Рио-Де-Жанейрода өткен БРИКС саммиті несімен құнды?

Рио-Де-Жанейрода өткен БРИКС саммиті несімен құнды?

Рио-де-Жанейрода 6-7 шілде аралығында 17-ші  БРИКС саммиті болып өтті. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу 5 шілде күні БРИКС мүше және серіктес мемлекеттер басшыларының саммитіне қатысу мақсатында Бразилияның астанасы Рио-де-Жанейро қаласына барды.

 

Талқыға түскен тақырыптар

 

Ұйымның кезекті төрағасы әрі Саммитті өткізуші Бразилия тарапы күн тәртібіне төмендегідей алты түрлі мәселені қойған екен. 

Біріншіден, денсаулық сақтау саласындағы жаһандық ынтымақтастық. БРИКС елдерін әртүрлі салаларда, әсіресе денсаулық сақтау саласында тұрақты және инклюзивті дамуға жәрдемдесу және дәрі-дәрмектер мен вакциналарға қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін практикалық ынтымақтастық жобаларын жүзеге асыруға ынталандыру; әлеуметтік анықталған ауруларды және назардан тыс қалған тропикалық ауруларды жою үшін БРИКС серіктестігін іске қосу.

Екіншіден, сауда, инвестиция және қаржы. Сауда, қаржылық және инвестициялық ағындарды ұлғайту және әртараптандыру құралы ретінде қаржы нарықтарын, жергілікті валюталарды, төлем құралдары мен платформаларын басқару мен реформалауды қарастыру; жаңа өнеркәсіптік революция серіктестігін ілгерілету және БРИКС Экономикалық әріптестік 2030 стратегиясын қабылдау.

Үшіншіден, климаттың өзгеруі. Климаттың өзгеруі БРИКС елдері үшін маңызды мәселе болып табылады. БРИКС шеңберінде Бразилия құрған қоршаған орта және климаттық жұмыс тобы жұмыс істейді және құрылымдық өзгерістерді басқаруға бағытталған Климаттық қаржыландыру көшбасшыларының негіздемелік декларациясын қоса алғанда, БРИКС климаттық көшбасшылығының күн тәртібін қабылдайды.

Төртіншіден, жасанды интеллектпен басқару. Әлеуметтік, экономикалық және экологиялық дамуда осы технологияның әлеуетін ашу үшін жасанды интеллектті инклюзивті және жауапты халықаралық басқаруға жәрдемдесу.

Бесінші – көпжақты бейбітшілік пен қауіпсіздік архитектурасы. Қақтығыстарға тиімді әрекет етуді қамтамасыз ету, гуманитарлық апаттардың алдын алу және жаңа дағдарыстардың алдын алу үшін жаһандық көпжақты бейбітшілік жүйесін және қауіпсіздік архитектурасын реформалауға жәрдемдесу; өзара сенім мен түсіністікті қалпына келтіру, дипломатияны қалпына келтіру және қақтығыстар мен дауларды бейбіт жолмен шешуге жәрдемдесу.

Алтыншы – институционалдық құрылыс. Соның ішінде БРИКС елдерінің құрылымы мен бірігуін жақсарту.

Бразилия Президент Лула саммитте баяндама жасап, БРИКС-тің жаһандық басқаруға назарын жалғастырғанын көруге болады. Дәстүрлі экономикалық, сауда және қаржылық ынтымақтастықтан басқа, денсаулық сақтау, климаттың өзгеруі, жасанды интеллект және аймақтық қақтығыстар сияқты жаһандық өзекті мәселелерді күн тәртібіне енгізіп, сонымен бірге осы өзекті тақырыптардағы жаһандық оңтүстік елдерінің ынтымақтастығы мен ерекше рөлін атап өтті. Бұл бір жағынан БРИКС-тің дамушы елдер үшін ынтымақтастық алаңы ретіндегі ерекше мәртебесіне байланысты болса, екінші жағынан Луланың басқарушылық философиясына сәйкес келетін еді.

BRICS туралы біраз сөз

 

2001 жылы Goldman Sachs бас экономисі Джим О'Нил алғаш рет «BRIC» тұжырымдамасын ұсынды. BRIC – Бразилия, Ресей, Үндістан және Қытайдың ағылшынша атауларының бірінші әріптерінен құралған. Ол – дамушы, нарық елдерінен тұратын халықаралық ұйым. Оның негізін қалаушылар: Бразилия, Ресей, Үндістан және Қытай. 2010 жылы 23 желтоқсанда Оңтүстік Африка ресми түрде қосылды және БРИКС деп аталды. 2023 жылғы саммиттен кейін Мысыр, Эфиопия, Иран, Біріккен Араб Әмірліктері, Аргентина және Сауд Арабиясы БРИКС-тің ресми мүшелері болады деп жарияланды. Дегенмен, Аргентинаның жаңа президент Хавьер Милли билікке келгеннен кейін мүшелікке өтінішін қайтарып алды. Ал Сауд Арабиясы кейінірек мүшелік мәселесін мұқият қарастыру үшін уақыт қажет екенін айтты, сондықтан оның өтінішін тоқтатты. 2024 жылдың 24 желтоқсанында Ресей БРИКС серіктес елдері тізімін жариялады, оның ішінде Индонезия, Малайзия, Таиланд, Беларусь, Боливия, Куба, Қазақстан, Өзбекстан және Уганда БРИКС серіктес елдері ретінде аталды. 2025 жылы Индонезия, Нигерия, Вьетнам БРИКС серіктес ел болып қосылды. БРИКС-тің (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка) болашағы мен ықпалы соңғы жылдары, әсіресе, жаһандық мультиполяризация үрдісінің күшеюі және Батыстың үстемдік ететін тәртіпке қарсы тұруы жағдайында халықаралық назардың өзегіне айналды. БРИКС туралы сөз болғанда ең алдымен оған мүше мемлекеттердің халық санының молдығы, экономикалық әлеуеті мен энергетикалық ресурстарының байлығы сынды артықшылықтары алдымен тілге алынатыны бар. Мәселен БРИКС елдерінде жер шары халқының 40%-дан астамы өмір сүреді және әлемдегі экономикалық өнімнің төрттен бірінен астамы өндіріледі. Олар ресурстарға бай және үлкен нарыққа ие. Қытай мен Үндістан ғылым мен технология, өндіріс, экономика сынды сан салалы жақтарда өте жылдам дамып келе жатқан мемлекеттер. Ал, Ресей, Бразилия, Иран және басқа елдер әлемдегі маңызды энергия экспорттаушылар болып табылады. Оның тағы бір өзгешелігі БРИКС елдері жергілікті валютамен есеп айырысуды, долларсыздандыруды, сауда-инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетуді және автономияны кеңейтуді ілгерілетуді көздейді. Бұл ұйым өзінің іргесін кеңейтуді де көздеп отыр. Мәселен 2023 жылы Сауд Арабиясы, Иран, Біріккен Араб Әмірліктері, Египет және Эфиопия сияқты елдер ресми мүшелікке қабылданды. Ал келешекте аталмыш ұйымға «оңтүстік елдері» көптеп қосылуы мүмкін дейді сарапшылар. 

