Солтүстік Қазақстан: Тасқынның беті қайтар емес

Солтүстік   Қазақстан:   Тасқынның беті қайтар емес

 

Қызылжар өңірінің Ғ.Мүсірепов, Шал ақын, Есіл, Қызылжар аудандары мен облыс орталығын көктей өтетін Есіл өзені 2017 жылға қарағанда қатты тасыды.  

 

Есіліп Есіл ағатын, 

Толмайтын суға жаға тым.

 Бүгінде «мінез» көрсетіп, 

Тауысты көптің тағатын. 

 Толқыны тулап көрмеген,

 Жүзбеген сеңі өрменен. 

Арнадан асып топан су, 

Құлашын кеңге сермеген. 

 Жыр боп тұр содан Есілім,

Шайқалтып өңір бесігін.

Дария боп кетті бір сәтте

Өзгертіп өзен «есімін». 

 О шеті менен бұ шетін

Күн қайда шолып түсетін?! 

Есілдің суы саумал ед, 

Күбіде жайлап пісетін. 

 Алмадық бәрін байыптай, 

Үйшіктер қалқып қайықтай,

Дегбірді алып барады, 

Тасқын су  жайлап, жай ықпай... 

Толмайтын суға жаға тым, 

Болмаушы ед кінәм тағатын.

Бүгінде «мінез» шығарды, 

Ерке Есіл баяу ағатын... 

Су тасқынының 7 жыл бұрынғыдан қатты болатындығы алдын ала болжанып, қолдан келетін шаралардың барлығы жасалды. Үкімет басшысы Олжас Бектенов арнайы келіп, су тасқынына әзірлік мәселесімен арнайы танысты. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр күні бүгінге дейін облыс басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовпен бірге ұйымдастыру жұмыстарын тынымсыз атқаруда. Алайда Есілдің арнасынан асқан топан су  ырық берер емес.  

Су тасқыны басталғаннан бері 15 сәуірдегі жағдай бойынша Петропавл қаласында, Ғ. Мүсірепов, Шал ақын, Есіл, Қызылжар аудандарының елді мекендерінде 2083 жеке тұрғын үй мен 1115 аула аумағы су астында қалды. Осы кезеңде 10 345 адам құтқарылды және эвакуацияланды, оның ішінде 2 328 бала. Бүгінге дейін 44 адам үйіне оралды. Уақытша орналастыру пункттерінде 688 адам, оның ішінде 109 бала бар.  Қауіпсіз жерге 3 805 ауыл шаруашылығы жануарлары шығарылды. «Жедел желі» телефондарына 180 қоңырау келіп түсті, психологтар зардап шеккендерге шұғыл психологиялық көмек көрсетуде.

 Аэровизуалды тексеру және дрондарды пайдалану арқылы өзендер мен су қоймаларындағы су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізілуде. Су тасқыны салдарын жою, сондай-ақ су тасқынына қарсы іс-шаралар мен апаттық құтқару жұмыстарын жүргізу, еріген суларды айдау, инертті материалдар толтырылған қапшықтарды төсеу, арналарды, арық жүйелері жағалауларын нығайту жұмыстары, адамдарды қауіпсіз орындарға құлақтандыру және эвакуациялау жалғасуда.  Осы кезеңде 730 549 м3 су сорылды, бөгеттерді нығайту үшін 24 958 метр бөгеттер тұрғызылды, 8501 қап төселді.

Тәулік бойы апаттық құтқару жұмыстарына және су тасқынына қарсы іс-шараларға 4862 адам және 909 техника, 495 су айдау құралдары және 120 жүзу құралдары, ТЖМ, Қорғаныс министрлігінің, ІІМ-нің 3 әуе кемесі, жергілікті атқарушы органдар, ұйымдар, сондай-ақ Астана, Алматы қалалары, Түркістан, Қарағанды, Павлодар, Ұлытау облыстары мен ТЖД күштері мен құралдары жұмылдырылуда. 

Бірнеше күнде Есіл өзеніндегі су деңгейі төмендейді деп күтілуде. 

«Қазіргі уақытта апатты жою бойынша жұмыстар жүргізілуде, 15 сәуір күні  Петропавл қаласына ауызсу берілді. Әсіресе еріктілер көп көмек көрсетуде, ауызсу басқа қалалардан да әкелініп жатыр. Кей жерлерде техникалық су берілді. Петропавлда электр жарығы бар», –  деді ТЖД өкілі  Евгений Журавлев Республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте.

Оның айтуынша, жалпы облыстағы жағдай әлі де күрделі.

«Сергеев су қоймасы 159% толып, су бөгет шегінен 3 метр 10 см асты. Тәулік ішінде 40 см төмендеу байқалады. Әрине, бұл бір апта бұрынғы көрсеткіштерден айтарлықтай төмен, ол кезде тіркелген рекордтық көрсеткіш 4 метрден асқан еді. Бірнеше күнде Петропавл қаласында су азаяды деп күтілуде», – деді спикер.

Негізгі соққы Қызылжар ауданының Тепличное, Затон, Прибрежное кенттеріне келді, онда 513 үйді су басып, 2203 адам эвакуацияланды.

«Петропавл қаласының Былғары зауыты және Ойқала шағынаудандарында тәулік ішінде 1010 үйді су басты. Олардан 4552 адам эвакуацияланды, олардың 957-сі бала. Көшірілген адамдар облыс орталығының 3 орта мектебі мен колледждердің жатақханаларына және де басым бөлігі туыстарына орналастырылды», – дейді ТЖД өкілі.

 

 

Есіл өзенінің маңындағы елді мекендерден көшірілгендер облыс орталығы мен аудандардағы 19 эвакуация пункттерінде тұрып жатыр. 

Бүгінгі күні Қызылжар ауданының Ресей шекарасына жақын Соколовка, Вагулино, Долматово ауылдарынан да тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр.

P.S. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 16 сәуір күні Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс  сапарымен келіп, алғашқы қадамын Қызылжар ауданын, Петропавл қаласы аумағын, Сергеев су қоймасын тікұшақпен бақылаудан бастады. 

Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов Қызылжар өңірінде қалыптасып отырған жағдайларды нақты мысалдармен баяндады. Облыстың 6 ауданында төтенше жағдай жарияланған. Бұл күндері су басқан өңірлерде өмір сүруге қажетті инфрақұрылымдарды қалпына келтіру жұмыстары атқарылуда. Табиғи апаттың зардаптарын жою, залал шеккендердің материалдық шығындарын өтеу және бағалау бойынша комиссия жұмыс істеуде. Өңірдегі су тасқыны, әзірше шарықтау шегіне жете қойған жоқ. Таяу күндері Есіл өзенімен екінші толқын келеді деген қауіп бар. Оған барынша әзірлік жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

 (СҚО әкімдігінің баспасөз қызметі материалдары бойынша әзірленді)

 

НҰРСАЙЫН ШӘРІП
16.04.2024

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1164
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7213
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11076
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7277
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7424