Су тасқыны қорғанысымыз бен қорғанышымыздың бетпердесін сыпырды

Су тасқыны қорғанысымыз бен  қорғанышымыздың бетпердесін сыпырды

Апатқа бөлінген миллиардтар қайда кетті?

 

«Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!». Бізде кадр саясаты дұрыс емес. Отыз жылдың ішінде  айналдырған жиырма адам биліктің бишігін ұрғылаумен жүрді. Сөгіс алып жатса да, қызметтерінен түспеді. Төтенше жағдайлар министрлігін (ТЖ) кім басқармады?! Елімізді талай рет су шайды. Жауапты шенеуніктер басқа салаға ауыса салады. Рахат! Ол жерді де көгертпесе, команданың мүшесі болғандықтан, Президентке адалдығы үшін жаңа асуларға «сапар» шеге береді. Ескі сүрлеуден әлі арыла алмай келеміз.   Бүгінгі  Президенттің кеңесшілері тәжірибесіз. Тәжірибелі адамдар үйлерінде отыр. Мысалы тәжірибелі, әлі тұғырдан түсе қоймаған, су шаруашылығының білгірі Ислам Әбіш,  Асқар Мырзахметов,  Ералы Тоғжанов, Оңдасын Оразалин, Дархан Мыңбай секілді (т.б.) азаматтар неге Президенттің қасына шоғырланбайды? «Ескі Қазақстандықтар» дейтін болса, Президент Тоқаев қайдан шықты?  Оның маңайындағылар аспаннан аяқтары салбырап түсіп пе?  Олай болса   оларды неге  командасына тартпайтынын айту керек! Кінәсі мен күнәсі болса, халықтың да біліп жүргені абзал. Айтсын! Не үшін?!

Резервтегі жастарға да сенім аз. Тәжірибе жоқ. «Болашақты» бітірген Бишімбаевтың түрі анау... Резервте де қаншама «Бишімбаевтар» жүргенін бір Алла біледі. Болашағымыз не болмақ бұлай жалғаса берсе? Біздің Үкіметтің ең осал тұсы – сынды көтере алмайды.  Ақорда да оңып тұрған жоқ. Ол жақта да күні үшін жүрген шенеуніктер жетерлік. Президентке обал. Оны алдаушылар көп. Өтірік мәлімет беретіндер де жетеді.  Бір ғана мысал:  көзі ашық біреу облысты, ауылды  сынаса, оны шөміштен қағады. Газетке жазса, тендерден айырылады. Қызметтен қуады. Сондықтан былықты көріп тұрса да, көргісі келмейтіндер баршылық. 

 Кеңес одағында сынға ерекше қарайтын, көк-қызыл қарындашпен міндетті түрде белгі соғып, үлкен кеңестерде талқылайтын.  Сынға көңіл бөлетін.  Соның арқасында кемшіліктер түзелетін, артық-кемі күзелетін.  Айыптылар, жазықтылар жазаланатын. Бізде керісінше ғой. Айыптылар, жазықтылар өсіп жатады. Істеген ісіне жауап бермейді. Рахат!

«Басқа елдің Ыбырайы – Ыбырай, біздің Ыбырай сұмырай» деп жылағың келеді кейде. Отыз жыл бойы рухы сынып, төзімі бор болған, өзі әбден қор болған елміз ғой. Шер-ағам (Шерхан Мұртаза)  айтқандай «алтын сандықтың үстінде жалаңбұт отырған жұртпыз». Өз байлығы өзіне бұйырмаған ел екеніміз ащы шындық!

Су тасқыны қазақ жерінің елді мекендерін, ауыл түгілі қалаларын жайпап өтті. Арыны қатты! Ешкімді аяйтын емес. Бұған  кім кінәлі? Кімді жазалаймыз? Бұл сұрақ әлі алдымыздан талай шығары анық. Менің пайымдауымша, әбден тойынған біздер маман дайындауды естен шығардық. Су қоймалары 40-50 жылдан бері жөндеуден қалған, каналдар тазаланбаған, су қоймалары аңғал-саңғал.  Топан су түгілі, жай тобықтан жауған қардың  суына дайын болмай шықтық! Нағыз маман, су шаруашылығының білгірі Ислам Әбіш еді. Ол кісіні «судың тілін білетін Сүлеймендігі» үшін алдымен темір торға тоғытып, сосын мемқызметке жолатпай сорлап  отырмыз.

