АНАЛАР ШЕЖІРЕСІНІҢ БАСТАУЫ – ДОМАЛАҚ АНА

АНАЛАР ШЕЖІРЕСІНІҢ БАСТАУЫ –  ДОМАЛАҚ АНА

Алматы облысындағы «Анаға құрмет» музейінде Отбасы күні қарсаңында Домалақ анаға арналған арнайы экспозициялық бұрыш ашылды. Аналардың қадір-қасиетін дәріптеп, қазақ әйелдерінің өмір жолы мен өнегесін, көне тұрмысынан сыр шертетін жәдігерлерді сақтап келе жатқан мәдени ошақтағы жаңа экспозиция аналар шежіресінің бастауы ретінде Домалақ ана – Нұрила тұлғасын танытуға арналған. Мұнда оның тарихи-шежірелік орны мен халық жадындағы бейнесі этнографиялық мұралар және заманауи цифрлық мүмкіндіктер арқылы көпшілікке ұсынылған.

«Анаға құрмет» музейінде қазақ аналарының тағылымды ғұмырын жүйелеп, олардың өнегесін кейінгі буынға жеткізу бағытында жұмыс жүргізіліп келеді. Осы ретте алдымыздан маңызды бір сауал шықты: аналар шежіресін қай тұлғадан бастаған жөн? Жауап іздегенде, тарих пен халық жады бізді Домалақ анаға алып келді.

Аналардың сара жолын ашқан, есімі ғасырлардан ғасырға жеткен, халық санасында даналық пен парасаттың, сабыр мен мейірімнің символына айналған Домалақ ана – Нұрила – қазақ тарихындағы айрықша тұлғалардың бірі. Ол бір әулеттің ғана анасы емес, Ұлы жүздің іргелі руларына түп ана болған, өнегесі аңыз бен шежіреге айналған қасиетті есім.

Домалақ ананың өмір жолы бізге негізінен шежіре, ауызша тарих пен аңыз-әпсаналар арқылы жеткен. Кең тараған деректерде оның шын есімі Нұрила екені, XIV-XV ғасырларда өмір сүргені айтылады. Ол Бәйдібек бидің жары ретінде қазақтың шежірелік тарихынан айрықша орын алды. Халық жадында Нұрила ана көрегендігімен, сабырлылығымен, қиын сәтте ақылмен жол тауып, айналасын татулыққа ұйыстыра білген парасат иесі ретінде сақталған.

«Домалақ ана» атауының шығуы жөнінде де ел ішінде бірнеше нұсқа бар. Соның бірінде Нұрила ананың ақыл-парасаты мен адамгершілігіне тәнті болған жұрт оны «Диһнат мамаана» деп атағаны, уақыт өте бұл атаудың өзгеріске ұшырап, «Домалақ ана» түрінде қалыптасқаны баяндалады. Тағы бір халықтық нұсқа атауды оның шағын дене бітімімен байланыстырады. Мұндай деректердің бір-бірінен ерекшеленуі заңды. Өйткені Домалақ ана туралы мәліметтердің елеулі бөлігі жазба құжаттардан гөрі халықтың ауызша жадында сақталып жеткен.

Ол туралы аңыздардың өзегінде де ананың көрегендігі мен сабыры жатыр. Ел аузында Бәйдібек бидің жылқысын жау айдап кеткен кезде Нұрила ананың ашуға ермей, сабырға шақырғаны жөніндегі әңгіме сақталған. Аңыздың түрлі нұсқалары болғанымен, бәріне ортақ бір сипат бар: Домалақ ана дау мен дүрдараздықтың шешімін күштен емес, ақыл мен мәміледен іздеген тұлға ретінде суреттеледі. Сондықтан бұл әңгімелерді тек өткен заманның әпсанасы деп қарау жеткіліксіз. Олар арқылы халық өзі қадірлеген аналық қасиеттерді кейінгі ұрпаққа аманаттаған.

Домалақ ананың қазақ шежіресіндегі орны да айрықша. Шежірелік деректерде Бәйдібек би мен Домалақ анадан Тілеуберді дүниеге келгені, оның ел ішінде Жарықшақ атанғаны айтылады. Жарықшақтан Албан, Суан, Дулат тарайды. Осы себепті Домалақ ана Ұлы жүздің қалың елі құрмет тұтатын түп аналардың бірі саналады.

