Қазақ хандығы құрылған құт мекен Шу ауданында “Мәдениет - асыл қазынам” тақырыбындағы мәдениет күні мән мен мағынаға толы болып өтті.
Іс-шаралар кешені Керей мен Жәнібек хандардың Шу жеріне ту тігу, Төле бидің бата беру көріністерімен басталды. Ары қарай ұлт мәдениетінен терең сыр шертетін Темір дәуіріндегі қолөнершілер көрмесі, “Таға жасау”, Таңба ұру” көрінісіне ұласты.
~ Мұражай жәдігерлерінің көрмесі, «Алтыбақан», «Ақбозат», «Құсбегілік өнер», қазақтың ит түрі, ұлттық қазына «Құмай тазы» және т.б. қазақ рухына тән құндылықтардың жанды көрінісі іс-шараның көркін қыздыра түсті.
Салтанатты шараны облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай құттықтау сөзімен ашты.
-Биыл әр ауданның орталығында мәдениет күндерін кеңінен атап өту қолға алынды. Ең алдымен, баршаңызды осы атаулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Мәдениет күндері облыс деңгейінде өтіп жатқандықтан, сараптау комиссиясы әр ауданның мәдениет саласы бойынша жетістігін бағалап, соңында қорытындысын беретін болады.Сіздерді үздіктер қатарынан көреміз деп ойлаймыз,- деді басқарма басшысы Ерлан Нұрманұлы.
~ Аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков те сөз алып, көпшілікті мәдениет күнімен құттықтады.
Шу ауданының орталық стадионында өткен мерекелік концертте Ахан Отыншиев, Әміре сынды эстрада жұлдыздарымен қатар аудан өнерпаздары өнер көрсетті.