Қыз намысы – ұлт намысы екенін естен шығармайық!

Қыз намысы – ұлт намысы екенін естен шығармайық!

Әлеуметтік желіде 15 жасар қазақ қызының ары аяққа тапталып, азапталып өлгені жайлы жазбаларды жүрегім қан жылап отырып оқыдым. Қазақ азаматтарының ашу-ызасына да түсіністікпен қарадым. Қыз намысы – ұлт намысы. Алайда арсыздық, қансыздық, жамандық ұлт таңдамайды. Қай ұлтты алсаң да тексізі, тәрбиесізі арсыздыққа жақын. Салтына берік, дәстүріне адал, қыз бен ұл өсіріп отырған  халық  өзгелерге де өзіндей қарайды. Құдайдан қорқады.  Айырмашылық осыда ғана. 

Ислам десе арамызда өре түрегелетіндер көп. Бәрі де оның ұлы құндылығына бойламауда жатыр...   Қысқаша ғана айтайын, Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ә.у.) бір кісі келіп: «Ей, Мұхаммед,  айтқаныңның бәрін орындаймын. Аллаға бой ұсынамын. Бірақ мен зинадан қайта алмаймын. Оны істеп жүре берейін», – депті. 

Сонда Елші: «Сенің анаң бар ма?» – деп сұрайды. Анау: «Бар», – дейді. «Оған біреу зина жасағанын қалайсың ба?». «Ондай сөзді айтпаңыз. Басын кесіп аламын!».  

Алла елшісі тағы да сауал қояды: «Қызың бар ма?». «Бар». «Оған біреудің тиіскенін қалайсың ба?». «Тиісіп көрсін, қолында өлемін!».

Пайғамбар (с.ә.у.) тағы да: «Қарындасың бар ма?». «Бар». «Оны біреудің күштеп зорлағанын қалайсың ба?». «Жоқ. Ол менің көзімнің қарашығы. Оны көргенше өлгенім артық!». Сонда адамзаттың ардақтысы: «Сен неге өзің қаламайтын нәрсені өзгеге істегің келеді?» – дегенде әлгі кісі сасып қалып, райынан қайтқан екен.

Салт-дәстүрі, даналығы исламмен қабысқан қазақ жұрты қызын аялап өсірген.  Қазір одан алыстадық. Нәпсіге құл бола бастадық. Бұлғақтап бойжетіп келе жатқан қарындасы бар, әлпештеп өсіріп отырған қызы  бар қаншама қазақ (жасы  бар, жасамысы бар)  бойжеткен қыздарды алдап, арбап жылатып кетіп жатыр. Зорлық-зомбылық көрген қыздар қаншама.  Білмейтініміз тіптен көп. 

Әлеуметтік желіде өзге ұлтты кінәлап өре түрегелу үшін алдымен өзіміз күшті болуымыз керек. Сонда бізді еш жау ала алмайды. Қыздың арын бағалағанда ғана біз ұлт болып ұйысамыз.

Анау қанішер ұйғыр бұрын сотталған көрінеді. Одан босап шығып тағы бір қызды зорлап, оған үйленіп құтылыпты.

Осы оқиғаны естігенде жарты ғұмыры түрмеде өткен (қазір марқұм)  ағам ойға оралды. Ертеректе Арқалықта кездейсоқ кездесіп қалып әңгімелесіп едік. Өте сауатты еді жарықтық. Заң тармақтарын, баптарды шемішкеше шағатын.

Қағілез ғана қара кісі. Анау айтқандай аплотон күші де байқалмайды. Бірақ рухы мықты екенін, намысы арда екенін қасында отырғанда сезінесің. Тік қарайды. Көзі қаршығаның көзіндей өткір!  

Сөзінен ұққаным, алғаш рет 18 жасында сотталыпты. «Әлі ештеңе білмейтін 1-курстың студентімін. Жатақханада қырғын төбелес болды. Бәріміз ішіп алғанбыз. Қате болайын десе аяқ астында ғой, жоғары курстың бір баласын бастан орындықпен ұрып құлаттым.  Ол бейшара сол жатқаннан тұрмады. Жұлыны үзіліп кетіпті. Он жылды арқалап кете бардым. Анам аңырап қала берді. Түрменің де өз заңы бар ол кезде. Өтірік айтуға болмайды. Болған оқиғаны бүкпесіз айтасың.  Жігіт болсаң қасқиып жүресің. Мігіт болсаң мазақсың!

Он жыл отырып елге оралдым. Мінез-құлық өзгерген. Анам бақилық болып кетіпті. Ағайын-туыс баяғыдай емес, салқын қарсы алды. Ол кезде сотталған адамға жұрт шошып қарайды.  Сөйтіп уақыт өте берді. 

Сол жылдары елге келімсектер жан-жақтан құйылып жатты. Ішінде тау халықтары көп. Өздері әпербақан. Қалталарынан пышақ түспейді. Ел іші гу-гу әңгіме. Өсек-аяң. Сыпсың сөзден ұққаным, олардың басынғаны сонша –  ауылдағы қыз-қырқынға тиісіп қана қоймай, оңашада жолықса топ болып зорлап жіберуді әдетке айналдырыпты.

