Жеке кәсіпкерлікпен 1980-1990 жылдардан бері айналысып келеміз. 10 жылдай сиыр бақтық. Содан кейін 6 гектар жер алып, егін шаруашылығымен айналысып кеттік. Малға жем-шөп дайындап, жоңышқа, жүгері егеміз. 3 жыл жоңышқа ексек, 1 жыл жүгері егіп алмастырып отырамыз. Жем-шөпті өзіміздің малдарымызға береміз, артылғанын сатамыз.
Оған да 20 жыл уақыт болыпты. Үлкен ұлымыз малға жақын болып өскендіктен, қазір келін екеуі сиыр, жылқы бағады. Кіші ұл техниканы жақсы көреді. Ауылда трактор айдайды. Отасқанымызға 41 жыл болыпты. Биыл отағасы зейнетке шықты. Шүкір, 5 баладан 13 немере сүйіп отырмыз. Үлкен немерелер студент: бірі медицина, бірі математика мамандықтарын оқып жатыр.
Газеттің «Ауыл – ел бесігі» экспедициясы туралы естуіміз бар. Жылда ауыл-ауылды аралап, біздің Жаркент өңіріне де келіп кетеді. Таяуда тілшілер аудан әкіміне жолығып, ауыл жөніндегі келелі мәселелермен кеңесіпті. Ел тұрғындары, шаруалар, кәсіпкерлердің тыныс-тіршілігі, жетістіктері мен мәселелерін жоғары жаққа жеткізіп, үнемі газет бетіне жазып жүреді. Мемлекет қайраткері Ералы Тоғжановпен болған сұхбатты оқып таныстық. Мұнда көп нәрсе айтылыпты. «Ауыл аманаты» жобасын қолға алып, ауылды көркейтеміз, жағдайын жасаймыз деп жатыр екен. Сенеміз! Сәттілік! «Ауыл мәселесін сөзбен емес, іспен шешетін кез келді» дейді ол. Дұрыс-ақ! Енді осының бәрі сөз жүзінде қалып қоймай орындалса деген тілек біздікі. Біздің жеке кәсіпкер ретінде ойымыз – қазір ауылдың жағдайы аса мәз емес. Өзіміз Керімағаш шипажайында тұрамыз. «Шамның жарығы түбіне түспейді» дегендей, осы сауықтыру орнының қызығын көрмейміз. Жекенің қолына өтіп кеткендіктен, ауыл тұрғындарына ем алып, демалуға жағдай жоқ. Ең болмаса көпбалалы аналарға, мүгедек, науқас жандарға жеңілдіктер болса дейміз. Жұмыс жоқ, жастар жаппай қалаға кетіп жатыр. Қаңырап бос қалған иесіз үйлер көп. Су, жол, электр, газ мәселелері қолға алынса. Жастар жұмыспен қамтылса. Сонда ғана оларды ауылға тартып, тұрақтандыра аламыз.