Ұйымның тиімді жақтары

 

Бұл ұйымның тиімді жақтары ретінде мынадай бірнеше мәселелерді қарастырған жөн. Қазіргі таңда БРИКС елдерінің Жаңа Даму Банкі мүше елдерге қаржылық қолдау көрсету бойынша жұмысын бастады.

БРИКС-ты қолдаушы сарапшылар оның саяси және экономикалық мақсаттарына тоқталғанда мынадай бірнеше түйінді алға тартады:  

Ол Батыс елдері басым жүйеден тәуелсіз қаржылық механизмдерді, сауда алаңдарын және техникалық ынтымақтастық жобаларын құруға жәрдемдеседі.

БРИКС елдері Біріккен Ұлттар Ұйымы және G20 сияқты көпжақты платформаларда әділ және инклюзивті халықаралық тәртіпке баса назар аудара отырып, реформалар шақыруларын алға тартады.

Еуропа және Америка елдерінің талаптарымен салыстырғанда «Жаһандық Оңтүстіктің» мүдделерін қорғау.

БРИКС елдері энергетикалық ынтымақтастықты нығайтады және шикізат нарығында әділ баға белгілеуге ықпал етеді.

БРИКС елдері дамушы елдер арасындағы ынтымақтастыққа ерекше мән береді, технологиялар трансфертін, инфрақұрылым құрылысын, білім алмасуды және т.б. салалардағы ынтымақтастықты ілгерілетуге күш салады. 

Көптеген Африка, Латын Америкасы және Азия елдеріне Батысқа тәуелділіктен арылуға көмектеседі. Дегенмен күрделі гео-саяси жағдайлар аталмыш ұйымға мүше мемлекеттерге «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға» түбегейлі мүмкіндіктер бермейтіні белгілі. Мәселен Үндістан мен Қытай арасындағы шекара дауы екі елдің араздығына себеп болып отыр. Сондықтан Үнді-Қытай ортасындағы экономикалық байланыстар тым «шіркін-ай!» дейтіндей емес... Ал санкция құрсауында қалған Ресей мен Иранның жағдайына ешкім нақты болжау айта алмасы анық.

Дегенмен БРИКС елдері – қазіргі жаһандық басқару жүйесіндегі ең перспективалы батыстық емес күштердің бірі. Ішкі айырмашылықтар мен сыртқы қиындықтарға қарамастан, олардың халық саны, экономикалық мөлшері, даму қарқыны және саяси ортасы оларға болашақта маңызды даму перспективалары мен халықаралық басымдықтарды әперуі мүкін. Атап айтқанда, олардың жаһандық мультиполяризацияны, қаржылық де-долларизацияны және Оңтүстік-Оңтүстік ынтымақтастығын ілгерілетудегі рөлі арта түсетін болады.

PS: Қазақстан бүгінге дейін БРИКС ұйымына ресми мүше болып кіре қойған жоқ. Дегенмен аталмыш ұйымның қазақ еліне деген қызығушылығы жоғары екені анық. Ең алдымен Қазақстан – көпвекторлы бағытты ұстанатын мемлекет. Сондықтан белгілі бір тараптың ықпалына ұшырап қалмайтыны анық. Екіншіден, қайтадан жандана бастаған «Бір белдеу, бір жол» стратегиясы, қазақ елінің қатысуынсыз және келісімінсіз дами қоймайтыны анық. Бұл Еуразияның ортасындағы маңызды өткел саналатын географиялық ерекшелігімен тығыз байланысты екені белгілі. Осындай артықшылығы БРИКС-тің екі негізгі мүшесі Қытай және Ресеймен шекаралас жатқаны жұртты қызықтыратыны тағы бар. Ал, Үндістан, Бразилия және Оңтүстік Африка елдерімен болған ынтымақтастықтың арнасы жылдан-жылға кеңейіп келе жатыр. Бұдан бөлек әлем елдері Қазақстанды Орталық Азиядағы экономикалық және саяси держава ретінде қабылдайды.

 Ерқазы СЕЙТҚАЛИ

11.07.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 15290
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 15191
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 30331
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 28952
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 32516