Оның тұлғасы арқылы қазақ қоғамындағы ананың орны мен әйел парасатының салмағын тануға болады. Осы мазмұн музейдегі жаңа экспозицияда этнографиялық жәдігерлер арқылы ашылған. Әрине, мұнда қойылған дүниелерді Домалақ ананың өзі қолданған бұйымдар деп көрсетуге болмайды. Оның жеке тұтынған заттары біздің заманымызға жеткен жоқ. Сондықтан музей мамандары тарихи шындыққа адалдық танытып, экспозицияға қазақ аналарының дәстүрлі тұрмысын, көшпелі өмір салтын және ұлттық қолөнерді танытатын көне бұйымдарды топтастырды.

Экспозициядан табиғи теріден жасалған көне әйел белдігін, тері торсықты, киіз үйдің ішкі жабдығына арналған басқұрды, ат әбзелдерін, дәстүрлі әйел киімі мен баскиім үлгісін көруге болады. Бұлардың әрқайсысы – өткен тұрмыстың үнсіз куәгері. Мәселен, торсық көшпелі тіршілікке бейімделген халық тұрмысының тапқырлығын көрсетеді. Табиғи теріден жасалған ыдыс сусын сақтауға және ұзақ жолға алып жүруге қолайлы болған. Өрнектелген әйел белдігі халқымыздың тері өңдеу мен әшекей жасау өнерінің деңгейін аңғартса, басқұр қазақ әйелдерінің тоқымашылық шеберлігі мен көркемдік талғамынан сыр шертеді. Ал ат әбзелдері қазақтың жылқымен біте қайнасқан тіршілігін, көшпелі өмір салтын еске салады.

Бұл жәдігерлердің құндылығы олардың көнелігінде ғана емес. Олар арқылы бүгінгі ұрпақ бұрынғы қазақ әйелінің күнделікті өмірін, қол еңбегін, тұрмысты ұйымдастырудағы шеберлігін танып-біледі. Бір кездері әжелеріміздің күнделікті қажетіне жараған бұйымдар уақыт өте келе тарихи жадымыздың бір бөлшегіне айналып отыр. Музейдің міндеті – сол дүниелерді сақтап қана қоймай, олардың ар жағындағы өмірді сөйлету.

Домалақ ананың есімі оның бүгінге жеткен кесенесімен де сабақтас. Түркістан облысының Бәйдібек ауданындағы Домалақ ана кесенесі – халықтың анаға деген құрметінің айрықша белгісі. Ауызша тарихи деректерде Домалақ ана дүние салғаннан кейін немересі Дулат Бұхарадан Абдулла Шері есімді шеберді алдырып, әжесінің қабірінің үстіне күмбезді кесене тұрғызғаны айтылады. Кейінгі ғасырларда кесене бірнеше рет жөнделіп, қайта жаңғыртылды. Бүгінде бұл орын елдің әр түкпірінен адамдар арнайы іздеп баратын тарихи-рухани мекендердің біріне айналған.  «Анаға құрмет» музейіндегі Домалақ ана бұрышымен бірге тағы бір жаңашыл бастама қолға алынды. Музей экспозицияларына арнайы QR-код арқылы ақпарат беру жүйесін енгізу осы бұрыштан басталды. Енді келушілер QR-кодты смартфон арқылы сканерлеп, Домалақ ана туралы қажетті мәліметті қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде оқи алады. Алдағы уақытта бұл тәжірибені музейдің өзге экспозицияларына да енгізу көзделіп отыр.

Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған 2026 жылғы Цифрландыру және жасанды интеллект жылының мақсаттарымен үндеседі. Музей үшін цифрландыру – тек технологиялық жаңалық емес, тарихи мұраны келушіге барынша қолжетімді етудің жолы.

Домалақ ананың аналық парасаты мен өнегесі ғасырлардан асып, бізге жетті. Ендігі міндет – сол мұраны жас ұрпаққа тарихи таныммен, шежірелік дерекпен, музейлік жәдігермен сабақтастыра жеткізу. Өйткені ұлт тарихы тек хандар мен батырлардың, билер мен шешендердің ғұмырынан тұрмайды. Сол ұрпақты дүниеге әкеліп, тәрбиелеген, шаңырақтың шырағын өшірмей, салт пен дәстүрді, тәрбие мен тағылымды келесі буынға аманаттаған аналардың да өз шежіресі бар. «Анаға құрмет» музейіндегі сол шежіре Домалақ анадан бастау алды.

 

Аяжан ҚАЙРАТҚЫЗЫ,

 «Анаға құрмет» музейінің экскурсия 

жетекшісі

 

23.10.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 28803
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 28334
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 45628
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 41272
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 45945