Елордамызда өнегелі істерімен көзге түсіп жүретін қала әкімшілігіне қарасты «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы дейтін ұйым бар. Аталған орталық қала жастарын салауатты өмір салтын ұстануға, уақыттарын пайдалы істермен өткізуге шақыратын игі істерді көп жасайды. Одан қалса, волонтерды ұйымдастыра отырып, қоғамдық, әлеуметтік жұмыстарға белсене араласып жүреді.
Осы «Астана жастары» ЖРО 27 қараша күні Бейбітшілік және келісім сарайында «Сандық қауіпсіздік сабақтары» тақырыбында тамаша бір форум өткізді. Бұл форум «Заң мен тәртіп» акциясы және «Jargyn Bolashaq» жобасы – лудоманияның алдын алу, қаржылық сауаттылықты арттыру және алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жасауға бағытталған іс-шаралар кешенінің аясында Қазақстан Республикасы Қаржы мониторинг агенттігімен бірлесіп ұйымдастырылды. Арнайы шараға қолдау көрсеткендердің қатарында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі де бар екенін айта кеткен жөн.
Форумның мақсаты – жастар үшін қауіпсіз ақпараттық орта қалыптастыру, сандық және қаржылық сауаттылықты арттыру, алаяқтық схемаларға және лудоманияға қарсы тұрақты иммунитетті дамыту, сондай-ақ жастар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара сенімді нығайту дейді ұйымдастырушылар.
Форумға қолдау білдіріп, арнайы келіп қатысып, кешті тамашалап қайтқан қонақтардың арасында Президент әкімшілігінің өкілдері, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың жетекшілері, елге танымал журналистер мен блогерлер, танымал спортшылар мен өнер адамдары болды. Ал аймақтардан арнайы келген қонақтардың арасында жер-жердегі жастар қозғалысының өкілдері бар еді.
Форум алдында журналистерге сұхбат берген «Астана жастары» ЖРО-ның басшысы Шыңғыс Тілеулин кезекті шара жайлы тоқталып өтті.
– Бүгінгі іс-шараны «Жарқын болашақ» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі мен Астана қаласы әкімдігіне қарасты «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы бірлесіп ұйымдастырып отыр. Осы форумның аясында жастар әртүрлі алаяқтықтан сақтанып, цифрлық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік алады. Себебі бүгінгі жиынға елімізге есімі кеңінен белгілі блогерлер мен «Патруль» сериалына түскен актерлер және «Спарта Астана» көңілді тапқырлар клубының мүшелері өз ойын ортаға салатын болады. Дәл осы іс-шараның арқасында жастар қаржылық алаяқтықтан қалай сақтану керектігін біле алады. Өкінішке қарай, соңғы кездері елімізде цифрлық алаяқтық оқиғалары көбейіп кетті. Сондықтан да бүгінгі форумға елорданың жастары мен әртүрлі оқу орындарында оқитын студенттер қатысып жатыр. Өз басым бұл форум жастарға пайдалы болады деп сенемін, – деді Шыңғыс Тілеулин.
Елордамызда мұндай шаралар өтіп тұрады. Дегенмен бүгінгідей ауқымды жиналыстың берері мол деп сенеміз. Себебі үгіт-насихат жұмыстарын барынша күшейтіп, сақтық шараларын әрбір адамға ұғындырып отырмаса, алаяқтықтың алуан түрі шығып жатыр.
– Қазір жастар ақпаратты әлеуметтік желі арқылы тез әрі жеңіл қабылдайды. Осыны ескеріп, біз жастар арасында танымал, сұранысқа ие блогерлер, медиа тұлғалармен бірлесе отырып, солардың мысалында қаржылық сауаттылық пен интернеттегі алаяқтықтың алдын алу бойынша кездесулер мен танымдық лекцияларды ұйымдастырып отырмыз. Форум лекция және талқылау форматында өткізіледі. Әрбір спикер өзіне қатысты белгілі бір тақырыптың өзектілігін ашып, сұрақ-жауап алмасу бағытында жастардың көкейіндегі сауалдарға жауап береді. Жиында спикерлер күнделікті өмірде интернет алаяқтығынан қалай сақтануға болатынын нақты мысалдармен дәлел келтіріп айтады.
Мәселен, Айдос голограммасы арқылы әрбір азамат қаржылық сауаттылық немесе интернет алаяқтыққа байланысты сұрақтарға жауап ала алады. Бұл робот қазіргі таңда жасанды интеллект дамыған заманда жастардың санасына бұл ақпараттардың тез сіңуіне ықпал етеді деп ойлаймын, – дейді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының жастармен тәрбие жұмысы және құқық бұзушылықтың алдын алу бөлімінің басшысы Арайлым Сапарәлі.
Өкінішке қарай, интернет алаяқтығынан бөлек, бәс тігу мен ұтыстан бағын сынап, оңай олжа табуға құныққан құмарпаздардың да қатары азаймай тұр. Өздеріне оңалту орталықтарының көмектесуін өтініп, «лудоман диагнозы» қойылғандар туралы да хабарласып жатады. Қазіргі таңда осындай келеңсіздіктермен болған күрес мемлекеттік деңгейде өріс алып, үгіт-насихат жұмыстары ойдағыдай жүріп жатыр. Соның бір мысалы бүгінгі форум дер едік. Біз өз мүмкіншіліктерімізді пайдалана отырып, алдағы уақытта «Астана жастары» ЖРО тарапынан өткізілетін осындай игі істерді барынша қолдауға дайын екенімізді айтқымыз келеді.















