Ресей Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға ресми сапары әлем назарын аударғаны рас. Себебі белгілі. Украинаға соғыс ашқаны, санкцияларды белден басып ойына келгенін жасап жүргені. (Әскери операция деп әспеттегенмен, бір бармақтары бүгулі). Әсіресе Орта Азияны «уысында ұстап», үй ішінен үй тігіп, БҰҰ-ға бір «түкіріп», демократияны басып-жаншып, ТМД елдерін КСРО қамытын қайта кигізуге деген құштарлығы да Батысқа ұнамайды. Сондықтан да тістерін қайрайды, қылыштарын сайлайды.
Ресей Президентінің кеңестен қалған «мұрасы», «атом бомбасын» жамбасына басып, әлемге қыр көрсетіп отырғаны да Американың басты уайымы. Қазір батыс қайда, Ресей қайда? Араларын қара мысық кесіп өткелі дүрдараз. Санкцияның неше атасын бұғаулап салса да Ресей бәрін айналып өтіп, өз дегенін жасап отыр. Доллар курсы қанша аспандаса да, Ресейдің мұртын балта шаппайды. Керісінше ТМД теңселеді. Зардабын солар тартады. Соғысып жатқан Ресей емес, бейне бір солар секілді...
ОРЫС ЖЕРІНДЕ ҚАЗАҚ МЕКТЕБІ АШЫЛАДЫ
Қазақтың «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» дегенін осы орайда Ресейге қарата айтсақ, көп қателесе қоймасымыз анық. Путиннің бұл сапарынан «ұлы орыс» тілінің болашағына алаңдайтыны тағы сезілді. Бұл өзге ел Президенттеріне де жұғысты болатын дүние. Тіліңді Президентің ойлап, жүрген жерінде алаңдап «Менің ана тілім не болып жатыр? Тілімнің қолданыс аясы тарылып барады. Ау, ағайындар, менің тілімде мектеп ашыңдар. Сол үшін қолқа салып келіп отырмын» деп шырқыраса, халқы шұрқыраса көрісер еді ғой! Ондай Президенті бар ел бақытты ғой, шіркін!
Елдегі қазақ тілінің проблемасы әлі шешуін таба алмай тұр. Осындай өлара кезеңде Қазақстанда орыс мектептері ашылмақ. Обалы қане, Ресей де қарап қалмаймыз, біз де қазақ мектептерін ашамыз дегендей сыңай танытты. Кейін белгілі болғаны, Ресейдің 5 облысынан қазақ мектептері ашылатын болыпты! Бұл да көпшіліктің наразылығын тудырған жайттың бірі. Ресейде қазақ мектебі ашылса, оған Ресейдегі орыстанып кеткен қазақтар бара қоя ма? Оқушы жетпеді деп қайтадан жабылып қалса таңғалмайтын шығармыз деп жатты халық.
АЭС жайлы Путин мырза айтып қалды. Бірақ тереңдемеді. Жай ғана, егер қалап жатсаңдар АЭС-ті салатын мықты мамандар бізде де жетерлік дегенді аңғартты. Тіпті «Росатом» Қазақстанмен бірге ауқымды жобаларға дайын» деді. Сипай қамшылап сыр тартқандай болды. Не болса да ішінде.
Ресей басшысы Қазақстаннан кетерінде «Қазақстан – орыстілді ел» деп бағасын беріп, биліктің ақ батасын алып аттанды. Намыстансаң да шындық осы! Сыртыңнан сыбырлағанша, дүйім жұрттың алдында ащы да болса ақиқатты айту – азаматтық! Ерлік! Путин бұл жолы ерледі.
Қазақстанды орыстілді ел деп айтқызғаны дипломатияның жалғыз жеңісі болғандай күйге түсірді. Әттең... Әттең!.. Кім білсін келешекте орыс тілі қысым көріп жатыр деп айтпау үшін бұл да керек шығар бізге...
Есте қалған тағы бір оқиға Ресей басшысы келген күннің ертеңіне доллар бағамы 510 теңгеге бір-ақ көтерілді... Бұл кездейсоқтық па, әлде Батыстың ескертуі ме?
