Тынышбек Дайрабай ағамызды көптен бері білемін. Шығармашылығымен де жақсы таныспын. Ағамыздың әр мерейтойында қолдан келгенше құрмет көрсетіп, қадау-қадау мақалалар жазып жүрмін. Биыл дүр ағамыз сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Менің білетінім, Тынышбек атына қарсы әрекет жасайды. Үнемі тыныш жүрмейді. Үнемі қозғалыста, үнемі қайнаған еңбек ортасында жүреді. Ізденіс және ізденіс. Себебі бар жұмысын, тірлігін тәрк етіп, азапты жұмыс – зерттеушілікті, ғалымдықты өз еркімен таңдады. Оның әрдайым шаң басқан мұрағаттарды ақтарып жүретінін білеміз. Іздейді, шаршамайды, түртінектеп асыл рухани байлықты табады. Табу бір бөлек, оны рет-ретімен жинап, тізбектеп жазу ол бір өзінше хас шеберлікті қажет етеді. Былай қарасаң, Тынышбек ағамыз жымиып қойып, әзіл отын жандырып, сүбелі әңгімесін шертіп жүріп кітаптарын бірінен соң бірін оп-оңай шығарып жүрген сияқты көрінеді. Жо-жоқ, қателесесіз! Мұрағаттың қалың шаңын жұтатынын бұлай қойып, көкірек сарайларында қатпар-қатпар ой тұнған қарттардың жан дүниесіне үңіліп, олардан сыр суыртпақтау, шыжыған ыстықта құм, тау демей табанынан таусылып тарих бабаның жасырып кеткен қазынасын іздеу... пай-пай, айта берсең зерттеуші, этнограф ғалымның талайлы-толғаулы, қиын-қыстау еңбегін көп жұрт біле бермейді.
Тынышбек ағамыз Сыр өңірінің тұлғалы да атақты азаматтарының бірі. Бүгін біз ол кісінің өмірбаянын беріп отырмыз. Өзінің туған өлкесінде жан аямай еңбек етіп, талай лауазымды қызметтердің тізгінін ұстаған Тынышбек ағамызды Сыр елінің жұртшылығы құрмет тұтады, бірнеше ауданның Құрметті азаматы. Жиырма шақты кітабы шыққан. «Құрметті профессор».
«Ғалымбыз, зерттеушіміз, этнографпыз» деп кеуде қаққандар дәл Тынышбек ағамыздай шынайы түрде еңбек етіп жүр ме? Мәселен олардың көбісі ғылым кандидаты, докторы. Осы дабырайған атақтар ағамызға да тиесілі еді ғой. Әттең... Осы жағы кемшін. Алайда ғалым ағаның абырой-атағы биік. Ол ел тарихын, шежіресін зерттегенде ешқашан атақ алайын-ау деп еңбек еткен жоқ. «Зерттегендерім халқымның бір кәдесіне жараса болды» деген ақжарма ниетпен жұмыс істегені анық. Сексеннің сеңгірінде де ағамыз әлі тың, қунақ. Алға қойған жоспары ауқымды. Әлі де талай игі істерді атқарып, кітаптар шығаруға ағамыздың жиған-тергені жетерлік деп ойлаймын. Шығармашылық табыс тілейміз. Шабыт тұлпарыңыз үнемі бабында болғай!
Ертай Айғалиұлы
Өмірбаян сыр шертеді
Дайрабай Тынышбек Майлыбайұлы 1943 жылы 13 ақпанда Қызылорда облысының Жалағаш ауданындағы Жаңаталап ауылында дүниеге келген. Белгілі зерттеуші, этнограф, ҚР Мәдениет қайраткері. 1969 жылы ҚазГУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 1969-74 жылдары Қызылорда облысының Тереңөзек аудандық «Еңбек Туы» газетінде бөлім меңгерушісі, редактор қызметінде болды. 1974-76 жылдары «Қараөзек» совхозының партком хатшысы, 1979-85 аупартком бөлім меңгерушісі, ауатком төрағасының орынбасары, аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. 1995 жылдан халықаралық «Түркістан» газетінде қызмет істейді. Т.Дайрабай «Тоғанас батыр», «Дүр Оңғар» (1992), «Қаңлы Жүсіп» (1994), «Қорқыт ата» (1999), «Кете-Шөмекей» шежіресі (1995), бірнеше автормен бірге «Тереңөзек тарихы» (1996) кітаптарын шығарды. Қызылорда облысының бірнеше ауданының «Құрметті азаматы», Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Құрметті профессоры». Әсіресе зерттеушінің өз ынтасымен 1999 жылы Санкт-Петербордан «Түркістан» альбомын алдырып, 2005 жылы оқырмандарға тарту етті. Т.Дайрабайдың «Сыр перзенттері» атты кітабы Сыр елінің арғы-бергі тарихынан сөз қозғаған зерттеушілік еңбегінің жемісі.
