Батыс Қазақстан облысына қарасты Шыңғырлау ауданы экономикасының негізгі өзегі – ауылшаруашылығы. 95 жылдық тарихы бар іргелі ауданда 497 шаруа қожалығы мен жеке кәсіпкерліктің, 12 жауапкершілік шектеулі серіктестік пен 33 өндіріс кооперативінің жұмыс жасауы – соның дәлелі.
Тарихы терең, тағылымы ерен ауданды екі жылдан бері Мұрат Өмірәлиев басқарып келеді. Жуырда Шыңғырлауға ат басын тіреген Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев те атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, алдағы жоспарларды зерделеді.
– Өткен жыл еліміз үшін де, ауданымыз үшін де бірқатар сындар мен жаңа мүмкіндіктерге толы жыл болды. Біз осы кезеңде Мемлекет басшысының тапсырмаларын, Үкіметтің бағдарламаларын басшылыққа ала отырып, ауданның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар іс-шараларды жүзеге асырдық, – дейді аудан әкімі Мұрат Амангелдіұлы.
Біз де аудан бойынша жыл басынан бері жүзеге асырылған іс-шараларды ел назарына ұсынуды жөн көрдік. Алдымен қаржылық көрсеткіштерге тоқталсақ, аудан бюджеті 2025 жылғы 23 шілдедегі жағдай бойынша 7 млрд 797 млн теңгені құраған. Оның 1 млрд 062 млн теңгесі – ауданның өз кірістері есебінен түскен болса, соның ішінде салықтық түсімдер 1 млрд 014 млн теңгеге жеткен. Бұл – ауданның экономикалық әлеуетінің артқанының айғағы.
Кәсіппен айналысқанның несібесі мол
Экономиканы дамытудың маңызды тетіктерінің бірі – шағын кәсіпкерлік. Бұл ретте Шыңғырлауда аталған сала да қарқынды дамып келеді. Жалпы аудан бойынша 900-ден астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері белсенді жұмыс атқаруда. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібі, азық-түлік пен сусындар өндірісі, жеңіл өнеркәсіп, резеңке және пластмасса бұйымдары мен жиһаз өндіру бағыттары бойынша оң динамика байқалады. Айталық, «Джалдыгулов» жеке кәсіпкерлігі «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында 5 млн теңге грант иеленіп, жұмысшыларға арналған қолғап шығаратын құрал-жабдықтар сатып алған. Бүгінде күніне 200 жұп қолғап шығарып, тиімді бағамен жергілікті Шыңғырлау, Ақшат елді мекендеріне және Ақтөбе, Орал қалаларына сатылымға шығаруда. Оған қоса кәсіпкер тұрақтандыру қоры арқылы бірінші сұрыпты бидай ұнынан өз наубайханасында күніне 400 бөлкеге дейін нан пісіріп, жерлестеріне төмен бағамен ұсынып отыр. Осылайша кәсібін дөңгелеткен кәсіпкер 8 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырғаны да көңіл қуантады. Жалпы аудан бойынша тіркелген жеті наубайхана халықтың 68,5 пайызын нан өнімдерімен қамтып отыр екен.
Ауыл еңбеккерлерінің жұмысын ширату, аудан экономикасын дамыту, ауылшаруашылығы саласына серпін беру мақсатында биылғы сәуір айында Қытайдан «Дебонд» компаниясы өкілдері арнайы шақыртылған. Шетелдік инвесторлар аудандағы суармалы жерлердің әлеуетіне қызығушылық танытып, жергілікті шаруаларға заманауи агротехникалық құрал-жабдықтарын таныстырған. Жүздесулер барысында екі тарап өзара тиімді келіссөздер жүргізіп, алғашқы келісімдерге қол жеткізгенін білдік. Нәтижесінде «Жаңа жер» шаруа қожалығы және «Саға 2018» ЖШС заманауи технологияларды енгізуге ниет білдіріп, суармалы егіншілікке бет бұрған. Сонымен қатар «Сауда-снаб» ЖШС да 2025-2026 жылдарға жоспарланған «Өсімдік дақылдарының тұқым шаруашылығы зауытын салу» жобасын іске асыруды қолға алған. Ал «Ақсуат» шаруа қожалығының базасында салынатын мың басқа арналған мал бордақылау алаңы, «Мусин» жеке кәсіпкерлігінің бастамасымен аудан орталығында құрылысы жүргізіліп жатқан көкөніс сақтау қоймасы, «Архар Бизнес» ЖШС жоспарлаған Самара-Шымкент тас жолы бойындағы жаңа асхана құрылысы сынды жобалар да – аудан экономикасына оң әсерін тигізетін маңызды бастамалар. Биылғы күз айларында жеке инвестиция есебінен ауданда бір балалар ойын-сауық кешені, 3 сауда орны, 1 асхана ашылады деп күтілуде.
