Спорт саласына реформа керек

Спорт саласына реформа керек

Токио-2020 Олимпиада ойындары елдегі спорттың жай-күйі қандай дәрежеде екендігін айқын көрсетіп берді. 93 елдің ішінде 83 орынды еншілеген қазақстандық спортшылардың көрсеткен нәтижелері халықтың көңілін тоғайта алмады. Мұны ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та айырықша атап өтіп: «Олимпиада ойындарында өнер көрсетіп, медаль алған спортшыларға алғысым шексіз. Дегенмен нәтиже бюджеттен бөлінген шығынға сай келмейді», – деп шындықты тура айтып, спорт саласында жұмыс істейтін лауазымды тұлғаларға аталмыш сала бойынша жаңа реформалар жобасын дайындауға тапсырма берген-ді. Осы қамшылау ықпал етсе керек, отандық спорт саласында біраз іс-шара қолға алына бастағандай. Соның бірі – күрес түрлері бойынша федерация президентінің осымен үшінші рет ауыстырылуы. Алдымен осы саланы басқарған Сауат Мыңбаев қызметінен кетіп, оны Ерлан Қожасбай ауыстырса, енді  оның орнына атақты балуан Дәулет Тұрлыханов келді. ҚР Күрес федерациясының кезектен тыс конференциясында оның кандидатурасын аймақ өкілдері қолдаса, Ерлан өз кандидатурасын алып тастауды сұрады. Дәулет қазір Азия күрес федерациясының президенті, Біріккен әлемдік күрес бюросының мүшесі. Бірақ елдің Күрес федерациясын алғаш рет басқарғалы отыр. Сондай-ақ соңғы кезде атына үлкен сындар айтылған ауыр атлетика саласында да бас бапкерді ауыстыру бойынша жұмыстар басталып кетті. Федерацияның бас хатшысы Алдияр Нұралинов: «Токио Олимпиадасынан кейін елде ауыр атлетика саласы бойынша ерлер мен әйелдер ұлттық құрамаларына жекелеген бас бапкер тағайындау туралы шешім қабылданды. Бұған дейін командалар бір бапкердің қоластында жаттығатын. Құраманы ерлер және әйелдер командасы ретінде екіге бөлу өте пайдалы әрі ыңғайлы болады деп есептейміз. Өйткені екі команданың дайындық стилінде ерекшеліктер бар. Сондай-ақ команданы осылай екіге бөлу арқылы штаттағы бапкерлер мен спортшыларға бөлінетін орын санын көбейтеміз. Тағайындау Ташкенттегі әлемдік додадан кейін іске асырылады», – деп мәлімдеді. 

   Былтыр мемлекет басшысы Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» жолдауында балалар спортына ерекше мән берген. Осыдан кейін елде біраз өзгерістер орын алды. Соның бірі – спорт секцияларының жайы. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі: «Еліміз бойынша бүгіндері 135 850, оның ішінде 66 007 спорттық секция жұмыс істейді. Сонымен қатар, 2021 жылдың 1 мамырынан бастап мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс жүзеге асырылуда. Мемлекеттік тапсырыс аясында республика бойынша 4 жастан 17 жас аралығындағы 115 052 балалар мен жасөспірімдер спорт секцияларына тегін бара бастады. Қаржыландыру жергілікті бюджет есебінен қамтамасыз етілді. Мемлекеттік тапсырыстарды енгізу 4-17 жас аралығындағы 114 135 бала мен жасөспірімнің ақысыз негізде қосымша баруын, оның ішінде үйірмелермен – 34 353 адамды, секциялармен – 79 782 адамды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл секциялар балалар мен ата-аналар үшін тегін, мемлекет мемлекеттік спорт тапсырысы аясында секцияларды қамтамасыз ету шығындарын төлейді. Тегін спорт секцияларының басты мақсаты – балалардың спортқа қызығушылығын арттыру. Ал бала дарынды болған жағдайда ол ары қарай спорт мектебіне тегін түсуге жолдама алады», – дейді.  Десе де балаларды спортқа баулуға бөлінетін азғантай ақша мөлшері барлық балаларға бірдей жетпейді. Жергілікті әкімдіктер белгілі бір уақытта ғана бірен-сараң балаға үйірмелерге жазылуға мүмкіндік береді. Спорт мектептерінде кездесетен жемқорлық мәселелері тағы бар. Мемлекет қолдауына қарамастан, спорт саласындағы қиындықтар азаяр емес. Неге? Себебі Қазақстан спортқа жеңіл-желпі қарайды. Қайсыбір тұста спорт салаларын бір-бірінен алалау да бой көрсетіп қалады. Мәселен байрақты бәсекелерде құрама қоржынына медаль салатын дзюдо, күрес, ауыр атлетика, бокс сияқты спорт түрлеріне қаражат жеткілікті дәрежеде бөлінсе, жеңіл атлетика, су спорты, спорттық гимнастика сынды спорт түрлеріне ақша там-тұмдап қана бөлінеді. Соның салдарынан аталған спорт түрлері ақсап жатады. Мысалы Токио Олимпиадасында тәп-тәуір өнер көрсеткен, спорттық гимнастикадан болашағынан зор үміт күттіретін Милад Карими елде жаттығатын спорт алаңдарының тапшылығын айтып ренжіген еді. Оның сөзінің жаны бар, елде гимнастикадан жаттығатын спорт алаңдарының жетіспейтіндігі жасырудан қалған шындық. 

