Қазақта «Шынықсаң, шымыр боласың» деген даналық сөз бар. Бойға қуат, көңілге медеу сыйлайтын спорт-маңызды сала болып табылады. Аптаның жұмасында Жаңатас қаласындағы спорт кешенінде спорт түрлерінен аудандық спартакиада өткізілді.
Шараға аудан әкімі С.Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Ш.Мұсабеков, мекеме, бөлім басшылары мен қала және ауылдық округтердің спорт нұсқаушылары қатысты. Ашылу рәсімінде аудан басшысы құттықтау сөз сөйлеп, спартакиадаға қатысушыларға сәттілік тіледі.
-Біздің ауданымызда 5 спорт мектебі жұмыс істейді, оларда 84 жаттықтырушы 3 мыңға тарта баланы 20 спорт түрінен баулиды. Спорт мектептерінің жылдан-жылға материалдық-техни-калық базасы нығайып келеді. Ауданда 250 спорт нысаны тұрғындарға қолжетімді. Аудан тұрғындарының 39,5 пайызы спортпен жүйелі түрде шұғылданады.
Жыл басынан спортшыларымыз халықаралық, республикалық және облыстық турнирлерден 80 алтын, 87 күміс, 167 қола медальдарды иеленген. Биыл 5 елді мекенде, атап айтқанда, Жаңатас қаласы, Саудакент, Тоғызкент, Ә.Бүркітбаев, Өндіріс ауылдарында 54,8 млн. теңгеге футбол, волейбол және стрит-воркаут алаңшаларын орнату жос-парда бар.
Мұның барлығы түптеп келгенде дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылардың қатарын көбейтеді. Ал, спортқа жастайынан баулып, олардың жарыс аренасында жоғарғы жетістіктерге жетуіне жағдай жасайды. Байрақты жарыстарда туымыз биік, жеңісті күндеріміз көп болсын, — деді.
Одан кейін аудандық мәслихаттың төрағасы Шаттық Мұсабеков пен спорт саласының ардагері Төленбек Әсембеков барша мереке иелерін мерекелерімен құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді.
Шара барысында ауданымыздың спорт саласының дамуына өзіндік елеулі үлесін қосып, еңбекте үздік жетістіктерге жетіп жүрген бір топ азаматтар аудан әкімінің және аудандық мәслихаттың, «Аmanat» партиясы аудандық филиалының Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттармен марапатталды. Марапаттан соң спартакиада қатысушылары 6 командаға бөлініп, спорттың бірнеше түрінен, атап айтқанда қол күрес, қошқар көтеру, нысана көздеу (дартс), дойбы, футбол, арқан тартудан бақтарын сынады. Тартысты өткен сайыста командалық есепте 1 -орынды №26 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, 2 — орынды Жайылма ауылдық округі және 3 — орынды Тоғызкент ауылдық округі иеленді. Жеңімпаз командаларға ұйымдастырушылар тарапынан медальдар, дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Спортшыларға құрмет көрсетіліп, мәртебесі асырылып жатқан шаралар легі аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі С.Мамытовтың спорт саңлақтарын қабылдауымен жалғасын тапты. Спорт саласында жетістіктерге жетіп, ауданымыздың атын әлемге танытып жүрген жас спортшылармен кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Ш.Мұсабеков, спорт ардагері Ж.Кәрібозов және жеңімпаз жастар мен жаттықтырушылары қатысты. Айта кетейік, бүгінде спорт саңлақтарының жарқын жеңістері жасампаздыққа жол бастауда. Жыл сайын түрлі додаларда жеңіспен оралып, аудан мәртебесін асқақтатып жүр. Биыл жеті өреніміз Азия ойындарында топ жарып, жүлделі орындардан көрінді. Кездесу барысында аудан басшысы спортшыларға әрқашанда құрмет жоғары екенін айтып, айтулы мереке қарсаңында барша жеңімпаздарды жеңістерімен құттықтап, қаржылай сыйлық тапсырды. Сондай-ақ, аудан спортының дамуына өз үлесін қосқан, спорт саласының ардагері Ж.Кәрібозов жас спортшыларға ақ батасын берді. «Батаменен ел көгерер» демекші, ақсақалдың ақ батасы жастарға жалын сыйлайтыны анық.