ҚР Үкіметі мен Парламенті және «Amanat» партиясының назарына!
Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Кемертоған ауылындағы мәселені сол жердегі тұрғындардың арызы бойынша арнайы бірнеше рет барып, газетке де жаздық, халықпен кездесіп, видеоға түсіріп, ютуб арнамызда көпшіліктің назарына ұсындық. Бірақ осы күнге дейін тұрғындардың мәселесі көбеймесе, азаймады! Бұның алдында үш ауысымды мектепті, ауылдағы жолды, электр тогы мәселелерін қозғаған едік. Ендігі кезекте тағы бір былықтың шеті шығып тұр. Ол – су мәселесі. Ауызсу жағдайы қиын. Ауыл тұтынып отырған су ішуге тұрмақ ауыз шаюға жарамайды! Арнайы судың тазалығын тексеретін құралмен тексеріп көргенде 851 деңгейін көрсетіп тұр. Ал оның стандарт нормасы 120-дан аспауы керек екен. Өздеріңіз бағамдай беріңіздер енді, 7 есе лас, кір суды қаншама халық тұтынып, уланып отыр! Бұл ауылдың жарығы да, суы да жекеменшік иесінде. Бірақ халықтың қыруар ақшасын жинап, жағдайын жасамақ түгілі, әдейі нашарлатып отыр. «Жарығыңды өшіріп тастаймын!», «Суыңды кесіп тастаймын» деп халықты күнде қорқытады екен. Міне, бір айдан астам уақыттан бері біздің газет осы ауылдың мәселесімен айналысып келеді. Жағдай одан әрі шиеліністі! Ауыл әкімшілігі бұл тұста әлсіз, жекеменшік иесіне құзыры жүрмейді. Сондықтан мән-жағдайды өзіміз барып толық зерттеп қайттық. Бірінші кезекте халықпен күніге жанжалдасып отырған Баян есімді жасы 70-ке жеткен апамызбен тілдестік. Бірақ құжат бойынша иесі бұл кісі емес. Баян апайдың айтуы бойынша: алғашқы жылдары суды қазған шақта бұл ауылда 5-6 үй ғана болған. Басқа су көзі болмағандықтан, олар амалсыз келіскен. Енді қазір үйдің саны көбейіп, судың лас екеніне көздері жеткен кезде «Жерден шығатын Алланың суына» жауап бере алмайсың ғой» деп, жауапкершіліктен қашып отыр. Тіпті үш жылдан бері халықпен ешқандай келісімшарты жоқ. Төлем туралы түбіртегі (квитанция) жоқ. Құжаты жоқ. Ол жайлы сұрағымызға да апамыздың өзінен нақты жауабын ала алмадық. Артынша өзінің заңгеріне айтқан болуы керек. Заңгері бізге қоңырау шалып, «құжат бойынша барлық сұрақтарыңызды маған қойсаңыз болады» деген соң, келісімшартты, су құбырының құжатын сұрадық. «Қазір жасалынып жатыр, бір-екі күнде сізбен кездесіп, барлығын көрсетіп беремін» деді. Сонда ол құжаттар қазір ғана жасалынып жатыр ма? Үш жылдан бері қайда болды? Осы уақытқа дейін кәсіптерін заңсыз дөңгелетіп отырғандары ма? «Маған бір-екі күнге қажеті жоқ! Қазір соңғы 1 жылдағы квитанцияларды көрсетіп бере аласыз ба?» деген сұрағымызға жауап бере алмады. Яғни жоқ деген сөз! Бұны заңмен тексерту қажет деген сөз. Одан бөлек заң тұрғысында Қазақстан Республикасының су кодексінің 92-4-бабы бойынша:
Елді мекендердің су бұру жүйелерінде жеке-дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың сарқынды суларын елді мекендердің су бұру жүйелеріне қабылдау:
1) елді мекендердің су бұру жүйелеріне сарқынды суларды қабылдау қағидаларына сәйкес сарқынды сулар олардағы зиянды заттардың жол берілетін шоғырлануының құрамы бойынша талаптарға сәйкес келген кезде жол беріледі. Сарқынды сулар сәйкес келмеген жағдайда дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар оларды тазартуды өзінің су бұрудың оқшау тазартқыш құрылыстарында жүзеге асыруға міндетті;
2) сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жөніндегі ұйымның техникалық шарттарының талаптарын орындаған кезде жол беріледі.
Су кодексінің талаптары неге орындалмады?
Ал осы талаптарды орындамай, бұл кісілерге қалайша мұндай мүмкіндік берілген? Халық көтерілгеннен кейін, Баян апамыздың Фарида есімді қызы халықпен тілдесуге шыққан болатын. Бұл мәселені шешейік дегендей болды. Осы уақытқа дейін су құбырының тереңдігін ешкім білмейді, яғни су құбырының құжаты жоқ деген сөз тағы да. «Ертеңнен бастап су құбырының тереңдігін өлшейік, арнайы судың деңгейін тексеретін мамандарды шақырайық», – деп, ол уәдесін берді. «Ал ары қарай су деңгейін тексергеннен кейін не істейсіздер? Тазартасыздар ма?» деген сұрағымызға жауап бере алмады. Тағы да халықты алдап, әйтеуір бірдеңе істеп жатырмыз деген кейіппен тыныш отыра бермекші. Арнайы осындай кісілер үшін ҚР Су кодексінің тағы бір бабынан мысал келтірмекшіміз.
