Сенсіз өмір сүре алмаймын (деректі хикаят)

Сенсіз өмір сүре алмаймын (деректі хикаят)

Таңғы асқа да, түстікке де, кешкі асқа да швед дастарханы жайылды. Сондай ыңғайлы. Өзің аралай жүріп, жаның не қаласа, соны таңдап ала бересің. Неше күнгі сүргіннен кейін жаны тыныштықты қалап тұрды. Бірақ қонақүй мәзірінде тыныштық болмай шықты. Конференцияға келген адамның санына жете алмайсыз. Адам өріп жүр. Топыр-топыр. Мейрамханадағы шудан құлақ тұнады. Ұзын-сонар қатарларды айналып өтіп, бұлай ету мейрамхана мәзірінде қарастырылғаны қандай жақсы, Жанна мұрнын шүйіре жүріп тәрелкесіне тамақ салып жүр. Осы сәтте біреу атын атап шақырғандай елең етті. Бұнысы дауыс емес, иіс боп шықты. Сондай бір етене жақын, таныс иіс. Жанна дереу артына бұрылып қарады. Ізінен ілесіп келе жатқан ер адам мұның оқыс қимылынан кері шегінді. Сымбатты кісі, шашы бұйра екен. Жанна оған әдеттегіден ұзағырақ қарап тұрып қалды. Оны бастан-аяқ сканерлеп шықты. Ер кісі мойыноарғыш орап алыпты. Түйінін тура менікіндей байлапты деген ой сап ете қалды. Оның тәрелкесінде да тура Жаннаның таңдаған тамақтары салыныпты. Ер кісі оқыс қимылдан бірінші болып ес жинап, басын ізетті түрде изеп, қасынан өте берді. Ал, Жанна, құдды жерге қағылған қазықтай, сол орнынан тапжылмай тұрып қалды.   «Сонымен? Неге тұрмыз? Сен қиялға беріліп тұрғанда мына жұрт тәттінің бәрін талап кететін болды ғой» деп бұрқылдады жанындағы Әзиза. Құрбылар қатар-қатар боп тізілген үстелдердің бойын жағалай жүрді. «Осы Түркияны қысы-жазы үзілмейтін көк-сөгі үшін керемет жақсы көрем» деп айтып жатыр өзіне тамақ таңдап жүрген Әзиза. Екеуі әрменірек, терезенің тұсына барып жайғасты. Жанна көзімен манағы бейтаныс жанды іздеді. Әзиза мұнысын қалт жібермей бағып отыр екен, дереу сұрақтың астына алды. «Қане, шыныңды айт, кімді іздеп отырсың?» Жанна жаңа болған ыңғайсыздық туралы айтпақшы болып оқтала беріп еді, бірақ сөзін бұлардың жанына жетіп келген Асқар бөліп жіберді. «Неге сонша алысқа отырып алғансыңдар? Оңаша қалғыларың келді ме? деді масаттанған кейіпте, – бастықтың қырағы көзінен қашып құтыла алмайсыңдар!» Ыңғайланып отырған соң: «Байқаймын, түріктер ЭКСПО-ға мықты дайындалыпты, бірақ қазақтар 2017-де бәрінен асып түсетін болады» деді. Бастығының сөзуарлығын білетін Жанна айтарын кейінгі қалдырды да, тәрелкесіне үңілді.  

Әбден кеш батқанда барып қонақүйдің нөмірінде Әзиза Жаннаға бағанағы сұрақты қайта қойып, «әлгінде көзің кімге түсті?» деп мазалай бастады. Құрбысына соқтығысып қалған жағдайды баян етуге тура келді. Әзиза күлкіге қарық болды. «Иісімен шақырды ма? Бейтаныс түрік? Мойынорағышы да сенікіндей байланып па? Тәрелкесіндегі тамағы да дәл сенікіндей ме? Онда тұрған не бар, ал? Жай ғана сәйкестік!  