Қарапайым жанкүйерден бастап депутаттарға дейін сын тезіне ұшырап жататын спорттық ойын түрлері де жетерлік, соның бірі – аяқдоп. Депутаттар әкімдіктер ақшасын жалмап жатқан жергілікті футбол командаларын қаржыландыру тәжірибесінен бас тартуды талап етуде. Ол қаржы жергілікті футболшының шеберлігін шыңдауға жұмсалса бір жөн, бізде құмға сіңген судай құрып жатқан қаражаттың көбі сырттан келген легионерлерге жұмсалады. Олардан келер пайда шамалы, алаңда бас қарайтып жүрсе болғаны. Расында да халық қалаулыларының ренжитіндей де жөні бар. Соншама қомақты ақша жұмсап жатқаннан кейін, оның қайтарымы да болуы керек қой. Ал біздің клубтық командаларымыз алғашқы айналымда сүрініп жатса, ұлттық құрамамыз Франциядан 8:0 есебімен оңбай ұтылуды өздеріне ар санаған жоқ. Ал шетелдерде футбол клубтары кәсібилендірілген. Өздеріне қажетті ақшаны олар футбол атрибуттарын, спорт инвентарларын, әйгілі футболшылар киімдерін  жарнамалап, саудалаудан, жасы келіп қалғанмен, шеберлігі жоғары ойыншыларын басқа клубтарға сатудан айтарлықтай қомақты ақша түсіреді. Сол ақша клубтың резервін дайындауға, балалар спортын дамытуға жетіп артылады. Ал бізде қай спорт түрін алмаңыз, бәрі бюджеттік ақшаға қол жайып отырғандары. Біздегі спорттың бағын байлап жүрген тағы бір кесел – допинг. Бүгінгі таңда допингпен ұсталып, спорттан шеттетілген сполртшыларды спорттың барлық түрлерінен кездестіруге болады. Ондайлар әсіресе жеңіл және ауыр атлетикада, күрес түрлерінде, қысқы спорт түрлерінің бірқатарында жиі бой көрсетеді. Қазір бүкіләлемдік допингке қарсы агенттік (ВАДА) ережелерді де, оны бұзған спортшыларға қолданылатын жазаны да өте қатайтты. Соның салдарынан қайсыбір елдердің тұтас бір құрамалары ірі жарысқа қатысу құқығынан айырылған. Солардың арасында, өкінішке орай, Қазақстан спортшылары да бар. Көсемдерінен айырылған спортшылар серкесіз қалған қой отары сияқты, өздеріне деген сенімнен жұрдай. Соның дәлелін Қытайдағы қысқы Олимпиададан көріп жатсақ, оған таңдай қағып, таң қалудың еш реті жоқ. Дегенмен «үмітсіз сайтан» деген ғой, қазақ спортының көші түзеліп, алда спортшылардың жеңісіне аспанға алақайлап бөрік лақтыратын кезге куәгер болайық деп тілейік..

Ермек Сахариев
27.01.2022

Ұқсас жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ АЛУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ БҰЗЫЛМАУЫ ТИІС
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 26.11.2024 55
Таласқа ешкімнің таласы жоқ
Serik Salemov, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары - 26.11.2024 47
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 164
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 164
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 308
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 308
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 530
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 480

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9183
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8582
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11810
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9579
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10791