Бүгін Алматыда қалың ел ақиқат сөзді ту еткен ақын, Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шахановпен қоштасты. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қаралы жиынға арнайы қатысып, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын оқып бердім.
Президентіміз атап өткендей, Мұхтар Шаханов бар ғибратты ғұмырын қастерлі сөз өнеріне арнап, қазақ поэзиясын жаңа белеске көтерген, төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге елеулі үлес қосқан қоғамымыздың тұғырлы тұлғасы еді. Әрқашан тіл жанашыры ретінде игілікті істердің бастауында болды. Шығармалары көптеген шет тілдеріне тәржімаланды, жалынды жырларын қалың оқырман сүйіп оқыды.
Жалпы, Мұхтар Шаханов дегенде, ең алдымен, еске қазақтың асқақ болмысы, ұлттық рухы және қайсар мінезі түседі. Өйткені, ағамыз сөзімен де, ісімен де туған халқының намысын қайраған нағыз отаншыл азамат еді. Жырларына ұлттың үнін арқау етіп, шын мәнінде, әдебиеттің қоғамдық салмағын арттырды.
Ақын қаламгерлік пен қайраткерлікті қатар ұстап, қай кезеңде де ұлт мүддесін қорғаудан тайынған жоқ. Кеңестік дәуірдің өзінде Арал тағдырына араша түсті. Тіл мәселесіне келгенде де әрдайым алдыңғы шептен көрінді. Желтоқсан оқиғасының ақ-қарасын анықтау жолындағы азаматтық ерлігі мен Наурыз мейрамының қайтадан халықтық сипат алуына қосқан зор үлесі де баршаға мәлім.
Ұлттық дипломатияны және парламентаризмді нығайтуға сіңірген еселі еңбегін де ерекше атап өткен жөн.
Өнегелі өмір сүріп, соңына мол әдеби мұра қалдырған және ұлтты сүюдің, Отанға қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Мұхтар Шахановтың жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталады.
Ағамыздың иманы саламат, қазаның арты қайырлы болсын!
Мәулен Әшімбаев
«senat.qazaqstan» парақшасынан алынды













