«Ау, батыр, не деп тұрсың? Біздің тәуелсіз Қазақстанымызда тайраңдайтын қандай әскер? Өйтіп өтірік жазба!» деп оқырманымыз шошып кетіп, осындай уәж айтуы әбден мүмкін. Жо-жоқ, бауырым, қаншама жауырды жаба тоқығанымызбен ақиқатқа қарсы ештеңе істей алмайсың. Алдымен сона-ау Батыс Қазақстанның Бөкей ордасындағы оқырманымыздың ашынған үнін естиік. Сайқын кентінде көліктеріне Ресей туын желбіреткен Z және V әріптерін бадырайта жазып алған орыс әскерлерінің қазақтың ауылын әптер-тәптерін шығара гүрілдеп, халықтың үрейін ұшырып, тайраң қағып жүргені туралы оқырман видео жолдады. «Бұрын олар біздің ауылға жақын полигон территориясында әрлі-берлі жүретін. Оған үндемедік. Енді әй-шәй жоқ тал түсте ауылымызға баса көктеп кіріп, туларын желбіретіп жүргені ызамызға тиді. Бұл қай басынғаны?» дейді оқырманымыз.
Шынында да өзге елдің жерінде тайраңдауға оларға кім құқық берген? Газетімізге мақала дайындап үлгергенше «Жасалаштық» әріптестер бізден бұрын осы жөнінде өткен нөмірінде көсілте жазып жіберіпті. Әрине, оларға риза болдық. Бұл полигон Кеңес өкіметінен бері істеп келеді. Ресей жерінде жатқан «Капустин Яр» деген елді мекеннен орыс әскері біздің жерімізге бомбаларын атып, сынақ жүргізетін. Оны Азғыр, Нарын полигондары деп атаймыз. Ол жерде бірнеше рет болдық та. Себебі тура бомба атылып жатқан жерде қазақтың мал шаруашылығымен айналысатын ауылы бар. «Ауыл» экспедициясымен барып, олардың мұң-мұқтажы туралы материалдар жазғанбыз. Тәуелсіздік кезінде де ол жерде болдық. «Қайран қор болған қазақтың шұрайлы жері-ай!» деп аһ ұрып, Үкімет назарына хат та жолдағанбыз. «Қаражапырақтар» деген атпен қасіретке толы роман да жаздым. Бірақ біздің билік селт етпеген. Иә, бір ауданда жарты мыңнан аса мүгедектер бары билікті алаңдатпай отыр. Рас, оларға арналған арнаулы аурухана бар. Бірақ ол көңілді жұбата алмайды ғой. Біздің таңғалатынымыз Ресей өзінің кең байтақ жерінде неге сынақ жүргізбейді? Ресми жазбада Ресей гектарына 1046 теңге төлеп, қазақ жерінде үш полигон ұстап отыр. Көлемі 8,6 млн гектар! Халық наразы. Себебі түсінікті. Ресей әскері ойына келгенін істеп зымырандарын оңды-солды атып, жерімізді улап, ластап жатыр. Енді бәрін қойып қазақ ауылының үстінен әскери техникаларымен шаңдатып емін-еркін бірнеше рет жүріп өткен. Масқара! Ол әскери көліктер, зымырандар тасиды екен. Ондағы зымырандар жарылып кетсе ше?! Айтпақшы, Z, V белгілері Украинаға қарсы соғысқа шақыруының белгісі екен. Бұл не арандату?
Біздіңше, бұдан өткен басыну болмақ емес. Жалпы қазақ халқы атом бомбасынан небір сынақтарынан көз ашпай келе жатыр. Билік қасиетті жерімізді неге жалға береді? Онсызда Семей полигонының зардабынан әлі де арыла алмай келе жатқан жоқпыз ба? Әрине, азын-аулақ ақша төлейді де, олар ойына келгенін істейді. Ал өздерінің жерлерін ешкімге тигізбей орманын өсіріп, сақтайды. Ал біздікі қай ақымақтық? Халық қалаулылары неге осы мәселені көтермейді?