Қазіргі білім мен ғылым кеңістігінде халықаралық ынтымақтастық университеттердің ғылыми әлеуетін арттырудың, білім беру сапасын жетілдірудің және жоғары білікті мамандар даярлаудың маңызды тетіктерінің біріне айналды. Академиялық ұтқырлық, бірлескен ғылыми зерттеулер, халықаралық білім беру бағдарламалары және тәжірибе алмасу жоғары оқу орындары арасындағы дәстүрлі байланысты жаңа мазмұнмен толықтыруда. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Жапония, Қытай және Корея Республикасының жетекші университеттерімен, ғылыми орталықтарымен және индустриялық ұйымдарымен дамып келе жатқан әріптестігі осы бағыттағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесін көрсетеді.
ҚазҰУ – халықаралық деңгейде танылған жетекші зерттеу университеті. Бүгінде университет құрылымында 16 факультет, 9 ғылыми-зерттеу институты, 38 ғылыми орталық және 155 заманауи зертхана жұмыс істейді. ҚазҰУ QS World University Rankings әлемдік рейтингінде 177-орынға ие болып, әлемнің үздік 200 университетінің қатарына енген. Қалыптасқан ғылыми-білім беру әлеуеті шетелдік әріптестермен байланысты кеңейтіп қана қоймай, оны бірлескен зерттеулермен, білім беру бағдарламаларымен және практикалық жобалармен толықтыруға мүмкіндік береді.
ҚазҰУ-дың халықаралық байланыстарының маңызды бағыттарының бірі – Жапониямен ынтымақтастық. Университетте академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева мен президенті Гүлзат Жарқын бастаған Жапонияның халықаралық ынтымақтастық және даму қауымдастығы (JIDA) делегациясының кездесуі өтті. Келіссөздер барысында ғылым, білім, академиялық ұтқырлық және жоғары білікті мамандар даярлау салаларындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Бүгінде ҚазҰУ Жапонияның 20 жетекші ұйымымен байланыс орнатқан. Олардың қатарында Киото, Васэда, Цукуба және Хоккайдо университеттері, Нара ұлттық мәдени мұра ғылыми-зерттеу институты, Жапонияның атом энергиясы агенттігі, сондай-ақ Mitsubishi және Chiyoda Technol компаниялары бар. Бұл бағыттағы академиялық және мәдени жобаларды, бірлескен ғылыми зерттеулер мен студенттік алмасу бағдарламаларын жүзеге асыруда ҚазҰУ-дың жапонтану бөлімі маңызды рөл атқарады.
Ынтымақтастықтың нақты нәтижесі академиялық ұтқырлық көрсеткіштерінен де байқалады. Өткен оқу жылында ҚазҰУ-дың 36 студенті Жапонияның жоғары оқу орындарында білім алып, қысқы мектептерге қатысты, ал бес оқытушы халықаралық ғылыми-білім беру алаңдарында тәжірибе алмасты. Өз кезегінде ҚазҰУ жапон студенттері мен ғалымдарын қабылдады. Кездесу қорытындысында тараптар қалыптасқан академиялық байланыстарды нақты ғылыми және өндірістік жобалармен жалғастыруға дайын екендерін білдірді. Мұндай өзара ықпалдастық студенттер мен жас зерттеушілердің халықаралық тәжірибе жинақтауына, ғылыми байланыстарын кеңейтуіне және теориялық білімдерін практикалық ортада қолдануына мүмкіндік береді. Халықаралық тәжірибені мамандар даярлау үдерісіне енгізуге бағытталған жұмыстар Қытайдың білім беру және индустриялық ұйымдарымен ынтымақтастықта да жалғасуда. ҚазҰУ-дың Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінде орналасқан Қазақстанның төмен биіктік экономикасы индустриялық-зерттеу орталығында (KazLAE) жоғары білікті мамандар даярлау мәселелеріне арналған халықаралық семинар өтті.