Саған дауа жоқ екен, Жанночка, сен барып тұрған романтиксің! Оянсаңшы! Сәл де болса, өмірге тура көзбен қарап, алтын басыңды болмашымен толтыра бермесеңші. Әне, анау, Асқарға қарасаң етті. Қандай тамаша жігіт! Үйленген болса, неғылады екен? Есесіне, ол бай. Байланыстары көп. Үлде мен бүлдеге оранып, не ішем, не жеймін демейсің. Оның өзіңе ынтық екенін білесің ғой. Саған әлі қызыңды аяққа тұрғызу керек. Өзің де қыз емессің, менің ақылымды алсаң, жаман болмайсың».    Ақыры құрбылар ренжісіп тынды. Екеуі екі                        қабырғаға қарап ұйықтап қалды.  

Конференцияның соңғы күні еді. Халықта есеп жоқ. Даурығысқан дауыстар. Біреу ән салды, біреу естелікке суретке түсіп әлек. Жанна көзімен кешегі бейтанысты іздеп әуре. Әрең дегенде тапты-ау. Иығына асып алған фотоаппараты бар ол бір топқа барып суретке түсіріп, келесісіне ұзап барады. Бір уақта фотоаппарт бұл тұрған жаққа да шырт еткендей болды. Ол көпшілікті танитыны, оны да біраз ел-жұрт жақсы білетіні байқалып тұр. Бір сәтте Жанна әлгі бейтаныспен тағы да тоқайласып қалды, тағы да иісінен таныды. Оның иісі әбігерге салды, қобалжытты. Жаннаға бұл иіс өзге біреуді еске салатындай көрінді. Бірақ кімді? Әзиза дереу жанынан табыла кетті. Құрбысын шынтағымен түртіп жіберіп, «мынау ма?» деп сұрады. Құрбысы аяқ астынан жоқ боп кетті. Сол күні кешке таман ұшақтағы қол жүкті қоятын жәшікке сөмкесін салып болған соң Әзиза мұның жанына топ етіп отыра қалды. Көзін қысып: «Аты Эмре, архитектор, Ыстамбұлда тұрады екен. Басқа ақпарат таба алмадым» деген жаңалықты айтты. Жанна құрбысын бас салды. Бетіне бетін тигізіп, ілтипатын сездірді. Өзіне өзі риза болған Әзиза, «жарайды, қойшы» деді.  

Сосын қыс келді. Алматыны қалай жақсы көрмеуге болады?! Алайда, сүйектен өтетін дымқыл, ұзаққа созылатын ылғал қыс жаныңа қаяу түсіреді. Асқардың тырнақ астынан кір іздеуі, алда келе жатқан ЭКСПО-ға қатысу науқандарына қатысты жұмыстағы дүрмек, тіршілік түйткілдері Жаннаның жүйкесін жұқартты. Осындай ауыр кездері қызы күшік сияқты анасын қатты құшақтап, анасына бірдеңе болғанын сезгендей «Мам, а, мам» деп қыңсылай бастайтын. «Бәрі жақсы, ботам, бәрі дұрыс» деп Жанна қызын бауырына басатын.  

Жаны қатты қиналған кездері Жанна Эмрені еске алатын. Екеуі жолыққан сол бір кездесуді қайта-қайта көз алдына елестететін. Қазір Жанна оның кімді еске түсіргенін түсінді. Оның қыр мұрыны, қой көзі алғашқы махаббатын еске түсіріпті. Алғашқы мөлдір махаббатын. Махаббатының аты Сайфуддин еді. Бұлардың ауылына 9 сыныпта ауысып келді. Сымбатты, білекті жігітке Жанна бірден ғашық болды. Оның ғашықтығы мұғалімдерді дүрліктірді. «Мұның не, сен озат оқушы емес пе едің, үлгілі отбасының қызысың ғой, шешен жігітке ғашық болғаның не?» десті ел. Ата-анасын мектепке шақырды, арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Шешендер қаны қызу халық, абыройыңды айрандай төгіп, өзіңді де, отбасыңды да қарабет қылады деп ескертті. Ол болса, мұның аязда қатып қалған қолдарын ыстық демімен үрлеп жылытатын. «Сені қалай ренжітейін, құрағым-ау?» дейтін. Сөйтіп, оқу аяқтала салысымен Жанна қалаға кетті. Онымен бірнеше жыл өткен соң жолықты. Ол мұны кінәламады. Сайфуддиннің жанарынан титтей де кінәлауды байқай алмады. Ләм-мим деместен жейдесінің түймесін ағытып, кеудесіндегі татуировканы көрсетті. Ж мен С әріптерінің әдіптеліп түскен әдемі суреті. «Енді аспан айналып жерге түссе де, сен менің жүрегімде мәңгілікке қаласың» деді. Деді де соғыс отына шарпылған Отанына, Шешенстанға кетіп қалды. Сол жерде қалды. Мәңгілікке. Оның бөлімшесі орналасқан таулы ауылды түнімен бомбылағаны сонша, көметін сүйек таппапты...   