Жұмыста жүйе жоқ, маман жоқ. Сондықтан жыл сайын тасқынның зардабын тартып отырмыз. Әріге бармай-ақ қояйын, шығыстағы көршіміз Қытайда Су шаруашылығы министрлігіне тікелей бағынатын Жобалау институты бар. Су шаруашылығын өте терең білетін мамандар бірлескен комиссияның құрамында, сарапшылар тобында тұрақты жұмыс істейді. Ал бізде сала түгілі, «Су жайында не білесің?» деген сауалға жауап бере алмайтын адамдар Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитетінде, құзырлы министрлікте жұмыс істеп жүр. Бұдан кейін не айтамыз? Кімге өкпелейміз? Менің айтқым келгені, бұлай жалғастыра беруге болмайды, не нәрсенің де шегі бар. Алдағы уақытта бөгеттерді көтеріп, каналдарды тазартып, мемлекетке өткізу керек! Бір кезде тамыр-таныстықпен жекеменшікке сатылып кеткен дүниелер, маңызды стратегиялық аймақтар қайтарылсын! Әйтпесе сорақылық жалғаса бермек. 

Президентіміз Қ. Тоқаев Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігін ашқаны өте орынды шешім болды. Ашылғанына бір жыл да толмаған министрге, жаңадан келген әкімдерге сөгіс берді. Бізде әдетке айналған олар әрі қарай  жылы жерге жайғасады немесе жұмыссыз қалмайды (бізде солай). Сондықтан қателерін түсініп, тәжірибе жинамайды. Халықтың пікірі  бойынша, оларды орындарынан алып тастау оңай, бірақ орындарын ауыстыра бермей, олардың жұмыс істеуіне  мүмкіншілік беру керек.

Ал тасқынға ұшыраған халыққа Президент те,  Үкімет басшысы да уәдені үйіп-төгуде. Баяғы көрініс! Баяғы көп сөз болып кетпесе екен!  Жапа шеккен, қиындық көрген халыққа бөлініп жатқан қаржыларға ортадан қолдарын сұғатындар табылса, не істемекпіз. Оларды қалай анықтаймыз? Зар еңіреген, өздері әбден қиналған, қажыған халық бұған шыдай ма? Президенттің арқасынан қанжар сұғатындар табылып жатса, таңданбай-ақ қойыңыз. Үкіметті өтірік алдап, жарға соғатындар да қара көрсететіні сөзсіз. Өйткені халық пен биліктің арасы ажырағалы қашан! Ел Президенті жағдайды реттемесе, су мәселесінде кінәлілерді халық алдында жазаламаса, өзіне қиын. Онсызда қалт-құлт етіп отырған сенімін жоғалтады. Оның арты жақсылыққа апармасы белгілі.  Жазалану керек  Алланың 99 атының бірі – халықтың алдында, ар алдында кінәлі өз басының қамын ойлағандарды аямау керек. Қатаң жаза болмағандықтан да сабақ болмай жатқаны...

Елді көп аралаймын, халықтың көпшілігінің пікірінше, алдағы уақытта депутаттардың ролін арттыру қажет. Ол үшін әділ сайлау, халық таңдауы түскен адамдар Мәжіліске, Мәслихатқа, Сенатқа келуі керек. Партиялық сайлауды емес, мажоритарлық сайлаудың бәсін арттыру заман талабы. Халықтың сұранысы. Бұл да ел Президентінің алдағы күндері шешіп алатын шаруасының бірі. 