Мөлтек сұхбат
«Сыр сүлейлері» топтамасы қалай шықты?
«Сыр сүлейлері» деген атау сонау XVIII ғасырдан бері қарай аталып келеді. Сүлейлер деп көне жырларды немесе байырғы эпикалық жырлайтындарды айтқан. Сыр еліндегі ақын-жыраулардың айту мақамы Қазақстанның өзге өңірлерінен басқалай айтылады. Ол сонысымен де ерекшеленген. Біз «Сыр сүлейлері» шығармаларын жинақтап жарыққа шығаруға атсалысып жүрген белгілі өлкетанушы, этнограф Тынышбек Дайрабаймен сыр бөліскен едік.
– Сонымен «Сыр сүлейлері» деген сериямен (топтама) кітап шығару қашан, қалай, кімнің ойына келді?
– Бұл ой 2001 жылдан басталса, нақты жүзеге асырғанымыз 2003 жыл болды. Сонау 1993 жылдардан бастап, жер-жерге репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қорының құрылып жатқаны туралы, осы жобаның авторы, ғалым, баспагер Ғарифолла Әнестің хаты арқылы біліп едім. Ол кезде өзім Қызылорда облысы, бұрынғы Тереңөзек ауданы әкімінің орынбасары қызметінде болатынмын. Міне, содан бері хат жазысулар арқылы осы істерге араласып кеттік. Осы таныс-білістігім Ғ.Әнеспен ақылдасып «Сыр сүлейлері» топтамасын шығаруға ұйғарым жасадық.
– «Сыр сүлейлері» топтамасы (сериясы) бойынша ең алдымен кімдерді шығаруға келістіңіздер? Қаржыны қайдан алдыңыздар?
– Біздің ойымызға дейін Кеңестік кезеңде «Жазушы» баспасынан Тұрмағамбет Ізтілеуовтің, Балқы Базардың, Шораяқтың Омарының шығармалары бір-бірден кітап болып шыққан-ды. Сондықтан есімі бүкіл руға айналған Кете Жүсіпке тоқтадық. Сонымен әртүрлі жинақтардағы, Орталық ғылыми кітапхана мен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорында сақталған шығармаларды зерттеп, дайындап дегендей жұмыстар жүргізілді. Әрбір кітапты дайындау кезінде Сыр еліндегі көнекөз қариялармен сөйлесіп, М.Байділдаев, Ә.Қайнарбаев сияқты белгілі зерттеушілердің мұралары басшылыққа алынды. Ал қаржы жағына келсек, осы кітаптардың біразына демеушілік көрсеткен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің бұрынғы ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, бүгінгі мәжіліс депутаты Қылышбай Бейсенов, «Арыс» қорының президенті Ғарифолла Әнес тағы басқа да жекелеген азаматтардың көмегі болды.
– «Сыр сүлейлері» сериясы Кете Жүсіптен басталып, бүгінге дейін қанша ақын-жыраулардың шығармалары жарық көрді?
– Топ-тобымен шығармаларды шығаруға болар, бірақ шығармалары толық ізге түспеген ақын-жыраулардың мұраларын дайындау, даярлау оңай шаруа емес. Бұл жолда шаршаған, шалдыққан кездер де болмай қалған жоқ. 2004 жылы Дүр Оңғар, 2005 жылы филология ғылымының докторы Т.Тебегеновтың құрастыруымен Молдахмет Дабылұлы шығармасы жарыққа шықты, 2006 жылы Сейітжан ақын мен Жорықбай жырау жырлары, 2007 жылы Шегебай мен Әлібек ақындар шығармалары барлығы «Арыс» баспасынан 60 баспа табақ болып шықты.
– Айтуыңызға қарағанда, 2003 жылдан бастап жылына бір Сыр сүлейінің кітабын шығарып келіпсіз. Осы кітаптарды шығаруда қиындықтар кездесті ме?
– Неге болмасын, біріншіден, қолжазбаларды іздеп табу, араб әрпінде болса, оны аударту міндеттері тұрады. Бұл тұста Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкерлері көмекке келді.
