Абдрахманов Сапарбек Уәлиханұлы 1962 жылы бұрынғы Көкшетау облысы Зеренді ауданы Қарашілік ауылында дүниеге келген.
1978 жылы 9-сыныптан соң аудандағы Шағалалы ауылшаруашылық техникумының электрофикация факультетіне түседі. Техникумды 1982 жылы аяқтап, сол жылы күзде әскери борышын өтеуге аттанады. Әскерден келген соң, 1984 жылы Алматы зооветериналық институтына түсіп, 1989 жылы қызыл дипломмен аяқтайды. Институтта өзін белсенді жастар қатарынан көрсетіп, 5 жыл бойы 7-топтың старостосы болды. Институтты аяқтаған соң, Сапарбекке Москваның Тимирязев академиясына жолдама берілді. Бірақ отбасылық жағдайына байланысты оқуға бара алмады. 1986 жылы желтоқсан оқиғасы кезінде ол Алматыда студент еді. Барлық сол кездегі жастар сияқты Сапарбек те Б.Шайкенов, Б.Сүлейменов, Ж.Олжабаев, М.Токкужинов, Қ.Ахетов, т.б. курстастарымен алаңға барды.
Барлық болған оқиғаны өз көздерімен көріп, наразылықтарын білдірді. Әскери жасақтардан таяқ жеп, қашып үлгеріп, жатақханаларына келді. Институт әкімшілігі қатаң бақылау орнатты, бірақ олар сытылып шығып,тағы алаңға барды. Әкімшілік жағынан кімдер барғанын білу үшін сұрақ-жауап алғанда курстастары бірін-бірі сатпады. Себебі олар жүректері елім, қазағым деп соққан жастар еді. Сапарбек институтты аяқтап келген соң, «Ленин жолы» совхозында мал дәрігері болып қызмет атқарды. Жұмысында абыройлы болды. Алайда Сапарбек 1991 жылы өмірден қайтты. Артында бір ұл, бір қызы қалды. Қазір балалары өсіп-жетіліп, өмірден өз орындарын тапқан, үш немересі, екі жиені өсіп келеді. Жары Нағима ұлының қолында немерелерін бағып отырған бақытты әже.
Сапарбек Абдрахманов қайтыс болса да, артында кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болар ерлік істері, қайсарлығы қалды. Тәуелсіздік жолында құрбан болған Желтоқсан батырларының жандары жаннатта, шамшырақтары жарық болсын!