Жан-жағы судан,  аралдардан тұратын Жапония суға батпайды, су құрсауындағы Нидерландыны су алмайды, себебі олар судың ортасында отырғандықтан, озық технологиямен жұмыс істейді. Ал біздің орналасқан аймағымыз шөл-шөлейт жер саналады. Бірақ  жылда суға батады,  ал биылғысы өзгеше. Біздің Үкіметте жүйе жоқ. Нақты бағыт-бағдар жоқ.  Қай сала болса да осы кеп.  Себебі жолы анау ойқы-шоқы, орманы анау –  қорғауы кемшін,  ауылдары анау – үдере көшкен жастары кетіп қаңыраған. Тау-тасы мен қазба байлыққа толы даласы анау – аңыраған!   Себебі бәрі сатылған, бала сатылған, жер анаң сатылған, жердің үсті мен астының қазынасы сатылған. Керек десеңіз, подстанция мен энергия сатылған! Тарифті жекеменшік иелері қойып, үй ішінен үй тігіп, құтырған! Шыққыр көзіміз бәрін көріп жүр. Бәрі де жемқорлықтың салдары.    Сатылмаған не қалды бабадан қалған даламда! Ауыл мен қаламда! Шенеуніктер анау есіріп шетелді шайқаған! Елдің қазынасын тонап айтқан ән! Ар-ұятта сатылған заманда ештеңеге таңғалмайтын болдық қой, ағайын!

Ақын Исрайл Сапарбаевтың «Жалмауыз» деген өлеңі бар. Бүгінгі күннің тынысы мен ірі ісі сонда жақсы бейнеленген.  Өйткені күніге ұсталуда жалмауыздар, тойымсыздар! Міне, іріген, шіріген  жүйе! Арды аттаған билік!

 

 

 

ПРЕЗИДЕНТ ҮНДЕУІ МӘСЕЛЕНІҢ КҮРМЕУІН ШЕШЕ МЕ?

 

Қазір Қазақстанды ғана емес, әлемді топан су басу қаупі күшеюде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елге үндеу жариялады. Тыңдап отырып, жүрегім езілді. Көзімнен жас төгілді. Бұл не деген бітпейтін сынақ? Бәлкім Президент ойлануы керек шығар неге бұлай болып жатыр деп...

«Құрметті отандастар!

Бүгін мен еліміздің азаматтарына арнайы үндеуімді жолдап отырмын. Баршаңызға белгілі, қазір елімізде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Қардың күрт еруіне байланысты аймақтарда су тасқыны болып жатыр. Бұл – табиғи апат. Мұндай ахуал ұзақ жылдан бері болмаған. Бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат деуге болады.

Су тасқынына байланысты еліміздің он аймағында төтенше жағдай жарияланды, яғни Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында.

Атқарушы органдар жіберген олқылықтарды түзеу үшін мен шұғыл түрде нақты тапсырмаларды бердім. Қазір барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Үкімет қарғын судың салдарын жоюға бар күшін салуда.

Премьер-министрдің басшылығымен Республикалық штаб құрылды. Премьер-министрдің өзі, оның орынбасарлары және Төтенше жағдайлар министрі апат болған аймақтарды аралап жүр. Барлық құтқару жұмыстары менің тікелей бақылауымда.

Су тасқынымен күресуге Төтенше жағдайлар министрлігінің барлық ресурсы тартылды. Сондай-ақ құтқару жұмыстарына Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан, Қарулы Күштер және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары белсене атсалысып жатыр. Зардап шеккен аймақтардың әкімдіктері күндіз-түні жұмыс істеуде. Ондаған мың волонтер де көмектесіп жүр.

Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы – азаматтардың амандығы.

Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі.

Біз алапат су тасқынынан тиісті қорытынды шығаруымыз керек. Яғни, жіберілген олқылықтарды түзетіп, тиісті сабақ алуымыз қажет. Ал ондай сабақтар аз емес.

Апаттардың алдын алу жұмысындағы кемшіліктен бастап, су шаруашылығы мамандарының тапшы болуы, табиғатқа немқұрайлы қарауға дейін көп мәселені реттеу қажет. Үкімет және жергілікті атқарушы органдар су тасқынымен күресті тиімді үйлестіріп отыруға тиіс. Су басқан аумақтарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету қажет.