Статистикаға көз жүгіртсек, Президент Путин мырзаның ең көп келген елі Қазақстан екен. Осымен 33-ші рет келіп отыр. (Влекең биылдыққа Қазақстанға екінші рет келіп отыр. Бұған дейін ол жазда өткен ШЫҰ отырысына қатысып кеткен еді). Екінші орында Беларусь – 27 рет. Үшінші орында Украина – 21 рет. Одан кейін Қытай мен Германия – 18 реттен.
Ең қызығы, Америка Президенттері Орта Азиядағы Қазақстанға бір мәрте де аяқ баспапты. Алыссынды ма, әлде Ресейдің бұғауында болған елді менсінбеді ме, белгісіз. Бірақ инвестиция салудан көш басында.
Ресей Президенті мен Қазақстан басшысы соңғы бір жыл ішінде төрт мәрте толық форматтағы кездесу өткізген. Мұндай тығыз қарым-қатынас екі ел арасындағы шекаралас ынтымақтастық пен жаһандық тұрақсыздық кезеңіндегі ортақ жауапкершілікті айшықтайды.
Қазақстанда жұмыс істеп жатқан ресейлік 23 мың компанияның 4 мыңы соңғы жылда ғана ашылған. Екіжақты инвестиция көлемі 2023 жылы әр тараптан 3 миллиард доллардан асып түсті. Ең қызығы, бұл ынтымақтастық тек дәстүрлі энергетика немесе өнеркәсіп салаларында емес, көлік-логистика мен ауылшаруашылығында да қарқынды дамып келеді.
Путиннің Қазақстанға сапары тегін емесі айдан анық. Үлкен мақсатпен келіп отыр. Ол «Екіжақты тауар айналымы өткен жылы жаңа рекорд орнатып, 28 миллиард доллардан асты. Жыл сайын Қазақстан экономикасына ресейлік инвестициялар да артып келеді – бүгінгі күні олардың көлемі шамамен 13 миллиард долларды құрайды. Республика аумағында ресейлік капиталдың қатысы бар 23 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Екі елдің компаниялары өнеркәсіптік кооперация және жоғары технологиялар саласында ірі бірлескен жобаларды жүзеге асыруда, толық индустриялық циклмен жаңа өндірістерді жолға қоюда. Бұл экономикаларды кешенді жаңғыртуға және Ресей мен Қазақстанның технологиялық егемендігін нығайтуға ықпал етеді» деді.
Көкейдегі көп ойдың бәрі ашық айтылмайтыны тағы рас. Халық бірін естісе, бірін естімейді. Бірін білсе, бірін білмейді. Тарихи құжаттарды келер ұрпақ қана саралай алды. Соғысқұмар Ресейді әлем қазір тиранға теңеп жатыр. Оны жападан жалғыз қалдыру Батыстың басты арманы. Путин де ақымақ емес. Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайтынын жақсы біледі. Жалғыз-жарым ұшпаққа шықпасын білгесін, ең маңызды Одақтасынан айырылғысы келмейді, байланысты нығайтқысы келеді. Ал біз болсақ, мүмкіндікті пайдаланып, одан барынша пайда табуға тырысуымыз керек. Дипломатиямен тамырын басып, шапан жауып, арқадан қағып, алдаусыратпаса тағы болмайды.
«ҮШ КЕССЕ ДЕ КЕСІРТКЕЛІК ӘЛІ БАР» РЕСЕЙ
Путин мырзаның Қазақстанға сапарын ел саясаткерлерімен қатар, әлеуметтік желідегі халық та талқыға салуда. Қатты кеткен кейбір ағайын: «Гаага соты Путинді тұтқындауға ордер берген. Оны әуежайдан бірден қолына кісен салып, тұтқынға алу керек еді», – деп кіжініп жатыр. Енді біреулер «Мына көрші елдің Президентінің сапары абыройымызды айрандай төгіп кетті деп ойлаймын. Жұмыс бабымен келген қонаққа «аса жоғары мәртебелім» деп сонша құлдық ұрудың қажеті не еді? Көрші-көлем, одан арғы жұрт та бар ғой. Солардан ұялсақ етті? Өзге-өзге, күні кешеге дейін ұлтымызды кемсітіп, тілімізден айыра жаздаған елдің басшысын осыншама ұлықтау – еш уақытта абырой әпермейтін іс. Мұндай айрықша құрметке Путиннің өзі таңғалып «Жай ғана жұмыс бабымен келгенімде мұндай құрметті күткен жоқ едім» деп айтып салды. Қанша жамандасақ та, орыстардың бойында кейде осылайша тура айтып салатындығы бар. Ал бізде мұндай жағымпаздыққа әбден бой үйренген, кейде соны аңсап тұратын секілдіміз. Назарбаевтан қалған «мұра» ғой. Міне, енді бүгін соның зардабын тартып, әлемге күлкі болып отырмыз» деуде.