Ауызсудың сапасын жақсарту жөнiндегi талаптар:
Уәкілетті органның ведомствосы басқа мүдделi мемлекеттiк органдармен бiрлесiп ауызсудың сапасын жақсарту жөнiндегi талаптарды әзiрлейдi, олар:
1) су объектiсiнiң белгiлi бiр сапасына сай келетiн құрылыстардың технологиясы мен қуатын жұмысқа қабiлеттi күйiнде ұстауды;
2) сумен жабдықтау және су бұру жүйелерiнiң ақауларын қалпына келтiрудi;
3) құрылыс жұмыстарының жоғары сапасын қамтамасыз ете отырып, сенiмдi жабдықтар мен материалдарды пайдалануды;
4) тұтынылатын судың нормативтерi мен ұлттық стандарттарын мезгiл-мезгiл жетiлдiрiп отыруды қамтиды.
Жекеменшік иесі болса да кәсібін жүргізбес бұрын осы заңдармен танысып, заң аясында жүргізуі тиіс емес пе? Әлде біз қай заманда өмір сүріп жатырмыз? Бұл ауылдың тұрғындары шынында да айдың-күннің аманында «құлдықта» өмір сүріп жатыр! Ауыл тұрғындары да заңнан бейхабар немесе үреймен өмір сүруде. Әйтпесе қожайыннан осы күнге дейін өзара келісімшартты неге талап етпеген, таңғаларлық нәрсе.
Жарық жиі өшеді, ток сымдары стандартқа сай емес
Судан бөлек, бұл ауылдың жарық мәселесінің өзі бір сорақылық. Құдайдың құтты күнінде жарық сөніп, тұрғындарды әбігерге түсіреді. Біз барған күні көшедегі электр сымдарын ауыстырып жатыр екен. Бірақ сол жақтағы жергілікті электр маманының айтуы бойынша, бұл сымдар, яғни кабельдер жарамсыз, стандартқа сай емес, бір үйге арналған бағанадан 5-6 үйге электр тогын тартып отыр. Ол ертең артық жүктемені көтере алмай күйіп кетіп, үйлерде өрт шығып жатса, оған кім жауап береді? Онсызда қаншама халықтың үйлерінде тоңазытқыштары, техникалары күйіп кетіп жатыр. Оның шығынын ешкім өтеп бермейді. Өтірік сымдарды ауыстырып тарту тағы да халықтың алдында көзбояушылық!
Жердің иесі кім?
Күні кеше ғана Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек осы мәселені көтерген болатын. Депутат Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабековке маңызды сұрақ қойды.
«Қазір ақпараттық қауіпсіздікті күшейту жөніндегі заңды қарап отырмыз. 2016 жылы жерге қатысты үлкен митингілер болды. Салдарынан халық көтерілді. Ондағы ең негізгі мәселе жер кадастрын ашуға байланысты болды. Әрбір жердің артында қандай жемқор шенеунік, прокурор, әкім, судья және осы жүйемен ауыз жаласқан қандай олигарх тұрғанын халық білуі керек. Өкінішке қарай, бұл ақпарат ашылмады», – деді депутат.
Одан бөлек, депутат Мәжілісте көтерілген бірнеше мәселе Үкіметтен қолдау таппағанын айтты.
«Активтерді қайтару туралы» заң жобасында мен бұл ұсынысты енгіздім. Әріптестерім ұсынысымды қолдаса да, Үкіметтің кесірінен ол қабылданбады. «Жайылымдар туралы» заң жобасында да осыны ұсындым. Оны әріптестерім қолдап, Үкімет қайта қолдамады.
Біріншіден, заң жобасы («Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы») жер кадастрындағы (мәліметті) ашуға көмектесе ме? Ертең жер кадастры ашылмай қалмай ма?
Екіншіден, Орхус конвенциясына қосылдық. Оның ақпараттық қолжетімділігі. Оған Қазақстан ратификация жасады. Алайда жер кадастры ашылмай тұр. Бұл заңды ма? – деді Бақытжан Базарбек.
«Қазақта «Мен не деймін, домбырам не дейді?» деген сөз бар. Мен сізден жария кадастрлық карта туралы сұрамадым. Мен сізден «жердің иесі кім?» деп сұрап тұрмын. ... Жердің иесі мен оның аты-жөні туралы ақпарат ашық болуға тиіс. Орхус конвенциясына қосылдық. Конвенцияның күші Конституцияның 4-бабына сәйкес ұлттық заңнамадан басым болады. Өтірік әңгімені қашан тоқтатасыздар? Жер кадастрын ашу керек. Халықтың мұңы осы. Мұндай өтірік әңгімені Парламент төрінде айтуды қойыңыздар. Болмаса, жұмыстан кетіңіздер!» – деді депутат.
Сондықтан бұл мәселе мемлекеттік деңгейде шешімін табуы қажет.
«Бұл ауылдағы халықтың ықыласына бөленудің орнына қарғысына қалып отырған жердің иесі кім? Ол кімнің атында?» деген сұрақтарға жауап ала алмадық.
Бұл ауылды «құлдықтан құтқаратын» кез келді!
Сондықтан бұл мәселені Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісіне жібереміз. Сонымен қатар: барлық құзырлы органдар – Бас прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік, Салық комитеті, облыс әкімшілігі майшаммен қарау керек. Бұл ауылдың артында тұрған жемқор болсын, шенеунік болсын, кім болса да жазасын алып, жарық пен суды Үкімет тарапына қайтарсын! Сонда ғана әділдік орнайды, қырық үйді бір шыбықпен айдаған қожайын ападан қорқып, үркіп отырған тұрғындардың жандары сонда жай табады. Бәрі де заң жүзінде жүзеге ассын. Тұрғындардың да, біздің де талабымыз осы. Сондай-ақ алдағы уақытта да бұл мәселе газетіміздің бақылауында болады. Құзырлы органдар бұл мәселенің шешімін табатынына сенеміз!