Эмрені әлеуметтік желіден ізде дегенді де Әзиза айтты. «Неге ахылап-үһілеп, күрсіне бересің? Қазір ХХІ ғасыр ғой. Әлеуметтік желіден іздеп көрсеңші» деді құрбысы... Оның парақшасын ашқанда Жаннаның жүрегі тоқтап қалғандай болды. Оның көптеген жұмыстары жарияланыпты. Оның достары, небір қызықтың ортасында жүрген өзі. Әзиза мұндайда үндемей қалсын ба? «Мынауың өзі барып тұрған Нарыс қой» деп мысқылдады. Өзі туралы түк ақпарат жоқ. Жанна өзіне ұнаған жұмыстарын белгілеп шықты. Келесі күні Жаннаның парақшасын қарап шығып, ол бұған достық жіберіпті. Осылай екеуі бір-бірінің парақшасына қонаққа кіріп-шығып жүрді.         

Жанна бірінші болып «мессенджерге» хат жазды. «Фейсбукте достасқанымызға қуаныштымын» деді. Эмре әдептен озбай оның хатына жауап жазды. «Мен де қуаныштымын» деді.  «Google»-дің сөздігіне сансыз сауаптардан болсын, соның арқасында екеуі ақырындап, шүлдірлесе отырып, түрікше түсінісе бастады. Смайликтер, стикерлер, құснихаттар үзілмеді. Бір күні Эмре ғашықтардың алыстан түсірілген сұлбасы бар сурет жіберіпті. Жанна: «Мына жандардың                                                                          махаббатын қызғанып тұрмын» деді. «Неге?» деп сұрады ол. «Жүрегім жалғыз, жаным жабырқау» деді бұл. «Кешір, жүрегіңді жаралайын демедім» деді. Содан кейін Жанна Эмренің хаттарынан ерекше бір жылылықты сезетін болды. Ол күн сайын халын сұрайды. Кейде тіпті сағат сайын хабарласады. Жұмысын, үйін, қызын сұрап бәйек болады. Кейбір кезде кеңес беріп, көмектесуге де тырысты.     

Жанна алыс жағалаудан келер хаттарды асыға күтетін болып алды. Бірақ бір күні Эмре интернеттен ғайып боп кетті. Жаннаның көңіл күйі түсіп, оның хаттарынсыз өмір тоқтап қалғандай көрінді. Бұл виртуалды байланыс оның өмірінің ажырамас бір бөлшегіне айналып үлгергенін түсінді. Екеуінің арасында уақыт пен кеңістіктен тыс бір жіп тартылғандай еді. Біраз уақыттан кейін Эмре хат жазды. Интернеті жоқ жерлерде жүргенін түсіндіріп, кешірім сұрады. «Сені сағындым» деп жазды. Жанна да оны қатты сағынғанын мойындады. Эмре оған – «Canım» (жаным) деді. Жанна абдырап қалды. Беті  ду етті. Жауап бермей тосылып қалды. Эмре оған: «Ұялмашы» деп жазды. Арадағы мыңдаған шақырымдарға қарамастан мұның жанындағы өзгерісті оның терең сезіне алғанына таң қалды. Эмре бұған селфи жіберді. Түрі шаршаңқы екен. Жанна сонысын айтып хат жазды. «Жұмыс көп, «kalbim» (жүрегім)» деді. Содан есіне бірдеңе түскендей, «Қазір Алматыда сағат қанша?» деді. Жанна айтты. Ол: «Ұйықтайтын уақыт болыпты, неге ояу отырсың?» деп сұрады. «Қайырлы түн, жаным» деді. Екеуі қоштасып, түн тыныштығын тілеп, тарасты. Эмре Жаннаға «түсіңде мені көр» деді. Бірақ түсінде Эмрені көрмеді. Себебі Жанна таң атқанша көз ілмеді.       

