Сенаттың жалпы отырысында сенатор Нұржан Нұрсипатов Кеген ауылындағы жағдайға қатысты дабыл қағып: «Қазақстан көрші елдермен шекараны анықтап бекіткен. Алайда демаркациялау, яғни арнайы белгілерді орнату жұмыстары әлі толығымен аяқталған жоқ. Ондай жерлердің бірі – Кеген ауылына жақын шекара. Бұл жұмыстың аяқталмауы шекаралас өңірдегі екі ел тұрғындары арасында жанжал тудырады. Бүгінде қазақ-қырғыз шекарасында мыңдаған шекаралық бағана орнатылған. Ал Кеген тұрғындары қырғыз жақтан шекара шебінің белгіленбегенін айтып отыр. Келісім бойынша екі жақтан да шекара шебі өтуі керек. Қазақстан тарапынан шекара сызығына тікелей жанасатын бірінші шептің инженерлік бөгеуіштері жоқ, тек екінші шебі жол жиегімен орнатылған бөгеуіштермен белгіленіпті. Осылайша, бірінші және екінші шептердің арасындағы Қазақстанның 4 мың гектарға жуық ауылшаруашылығы және 15 мың гектар орман шаруашылығы жерлерін Кеген ауданының шаруа қожалықтары өз мақсаттарына пайдалана алмай отыр. Өйткені тұрғындар арасындағы қақтығысты болдырмау үшін қазақстандық шекарашылар азаматтарымызды инженерлік бөгеттердің екінші шебі арқылы өткізбейді. Бүгінде бұл жерлерді Қырғызстан азаматтары шөп шабу және мал жайлау үшін пайдаланып жатыр»,– деді. Осыған байланысты сенаторлар Нұрсипатов пен Жөргенбаев үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, шекара сызығын белгілеу мәселесін шұғыл шешуді талап етті.