Қоғамдық сана өзгермей, қоғам өзгермейді

Қоғамдық сана өзгермей, қоғам өзгермейді

Қай елде болмасын, қай кезде болмасын, халықтың көкейіндегі ең қымбат мақсаты, арманы – ешқашан басқа жұртқа тәуелді болмай, бай-бақуатты болып, тіршілікте азат өмір сүру, ұрпақ өсіру. Бұл – әлемдегі барша жұрттың өзіне деген көкейтесті арманы, тілегі. Бірақ тіршіліктің дамуы табиғи жаратылыстың заңы мен адамдардың табиғатындағы пендешіліктің ықпалымен өзгеруі осы тілек, армандардың орындалуына тежеу болатыны да аян.

Адамзат өркениетінің даму жолы адамдардың жабайылық тіршіліктен ажырауы басталғаннан бері табиғи заңдылыққа бағынады. Бағзы заманнан адамдардың өмір сүрген әр кезеңіндегі өзгерістердің болуы олардың ойлау, сана-сезімдерінің өсуіне, табиғаттың даму сырларын ұғуға ұмтылулары ықпал еткені аян. Осы ықпалдың адамдарды айналасындағы құбылыстар мен табиғаттың сырын ұғуға, білуге жетелеуі білім мен ғылымның пайда болып, өзгеріс әкелуіне жол ашты. Бұл тұжырым адамзат өркениеті деңгейінің өзгеруі мен дамуы ғылымның дамуына тікелей байланысты екенін дәлелдейді. Яғни, өмірде адамзат өркениетінің және қоғамның дамуы ғылымға байланысты екенін көрсететін табиғи заңдылық. Осы табиғи заңдылықтың қоғамның дамуына тікелей ықпал ететінін әрқашанда мемлекеттік билік жүйесі ұмытпай, есте ұстауы қажет.

Қазіргі еліміздегі қоғам дамуында орын алған кемшіліктерден құтылу үшін алдымен сол кемшіліктердің қайдан, қалай пайда болғанын анықтау қажет. Содан кейін ғылыми сараптама негізінде экономикалық даму жетістіктеріне және адамзаттың қоғам даму тәжірибесіне сүйеніп, мемлекет құрушы халықтың қалыптасқан менталитетіне сәйкес өзгеріс жасау жоспарын ресми бекіту керек. Бұл мәселе ешқандай насихат, шаралар, жарғы, қаулы, заңмен шешілмейді.

Қазақстан Республикасы – социалистік экономикалық даму негізінде қалыптасқан қоғам. Жаңадан капиталистік экономикалық қоғам құру үшін ғылыми сараптама арқылы іске асырылатын өтпелі кезеңнің (транзиттік период) өзгеріс әкелетін жоспарын бекіту қажет болатын. Содан кейін жоспарды іске асыратын билік жүйесін таңдау қажет еді. Қазақ елінің бұрынғы социалистік қоғамының қозғаушы күші пролетариат пен шаруалар болса, енді құратын капиталистік қоғамның қозғаушы күші ұлттық буржуазия болғандықтан, осы қоғамның даму заңдылығы талап ететін орта және шағын бизнес ұлттық буржуазияны қалыптастыра алатын билік жүйесін таңдау қажет болатын.

Қазіргі қоғамдағы тереңдеп орын алған кемшіліктер социализм мен капитализм жүйелерінің дамуындағы табиғи қарама-қайшылықты ұқпау салдарынан туындаған қателер екені аян. Қоғамдағы кемшіліктер Одақ кезінен билікте отырып тек нұсқауды орындауды меңгерген Назарбаевтың мемлекетті басқарудағы деңгейін көрсеткені аян. Бұл – тарихи ақиқат.

