Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің өркендеп, барлық саланың дамуына барынша қолдау білдіріп келеді. Оның ішінде мәдениет саласына да жасалып жатқан қамқорлық аз емес. Оның негізгілерінің бірі – мәдениет саласының қызметкерлерінің жалақысын көтеру және үздіктерді марапатқа ұсыну. Бұл бағытта соңғы жылдары біршама жұмыстар атқарылды. Мен басқаратын қалалық бөлім тіл саласының өзекті мәселелерін қамтиды. Осы жағына біршама маңыз беріп, айтып өткім келеді. Көрнекі ақпарат пен жарнама – тіл саласындағы ең бір өткір мәселе. Тіл – ұлттың тірегі, ең асыл құндылығы. Елімізде сонау 1997 жылы жарық көрген Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңының 21-бабына өткен жылдың желтоқсан айында оң өзгерістер енгізілді. 2022 жылдың 22 қаңтарында күшіне енген өзгерістердегі ең бастысы – бұған дейін заң деректемелер мен көрнекi ақпараттардың мемлекеттік тілмен қатар орыс тілінде болуын міндеттесе, ендігі жерде мемлекеттік тілде міндетті түрде жазылуы, ал қажет болған жағдайда орыс және (немесе) басқа тілдерде орналастыру қарастырылды. Атап айтатын болсақ, кәсіпкерлік субъектілеріне деректемелер мен көрнекі ақпараттарын тек мемлекеттік тілде, ал қажет болған жағдайда орыс және (немесе) басқа тілдерде орналастыруға таңдау құқығы берілген. Жарнама сауатты болуы тиіс, сауаттылық емле мен пунктуация ережелеріне ғана мән берілу емес, мазмұнға көңіл аудару керек. Сондықтан сауаттылық мәселесімен қатар жарнама мәтінінің ішкі мазмұнына да мән беріп, әсіресе, ұлттық танымның тілдік көріністерін кеңінен көрсек игі болар еді. Алайда қазіргі таңда қала аумағында естіген құлаққа түрпідей тиетін, грамматикалық, стилистикалық қателері бар жарнамалар мен көрнекі ақпараттар кездесуде. Көшелерде, сауда орындарындағы, қоғамдық тамақтану орындарындағы тек орыс тілінде рәсімделген немесе сөзбе-сөз, мағынасыз аударылған көрнекі ақпараттар, баға көрсеткіштер, хабарландыру және басқа да жарнамалар тұрғындардың наразылығын туындатады. Бөлім нысан иелері мен жарнама агенттіктерінің қызметкерлеріне тек қана әдістемелік көмек көрсету, семинар, дөңгелек үстел мен әртүрлі бағыттағы іс-шаралар өткізумен және жеке тұлға құзырлы органдарға шағымданған жағдайда Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 75-бабының 3-тармағына сәйкес тек қана ескерту берумен шектеледі. Осыған байланысты көрнекіліктерді біріздендіру бағытында 2022 жылы «Қала келбеті – 2022» зерделеу жұмысы, «Көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнамаға сауаттылық» атты айлық, «Таза қалаға – таза жарнама» атты акциясы және жеке кәсіпкерлер және жарнама агенттіктерінің өкілдерімен «Сауатты жарнама – тіл абыройы» атты семинар-кездесу, қоғамдық көліктердің тақтайшаларындағы мәтіндерді біріздендіру және Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» Заңы талаптарының сақталуын зерделеу мақсатында «Мемлекеттік тіл – қоғамдық көлікте» атты акциясы өткізілген. Тіл жанашырларын тарта отырып өткізілген рейдтік жұмыстары барысында 10829 көрнекілік зерделеніп, 2815 көрнекі ақпаратта кемшіліктер анықталған, 2129 қателік бойынша ауызша ескертіліп, әдістемелік көмек көрсету барысында түзетілді, 686-на түзетуге мерзім берілген. Ағымдағы жылы жоспарға сәйкес Тараз қаласында орналасқан ірі кәсіпорындар мен көшелердегі көрнекі ақпараттарға рейдтік жұмыстары мен айлықтар ұйымдастырылып, аптасына бір рет зерделеу жүргізілуде. Қалада 2023 жылдың 25 қаңтар – 25 ақпан аралығында «Сыртқы көрнекі ақпарат құралдары және сыртқы жарнамалардың тіл сауаттылығын зерделеу» атты қалалық айлығы жүргізілуде. Мақсатымыз – зерделеу жұмысы барысында сыртқы көрнекі ақпарат құралдарында орын алған қателіктер бойынша нысан иелеріне және әкімшілік басқарушыларына ескертіп, әдістемелік көмек көрсету.