Обалы нешік, елдегі атпал азаматтар оларды ұрып-соққанымен, олардың «жыны» басылмағанға ұқсайды. Біршама уақыт өтті. Тракторға отырдым. Шөп шабамын. Тар қапастан шыққан адамға ауыл тірлігіне үйреніп кету қиын екен. Қайтемін, төселіп келе жатқанмын. Бір күні ауыл шу ете қалды. Үй салып жатқан келімсектер мектеп жасындағы қызды тапа-тал түсте  ұстап алып зорлағалы жатқан жерінен ауыл жігіттері үстінен түсіп құтқарып қалыпты. Намыстанған жігіттер кешкілік сыбағаларын берейін деп барса, бәрінің қолында жалақтаған бір-бір пышақ дейді. Көздеріне қан толған. Өздері удай мас. Жақындатпаған.

 Мұны мен кеш естіп қалдым.  Әй, намысымның қозғаны-ай!.. Түннің бір уағында әлгілердің жатақтарына жалғыз бардым.  Етігімнің қонышында қос қолараның темірінен арнайы істеп алған қара пышақ.

Барсам, бәрі гәр-гәрді беріп жатыр. Көпшілігі удай мас. Ағаш үстелдің үстіне бастарын қойып қылжиып жатқандары біраз.  Қуықтай бөлменің іші көк түтін. Әбден құтырғандары сондай – сақтық дегенді мүлде ұмытыпты.

Отырғандар мен кіріп келгенде шоршып-шоршып түсті. Төрде отырған «төбедейінің» түсі суық екен. Алара қарайды. Мен көп мыжып отырмай жаргондата сөйледім. Істеп жүрген істері үшін жауап беретіндерін, түрмеде қыз зорлағандарды аямайтынын ескерттім. Қазақ халқын бұлай басынуға болмайтынын, егер бұл әпербақандық жалғаса берсе, арты жақсы болмайтыны айтылды. Сөйтіп орнымнан тұрғалы жатқанымда басым ду ете қалды... (Арттан келіп біреуі қалың табуреткамен ұрыпты).

Есімді ауылдың шетіндегі қалың қамыстың арасында жидым. Күн шыжып тұр. Басым сынып барады. Тұла бойым қан-жоса. Тәлтіректеп көлшікке барып әрең жуындым. Сүлдерімді  сүйретіп  шоқ талдың арасына  барып жан шақырдым. Не болса да тапжылмай түнді күттім. Мені шарқ ұрып іздеп жүрген адам көрінбейді. Қонышымдағы пышақ жоқ. 

Іңір де түсті-ау.  Ұры қасқырдай ұрланып ауылға кірдім. Үйге де соқпай тура  тарттым. Кіріп келсем, сол кешегі көрініс. Сүйретілген сұлбалар. Арсыз күлкілер. Әр жерде қылжиған міскіндер. Кешегі дәу қалғып-шұлғып сол орнында отыр екен. Алдындағы үстелдің үстінде қара пышағым қадалып тұр.

Мені көре сала таңырқағандай кейіпте  ұмсына беріп еді,  шалт қимылдап жетіп бардым да, көкірегінен теуіп жібердім. Шалқалай барып құлады. Қара пышақты үстел үстінен жұлып алып, боқтанып аюдай қорбаңдап тұра бергенде  жүрек тұсына кірш еткіздім. Кірш еткіздім де, пышақты бұрап жібердім.  (Егер пышақты денеге салғанда бұрап жібермесең, алынбай қалады. Бұл маған кейін айтқаны). Артыма жалт бұрылсам, кешегі мені қапыда  ұрып құлатқан  неме болса керек, тағы да табуретканы көтеріп төніп келеді екен, оның да өкпе тұсынан ұрдым келіп.  Өкіріп барып құлады. Жындыны жынды басады демекші, менің айбарымнан қаймыққан болар, бөлменің іші сілтідей тынды. Көздері бақырайып кеткен бәрінің. Шығып жүре бердім.

Сөйтіп, тағы да он бес жылға сотталдым», – деген еді ағам. Бір қызығы, сөзінен өкініш табын сезбедім.  Қайта мақтаныш лебі еседі. 

   Айтпақшы, әлгі ағам сол жолы «Ол кезде түрмеге қыз зорлап түскендерді аямайды. Қорлықтың көкесін көреді. Қапас түрменің өзінде қыз абыройы ардақты!» – дегені есімде қалыпты. Қазіргі түрмеде қалай екен? Әй, ол кездегідей емес шығар. Әйтпесе бүгінгідей малғұндар жер басып жүрмес еді ғой. 

Сөз соңында айтарым, қыздың ары тапталған қоғам – арсыз қоғам. Қаншама ібілістер адам кейпінде жүр. Ол оңбағандар менің де, сенің де, оның да маңайында жүруі мүмкін. Сондықтан абай болайық, ағайын!

 

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК, ҚР Ақпарат саласының үздігі
04.08.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 173
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 169
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 679
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 798
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 712

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8866
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8262
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11490
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9246
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10473