ҚЫЗЫЛҚҰМ ҚОЙНАУЫНДАҒЫ ТУРИЗМ ТЫНЫСЫ

ҚЫЗЫЛҚҰМ ҚОЙНАУЫНДАҒЫ ТУРИЗМ ТЫНЫСЫ

Науаи облысының Кенимех ауданы бүгінде Өзбекстандағы сафари туризмі қарқынды дамып келе жатқан жетекші өңірлердің біріне айналды. Туризмді дамытуға мамандандырылған республиканың 37 аумағының қатарына енген аудан соңғы жылдары шетелдік саяхатшылардың ерекше қызығушылығын тудырып отыр.

Қазіргі таңда мұнда елдегі алғашқы туристік кластерлердің бірі саналатын киіз үйлі лагерьлер табысты жұмыс істеуде. Заманауи талаптарға сай жабдықталған бұл кешендер бір мезетте мыңнан астам туристке қызмет көрсетуге қауқарлы.

Қызылқұм шөлінің көркем табиғаты аясында жаңа туристік жобалар да жүзеге асырылуда. Аудан аумағындағы Дөңгелек ауылында 2 гектар жерді қамтитын сафари туризм кластерінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жоба аясында 30 киіз үй орнатылып, 150 орындық туристік кешен бой көтеруде. Бұл нысан бір уақытта 500-ге дейін турист қабылдай алады. Аталған жоба өңірдің туристік әлеуетін арттырып, оны халықаралық деңгейдегі тартымды бағыттардың біріне айналдыруды көздейді.

Бүгінде Кенимехке сафари туризмінің ерекше атмосферасын сезінуге Италия, Швейцария, Австралия, Канада, АҚШ, Ресей, Франция, Грекия, Әзербайжан, Грузия және Еуропаның өзге де елдерінен туристер келуде. Шөл табиғатының сұлулығы мен ұлттық дәстүрлердің үйлесімі саяхатшыларға ұмытылмас әсер сыйлайды.

Сонымен қатар Жаңақазған ауылын «Туризм ауылы» ретінде дамыту жұмыстары қарқын алып келеді. Осы мақсатта туристік инфрақұрылымды жетілдіру және қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, галотерапия қызметтері, ұлттық тағамдар әзірлеу бойынша шеберлік сабақтары, экскурсиялық бағдарламалар, атпен, түйемен және квадроциклмен серуендеу, жұлдыздарды тамашалау, сондай-ақ жергілікті жыраулық өнер мен ұлттық мәдениетті дәріптейтін мәдени бағдарламалар ұйымдастырылуда.

Жаңақазған ауылдық азаматтар жиыны құрамындағы Дөңгелек ауылында да туризм жаңа серпін алып отыр. Бұл ауылда негізінен қазақ халқы тұрады және білім беру қазақ тілінде жүргізіледі. Қазіргі таңда ауылдағы 70-ке жуық отбасы туристік қызмет көрсету ісіне тартылған.

Мұнда қонақтарға қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеу дәстүрі таныстырылып, түйе сауу рәсімі көрсетіледі, шипалы түйе сүтінен дәм татқызылады. Сонымен қатар тандыр нанын пісіру, кілем тоқу өнерімен таныстыру және ұлттық қолөнер бұйымдарын ұсыну қызметтері жолға қойылған. Жалпы, Қызылқұмдағы қазақы ауылдың бай мәдениеті мен салт-дәстүрлері шетелдік туристердің қызығушылығын арттырып, олардың ерекше ықыласына бөленуде.

Қызылқұм төсінде бой көтеріп жатқан осындай заманауи туристік нысандар Науаи облысының ғана емес, тұтас Өзбекстанның туристік әлеуетін әлемге танытып, елдің халықаралық беделін арттыруға зор үлес қосып келеді.

Гүлдана НАРЫНБЕТОВА, Өзбекстан республикасы 

Науаи облысы

09.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25724
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25178
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42602
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38439
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42984