Менің бұйрығыммен апатқа қарсы күреске Қорғаныс министрлігі қосымша әскери күштерін жолдайды. Халыққа көмектесу үшін Үкіметке мемлекеттік материалдық резервті пайдалануды тапсырамын. Сондай-ақ Үкімет шығындарды өтеудің тиімді жолдарын шұғыл қарастыруға тиіс. Оны зардап шеккен азаматтарға жан-жақты түсіндіру керек. Берілетін өтемақы шығынды толық жабуы қажет.

Жағдайы неғұрлым күрделі аймақтардағы жұмысты үйлестіру үшін Үкімет басшысының орынбасарларына аймақтарға шығуды тапсырамын. Олар ахуал түзелгенше сол жерде болады. Ақпараттық штаб азаматтарды мемлекет қабылдап жатқан барлық шаралар жөнінде үздіксіз және жан-жақты хабардар етіп отыруға тиіс.

Бұқаралық ақпарат құралдарына, белсенді азаматтарға және блогерлерге айтарым, жұртты дүрбелеңге салатын жалған ақпараттарды таратпау қажет. Қазіргі уақытта билік пен қоғамды ұйыстыратын әрекеттер жасау аса маңызды. Азаматтарды тек қана ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырамын.

Құтқарушыларға, тәртіп сақшыларына, волонтерлерге және апатпен күресуге атсалысып жатқан барша жұртқа алғысымды айтамын. Осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару айрықша маңызды. Бір ел, бір халық болып жұмылып, бұл апатты еңсереміз. Бұл біздің қолымыздан келеді», – деді Президент. Президентіміз өте дұрыс айтып отыр! Болар іс болды ғой, енді қайталанбаудың алдын алу қажет. Халықтың күші бірлікте! Осындай қиын-қыстауда ел болып бірігіп, артық сөздерден аулақ, бір-бірімізге қол ұшын созғанымыз дұрыс.

«Даламды су келіп басса да, елімді жау келіп баспасын..!» – деп дұға етуде халық. Алдыңғы күні Қостанай мен Ұлытауда, кеше Орал мен Атырауда сел қаптады. Су тасыды. Халық өз күшімен топан суға қарсы шықты. Билікке арқа сүйеп отырмады. Қорғанды, қарсыласты. Табиғи апатқа шамалары келгенше бой бермеді. Үйлері қираса да, көңілдері қирамады. Малдары қырылса да, ар-ұяттары қалғымады. Тек билікке деген сенімге селкеу түскені анық. «Қорғаушым бар, ол – Отан» дейтін жүрек, біраз дүңкілдеп соққаны рас...      

Су басқан аймақтарға төтенше жағдайдан  кейін ғана жетті. Үнемі кешігіп жүреді біздің билік...

 Менің айтқым келетіні: Мұндай жағдай бұрын да болған, қазір де болады, болашақта да болуы мүмкін... Тек, дұрыс ғылыми зерттеу мен жүйелі бақылау һәм нақты болжау керек. Әйтпесе жағдай қиындай бермек.  «Дәл қазір бізге бірлік өте қажет. Бұ жағы саналы әрбір адамға түсінікті. «Анау жазықты, мынау айыпты» деп жазғырудан түк шықпайды. Бүйте берсек, «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады». Бірақ, мынаны түсіндіріп беретін адам бар ма? Бұл менің емес, көптің сауалы. Алғашқы қарғын су жүрген уақыт пен Қостанай, Ақтөбе, Ұлытау т.б.  өңірлерді,  Құлсарыны су басқан уақыт аралығы бір жеті. Сонда жергілікті билік, төтенше жағдайлар мамандары алдын ала зерделеу жұмыстарын жүргізбей ме? Бірінші су басқанда-ақ  барлық өңір, қала, аудан, ауылға дабыл белгісі емес пе? Қызыл су үйдің іргесіне келгенше неге, нені, кімді күтіп отырады осылар?

Ашық айтқанда, көп жерлердегі қарғын судың алдын алуға болатын еді ғой... Оған Алла Тағала да мүмкіндік беріп отырды емес пе? Сонда бүгінгідей шығын болмас еді-ау. Әрине, енді дәл қазір бірлік танытып, жағдайды түзеу керек. Қарғын судың астында қалған қазағыма оңай болып жатқан жоқ. Ел болып көмектесу керек. Тағы айтамын, кейін кінәлілерді де жазалау қажет. Түрмеге қамау керек. Ауыр жаза тартуы керек.  Әйтпесе, кейін сабақ алмайды. Тағы да су басады. Қайталана бермек. 