Айлық барысында 100-ге жуық нысан зерделеніп, ауызша ескертіліп, әдістемелік көмек көрсетілді. Кейбір нысан иелері анықталған кемшілікті дер кезінде қалпына келтірген. Атап айтсақ, ABC кеңсе тауарлар мен балалар киімдер дүкені. Сонымен қатар «Корзинка», «Фиркан» супермаркеттер желісінің баға көрсеткіштері тілдерді дамыту бөлімі тарапынан мемлекеттік тілге аударылып, сөзбе-сөз аударылған тауар атаулары ретке келтірілуде. Баға көрсеткіштерін аудару барысында сөзбе-сөз аударып, көңілге қаяу түсіретін атаулар да кездесті. Атап айтсақ, сельдь под шубой – пальто астындағы көксерке, пьяная вишня – мас шие, торт муравейник – құмырсқа деген сияқты баға көрсеткіштері жетерлік. Кейбір азаматтар кітап оқымауы мүмкін, газет-журналға жазылмауы мүмкін, бірақ көшедегі жарнаманы міндетті түрде көреді, көрген соң оқиды. Визуал дүние адамның есінде міндетті түрде қалады. Сондықтан жарнама мәтінінің сауатты болуы өте маңызды екендігін айта отырып: Жарнама берушілерден көрнекі құралдарындағы мәтінде сауатты, қате кеткен жағдайда түзетуге дайын болып, бірлесе жұмыс істесек мемлекеттік тіліміздің мерейі артып, қателіктер азаятын еді. Біздің тарапымыздан жеке бизнес өкілдерімен үнемі етене жұмыс істеу барысында шағын және орта бизнес өкілдеріне, жарнама агенттіктеріне сыртқы көрнекі ақпараттың (жарнама) сауатты жазылуына, орналасуына тағы басқа да мәселелер бойынша тегін консультациялық көмек көрсету үшін «Callcenter» құрылып, жауапты маман бекітілген. 2022 жыл бойынша жедел желіге 181 жарнама беруші хабарласып, көрнекі ақпарат құралдарындағы мәтіндері зерделеніп, заң талаптарына сәйкестендірілген. Биыл жыл басынан 16 жеке кәсіпкерге жарнама мәтіндерін мемлекеттік тілде дұрыс жазылуын тексеріп және аударма жасап бердік. Көрнекі ақпарат мәтіндеріндегі әдеби нормалардың бұзылуын жою жөніндегі шаралар ретінде ақпарат мәтіндерін әзірлеушілерге әдістемелік және консультациялық көмек жыл сайын артып, күшейтілуде. Қазіргі таңда, қала көшелеріндегі нысандарда орналасқан жарнамалардың мәтіндеріндегі қателіктерді алдын алу мақсатында қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімімен бірлесіп жеке кәсіпкерлер жарнаманы орналастыруға рұқсат алуда. Мәтіндерін мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен келісуде. Жалпы жарнаманы өз болмысымызды айшықтайтын тәрбие мен насихат құралына айналдыру – сала мамандарының ғана емес, жарнама берушілердің де міндеті болуы тиіс. Жалт еткен жарнама өзінің дизайнымен, көркемдік ерекшелігімен, мағыналы мәтінімен халықты еліктіре алмаса, онда жарнаманың ұтымсыздығы, талапқа сай еместігі, уақыт көшіне жауап бере алмағандығы. Ұлттық нақыш, салт пен дәстүр, тәрбие мен ұлағат үндестігіне сай жасалған жарнама ғана заман талабына жауап бере алады. Жарнама – көпшілікті тәрбиелейтін тәрбие құралы деп қарағанда ғана тілдің туын аспандата аламыз.