Келесі күні Жанна қатты шаршап, маужырап жүрді. Жұмысқа ден қоя алмай, бастықтан сөз естіді. Жанында отырған Әзиза креслосымен сырғып келді де: «Саған не көрінді? Мадам, қиялыңды қоссаңшы! Қазір дағдарыстың заманы, жан-жақта қысқарту жүріп жатыр, сенің орныңа ондаған, болмаса жүздеген адам таласып тұр, есіңді жи!» деп ұрысты. Бірақ құрбысының жабырқау түріне қарап жаны ашып кетті. «Кешке сөйлеселік» деді. Кешкі асты ішіп отырып Жанна құрбысына бәрін жайып салды. Әзиза қызығып қалды. «Қане, қане, хаттарыңды көрсетші» деді. Жұмыс бабымен бір жылдай Түркияда тұрғаны бар, құрбысы түрік тілін әжептәуір білетін. Хаттарды оқып отырып құрбысы біресе, елжіреп сүйсінді, біресе қарқылдап күлді. Жанна құрбысынан көз алмай отыр. Әбден күліп болған соң Әзиза: «Көптен бері бұлай күлмеген шығармын» деді. «Шыны керек, өз сезімімді Гугл сөздікке сеніп айтқызбасын деп тілеп отырмын, арасында небір шатпақ кеткен екен, ішегім түйіліп қалды ғой». Жанна ұялып жерге қарады. «Бірақ біз бір-бірімізді тамаша түсінеміз». Әзиза қабағын түйді. «Мен тек бір нәрсені түсіндім, құрбыжан, махаббат басталып, бақылаусыз кетіп барады екен. Сезім туралы сантименттерге дейін жол беріпсің. Ал, енді өзің айтшы, ол туралы не білесің? Еркек, түрік екендігінен басқа несін айтты? Жеке өмірі туралы бір дерек жоқ. Оның парақшасындағы жаңалықтарға қарасақ, ол өміріне ешкімді кіргізбейтіндердің қатарынан. Сонымен, қымбаттым, сен дәл бүгін одан үйленген бе, соны сұра. Жасын өзім біліп берем. Сосын бар ғой, оның сені тәтті сөздермен баурағаны ештеңені білдірмейді. Еркектің бәрі сөзге келгенде шешен. Бұл жағынан маған сенсең болады. Түріктің қызуқанды жігіттерінің хат жазғандағы сөзуарлығын, басқабасқа мен жақсы білем». Жанна сазарып отырып қалды. Құрбысына не дерін білмеді. Үйде Эмреден келген хат күтіп тұр екен. «Canım, gunaydın» (Қайырлы күн, жаным), сосын екеуі кездесіп қалған конференцияда түсіріп алған Жаннаның суретін салып жіберіпті. Жанна жымиды. «Сен мені ұмытпаған екенсің ғой?» Ол: «Hiç unutmadım» (бір сәтке де есімнен шығармадым) деді. Жанна күлімсіреді. Осы кезде жатын бөлмеге қызы кіріп келді де: «Ал, маған түнде чатта отыруға рұқсат бермейтініңіз қайда?» деп даурықты. Жанна сасып қалды. «Мен жұмыс бабымен отырмын ғой» деді. Қызы шын ба, өтірік пе дегендей қабағын түйді. Әзизаның қарсылығына қарамастан екі жанның хат алмасуы тоқтамады. Күн сайын Жаннаны Эмреден келетін «Nasılsın? Bitti mi işler? Yiruldun mu? Dinlen» (Қалайсың? Жұмысың бітті ме? Шаршадың ба? Демалып ал) деген хабарламалары күтіп тұратын. Мұндай лебіздерді оқыған сайын Жанна толқып, жүрегі аттай тулайтын. Google сөздік оның сөздерін дәл жеткізер-жеткізбесін білмесе де, ол өз сезімі туралы ашық жазды. Эмре «Efendim canim. Seviyorum» (иә, жаным, сені сүйем) деп жауап қатты. «Саған көзім түскен сәттен саған ғашық болдым. Бірақ сен туралы ештеңе білмедім. Сұрайтын адам да болмады. Саған зияным тиіп кете ме деп іштен тындым. Сені алыстан бағып жүрдім. Мойынорағышымды сен құсап байлап алдым. Мүмкіндігінше саған таяу жүруге тырыстым. Сенің де назарың маған түссе екен деп тіледім. Қандай