«Біз осы өркениетті, мәдениетті қашан үйренер екенбіз? Путин – стратегиялық әріптес, құдайы көрші. Тату болғанымыз дұрыс» деп өз пікірін ашық айтып жатқандар да баршылық. Ал саясаткерлер де Путиннің бұл келісін сан-саққа жүгіртуде. «Ол жай жүрмейді. Осы жолы АЭС салуға Ресейді тартуды сөз етеді. БРИКС туралы да сыр суыртпақтайды. Экономикалық, стратегиялық қатынастарды нақтылайды. Сонымен қатар Батысқа «Жыланды үш кессе де, кесірткелік күші барын» көрсетеді» деп бал ашып жатты.
Енді көпшілікті мазалап отырған бір мәселені ашық талқылайық: Қазақстан Ресейден қорқа ма? Түсінген адамға саясатта қорқу деген болмайды. Мүдде деген болады. Уинстон Черчилль өз елінің саяси бағытын «Британияның мәңгілік дұшпаны да, досы да жоқ, тек мүддесі ғана бар», деп айқындап берген. Біз де осы ұстанымнан айнымағанымыз дұрыс.
Қазақстанға тыныштық керек. Өзінің қаны бір, діні бір, тілі ұқсас бауырын аямаған ел ешкімге опа бермесі анық. Сондай-ақ дана халқымыз жындымен жынды болма деп бір-ақ қайырған.
Қазақстан мен Ресей арасында 7500 шақырымды қамтитын шекарадан бөлек, дәл бүгін үзіп тастай алмайтын, уақыттың еншісіне ғана бұйырған тығыз экономикалық байланыс жатыр. Ал Путиннің сапары осы байланысты нығайту мақсатында сауда, инвестициялар және бірлескен жобалар төңірегінде болды. Талай жылдар бойы Қазақстан өзінің ауылшаруашылық өнімдерін орыстардың құрал-сайманына алмастырып келе жатты. Бұл өндірістік алмасу үрдісі әлі де жалғасын таппақ. Себебі, Президент Қазақстан мен Ресей агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығын кеңейтуге әлеуетті екенін айтты.
«Осы жылы диқандарымыз қамбаны астыққа толтырып, 27 миллион тоннаға жуық өнім жинады. Бұл рекордтық көрсеткіш еліміздегі тың жерлерді игерудің басталғанына 70 жыл толуымен тұспа-тұс келді. Бұдан бөлек, біз негізгі азық-түлік тауарлары бойынша импортқа тәуелділікті төмендету үшін бірқатар ірі жобаны бастадық. Таяу жылдары сүт өндіру көлемін 600 мың тоннаға жеткізетін 116 тауарлы сүт фермасы салынады. Сондай-ақ жылына 220 мың тонна құс етін өндіретін 29 фабриканы, 850 миллион дана жұмыртқа шығаратын 11 құс фабрикасын пайдалануға беруді көздеп отырмыз», – деді Қазақстан Президенті.
Тоқаев бүкіл Еуразия кеңістігіндегі көлік-логистика құрылымын нығайтуды тағы бір басым бағыт ретінде атады. Негізі, мұның Қазақстан мен Ресей үшін стратегиялық мәні зор. Себебі еліміз 2030 жылға дейін 11 мың шақырым жолды жөндеп, 5 мың шақырымнан асатын жаңа теміржол салуды жоспарлап отыр.
Ұзын сөздің қысқасы, Тоқаев сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге арналған күш-жігеріміз қазіргі сын-қатерлерге бейімделіп, екі ел экономикаларының тұрақты өсіміне негіз болатынын жеткізді.
Тоқаев пен Владимир Путиннің кездесуінде Қазақстан – Моңғолия арасына автокөлік жолын салу мәселесі талқыланыпты. Пүтекең рұқсат етсе, Қазақстан – Моңғолия арасында 837 шақырымдық жаңа автожол пайдалануға беріледі.