– Сыр сүлейлері сериясымен шығарылып жатқан кітаптарды қарасақ, редакциялық алқа, пайдаланылған еңбектер мен түсініктер беріліп отырған. Бұл ғылыми еңбек емес пе?
– Дұрыс байқаған екенсіз. Жоғарыда аттары аталған бес кітапта жеті ақын-жыраудың еңбегі қамтылған. Оқырман толық мағлұмат алсын деген ниетпен, олардың басты-басты шығармалары жөнінде түсініктер беріліп отырды. Әрине, бұл ғылыми еңбекке жатады.
– Сізді жұртшылық ғалым деп есептеп, этнограф ретінде таниды. Бұл жайында не айтасыз?
– Оныңыз рас, оқырмандарым зерттеуші-ғалым ретінде танып жүр. Оған себеп соңғы 25-26 жылда жазған 300-ден астам тарихи-танымдық мақалалар, зерттеу-этнографиялық шығармаларым жарияланған-ды. Содан да болар. Сыр елінен есімдері ескерусіз келген мұрағаттарда сарғайып жатқан қағаздар арасынан ел тәуелсіздігі жолында күрескен батырлар мен елдің елдігін ұстаған билер, жұртшылыққа рухани, діни рухты себе білген мешіт, медресе ашқан ахундар мен ишандар, кешегі кеңестік кезеңдегі қоғам және мемлекет қайраткерлері туралы еңбектерім жарияланып келеді.
Алтынның көзіндей болған 1872 жылы Санкт-Петербургте шыққан «Түркістан» альбомының көшірмесін жеке бастамамен 1999 жылы елге әкелуші және кітап етіп шығарушы да өзім. Сондықтан да болар, аз ғана осындай еңбектерім бағаланып, 2003 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Құрметті профессоры», 2004 жылы әлеуметтік ғылымдар академиясының «Құрметті академигі», 2005 жылы «Мәдениет қайраткері» атақтарын алсам, 2006 жылы Қармақшы ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді.
– Байқауымызша, сіз дайындаған кітаптар көп бейнетпен шығып жатқанға ұқсайды. Бұдан сіз не ұтасыз?
– Әрине, ешкім де зиянға жұмыс істегісі келмейді. Кітап шығарудан зиян көргенім жоқ, бірақ бейнетім көп. Қол босаса, мемлекеттік мұрағат пен көне қолжазбалар қоры төңірегіне барғым келіп тұрады. Шынын айтқанда, Сыр жауһарлары болып табылатын (өлі жатқан дүниелерді) шығармаларды жарыққа шығару. Жалпы кітап шығарудан қомақты қаржы таптым деген кісіні естіген емеспін. Дегенмен жүріп-тұруға, қолжазбалардан көшірме алуға, қолжазбаларды дайындауға жетеді.
– Естуімше, «Сыр сүлейлері» сериясынан басқа да оннан астам кітап шығарыпсыз. Оны қалай шығарып отырсыз?
– Біріншіден, бұл іске ынта-жігер керек, екіншіден, еңбегіңді ел бағалап және өз оқырманың болу қажет деп есептеймін. Менде тұрақты түрде оқырманым және рухани дүниені қастерлейтін азаматтар баршылық. Солардың, жалпы оқырман қауымының ықыласына сүйенемін.
– Алда қандай жоспар-бағдарламаңыз бар?
– Қолдан келсе, денсаулық болса, бірнеше «Сыр сүлейлерінің» шығармаларын шығару ойда бар. Қаңлы Жүсіп, Қуаныш Баймағамбетов, Мұзарап ақынның қолжазбалары дайын. Басқа ақын-жыраудың еңбектері жинақталуда. Жақын арада баспаға ұсынылмақ.
– «Арыс» баспасы туралы не айтасыз? Жеке көзқарасыңыз...
– Сөзімнің басында айтқандай, «Арыс» қоры және «Арыс» баспасы жұмыс істегелі көптеген академиялық жинақтар мен басқа да сан-салалы кітаптармен қатар, энциклопедияларды сапалы да сәнді етіп шығарып келеді. Кітап баспалары ішінде кітап шығарушыларға, авторларға көмек қолын созатын, шығарған кітаптары қайсыбір баспалар өнімдерінен кем емес. Шоқтығы биік, кемелденген баспалардың бірі деп есептеймін. «Арыс» баспасының ұжымына әрдайым ақ жол тілеймін. Алаш азаматтарының жоқтаушысы, шын мәніндегі қамқоры бола беріңдер деген тілек айтқым келеді.