тамақты жақсы көретініңді білгім келіп, сенің ізіңнен қалмай келе жатқан сәтте барып қана маған назар аудардың». Эмре үнемі өзінің суретін жіберіп тұрды, Жаннаға да суретіңді салшы деп талап ететін. Жанна ұялатын. Әртүрлі гүлдің ғана суретін жіберетін. Алматының көктемі жауынды болып, гүлдің сан түрі көшеде самсап тұратын. Эмре оған «Sen çiceklerden güzelsin» (Сен барлық гүлден әдемісің) дейтін. Эмре парақшасына өлеңдер жариялайтынды шығарды. Жанна «Өлеңді мен үшін салдың ба?» деп сұрады. Эмре оған: «Evet!» (Иә) деп жауап қатты. Жанна түріктің кейбір сөздерін қойын дәптеріне түртіп алып, жаттап жүрді. Жадырап жаз келді. Жанна Эмреге жақын күндері Антальяға іссапармен баратынын қуана жеткізді. ЭКСПО-ға жүрмек. Ол қатты қуанды. Міндетті түрде өзім қарсы алам деді. Екеуі бірігіп жоспар құра бастады. Эмре Жаннаға жүзуді үйретем деді. Ежелгі заманның ескерткіштерін көрсетпек еді. Жанна сонда екеуміз қалай тіл табысамыз деп сұрады. Ол «Kalbinin sesini dinle» (Жүрегіңді тыңдасаң болды) деді. Жұмыс кезінде қарап отыру үшін Жанна Эмренің суретін компьютердің бетіне орналастырды. Бірақ бұнысы бекер болған екен. Суретті Асқар көргенде өзі өкініп қалды. «Пәлі, мен мына жігітті білем ғой. Бұл Эмре Чинар емес пе? Оның суреті біздің компанияның компьютерінде неғып тұр?» Әзиза Асқардың артында тұрып сұқ саусағын самайына апарып нұқыды. «Барып тұрған ақымақсың» дегені. Содан кейін ЭКСПО-лық іссапардың жоспарын нақтылау басталып кетті. Жоспар күн сайын емес, сағат сайын өзгере берді. Жаннаны тізімге біресе енгізеді, біресе шығарады. Эмре арғы бетте бір қуанып, бір басылады. Ақырында тізім тиянақталды. Жанна Түркияға 16 шілде күні келем деп хабарлады. Жауап лезде келді. «Сенбінің таңында сенімен бірге болам, «sevgilim!» (сүйіктім)». Жанна жолға апыл-ғұпыл жиналды. Шабаданын жинауға көмектесіп жүрген Әзиза аяқ астынан «Сен әлгі өзіңнің жігітіңмен бір рет болса да сөйлесіп көрдің бе?» деп сұрағаны. Жанна сасып қалды. «Біз бір-біріміздің тілімізді ұқпаймыз. Тек сөздікпен сөйлесеміз ғой» деді. Осы сәтте телефон шырылдады. Тұтқаның ар жағынан «Жаньна, Жаньна!» деген ер адамның дауысы естілді. Жаннаның беті ду ете қалды. Аузынан «Evet!» деген сөз қалай шығып кеткенін өзі де байқамады. Қоңырау шалып тұрған Эмре екен. Ол тым асығыс, әрі толқи сөйледі. Жанна оған: «yavaş yavaş» (ақырынырақ) деді. Сонда барып ол баяу сөйлей бастады. Сағынғанын, күтіп жүргенін айтты. «Сumartesi» (сенбі) күні таңертең мұның жанында болатынын ескертті. Қазір Босфорға бара жатырмын дегенді қосты. Жанна бөлменің ішін шыр айналды. «Құдайым-ау! Дауысы неткен ғажап еді!». Әзиза күліп жатыр. «Сен өзіңді естімедің ғой . Дауысың өзгеріп, үзіліп кете жаздап тұрсың ғой. Байқаймын сөздіктің арқасында түрікшені тәп-тәуір меңгеріп қалыпсың» дегені. Түрік әуе ұшағы өте ерте ұшады. Жаннаның соңынан қызметтік көлік ең соңынан келді. Жүргізушінің жанында отырған Асқар іші пысқан сыңай танытты. Жаннаның жүрегі атқақтап отырды. Бір мезетте ән салып, би билегісі келді. Әзиза оны келемеждеп келеді. Құрбылар ақырын ғана жұдырыққа жұдырықты тигізіп, қуанып отыр.