Жаңа ұлттық мемлекет құру үшін капиталистік экономикалық даму үдерісі мен дүниежүзіндегі дамыған елдердің қоғамды билеудегі тәжірибесін пайдаланып, ғылыми негізде демократиялық бағыт ұстанған басқару арқылы қоғам құру қажет болатын. Бірақ ол өзі меңгерген кеңестік партократиялық басқару жүйесін пайдаланды. Одақ құрамында болған кезде агро-өндірістік экономикасы дамыған республиканы автократиялық бағыт ұстағандықтан, дербес басқаруды игере алмай, Ресейдің экономикалық сауатсыз жолын қайталап, жекешелендіруге ұшыратты. Осы қателіктердің салдарынан нарықтық капитализм құрудың өтпелі жолы отыз бес жылға созылып, әлі жалғасып келеді.

Соның салдарынан қазақ елі ұрлық пен жемқорлық жайлаған жабайы капитализм қоғамында өмір сүріп отыр. Қоғамда түбегейлі өзгеріс жасау үшін бұрынғы билік жүйесінің өзгеруі қажет. Бұл – әлемдегі адамзаттың тарихи даму тәжірибесінде қалыптасқан қоғам дамуының табиғи заңдылығы. Назарбаевтың жолын ұстанған Тоқаев халықтың өзгерістер күткен үмітін ақтамады. Өйткені қоғамды өзгерту үшін билікте люстрация арқылы ескі кадрлерден тазару жүргізілмеді.

Бұл қателік қоғамда демократиялық дамудың тежелуіне, азаматтық құқықтардың шектелуіне, халықтың әлеуметтік жағдайының төмендеуіне және қоғамда азаматтық құқықты қорғау мәселелерінің пайда болуына жол ашты. Капиталистік демократиялық даму жолы тежеліп, қоғамда еркін ойлау, сөз бостандығы шектеліп, шындықты айтқандар қуғынға ұшырап, полицейлік тәртіп арқылы басқарылатын қоғамға айналды.

Біздің қоғамда әлі күнге дейін қандай мемлекет болады, кімнің мүддесін қорғайды деген нақты саяси ұстаным бекімеген. Қоғамды басқаруда ғылым мен адамзат тарихының тиімді тәжірибесін пайдаланбай, халықтың мүддесіне зиян әкелетін автократиялық билік жүйесі үстемдік жүргізіп келеді.

Қазіргі заман талабы адамдардың білім алу, ақпарат алмасу деңгейінің өсуіне байланысты жұртты басқару жүйесі бұйрық, жарлық, әкімшілік әрекет емес, рухани құндылықтарды кеңінен пайдаланып, ғылыми жетістіктерге сүйенуі тиіс. Ұлттық мемлекет құру үшін қазіргі заман талабына сай ұлттық сана арқылы жаңа қоғамдық сана қалыптаспай, қоғамның дамуы мүмкін емес. Қоғамдық сана өзгермей, қоғам өзгермейді.

Сондықтан қоғамда билік жүргізетін басқару жүйесі құратын мақсатты және оны іске асырудың кепілі ретінде саяси ұстанымды бекіту керек. Осы мақсатты орындау үшін ең алдымен ұлттық идея негізінде елді басқару жүйесінің саяси ұстанымын заңмен бекіту қажет. Онсыз ешқашан қоғамда ел тәуелсіздігін қорғау мүмкін болмайды.

 

Болат ДҮЙСЕМБІ,

экономист-саясаткер, публицист, 

ҚР Журналистер одағының мүшесі

14.05.2026

Ұқсас жаңалықтар

Инженер, құрылысшы, қоғам қайраткері марапатталды
Әсем ФАЗЫЛОВА, Алматы облысы - 15.05.2026 41
Субұрқақтар және әсем де жайлы тұрғын үйлер
М. ТАБЫН, Ақтөбе қаласы - 15.05.2026 41
Жаңа ережелер   енгізілуде
А. ХАМИТТЕГІ - 15.05.2026 45
Арнайы мамандар тәжірибе алмасты
А. ХАМИТТЕГІ - 15.05.2026 40

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25124
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24645
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42069
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37931
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42401