Іс-шараға ҚазҰУ оқытушылары мен студенттері, Сиань Цзяотун-Ливерпуль университетінің (XJTLU), UWEE Group компаниялар тобының және KazLAE Industrial Research Center өкілдері қатысты. Семинар барысында кадрлар даярлаудың заманауи тәсілдері, озық халықаралық тәжірибе және білім беру саласындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа бағыттары талқыланды. XJTLU өкілдері университеттің бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламаларын таныстырып, оқуға түсу талаптары, стипендиялық бағдарламалар мен академиялық мүмкіндіктер туралы ақпарат берді. Сонымен қатар Қазақстанның жоғары оқу орындарымен бірлескен білім беру жобаларын жүзеге асыру тетіктері қарастырылды. Білім сапасының сабақтастығына, академиялық ұтқырлыққа, студенттік алмасуға және бірлескен білім беру бастамаларына ерекше назар аударылды. Ғалымдар мен сарапшылар оқу үдерісіне озық халықаралық тәжірибені енгізу және заман талабына сай кәсіби кадрлар даярлау мәселелері бойынша пікір алмасты. ҚазҰУ-дың Корея Республикасының жетекші жоғары оқу орындарымен әріптестігі де кеңейіп келеді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында университет Коре және Ёнсе университеттерімен стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Келісімдер «Корея Республикасы – Орталық Азия» саммиті аясында жасалды.
ҚазҰУ мен Ёнсе университеті арасындағы әріптестік 2011 жылдан бері дамып келеді. Жаңа уағдаластықтар академиялық ұтқырлық пен студенттік алмасу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Коре университетімен жасалған келісім бірлескен ғылыми зерттеулерді, академиялық іс-шараларды және білім беру бастамаларын дамытуға мүмкіндік береді.
Қол қойылған меморандумдар жекелеген академиялық алмасулардан кешенді стратегиялық әріптестікке көшуге жол ашады. Басым бағыттар қатарында бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүргізу, халықаралық ғылыми топтар құру, бірлескен және қос дипломды білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру бар. Сонымен қатар ҚазҰУ студенттері Кореяның жетекші университеттерінде өндірістік және ғылыми тағылымдамадан өте алады. Коре және Ёнсе университеттері Корея Республикасының беделді әрі жоғары рейтингті жоғары оқу орындарын біріктіретін SKY академиялық тобының құрамына кіреді. Осы бағыттағы әріптестік ҚазҰУ студенттерінің академиялық ұтқырлық, ғылыми тағылымдама және халықаралық білім беру бағдарламаларына қатысу мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Жапония, Қытай және Корея Республикасымен қалыптасқан байланыстарды ортақ стратегиялық мақсат біріктіреді. Ол – білім беру сапасын арттыру, академиялық ұтқырлықты кеңейту, бірлескен зерттеулерді дамыту және студенттер мен жас ғалымдарға әлемнің жетекші ғылыми-білім беру орталарында тәжірибе жинақтауға жағдай жасау. Бұл ретте ҚазҰУ-дың халықаралық ынтымақтастығы тек университетаралық байланыстармен шектелмейді. Ғылыми орталықтар мен индустриялық компаниялардың әріптестікке қатысуы білім, ғылым және өндіріс арасындағы байланысты күшейтеді. Студенттер үшін бұл теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға және кәсіби дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік берсе, зерттеушілер үшін халықаралық ғылыми топтарға қатысуға, әріптестік байланыстарды кеңейтуге және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Осылайша, ҚазҰУ халықаралық ынтымақтастықты жекелеген академиялық іс-шаралар деңгейінен ұзақ мерзімді әрі нәтижеге бағытталған әріптестікке кезең-кезеңімен көшіруде. Жетекші шетелдік университеттермен, ғылыми ұйымдармен және индустриялық серіктестермен байланыстың кеңеюі академиялық ұтқырлықты бірлескен зерттеулермен, білім беру бағдарламаларын ғылыми және өндірістік тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді. Бұл студенттер мен жас ғалымдардың халықаралық академиялық кеңістікке белсенді араласуына жағдай жасап, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің зерттеу университеті ретіндегі ғылыми-білім беру әлеуетін нығайтуға және халықаралық білім мен ғылым кеңістігіндегі орнын кеңейтуге ықпал етеді.
Дәурен ТҰРАРОВ,
Қарлығаш АКИМБАЕВА,
Альмира АРЫСТАМБАЕВА,
Айман ИСАЕВА,
әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университеті,
Экономика және бизнес жоғары мектебі