Халық арасында көптен айтылып жүрген жол мәселесінің нүктесі қойылса жақсы болар еді. Моңғолияға көп қатынайтын қандастар үшін жолдың тең жартысы қысқарады. Қазір Өскемен арқылы Моңғолияның батысына жету үшін 1700-ге жуық шақырым жол жүресіз. Жаңа жол бұл шақырымның тең жартысын қысқартады дейді Моңғолиядан келген қандастар.
Әлеуметтік желіде Марат Ахмади былай деп жазды: «Көрші ел Президентінің Қазақстанға жасаған соңғы сапары қоғамда қызу пікірталас тудырды. Ел билігінің оған көрсеткен құрметі ел басшысының ұшақ баспалдағына дейін барып, өзі қарсы алуы, көше бойлап ілінген Ресей тулары, әуе күштерінің шоуы (қонақ кешігіп келіп, онысына үлгермеді) және ресми әсіре мәлімдемелер қоғамның басым бөлігінің қытығына тигені рас. Көпшілік бұл құрметті «шектен тыс» деп есептеп, әсіресе, ішкі-сыртқы саясатымызда Ресей ықпалының күшейе бастағанына алаңдайтын ел азаматтары бұған теріс көзқарас танытты.
Жалпы, ресми сапарлатып елге келген қонақ мемлекет басшыларын ұшақ баспалдағында қарсы алу – сол елге көрсетілетін құрметтің белгісі, әрі кең тараған дипломатиялық дәстүр. Алайда, Украинаға жасалған агрессиясын, соның ішінде жақында ғана жасалған баллистикалық зымыран шабуылын ескерсек, мұндай шектен тыс ілтипатқа халқымыз «тым артықтау әрі орынсыз» деген баға берді. Содан шығар, әлеуметтік желіде «біз Ресей колониясының адал сарбаздарымыз» деген сияқты сарказм бұрқыраған пікірлердің пайда болуы таңғаларлық емес. Бұл реакция жаһандық геосаяси өзгерістерді ескергенде тіпті ерекше сезіледі. Өйткені жақында өткен АҚШ-тағы Президент сайлауында Трамптың жеңіске жетуі және оның Украинаға қолдау көрсетуден бас тарту ықтималдылығы Қазақстанның билігі мен қоғамындағы ресейшіл топтарды шабыттандырса керек. Дегенмен, қазақстандықтардың басым бөлігі мұндай «ләббай тақсырлықтан» шаршап, Ресеймен қарым-қатынастарда көршінің ығына жығыла бермей, ел мүддесіне, мемлекеттің абыройына сай әрекет етуді талап етуде. (Президентіміздің Донбас, Кузбасқа қатысты батыл тойтарысы ел есінде.)
Ресми ақпаратта айтылып жатқан «келісімдерден» тең қатынас, екі жақты ниет, ықтиярлық емес, бір жақтың өктемдігінің, үстемдік пен менмендігінің исі бұрқырап тұр. Бұл сапар Ресейге үйреншікті әдетімен «үлкен ағам» деп қарайтындарға ой салатын сәттерге толы сапар болды.
Қазақстан халқының отаршылдық санадан арылатын және ұлттық мүдделер төңірегінде бірігетін уақыты келді. Бәлкім, биліктің (шарасыздықтан туындаған деп топшылайық) осы жолғы шамадан тыс ілтипаты көпшіліктің көкірек көзін ашып, қоғамымызда жаппай деколонизация үдерісінің басталуына түрткі болар. Қоғамымыз Қазақстан халқының мүддесін барлық мүддеден үстем тұтатын, бір ту, бір тіл, бір халық, бір мүдде, бір тағдыр қағидасын жүзеге асыра білген, шын тәуелсіз, азат ел болсын деген тілекпен».
РЕСЕЙ МЕН ҚАЗАҚСТАНДЫ НЕ БАЙЛАНЫСТЫРАДЫ?
Мемлекеттік сапар барысында Президенттер Тоқаев пен Путин екі елдің көпжақты форматтағы ықпалдастығын егжей-тегжейлі талқылады. Қазақстан Ресеймен ТМД, ЕАЭҚ, ШЫҰ, ҰҚШҰ, АӨСШК және басқа да маңызды өңірлік ұйымдар аясында жұмыс істейді.
