18-22 шілде аралығында өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша ерлер мен әйелдер арасындағы «Тараз – 2023» республикалық жазғы чемпионаты өтті. Кәсіби спорт түрінен ұйымдастырылған жарыста еліміздің барлық облыстары мен қалаларынан келген 33 үздік ерлер мен әйелдер командасы бақ сынады. Бірнеше күнге созылған сайыс өрт сөндіру- құтқару спортының шабуыл сатысымен оқу мұнарасына көтерілу, кедергілері бар 100 метрлік жолақтан өту, өрт сөндіру эстафетасы және жауынгерлік қанат жаю сияқты 4 түрі бойынша өтті.
19 шілдеде ерлер мен әйелдер арасындағы 100 метрлік кедергілер арқылы жүгіру түрінен жарыстың бірінші кезеңі өтті. Ерлер арасында бірінші орынды шымкенттік Ильдар Ізбасаров, екінші орынды Шығыс Қазақстан облысынан Николай Буторин, үшінші орынды тағы бір шығысқазақстандық Мақсат Романов иеленді. Әйелдер арасында алматылық Оксана Золба жеңімпаз атанса, екінші орынға астаналық Алла Серікханова, үшінші орынға түркістандық Айдана Тұрсын көтерілді.
Келесі күні Тараз қаласындағы №1 мемлекеттік өрт сөндіру бөлімінің аумағында шабуыл сатысымен оқу мұнарасына көтерілу бойынша өткен жарыста ерлер арасында 13,78 секунд нәтижемен атыраулық спортшы Жасұлан Қайсарбеков жеңімпаз атанды. Екінші орын Елордадан келген Нұралы Мағауға, үшінші орын қызылордалық Еркін Әбдібекке бұйырды. Әйелдер арасында Ақмола облысы командасының мүшесі Анастасия Хорошева 7,32 секунд нәтижемен жеңімпаз болса, екінші, үшінші орындарды Түркістан облысынан келген Айдана Тұрсын мен Назерке Өмірғалиева иеленді.
Жарыстың үшінші күні «Тараз» орталық стадионында ұйымдастырылған өрт эстафетасы бойынша сайыстар да тартысты өткенін айта кеткен жөн. Ерлер арасында жалпы командалық есепте бірінші орынды 59,43 секунд нәтижемен Астана қаласының командасы иеленсе, Қызылорда облысының өрт сөндіруші-құтқарушылары 59,51 секунд нәтижесімен екінші орынға ие болды. Ал, үшінші орынға жайғасқан маңғыстаулық мықтылар 59,62 секунд нәтиже көрсетті. Әйелдер арасында жалпы командалық есепте Түркістан облысының командасы жеңімпаз болды. Екінші орын Шымкент қаласының, үшінші орын Ақмола облысының қыздарына бұйырды.
Апта соңында Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде «Тараз — 2023» республикалық жазғы чемпионатының жабылу салтанаты өтті.
Ерлер арасында жалпы есеп бойынша Астана қаласының командасы Қазақстан чемпионы атанды. Екінші орынды Қызылорда облысының командасы иеленсе, қола жүлдені Ақтөбе командасы жеңіп алды. Ал, жалпы есепте әйелдер арасындағы чемпион – Түркістан облысының командасы. Екінші орынды астаналық арулар жеңіп алса, Алматы қаласының қыздар командасы үздік үшінші орыннан табылды. Сондай-ақ, бірнеше күнге созылған жарыстың қорытындысы бойынша биыл Түркияның Стамбул қаласында өтетін әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан ұлттық командасының құрамы анықталды.
Жеке және командалық сынақтардағы жеңімпаздар дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталып, чемпион командаларға жеңімпаздар кубогы табысталды.