Қырым түбегі күрделі геосаяси орталыққа айналғалы 10 жылға таяп қалды. Кеңестер Одағының асыра сілтеуі мен жергілікті ұлттарды жоюға бағытталған зымиян саясатының кесірінен аймақтағы татарлар саны айтарлықтай кеміп, қазіргі таңда «Къырым ярымадасында» 2,5 миллиондай халықтың ішінде 250 мыңдай ғана татар халқы өмір сүріп жатыр.
Қырымда 500 мыңға жуық татар бар
2014 жылғы Ресейдің аймақты аннексиялауының нәтижесінде 16 наурыз күні «халықтық референдум өткізіліп», 97 пайыздық көрсеткішпен Ресей Федерациясы құрамына қосылған еді. Халықаралық қауымдастық Ресейдің аймаққа басып кіруі мен референдум нәтижелерін мойындамайтындығын ашық айтып, өз наразылықтарын білдірсе де, Қырым шиеленісі сол күйінде қалып қойды. Тәуелсіз сарапшылар қазір болып жатқан орыс-украин соғысында Украина тарапы жеңіске жеткен күннің өзінде Қырымның енді қайтып Украина иелігіне өтуі неғайбыл дегенді айтып отыр. Мұндағы басты себеп Қырымдағы орыс ұлты құрамының басымдығы болса керек.
Қырым татарлары ХХ ғасырдың ортасына қарай тауқыметті тағдырға тап болды. Сталиннің бұйрығымен «татарлардың фашистік Германияға беріліп кету қаупі бар екендігі ескеріліп», оларды пойыздарға тиеп алып алыстағы Орталық Азия елдеріне қарай күшпен жер аударып жіберген еді. Сондағы қуғынға түскен халықтың көп бөлігі жолда өліпті. 1967 жылы Брежнев билікке келгеннен кейін орнаған жылымықтан соң аздаған этникалық топтардың туған қалаларына бірте-бірте оралуына бейресми түрде рұқсат берілді. 1989 жылы Жоғарғы Кеңестің шешімінен кейін ғана еркін көші-қонға рұқсат етілді.
2021 жылы Ресейдің статистикалық мекемелері таратқан мәлімет бойынша түбектегі Қырым татарларының саны 257592 адам делінген. Бұл мәліметке тәуелсіз татар басылымдары сенімсіздік білдірген еді. Олар Қырымның нағыз иесі саналатын татарлардың саны әр жолғы санақта кемітіліп, орыстардың санының көбейтіліп көрсетілетіндігіне наразылықтарын жасырмай айтып келе жатыр. Мұның бір дәлелі 2001 жылы Украина бойынша жүргізілген халық санағының нәтижесінде Қырым татарларының саны 245 291 адам болған екен. Ал 2014 жылы Ресей аннексиялап алғаннан кейін жүргізілген санақпен салыстырғанда 7 жыл ішінде татарлар саны әрең 21 000 адамға ғана көбейгендігіне күдіктенушілер көп.
Қырымда тұратын заңгер, ұлттық қозғалыстардың мүшесі Рустем Велиев өзінің Telegram-каналында Росстат мәліметтерін салыстыра отырып, пікірін білдірген. Велиевтің айтуынша, қазір Қырым түбегінде мөлшермен 500 мыңға жуық татар өмір сүретін көрінеді.
Оларды қудалау әлі жалғасып жатыр
Өкінішке қарай, Қырымдағы жергілікті халықты қудалау мәселесі әлі күнге тыйылмай келе жатыр деседі тәуелсіз ақпарат көздері. Мұндай қудалаудың басы 2014 жылғы «референдумнан» кейін-ақ басталған. Сол кезде аймақтағы Қырым татарларының арасындағы ұлтшылдар мен ашық ойлы азаматтарды астыртын қудалау басталғандығы туралы көбірек айтылатын еді. Саяси көзқарастарын жасырмай, өткізілген референдумның заңсыз екендігін ашық айтқан азаматтардың көбі біртіндеп істі болып кеткен. Кейбіреуі амалсыздан шетелдерге кетуге мәжбүр болыпты.
Жұртты елеңдеткен тағы бір хабар 12 қаңтар күні таралды. Ростов-на-Донудағы Оңтүстік округтік әскери сот Қырымның бес тұрғынын, атап айтқанда: Джемиль Гафаров, Сервет Газиев, Ерфан Османов, Әлім Каримов және Сейран Мұртазаларды «Ресей Федерациясында тыйым салынған «Хизб ут-Тахрир әл-Ислами» лаңкестік ұйымына қатысқаны үшін әрқайсысын 13 жылдан бас бостандығынан айыруға шешім шығарғандығы» белгілі болды. Таратылған ақпаратта айыпталушылардың «2016 жылы Қырым Республикасы аумағында ұйымдастырылған «Хизб ут-Тахрир әл-Ислами» тыйым салынған террористік ұйымының құрылымдық бөлімшесіне бірігіп, оның қызметіне қатысқаны анықталды», – делінген.
Сот өкілінің журналистерге берген мәліметінде Газиев, Османов, Мұртаза, Гафаров, Каримовтар осы бөлімшенің үгіт-насихат жұмыстарына жүйелі түрде қатысып, қастандық шараларын жоспарлап, идеологиялық материалдарды зерттеп, үйінде арнайы әдебиеттер сақтағаны, сондай-ақ билікті күштеп басып алуға қолайлы жағдай жасағаны айтылған. Бұл сот процесіне қатысты пікір білдірген сарапшылар «азаматтардың ұлттық және саяси көзқарастары үшін ұзақ мерзімге соттап жіберді», – деген пікірлерін айтып жатыр.
2019 жылы наурызда Ресей соты 24 азаматты «Хизб ут-Тахрир әл-Ислами» ұйымына қатысқандығы үшін соттағаны есімізде. Сол кезде халықаралық басылымдар «бұл Мәскеудің ұйымдастырған қудалау әрекеті» деп баға беріп, оларды «Саяси тұтқындар» деп таныған еді.
Түркия наразылық білдірді
Қырымдағы сот шешімі туралы хабарлар таралып, көп өтпей Түркия Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасады.
«Сот шешімімен Джемиль Гафаров, Сервет Газиев, Ерфан Османов, Әлім Каримов және Сейран Мұртаза қатарлы бес Қырым татары қандастарымыздың 13 жылға бас бостандығынан айырылғандығына алаңдаушылық білдіреміз. Жоғарыда аталған азаматтарға қоса Қырым татарлары Ұлттық Мәжілісінің вице-президенті Нериман Жалал, Асан Ахметов пен Азиз Ахметовтің және Қырымда саяси себептермен түрмеге қамалған барлық қандастарымыздың мүмкіндігінше тез арада босатылып, отбасыларына қауышуы үшін қажетті шараларды қабылдауға шақырамыз. Түркия Республикасы Қырым татарларының туған жерінде еркін және қауіпсіз өмір сүру құқығын қолдайды», – делінген.
Шетелдік БАҚ-тар мен Түркия СІМ-нің мәлімдемесі туралы Ресейдің құзырлы мекемелері әзірше пікір білдірген жоқ.