Өрісі төрт түлікке толы
Сөз басында айтқанымыздай, аудан экономикасының негізгі саласы – ауылшаруашылығы. 39 шаруа қожалығы асылтұқымды мал өсірумен айналысады. Ауылшаруашылығының жалпы өнімінің көлемі биылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша өткен жылдың есептік кезеңімен салыстырғанда 104,2%-ға өскен. Ал дәнді және майлы дақылдар, бір және көпжылдық шөп дақылдары, бау-бақша дақылдары, күздік дақылдар өсірілетін егістік алқабы 47 мың 576 гектар аумақты алып жатыр. Биыл шыңғырлаулық диқандар межеленген жоспарды артығымен орындап, 14 мың гектардың орнына көктемгі егіс көлемін 17 мың гектардан асырып, 125 пайыздан жоғары нәтиже көрсеткен. Бұл да адал еңбек пен маңдай тердің өтеуі екені сөзсіз. Сонымен қатар шыңғырлаулық еңбеккерлер бау-бақша, көкөніс өнімдерін егіп, соның ішінде Ақшат ауылдық округі бойынша «Каменный» шаруа қожалығы биыл жоғары өнім алған. Аудан орталығындағы 800-ден астам жеке ауланың тұрғындары да бау-бақша отырғызумен айналысады. Ол үшін аудан орталығында 32,2 шақырым техникалық су жүйесі жұмыс жасап тұр. Биылдың өзінде аудан тұрғындарының өтініштері негізінде бірқатар көшеге қосымша 1,7 шақырым желі тартылып, 40 үйге техникалық су жүргізіліпті.
Ауданда төрт түліктің де басы көбейіп, өсім көрсеткіші жыл сайын артуда. Бүгінде ірі қара саны 61 мыңнан асып, ұсақ мүйізді мал мен жылқының да көрсеткіші айтарлықтай жоғарылаған. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаулардың бірі – 64 шаруа қожалығының мал тұқымын асылдандыруға арналған қомақты субсидияға ие болуы. Сондай-ақ осы жылы «ERQANAT GRОUP» ЖШС бордақылаған 212 бас ірі қараны сырт ел – Өзбекстанға экспортқа шығарып, аймақта мал шаруашылығының жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын дәлелдеп отыр.
Ветеринария саласы да айтарлық дамып, биыл аудандық бюджет қаражаты есебінен Ақтау, Ардақ ауылдарында жаңа ветеринариялық пункттер бой көтерген. Сала мамандарына да заман талабына сай барлық жағдай жасалуда. Облыс басшысының қолдауымен бес ауылдық ветеринариялық пунктке жаңа автокөліктер берілген.
