Көмек тасыған ұшақтарға да түрік әуе кеңістігі ашық.
Сыртқы істер министрі Мевлүт Чавушоғлу Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) жіберетін гуманитарлық көмектері үшін Түркияның Сириямен шекара қақпаларының ашық екенін білдірді.
Министр Чавушоғлу жер сілкінісі болған Хатайда баспасөз өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Чавушоғлу 6 ақпан күні эпицентрі Кахраманмарашта болған, «ғасыр апаты» деп сипатталған 7,7 және 7,6 балдық жер сілкінісінің Сирияны да шарпығанын және осы елде қаза тапқандар болғанын атап көрсетті.
«Халықаралық қоғамдастық Сириядағы жер сілкінісінен зардап шеккен халық үшін бізге көмек жіберіп жатыр. Өз жарамызды сауықтыра отырып Сирияға баратын көмекке қолдау көрсету және олардың өтуін қамтамасыз ету біздің гуманитарлық борышымыз», - деді ол.
Министр Чавушоғлу Сирияға Түркия арқылы көмек жібергісі келетін елдер болған кезде қуанғандарын, кейбір елдердің көмектерін тікелей Сирияға жіберіп отырғанын және түрік әуе кеңістігінің көмек ұшақтарына ашық екенін білдірді.