Бүгін Мәжілісте депутат Қазыбек Иса еліміздің түкпір-түкпірінде Алаш идеясын қолдап, сол жолда құрбан болған жергілікті қайраткерлердің есімі әлі де болса белгісіз болып отырғанын айтып, мәселе көтерді.
«Ел тәуелсіздігі жолында жанын пида еткен Алаш қайраткерлерінің асқақ рухын қастерлеп, есте қалдыру шаралары (көшелерге, мектептерге, елді мекендерге есімдерін беру, ескерткіштер қою, т.б.) елорда мен өңірлерде тиісті дәрежеде жүзеге асуы қажет. Алайда, Алаш десе қарапайым көпшіліктің есіне тек Алашорда үкіметінің көрнекті көсемдері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді бірнеше тұлғаның есімдері ғана келеді. Шын мәнінде бұл тізім әлдеқайда ауқымды.
Еліміздің түкпір-түкпіріндегі Алаш ұстанымын насихаттаған, сол үшін құрбан болған жергілікті Алаш қозғалысы қайраткерлерінің ерліктері ескерілмей, есімдері әліге дейін белгісіз болып отырғаны өкінішті» дейді ол.
Депутаттың айтуынша, 2019 жылы «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев «Алаш» институтымен бірлесіп, бұрын белгісіз болып келген 700-ден астам тұлғаны құрайтын жергілікті Алаш қайраткерлерінің тізімін дайындаған. Алаштанушы ғалымдардың зерттеулерінің негізінде жасалған тізімге көпшілік қауымға есімдері ұмыт болған әр өңірдің жергілікті Алаш қайраткерлері енгізілді. Әрбір облыс, қала әкімдеріне сол жерге қатысы бар, сол жерден шыққан Алашшыл азаматтардың тізімі жіберіліп, олардың аттарын жергілікті жердегі көше, мектеп, т.б. нысандар атауларына беру ұсынылған.
«Алайда, алынған жауаптар көңілге қонбайды. Көбінесе жауаптар жалтарма сипатта, бұған дейін Алаштың ел аузындағы жиырма шақты танымал басшыларының есімдерін атаумен ғана шектелген.
Сол себептен, «Ақ жол» партиясы, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойының қарсаңында, Алаш қайраткерлерінің қасиетті есімдерін мәңгілік есте сақтап, ономастика тұрғысында қолдану үшін аталған тізімді Үкіметке жіберіп отырмыз.
Осыған байланысты, «Ақ жол» фракциясының депутаттары, 2019 жылы біз жолдаған хаттарды жергілікті әкімдіктерге қайта көтеруді тапсырып, Алаш көсемдерімен бірге мыңдаған жергілікті Алаш қайраткерлерінің қасиетті есімдерін ұлықтау шараларын бақылауға алуыңызды сұрайды» деді Қазыбек Иса.