Мүмкіндігі мол жобалар
Мемлекет басшысының бастамасымен ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы шыңғырлаулықтар үшін де сәтті болды. Бағдарлама аясында тұрғындар жеңілдетілген несие алып, өздерінің жаңа кәсіптерін ашуға, өз қызметтерін кеңейтуге мүмкіндік алды. Мысалы, ауданға жалпы 580 бас асылтұқымды және тауарлық сүтті аналық мал мен мыңнан астам Шопан ата түлігінің сатып алынуы, құс еті мен жұмыртқа өндірісінің артуы, сүт өңдеу өндірісінің қолға алынуы, жылыжай жұмысының жандануы, экологиялық таза «Биогумус» тыңайтқыштарының өндірілуі – аталған бағдарламаның жемісі. Тіпті бағдарламаға қатысушылардың ішіндегі 14 адамның әлеуметтік жағдайы айтарлықтай жақсарған. Оның үстіне ауданда жүзден аса жаңа жұмыс орны ашылып, ауданның қазынасына түсетін салық түсімі көбейген. Бұлардан бөлек кәсіпкерлер дәнекерлеу, көлік жөндеу орталықтарын ашып, құдық қазуға арналған құрылғылар сатып алып, тұрғындарға қызмет көрсетуде.
– Бағдарлама арқылы 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының өндіру көлемін арттыру мақсатында наубайхана, құс еті, жұмыртқа, сүт өнімдерін өндіруге басымдық беріп отырмыз. Аталған бағыттағы жобалар бойынша құжаттар жинақталуда. Қолдау табылған жағдайда бағдарламаның негізгі мақсаты орындалып, аудан шаруалары мен ауыл тұрғындарының табыстарын арттыруға септігін тигізер еді, – дейді аудан басшысы М.Өмірәлиев.
Ал биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 241 млн 677 мың теңге қаражат қарастырылып, шыңғырлаулық 23 тұрғын несие алуға ниет білдіріп отырған көрінеді.
Ауылдың әлеуетін арттыру бағытында қолға алынған бастамалар да өз жемісін беруде. Соның бірі – облыс әкімінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасы. Бұл – ауыл тіршілігіне жан бітіріп, өңірлердің демографиялық және экономикалық дамуына серпін беруді көздейтін маңызды қадам. Аталған жобаның игілігін Шыңғырлау ауданы да сезініп отыр. Нәтижесінде аудан аумағындағы 8 елді мекенге – 11 отбасы, яғни 55 адам көшіп келіп, жаңа өмірге қадам басты. Бұл отбасыларға мемлекет тарапынан материалдық көмек көрсетіліп, тұрақты және уақытша үйлерге қоныстандырылып, жұмыспен қамтылған.
Олардың қатарында Ақбұлақ ауылына қоныстанған Бибінұр Мұрзагалиева мен Ащысайға көшіп келген Бексұлтан Қарағаев бар. Бұл азаматтар қайтарымсыз мемлекеттік грантты жеңіп алып, жеке қосалқы шаруашылықтарын дамытып, мал шаруашылығын қолға алған.
– Бұл ретте бірінші кезекте елді мекенге қажетті мамандар мен кәсіп ашуға ниетті азаматтарға баса назар аударып отырмыз. Мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз гранттар мен жеңілдетілген несиелерді ұсынып, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға, бағдарлама аясында ауылдарға қосымша инвестициялар тартуға күш салудамыз. Сонымен бірге білім, денсаулық, ауылшаруашылығы мен ветеринария салаларындағы мамандарға деген қажеттілігімізді жабуды көздеп отырмыз, – дейді аудан басшысы.
Әр салада жетістік көп
Бүгінгі таңда Шыңғырау ауданында 11 мектеп, 3 мектеп-балабақша кешені, 8 бөбекжай, 7 шағын орталық, 3 қосымша білім беру ұйымы өскелең ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беруге үлес қосуда. Сонымен қатар 1 аудандық аурухана, 1 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік-акушерлік пункт пен 10 медициналық пункт халықтың саулығын сақтауға қызмет етуде. Ал 34 мәдени нысан рухани құндылықтар мен ел еңсесін тіктейтін орталыққа айналып отыр. Жалпы білім, денсаулық, мәдениет салаларында тың серпін, ілкімді істер байқалады. Мемлекет басшысының «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек» деген Ұлттық құрылтайдағы үндеуіне үн қосқан аудан алғаш рет «Білімнің қайнар бұлағы – кітап» атты кітап оқу байқауын өткізді. Жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар берілген рухани іс-шара келер жылы жалғасын таппақ. Сондай-ақ салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы бастамалар да өз нәтижесін беруде. Түрлі деңгейдегі спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып, аудан командалары облыстық додаларда жеңіс тұғырынан көрініп жүр.