«Ең бастысы, Қазақстан мен Ресей арасында ешқандай түйткілді мәселе жоқ. Біз әрдайым екі мемлекеттің мүддесін барынша ескеретін байыпты шешім қабылдаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келесі жылы Қазақстан – Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толады. Қазір Ресей – Қазақстанның ең басты сауда серіктестерінің бірі және экономикамызға қаржы құйған үш жетекші инвестордың қатарына кіреді. Қазақстан да Ресей үшін ТОП-5 сауда серіктесі болып отыр. 2026 жылы өзара тауар айналымы 30 миллиард долларға жетуі тиіс. Қазақстан экономикасына Ресейден келген тікелей инвестиция көлемі 24 миллиард доллардан асты. Соңғы екі жылдың өзінде 4,5 миллиард доллардан астам қаржы құйылды. Қазақстан да Ресей экономикасына қомақты қаржы салды. Бүгінде оның көлемі 8,5 миллиард долларға жетті.
Өнеркәсіптік кооперацияда айтарлықтай табысқа қол жеткізілген. Жалпы сомасы 18 миллиард доллардан асатын 93 бірлескен жоба іске қосылды. Қазіргі кезде жалпы инвестиция көлемі шамамен 30 миллиард долларды құрайтын тағы да 49 жоба жүзеге асырылып жатыр. Қазақстанның бірқатар аймағына көгілдір отын жеткізу, Ресей энергия ресурстарының оңтүстік және шығыс бағыттағы тасымал көлемін ұлғайту, еліміздегі ірі энергетикалық нысандарды салу және жаңғырту жұмыстарын ауқымды бастамалар ретінде қарастыруға болады.
«Алдымызда негізгі күрежолдарды дамыту арқылы транзит әлеуетін барынша пайдалану міндеті тұр. Сонымен қатар біз жаңа жобаларды жүзеге асыру перспективасын, әсіресе, Моңғолияға дейін автокөлік жолын салу және Трансауған көлік дәлізін белсенді қолдану мәселелерін талқыладық. «Солтүстік – Оңтүстік» бағытындағы аталған барлық бастамаларды іске асыру достас халықтардың түпкілікті мүддесіне толық сай келетініне кәміл сенемін, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекеттік сапар барысында Қазақстан мен Ресей Президенттері ҚазҰУ-дің Омбыдағы филиалын ресми түрде ашты. Келесі жылы мен Омбыға барып ашық лекция оқып келуім ғажап емес. Ресейде тұңғыш рет ашылған қазақстандық жоғары оқу орнының филиалына талапкерлерді қабылдау 2025 жылдың қыркүйек айына жоспарланған. Қазақстан мен Ресей Үкіметтері студенттерді оқыту үшін арнайы 200 грант бөлді.
Осының бәрін көрген Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа және қазақ халқына алғыс айтты.
«Біз саяси, экономикалық, гуманитарлық салалардағы екіжақты ықпалдастықты егжей-тегжейлі талқыладық. Халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер бойынша пікір алмастық. Жаңа ғана қабылданған Бірлескен мәлімдемеде екі елдің стратегиялық серіктестігін тереңдетуге қатысты асқақ міндеттер қойдық. Олардың жүзеге асуына үкіметаралық және ведомствоаралық деңгейде қол қойылған, энергетика, көлік, денсаулық сақтау, әділет сияқты түрлі бағыттарды қамтитын құжаттар да септігін тигізеді», – деді Ресей Президенті Владимир Путин.
Әлеуметтік желіде Сұлтан Сүлеев деген азамат: «Путин АЭС туралы әңгімені ақыры қозғады. «Росатом» кез келген станцияны қуыршақтай етіп сала алады деп біздің Президентке көз тастап қойды. Бірақ дейді, АЭС-ті кім салады, қазақ Үкіметі өзі шешеді деп қояды. Бермесеңдер ренжімейміз дегендей.
Шешуін шешеді ғой. Шешіліп қоймаса.
ОДКБ елдері біздің ядролық қаруымыздың қорғауында болады деп қояды. Әсіресе Белоруссияның қауіпсіздігі Ресей үшін басты міндет. Ол түсінікті де. Батыстағы жалғыз одақтасы сол белорустер. Егер одан айырылса, батысы жалаңаш қалады.
Жаңа ракетасы «Орешникті» де айтып мақтанып өтті.
