ҚР Білім және ғылым министрлігінің назарына! Оқулыққа оқушы наразы болса, мұғалімді «аспаннан ізде»

ҚР Білім және ғылым министрлігінің назарына! Оқулыққа оқушы наразы болса, мұғалімді «аспаннан ізде»

Отандық оқулықтар мәселесі айтыла-айтыла жауырға айналды. Әсіресе, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқулықтары олқылықтан көз ашар емес. Бүгін осы жауыр болған тақырыпты тыңнан қозғайық. Бұл жолы оқулықтағы кем-кетіктер туралы оқушылардың өз пікірлері турасында ой қозғамақпыз.

Оқулық авторлары жазады, министрлік бекітеді, баспа жарыққа шығарады. Осының барлығының шапағатын я кесапатын көретін- мұғалім мен оқушы. Мұғалім кемшіліктен көз ашпаған оқулықты қалай оқытамын деп әуреге түссе, оқушының көңілі толмай алас ұрады. Сөзіме мығым дәлелдер келтірейін.

 

«Біз энергетик емеспіз!» деп шырылдаған балалар

9-орыс сыныбына арналған қазақ тілі мен әдебиеті пән оқулығының авторлары – Ф.Оразбаева, Ж.Дәулетбекова, А.Рауандина, Р.Рахметова, Қ.Жайлаубаева. Оқулық «Көкжиек-Горизонт» баспасынан 2019 жылы жарық көрген. Дәл осы оқулықпен бүгінгі күні 9-орыс сыныптары, оның ішінде 9-ұйғыр сыныптары оқып жүр. Ендігі мәселе олардың қалай оқып жүргендерінде. Тірі дәлелді өзімнің төл сабағымнан алып баяндайын, сондықтан бұл орайда әлдекімнің дау тудыруына еш негіз жоқ.

Оралдық ата-аналар оқулықта “лайкать”, “пиарить” деген сөздер өріп жүргенін  айтып шағымданды - Қазақстан жаңалықтары | STAN.KZ

Сөз болып отырған сынып оқушылары қазақ тілі мен әдебиеті  оқулығына көңіл толмаушылықтарын маған жиі айтады. Әрбір жаңа бөлім басталған сайын, наразылықтарын дәлелді түрде алға тартады. Мен тек тыңдап, өзіме түртіп алып жүрдім. Аталмыш оқулықтың 8-бөлімі «Биотехнология жаңалықтары. Сахиев Жүніс «Уақыт қайтарымы» романы» деп аталады. Қазақ тілін биотехнология ғылымы арқылы меңгертуге түбегейлі қарсы шәкірттерім келесі бөлімде тіптен ұнжырғалары түсіп кетті. Себебі 9-бөлім «Болашақ энергия көздері. Медеу Сәрсеке «Жетінші толқын» ғылыми-фантастиикалық хикаяты» деп аталып, алдыңғы биотехнологиялық бөлімде ашқан қарынды тіптен бүріп әкетті. «Біз энергетик емеспіз» деп дуылдасқан оқушыларымның көңілін жай етейін деп, оқулық тақырыбынан тысқары сабақтар дайындап әкеліп жүрдім.  Оқулық авторлары бөлімге қатысты айқын мақсат бекітіп берген: тыңдалған шығармаларда көтерілген мәселені анықтау, мәселенің артықшылығы мен кемшілігін салыстыру, мәселеге қатысты өз пікірін білдіру, бағалау, афоризмдерді орынды қолдану, ауызша мәтін құру. «Болашақ энергия көздері» бөлімінде ешбір грамматикалық тақырып мақсатта көзделмеген. Тек лексикалық тақырыппен қай қырқаға асар екенбіз деумен жүріп, «Күн энергиясы» деген тақырыпқа оқулық бойынша дайындалып келдім. Төл қоржынымда өзіндік сабағым бар еді. Күткенімдей-ақ, оқушыларым  «энергетик болудан бас тартты».  «Энергияны оқымасақ, тілді үйренбей қаламыз ба?» дескен шәкірттеріме өзімнің тыңнан әзірлеген сабағымды таныстыра бастадым. Сілтідей тынған тыныштықты ризашылық үндері бұзды. Өйткені оқушыларымды шат-шадыман еткен ұлы Абайдың «Он жетінші қарасөзі» еді. Сабақтың басты мақсатын сақтай отырып, лексикалық тақырыты өз сабағыммен байланысты сипатта Абайдың он жетінші сөзіндегі қайрат мәселесін энергия, адамның ішкі қуаты, рухани қажыры тақырыбымен тоғыстырдым.  Оқулық тақырыбына наразылық, айыптау, сынау кілт тыйылды да, шәкірттерім Абайдың даналығына ұйыды да қалды. Олар бұл қарасөзді, әлбетте, бұған дейін де білетін. Бұл жолы оқулық авторлары берген «күн энергиясы» тақырыбы тасада қалып, хакім Абайдың  жүрек философиясы, қайрат ілімі, ақыл жайлы толғаныстары жас өрендердің шөлдеген жанына көктемгі нөсердей әсер етті. Оқулықтағы «суретке қара, сұрақтарға жауап бер. Аудиомәтінді тыңда. Сұрақтарға жауап бер. Мәтінді оқы. Қою қаріппен берілген сөздердің мағынасын анықта. Мәтінді ойбөлікке бөл. Әр ойбөлікке тақырыпша қой», – деген сынды тапсырмалар адыра қалды. 45 минут аясында оқушылар қарасөзді аудиожазбадан да тыңдады, талдау барысында өздері мәнерлеп оқыды. Ақыл, қайрат, жүрек лебіздерімен өз пікірлерін үндестірді. Абай берген ғылымның түйін сөзімен бүгінгі қоғамдағы жүрек, ақыл, қайрат үштігінің достығы мен алауыздығы мәселесін бүге-шігесіне дейін талдады. Абайдың астары қалың сөздерінің толық байыбына бармаққа құлшынды. Осылайша, бөлімге бекітіліп берілген «афоризмдерді орынды қолдану» мақсаты осы сабақ аясында жүзеге асты. Әйтпесе, оқулық авторлары берген ғылыми мәтіндерден афоризм іздеп табу қияметтің қайымы еді. Публицистикалық және ғылыми стильдегі мәтіндерде афоризмдердің, бейнелі тіркестердің жортып жүрмейтіні бесенеден белгілі ғой. Авторлар тек осы қос стильдегі мәтіндерді ұсынғанда, өздері берген мығым мақсатқа сай көркем әдеби мәтін беруді «естен шығарған.» Сол «естен шыққан елеулі кемшіліктің орнын толтыру» әр сабағымның берік мақсатына айналып кеткендей. Бұрын кеңестік білім беру жүйесінде мұғалімдер оқулыққа көп сүйенеді екен, ал қазіргі оқулықтар мұғалімге сүйенумен келеді. 

