Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов «Yildirim Holding» компаниясының басшылығымен кездесу өткізді. Басқосу барысында Сарысу ауданында кальцийленген сода өндіретін зауыттың іске асу барысы талқыланды.
Кездесуге «Yildirim Holding» компаниясының бас директоры Исмаил Джейлан, «Qazaq Soda» ЖШС директоры Рамазан Ибраимов және CAMCE (China CAMC Engineering Co., Ltd.) мен «SemArko» ЖШС өкілдері қатысты.
Кальцийленген сода өндіретін зауыттың жылдық жобалық қуаты 500 мың тоннаны құрайды десек, болашақта оның қуатын 1 миллион тоннаға дейін арттыру көзделуде.
Тараптар жобаны іске асыру мәселелерін және өзара тиімді ынтымақтастықтың жоспарлы әлеуетін саралады.
Түркиялық компания тыңайтқыш зауытын салуға ниетті
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов түркиялық «ALARKO HOLDING» компаниясының басшылық өкілдерін қабылдады.
Компанияның вице-президенті Шахин Аббас 1954 жылы негізі қаланған «Alarko Holding» компаниясы Түркияда орналасқан. Әртараптандырылған іскерлік мүдделері бар танымал, жетекші өнеркәсіптік және инвестициялық конгломерат екендігін атап өтті.
Компания құрылыс, энергетика, жылжымайтын мүлік, инфрақұрылым және өндіріс сияқты бірнеше салада жұмыс істеп келеді. Кездесу барысында тараптар суды тазарту, қалдықтарды қайта өңдеу және ауыл шаруашылығы салаларындағы жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру барысын талқылады.
Сондай-ақ, Жамбыл облысы сары фосфорға бай екендігін ескерген инвесторлар облыс аумағынан тыңайтқыш зауытын салуға мүдделі. Бұл жоба екі тарапқа да тиімді болмақ. Бұдан бөлек, түрік компаниясы ашық жердегі жылыжай кешендеріне, органикалық-минералды тыңайтқыштар өндіру және тұқым шаруашылығы кәсіпорындарына шамамен 650 миллион доллар инвестиция тартуға ниетті.
Облыс әкімі қазіргі таңда агроөнеркәсіп саласына мемлекеттік қолдау шаралары мол екендігін, жергілікті билік те өз тарапынан барлық қажетті жағдайларды ұсынуға және жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендігін баса айтты.
Аймақ басшысы жауаптыларға ұсынылған жобалардың мүмкіншілігі мен тиімділігін жан-жақты талдауға және компания басшыларымен бірге пысықтауды тапсырды.