)

Енді Димекеңнің осы томда берілген «Өтті дәурен осылай» кітабынан алынған мына бір қысқа үзіндіні оқыңыз.

«1987 жылы маусым айында Мәскеуде өткен КОКП Орталық Комитетінің пленумында маған алаңға шығып, сөз сөйлеуге рұқсат етпегенін Мирошхин тағы да растады.

Күндізгі сағат бір шамасында Орталық Комитеттен оралдым. Дәл сол кезде Горбачев телефон шалып:

– Жастардың бұлай алаңға шығуын немен түсіндіруге болады? – деп сұрады.

– Қазір республика басшылары Орталық Комитетке жиналып, кеңесіп жатыр, – дедім. – Олар сізге баяндайтын болар.

– Бұны кімдер ұйымдастыруы мүмкін?

– Маған ұйымдастырушылары белгісіз.

– Жақсы, біз реттеп, шара қолданамыз. Тәртіп орнатамыз.

Горбачевтің соңғы сөзі осы...»  (440-беттен алынды)

Осыдан кейін Д.А.Қонаевтың алаңдағы жастардың алдына шығып сөз сөйлемегендігі туралы даулы мәселеге нүкте қойылған шығар-ау! Ал неге Өзбекстан, Грузиядағыдай бола алмадық, қалаларға қазақтар неге жолатылмады деген сауалға Ресей Қазақстанды орыстандыруға патшалық билік кезінен қатты мән бергендігін ұқсаңыз, бірден түсінесіз. Ол кеңестік кезеңдерде одан да қатты, аярлықпен ұштаса жүргізілді. Енді бүгін сары орыстардан емес, өзіміздің «қара орыстардан» қасірет шегіп отырмыз.  Солардың алдында дәрмен көрсетсек, неге көрсетпейміз?..

Енді Баукең атамызға келсек, ол кісі 1932 жылдан 1956 жылға дейін елден жырақта әскери қызметте болды. Соның өзінде Бақытжанның қазақы тәрбиеден тыс қалмауын қаперінде ұстады. Нәтижесінде ұлы белгілі қаламгерге айналды. Қаншама қазақ жазушыларының шығармаларын орысшаға аударды. Сол секілді Шер-ағаңның азаматтық ұстанымы мен ұлтымызды қаншалықты жақсы көретінін көзі кеткенге дейінгі жазбалары, парламенттегі сөйлеген сөздерінен анық білеміз. «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор кезінде Желтоқсан көтерілісі туралы Михаил Есенәлиевтің «Қалыпқа салма, халыққа сал» деген мақаласын қаймықпай жариялады. Бұл көтеріліс ақиқатына байланысты құрылатын мемлекеттік комиссияға қозғау салды. Шер-ағаңның ұлы Батылжан журфактан кейін «Қазақстан» баспасында көп жыл қызмет істеді. Ол да аудармашылықпен айналысып, қазақ қаламгерлерінің әңгіме, повестерін орыс тілінде сөйлетті. Бұны қалай ұмытамыз?

Өз басым 17 желтоқсан күні алаңдағы қалың елдің қақ ортасында тұрдым. Жастарға тараңдар деп сөз айтуға келген Н.Назарбаев, С.Мұқашев, З.Камалиденов және басқаларға қалай мұз кесектері лақтырылғанын көзіммен көрдім. Нөпір халықтың арасында Алматыдағы баспалар мен газет-журналдарда, радио, теледидар редакцияларында қызмет істейтін ақын-жазушылар, журналистер қаптап жүрді. Кейін солардың көбі қоғамдық комиссиялардың құрамына еніп, жазықсыз жапа шеккен желтоқсандықтарды ақтауға белсене атсалысты. Бұған күмәнданған кісілер болса, оларға Ұлттық кітапханадағы айғақ-кітаптарды қарап шығуға кеңес беремін дедім.

 

Болашаққа бағдар болған басқосу 

Жалпы конференция жұмысы жақсы өтті деуге әбден болады. Қатысушылардың бәрі сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салмағанымен, жүру барысында ешқайсысы тыс қалмады. Сәбираның өмір тарихы туралы зерттеп, педагогика ғылымының магистрі атанған Қуаныш Тілеуханұлы екі кандидаттық жұмыс қана қорғалғанын айтып өтті. Демек, бүгінгі тарих саласында жүрген ғалымдарымыз Желтоқсан тақырыбына бара алмай жасқаншақтық көрсетіп отыр. Бұған бүгінгі билігіміздің тарапынан оң көзқарастың әлі де орныға қоймағаны көп салқынын тигізгені даусыз. Осы жайлар ашық айтылып, «Желтоқсан жаңғырығы – жүрегімнің жарасы» тақырыбындағы конференция қорытындысында:

Желтоқсан көтерілісінің тарихын зерттеу, қаһармандарын ұлықтау, насихаттау жұмыстарының стратегиялық жоспарын жасау;

Республика аймақтарындағы «Желтоқсан – 86» қоғамдық бірлестіктері жұмыстарының мазмұнын кеңейтіп, Желтоқсан көтерілісін патриоттық тәрбиеде пайдаланудың стратегиясын жүзеге асыратын мектептен тыс білім мен тәрбие беру ошақтарын көптеп ашу;

Мектептер мен колледждер сияқты білім беру мекемелерінде Желтоқсан көтерілісіне байланысты әдеби-мәдени, тарихи-танымдық шараларды кешенді түрде ұйымдастырып, үзбей өткізу;

Желтоқсан көтерілісіне қатысушылардың өздеріне және отбасы мүшелеріне әлеуметтік, психологиялық, материалдық және құқықтық көмек көрсетуді мемлекеттік деңгейде қамтамасыз ету мәселелерін қарастыру;

2022 жылы 9-10 қыркүйекте Тарбағатай, Зайсан аудандарында өткен конференция іс-шараларын БАҚ-тарда жариялап, материалдарын жеке жинақ етіп шығару жөнінде резолюциялық шешім қабылдады. 

Осылай көңілімізді бірлеп жолға шықтық. Біз Жаңғызтөбеден таксилетіп жан баққан бір кісінің көлігімен келген едік. Сонау Димекең заманында салынған асфальттың тоз-тозы шыққан. Алдымыздағы көліктің көтерген шаңы шұбатылып, біресе содан шығудың әлегімен алысып, біресе селкілдете соққылап, өкпе-бауырымызды жұлып алардай жұлқылайтын жолдан көз жазбай қиналған жүргізуші байғұсты аяп отырып едік. Қайтар жолда дәл сол жағдай қайталанды. Келгендегі жүргізушіміздің де, қайтар кездегі жүргізушіміздің де жолдың жан алып, жан беретін азабынан әбден жүйкелері жұқарған екен. Жолдың ақшасын жеп, елді ауыр азапқа салып кеткен жұлымырдың жер-жебіріне жетіп тілдеді. 

– Көкем-ау, оның кім? – дедік білгіміз келіп. 

– Кім болсын, Қайрат Сатыбалды ғой! Сол осы жолға деп бөлген қытайдың инвестициялық ақшасын жоқ етіп, енді міне ит болып жүрісіміз. Қытайлар жолды өз қолдарына алыпты дейді. Қашан бітері белгісіз, – деді қабағы қыртыстанып.

Қалың қазақты азапқа салған қиямет қайымның жолы тезірек бітсе екен деп тіледік...

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ, публицист-жазушы
13.10.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 78
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 600
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 717
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 629
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 639

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8776
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8176
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11405
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9159
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10390