Сабырлық керек қашанда

Сабырлық керек қашанда

Киелі Маңғыстау жерінен басталған бейбіт шеруге барлығымыз үн қосқан едік. Себебі қымбатшылық халықтың төзімін тауысқан мәселеге айналды. Ешбір экономикалылық заңдылықтарға бағынбай екі еселенген газдың бағасына соңғы айларда бензин де бүлкілдеп ілесіп келе жатқан болатын. (құзырлы мекемелер қанша жерден электронды сауданың қағидасымен байланыстырғысы келсе де...) Мұндай «орайлы сәтті» құр жібермейтін алыпсатарлар мен делдалдар «қазір барлығы қымбаттап жатыр» деген сылтаумен бүкіл тауардың бағасын өсіре салды. Мұны барлығымыз көріп отырдық. Халық қашанғы әдеті бойынша тісін тісіне басып тірлігін жалғастыра берді. Алайда шыдамның да шегі бар еді. Өршіл рухты батыс халқы ақыры жанайқайларын бейбіт шерулермен білдіруге көшті. Себебі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жария етілгелі біраз уақыт өтседе, біздің министрлеріміз сол баяғы жүрістерінен танбаған еді. Осы жолдарды жазып отырып қасиетті Құран кәрімдегі «олардың құлақтары бар, бірақ естімейді» деген аят түсті. Олар естіген жоқ. Естісе де назар салған жоқ. Себебі өздерінің есептері толық болатын. Сонан ғой, анау «боқмұрынның» халыққа қарата «қымбатсынсаңдар қоғамдық көліктермен неге жүрмейсіңдер» деп ақыл айтып отырғаны.

Иә, осылай басталды. Барлығымыз «Жаңаөзенді қолдаймыз» дедік. Мен әлі де «Жаңаөзенді қолдаймын». Себебі Жаңаөзен халқы әділетсіздікке бейбіт түрде қарсылық танытқан болатын. Бастарынан қиын күндер өткен жаңаөзендіктер бұл жолы өте мәдениетті түрде Ақордаға өз даустарын естіртуге кіріскен еді. Халық соны құп көрді. Сосын қордаланған мәселелерді көтеріп, жер-жерден үн қсушылар бірден табыла кетті. Шығыстағы шекара сызығының түбіне орналасқан Тарбағатай, Зайсан, Мақаншыдан тартып бүкіл ел үн қосты. Алайда артының мұндай аласапыранға ұласарын барлығымыз ойлаған жоқпыз. «Жау жоқ деме, жар астында» деген халық даналығын енді түсіндік.

     

Осы жазбамда сонан бергі болған жағдайды тізбелеп, ұзынсонар баяндаулар жасаудан аулақпын. Жұмыс бабымен жаңа жылдан бері Алматы қаласында жүр едім. Онан ары Жамбылға іссапарға кетуім керек болатын. Алайда жағдай мынадай болғандықтан іркіліп қалдым.

Алматы тыныш тұрған еді. Тіпті әлеуметтік желілерде «Алматылықтар неге шықпайсыңдар, намыстарың жоқ па? Алаңға шығып өз үндеріңді шығарсаңдаршы...» деген, бірін бірі қамшылаған сөздер көбейіп кетіп еді. Мұның барлығы сіздердің көз алдарыңызда болып жатты. Ақыры Алматы шықты. Шықты да сұмдық болды. Мен 1986 жылғы Желтоқсан көтерлісін көзіммен көрген адаммын. Басында «тарих қайталанады деуші еді, Желтоқсан рухы қайта оянған екен ғой» деген ойларға кеткенімді жасыра алмаймын. Алайда жалбызбалап жау кіргенін білмеппіз... Жау ешқашан аямайды ғой, барлығын қиратты да тастады. Сол былықпалық сәл саябыр тапқан соң көшеге шықтым. Сұмдық! Алматыға жау ойран салған екен. Көздеріне көрінгенді қиратып шаға берген. Өртей берген. Тонай берген... Мұны істегендердің барлығы қазақтар ма әлде сырттан әкелген жалдамалы жендеттер ме, жоқ өз ішіміздегі жат ниетті адамдардың дайындап отырған әскерлері ме оны алдағы күнде біле жатармыз. Әзірге көзіммен көргенім- Алматы дәл қазір соғыстан кейінгі қалаға айналды. Адамдар  тобы жүріп өткен жерлерде қирамаған, өртенбеген жер қампты. Недеген жауыздық бұл? Өзіміздің отанымызды, өзіміздің қаламызды осыншалық ойрандау кімге керек болды? Біреулер «Ауғаныстанға айналуға сәл ақ қалдық» деп жазып жатыр. Бұл шын сөз. Кезінде таяу шығыстағы топалаң болып жатқан елдерден таралып жатқан хабарлаға қарап экран алдында шайымызды сораптап отырып, «осыларға не жетпей жатыр» деп көсемсіген болсақ, енді сәл болмағанда жұрттар бізге солай аянышпен қарайтын халге түсер едік. Абырой болғанда күштік құрлымдар естерін жинап үлгерді...

Сәл саябыр тауып, интернент қосыла қалған әредікте тағы да әлеуметтік желіге кіріп айналаның амандығын сұрауға мұршамыз тиіп жатыр. Өкінішке қарай әлдекімдерді кінәлау, қыжыртулар қайта көрніс бере бастапты. Осыларды көре отырып, «саясаттың жілігін шағып, майын сорып отырған» бауырларыма, балаларыма бірер ауыз аналық ақылымды айта кеткім келді. Біз енді сабыр сақтайықшы. Халық бұл жолы қымбатшылыққа төзе алмай көшеге шықты. Осы келеңсіз жағдайға жеткізген қауқарсыз билікке деген реніштерін айтып алаңдарға жиналды. Барлық мүмкіндіктерін пайдаланып, іштерінде 30 жыл бойы жиналып қалған запырандарын ақтарып қалғысы келді. Алайда қантөгіс болады деп ойламады ғой. Болары болды. Енді мынау қиын кезеңде сәл де болса сабыр қыла тұрсақ. Осы қиыншылықтан  өтіп алайық. Президентіміз жаңа Үкіметтің жасақталатындығын айтты. Қазірдің өзінде бірнеше маңызды тағайындаулар жасап үлгерді. Бұл алдағы күндерде жалғасын табады деп сенеміз. Себебі халықтың талабы түгелдей орындалуы керек. Халық жөнсіз талап қойып отырған жоқ. Халықтың қалауын ескермеудің ақыры қандай болғанын көріп отыр билік. Оның үстіне жылқы мінезді қазақ, еті бір қызып алса тоқтамайтынын білесіздер... 

Сондықтан астарында мағнасы жатқан «алданып қалған жоқпыз ба, сол жүйе өзгермей қала ма...» деген сөздерді қоя тұрсақ. Сабыр сатай тұрайық. Себебі небір сұмдықтардың беті ашылып жатыр. Кешегі күні ең сенімді деген адамдардың сатқындығы әшкереленіп жатыр. Енді қанша сатқын шығатынын алдағы күнде көрерміз. Сондықтан отқа май құйғысы келетіндерге тоқтау салуға тырысайық. Мұны көзқарақты азаматтардың барлығы түсініп отыр деп ойлаймын. Бір бірімізді сақтыққа, сабырға шақырайық. Жастарға ақылымызды айтайық. Албырт жастар арандалып қалмасын. Онсызда қаншама жастар қосақ арасында кетті... 

Сәуле Мешітбайқызы ҚР Еңбек сіңірген қайраткері
07.01.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 212
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 208
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 713
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 836
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 750

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8907
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8301
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11529
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9285
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10513