Құрылыс саласына келер болсақ, бұл бағытта да Шыңғырлау ауданында нақты істер жүзеге асуда. Атап айтқанда, өткен жылдан бастап шекара маңындағы елді мекендерде тұрғын үйлер салу жұмыстары жүйелі түрде жолға қойылған. Республикалық бюджет есебінен жеті ауылдан сатып алынған 36 тұрғын үй кезекте тұрған және бюджеттік мекемелерде қызмет атқаратын азаматтарға табысталған. Оған қоса халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына арналған 27 пәтердің құрылысы жүргізілуде.
Энергетика мен инфрақұрылымды жаңғырту – ауыл тіршілігінің ажарын ашып, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырары анық. Осы орайда Шыңғырлауда әуе желілерін қайта құру мақсатында екі кезеңнен тұратын ауқымды жоба жасалып, биыл алғашқы кезеңі табысты жүзеге асырылды. Ұзындығы 29,5 шақырымды құрайтын 0,4 кВ әуе желілерінің жаңартылуы, 906 дана тірек бағаналарының орнатылуы. 466 дана заманауи жарықдиодты шамдар мен 3 жаңа трансформатордың қойылуы – осы жұмыстардың нәтижесі. Бұл жұмыстар электр желілерінің тозу деңгейін 90 пайыздан 79,8 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Аудан тұрғындары үшін маңызды нысандардың бірі – аудандық теміржол вокзалы да назардан тыс қалмаған. Қазіргі таңда жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деген жоспар бар.
Мемлекет басшысы 2025 жылдың соңына дейін еліміздегі барлық елді мекендерді сапалы ауызсумен толық қамтуды міндеттегені белгілі. Қазіргі таңда аудан бойынша орталықтандырылған таза ауызсумен қамту көрсеткіші 96 пайызды құрап отыр. Жыл соңына дейін жүзеге асырылатын жобалар есебінен бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Яғни, аудан халқының барлығы толыққанды, сапалы ауызсуға қол жеткізіп, тапсырма ойдағыдай орындалмақ.
Ауданда абаттандыру, көгалдандыру, экологиялық тазалықты сақтау мақсатындағы шаралар да өз жалғасын табуда. Айталық, «Таза Қазақстан» акциясы аясында жасыл желектер қатары 12 мыңнан астам ағаш көшеттерімен толықтырылған.
Әдеттегідей, жол мәселесі әр ауданның күретамыры іспетті. Шыңғырлау ауданы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 343,9 шақырымды құрайды. Ағымдағы жылы аудандық маңызы бар Шыңғырлау – Ақшат – Сегізсай бағытындағы жолдың 47-62 және 62-77 шақырымдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Алдағы уақытта автокөлік жолдарын жөндеуді жүзеге асыру үшін бірқатар жобаларға жобалық-сметалық құжаттамалар жасақталып, сараптамадан өткізілген.
– Соңғы жылдары ауданымызда әлеуметтік-экономикалық даму бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Денсаулық сақтау, ветеринария салаларында жаңа ғимараттар, тұрғын үйлер бой көтеріп, мектеп, аурухана және автокөлік жолдары жөндеуден өтуде. Ауылшаруашылығы мен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері мемлекеттік қолдауға ие болды. Бұл аудан тұрғындарының белсенділіктері мен бірліктерінің арқасы деп білемін, – дейді Шыңғырлау ауданының әкімі М.Өмірәлиев.
Шежірелі ауданда жыл басынан бері атқарылған жұмыстардың бір парасын ғана саралап шықтық. Жыл соңына дейін де жүйелі іс-шаралар өз мәресіне жетіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өзгерістер боларына сенім мол.
Ләззат ҚАЖЫМОВА,
Батыс Қазақстан облысы