Бүгіндері мектептегі қыз балалардың киім мәселесі өте өзекті. Бір жақты қылу керек. Заң аясында. Менің ойымша, қыз балалардың ұятты жерлерін жауып жүргенінен дүние бүлініп кетпейді. Ашық-шашық жүрген қыздарға да тиым керек. Сондықтан бар оқушы қазақы дәстүрге сай киініп жүрсе, ешкім қарсы келмесі анық.
Қыз баланың кеңірек киініп, босқа ыржалақтамай, ар-ұятын сақтай білуі бабалар танымы. Қыз қылықты болса, ұл да ұлықты болатынын естен шығармайық. Ашық-шашық, саны жарқырап, ыржалаңдап, шашын жайып жүретін қыздардан не үлгі, не тәрбие бар?
Мысалы дамыған елдерде, соның ішінде Американың кей штаттарында мектепке оқушы өз талғамы бойынша киініп барады. Францияда араб қыздары хиджабпен сабақта отырады. Діни ұстанымы үшін ешкімді алаламайды олар. Сосын орамал таққанның бәрін адасқанға телу қайдан шыққан? Намаз оқығанның бәрін сәләфит деу қандай түсінік? Адам негізі бірдеңе айтарда сөзге ермей, тобырға қосылмай, ерінбей ізденсе керек-ті.
Жай ғана бір мысал. Электриктің жұмысын кім көрінген барып істеп кете алмайды ғой. Тәуекел етемін деп кернеуі көп токқа соғылып өлуі мүмкін. Дін де солай... Оның қуат-күші 1000 кВ токты мың орайды. Күлің де қалмайды. Алламен салғыласқанның ақыры қиын, ағайын. Дамыған елдерге қарап отырсақ, шенеуніктерінің бәрі дініне мығым. Алласына жақын. Жапон шенділері пұттарына құлшылық жасамай жұмысқа кіріспейді.
Азуы алты қарыс Америкада қызметке кіріскен шенеунік қасиетті кітапқа қолын қойып ант береді. Мызғымас тәртіп солай. Біз болсақ дінді айтса тітіркеніп, дірілдеп, ата-бабамыз мұсылман болмағандай шуылдаймыз келіп. Бұл салт-дәстүрді құрметтемеу! Өткен тарихқа тас ату! Осыдан аулақ болғанымыз дұрыс!