 

Ұшу уақыты біраз кейінге шегерілді. Әдетте күлімсіреп қарсы алатын стюарттар мен стюардессалар бүгін бір түрлі ерекше сыпайы көрінді. Орындарына отырған бұлар, ұйықтауға дайындалды. Ұшақ сонда да орнынан қозғалар емес. Енді ұшатын шығар деген сәтте абыр-сабыр басталып кетті. Бір есерсоқтау жолаушы орнынан атып тұрып, айқайға басты. Түркияда әскери төңкеріс жасалды, соғыс басталып кетті, біздің ұшақты міндетті түрде атып түсіреді деді. Асқар асығыс-үсігіс ноутбугын ашты. Дауыс зорайтқыштан ұшақ командирі сөйлей бастады. Ол бұл ұшақпен ұшқысы келмейтіндер түсіп қалуға ерікті, олардың авиабилеттерінің құнын компания қайтарып береді деп түсіндірді. Орнында қалған жолаушыларға сабырлы болыңыздар, осы авиакомпанияны таңдағандарыңыз үшін рақмет деп сөзін тәмамдады.  

Ұшақтан түсіп қалғандардың арасында Асқар да бар. Ол қолы дірілдеп жүріп заттарын жинастырып, артына қарамастан кетіп қалды. Құрбылар төңкеріс дегенге елең етсе де, бастықтары кетіп қалған соң «ух» деп жеңілденіп қалды. Әзиза босап қалған креслоларға көсіліп жатты. Жанна терезенің тұсына жайғасты. Атып келе жатқан таңға тесіле қарады. Алыстан өзіне шақырып тұрған Түркияда не болып жатыр екен? Эмренің халық нешік? Жүрегіне сұп-суық жылан құсап күдік-күмән кіре бастады.   

ЭКСПО-да бұл елде төңкеріс болып жатқанын еске түсірерлік ештеңе байқалмады. Көрме тамаша ұйымдастырылыпты. Елдегі саяси жағдайға қарамастан ЭКСПО-ға ағылып келіп жатқан халықта есеп жоқ. Тек қана... Ынтығып келген кездесу болмай қалды. Ол аз дегендей Эмреден мүлде хабар-ошар жоқ. Тынымсыз жұмыс көңілге медеу болды. Бірақ сонда да жүректегі үрей күн өткен сайын үдей берді. Қолы босай қалған сәтте Жанна Эмреге қоңырау шалуға тырысты. Толассыз хат жазумен болды. Алайда ар жақ – тым-тырыс.   