Келесі тақырып «Медеу Сәрсеке «Жетінші толқын» хикаяты» деп аталады. Бұл сабақта оқушыларыма Абайдың «Үш-ақ нәрсе адамның  қасиеті – ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» даналығын сіңіруді жалғастыра бердім. «Жетінші толқын» хикаятынан берілген  шағын үзіндідегі Шыңғыс кейіпкердің іс-әрекетін Абайдың толық адам іліміне сәйкес талдауға күш салдық. Оқушылар  энергия түрлерін емес, Абай ілімінен ақыл, қайрат, жүрек философиясын меңгергендеріне риза болып, сабақ соңында маған алғыстарын жаудырды.  Шәкірттер «Абайдан үйренеріміз мол!» десіп тоқ көңілмен тарқасты.

 

Мұғалімдер тыңнан жол таппаса, оқушыларға обал

Как выполнять непонятные домашние задания - wikiHow

Биотехнология мен энергия бөлімдерін осылайша «ойдан құрап» тәмамдап, келесі бөлімге қадам бастық.  Оқулықтың 10-бөлімі көңілге демеу болды: «Алаш идеясы мен қайраткерлері. Д. Әшімханов «Бес арыс» кітабынан үзінді».Нағыз керек, оқытылуға тиіс тақырыптар топтамасы енді басталды.  Жеткіншектер өздері жүректеріне жалау еткен Абай ілімін Алаш идеясымен сабақтастырып әкетті. Ал, егер де мен оқулық шеңберінен шықпай, биотехнология мен энергия түрлерін қасаң түрде оқыта берсем, Алаш қайраткерлері бөлімімен сәтті сабақтастыра алар ма едік? Бұл сұрағыма шәкірттерім  шынайы жауап берді: «Бізді биотехнолог жасап, энергетик етіп, сосын Алаш ұғымын дарыту мүлде тиімсіз. Одан да Абай ілімімен сусындап, соңын ала Алаш рухымен  өрге тартқанымыз әлдеқайда тиімді». Абайдың толық адам философиясымен таныс оқушылар Алаш ұғымын жатсынбай-ақ, сүйіспеншілікпен меңгеруге кірісті.

Аталған бөлімде сабақтас құрмалас сөйлемнің түрлерін ережесімен ара-тұра беріп отырған. Бұл жүйесіз грамматикалық тақырып оқушы үшін күтпеген жағдайға айналған. Осыншама олқылықтың орнын толтыру үшін мұғалімдерге оқулық аясынан ауа ізденіп, оқушының жан қажетіне жауап бере алатын тақырып пен тапсырмаларды өзі ойлап табуына тура келіп тұр. Бұл мұғалімнің жұмысын әлденеше есеге қиындататын күрмеуі күрделі шаруа. Бірақ «ұлтым» деген шын ұстаз оны қиындық емес, кәсіби өмірінің сынағындай көріп, оқулықтың олқылығын өзі толтыруға білек сыбана кірісіп жүр. 

  Сөз түйіні ретінде айтарым – оқулық оқушы көңілінен шықпаса, айдалада адыра қалады екен. Ондағы біртектес қайталама тапсырмалар болашақтағы ел тұлғаларын тәрбиелеуге қауқарсыз. Оқулық авторлары өздерін бір сәт  оқушының орнына қойып көрсе екен. Биотехнология мен энергиядан соң Алаш қайраткерлерін таныстыру кімге қаншалықты қиынға түсерін бәлкім, сонда бір аңдар.

 

Айзат РАҚЫШ
17.03.2022

Ұқсас жаңалықтар

АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 125
САУРАНДА 1,5 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАСЫНА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 54
 САЙРАМ АУДАНЫНДА АГРОСАЛАДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 162
САРЫАҒАШТА «АЛТЫН КҮЗ-2024»  МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 50
 САУРАНДА ЖЫЛЫНА 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМСАҚ ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 159
МАҚТААРАЛДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АУЫЛ БАРЫСЫ» ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 43
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 125
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 269
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 273
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 482
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 445

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9143
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8542
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11770
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9536
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10750