Алдағы екі ай орыс-украина майданында аса белсенді ұрыс қимылы болады. Байден шал тақта отырғанда бар мүмкіндікті пайдаланып, украиндар үшін қолайлы жағдай туғызуға жағдай жасайды. Себебі Трамп таққа отырса, «екі жақты келіссөзге отырғызамын» деп отыр. Украиндар отырады. Ресей бәлденетін шығар. Бірақ орыстарға да қарсы көзір бар. Ол – Ресейдің шетел банкілеріндегі аресте жатқан 300 млрд доллары. Және соңғы бес жылда салынған жүзге жуық санкциясы. Ақшаңды да қайтарамыз, санкцияны да алып тастаймыз десе, орыстар қайда барады? Ал басып алған жерлер? Халқы шешсін. Референдум қайтадан өткізейік. Адал түрде. Әлем елдері бақылаушы болсын. Честно-честно.
Кеше айтқанымдай, БРИКС туралы да айтты. Қазақстан өзі шешеді. Мүше боламыз ба, партнер боламыз ба».
АЛМАҒАЙЫП ЗАМАНДА АҢДАП БАСҚАН ЖАМАН БА?
ТҮЙІН: АЭС салу, газ тасымалдау, Украинадағы ахуал және «гуманитарлық әріптестік» сапар барысында ашық және жабық талқылануы мүмкін мәселелердің бір болады деген білгіштердің болжамдары қаншалықты шындыққа айналды, оны уақыт көрсетер. Ресей басшысының сапары Астана үшін баланс табу қиындай түскен аса күрделі геосаяси жағдайда өтті. Себебі Ресейдің одақтасы Қазақстан Украинаға басқыншылықты айыптаған да жоқ, құптаған да жоқ. Керек десеңіз, қазақ билігі Мәскеу аннексиялап алған Украинаның облыстарын Ресей жері деп мойындаған емес. Осы қылығы үшін Путин Қазақстан Президентінің есім-сойын бұзып айтып, кекеткендей болғаны да есімізде.
28 қараша күні Тәуелсіздік сарайында Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) саммиті өткізілді. Путиннің Қазақстанға келуінің тағы да бір себебі осы саммит. Жиынға аталған ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары, Сыртқы істер және Қорғаныс министрлері, Қауіпсіздік кеңесі хатшылары мен Парламент өкілдері қатысты. Сондай-ақ Ресей делегация құрамында «Ресей темір жолдары», «Роскосмос» және «Росатом» басшылары да бар. Бізге жеткен мәліметтерге сенсек, Армения бұл саммитке қатысудан бас тартыпты. Аталмыш саммитте ҰҚШҰ-ға мүше елдердегі өзекті мәселелер қаралып, 1941-45 жылғы соғыстың 80 жылдығын бірлесіп тойлау жайы да талқыланды...
Қазақстан билігі көпвекторлы сыртқы саясат туралы жиі айтады. Бірақ Қазақстан екі ірі көрші Қытай және Ресеймен интеграциялық саяси бірлестіктерге мүше және экономикалық жағынан айтарлықтай тәуелді. Еуропаға экспортталатын Қазақстан мұнайының басым бөлігі Ресей аумағы арқылы тасымалданады. Осыдан-ақ, Ресеймен кетісуге, өштесуге, қырын қарауға болмайтынын түйсіну қиын болмас. Ресей тарихы терең, шежіресі қалың құдайы көршіміз. Кешегі патшалық Ресей де, Кеңес өкіметі де қазақ даласына шеңгелін қадап, реті келгенде талап-талап тастайтын болған. Жазылмай жатқан жарамыз көп. Айта берсек, таусылмайтын наламыз көп. Бірақ оны қазіргі заман көтермейді. Әлем өзгеруде. Қырғи қабақ соғыстар жалғасуда. Күштілер әлсізді қанауды, тонауды әдетке айналдыра бастады. Осындай кезеңде дипломатияға басып, аяқты аңдап басып, өгіздер тіресіп, сүзісіп жатқанда шыбын құсап боқ басында өліп кетпеуді ойлаған халық ұтады. Сондықтан да бабаларымыз айтпақшы, ел бірлігін, даланың амандығын сақтау үшін көршіміз үшін намазымызды да бұзуға тура келіп тұр.
Саясат деген осы! Кейде құрбандық болып шалынуға, қаламасаң да басыңды июге тура келеді.
Көнсең де, көнбесең де осы!