Эмре жеті қараңғыда қоңырау шалды. Ол тез-тез сөйледі. Жанна түк түсініп үлгермеді. Апыл-ғұпыл Әзизаға жүгірді. Құрбысы тұтқаны алып, басын изеп жатты. «Evet, evet» дей береді. Одан кейін барып Эмренің сөздерін аудара бастады, ол төңкеріске Босфордан өтетін тұста тап келіпті. Эмре төңкерістің бел ортасында қалыпты. «Бекем бол, қымбаттым, мен азаматпын, төңкеріске қатысу азаматтық парызым» деді Эмре. Жанна сасқанынан, «Ал, мен? Мен ше?» деді.  

«Мен қайтем?» деп өзінен өзі күбірлей берді Жанна. Әзиза құрбысын құшақтай алды. «Ал, саған, жарығым, енді дұға етіп, төзіп, күту ғана қалды» деп сыбырлады. «Айтпақшы, ұмытып барады екем, ол саған міндетті түрде айт деп еді, ай толғанда қайтсем де сені көрем деп өзіне ант беріпті». Жанна басын көтеріп терезеге қарады. Ай толысып қапты. Енді аз күнде ай толады. «Әнекей, көрдің бе, аз-ақ уақыт қалыпты» деп құрбысының күпті көңілін демдеп қойды Әзиза.  Осы сәттен бастап Жанна біресе Эмре үшін дұға қылды, біресе оған ыза болды. Айналада басын шайқап, тамсанып оның отандастары топырлап жүр. Қарны тоқ, қайғысы жоқ. Отбасыларын қыдыртып жүр. Ал, ол болса, қантөгістің қақ ортасында. Жанна ТВ арналарды қолы дірілдеп отырып қарап шықты. Әлемдік жаңалықтарда төңкерісте орын алған бірінен бірі өткен небір сұмдық қантөгісті көрсетіп жатты. Хаос, танкілер, топырлаған адам, екі қолмен қаруға қарсы тұрған нөпір. Бір жас жігіт қайта-қайта танкінің астына қарай жүгіреді. Бірақ қайта-қайта аман-есен шығады. Ел-жұрт соған мәз. Жүрегі атқақтай соққан Жанна сол нөпірдің ішінен Эмре көрініп қалмас па екен деп үңіліп қарайды. Жұдырығын тас-түйін түйіп алыпты. «Ей, соғыс, мен саған Эмрені бермеймін» деп ішінен қайталай береді.      

Эмреден сирек болса да хабар келіп тұрды. Сол анда-санда жазатын хаттарында тірі екенін, аман-сау екенін айтады. «Canım. Üzgünüm. Kalbim carpıyor senin için» (жаным, сондай өкінішті, жүрегім тек сен деп соғады) дейді. Жанна күнде дұға етеді. Ай толса екен деп тағатсыздана күтті. Ақырында Жанна сүйінші хабар алды. «Yarin orada Аntalyadayim» (Ертең Антальяда болам). Астына «Кешір, бірақ біздің уақытымыз тығыз, кешір, кешір мені, жаным» депті. Қуанышы су сепкендей басылды. Әзиза ұялтты. «Тірі жүргеніне қуансаңшы. Шамалауымша, аман-есен. Бір сағатқа болса да қиян-кескі қантөгістен уақыт тауып, тек сен деп келе жатыр. Әйтеуір, көретін болдың» деді. Жанна басын изей берді.  

Аспанға толысып қалған ай шықты. Толысуына аз ғана сызат кедергі келтіріп тұрғандай.  

 

 

 Орысшадан аударған  Шынар Әбілдә

 

 

Маруана ХАМЗАҚЫЗЫ
17.03.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 42
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 129
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 36
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 42
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 51
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 42
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 125
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 129
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 320
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 313
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 936

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9009
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8404
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11630
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9388
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10614