Тасқын судың екінші толқыны – өзендердің тасуы келе жатыр деген дабыл тағы бар. Құдай бетін әрмен қылсын!

 

 

СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МАМАНДАРЫНЫҢ АЙЛЫҒЫ НЕГЕ АЗ?

 

Елдің басына күн туған осындай апалас-төпелес уақытта Президент Тоқаевтың халыққа үндеу жариялауының маңызы зор. Президент топан су астында қалған жұрттың елеусіз қалмайтынын, зардап шеккен халыққа барлық жәрдем жасалатынын, орасан зор шығындарды өтеу үшін Үкіметтің резервтегі қаржы қоры ашылатынын айтты. Халықты қиындықтан бірге шығуға шақырды. Ел басына күн туған алмағайып заманда, халық ашынып, қиналып жатқан кезеңде елді арандатып жатқандар да әлеуметтік желі беттерінде көрініп қалып жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаттары Қазбек Иса, Ермұрат Бапи ФБ желісінде жақсы жазба қалдырды. Дұрыс айтып отыр. Бізге ынтымақ пен бірлік керек.

 «Міне, дәл осы қиын-қыстау кезде шырқыраған халықпен бірге жүрген жергілікті билікке, өңірлерге үдере көшкен Үкіметке, тасқынға байланысты барлық жағдайды бақылауында ұстап отырған Тоқаевқа қарсы әлдекімдер әлдене деп жатыр. Бір жақтастарым маған жіберген бір видеода кадр сыртында (түрін көрсетпеуіне қарағанда, тасқынды пайдаланып, ел ішіне іріткі салуды көздеген) зарлаған бір әйелдің: «Осындай жағдайда Тоқаев неге кетпейді?» деп жер тепкілеген долы дауысы естіледі. Көкем-ау, 

1) Елдің көпшілік аумағына төнген осындай қысталаң кезде, онсыз да омбығып тұрған жағдайға саясатты тықпалап, апаттан аңырап отырған халықтың «шабына ши жүгірту» түйсігі бар адамның қылығы ма, 

2) Бұл абдырап отырған елді теңселту, қоғамдық тұрақсыздық тудыру арқылы халықтың бірлігіне жік салудың әрекеті емес пе?

Бұл – саяси есебін түгендеп, өзі тасада отырып, қоғамды қарсылық акциясына айдап салудың амалы. Сол зұлым видеоны менің назарыма ұсынып, қаперіме ой салған досыма мынадай смс жазып жібердім: «Бұл –  санасыз қатынның сөзі. Сонда бұның сөзіне қарағанда, Тоқаев кетуі керек екен. Есті адамның санасына сыймайтын сөз! Мына топан су қаптаған заманда, бірер бетпақтың заржақ сөзін желілерге тарату – 

3) өз халқыңа қастандық жасаумен бірдей. Кім не десе, о десін: қысталаң шақта халық арасына лаң салу – барып тұрған қылмыс!

4) Ал ол қатындікі жөн делік, бүгін Тоқаев кете қалсын: сонда халық тасқынның зардаптарымен күресе ме, жоқ әлде толарсақтан лай кешіп, кеткен Президенттің орнына  сайлау өткізумен айналыса ма? Неткен топас түсінік?! 

5) Осы топастықты таратып, әлеуметтік желілерге «жел үрлеп» отырған адамдардың халыққа қылмақ қиянаты одан да зор емес пе!».

Иә, халайық, ел басына сын сағаты туды. Тасқын судың астында үйсіз-күйсіз қалған, жиған-тергенінен, мал-жанынан айырылған халықтың қасіретін ауызбен айту ғана оңай. Ал табиғат апатының шығындарын өтеу  елдің онысыз да шытынап тұрған бюджетіне өте ауыр салмақ болмақ. Әйтеуір, абырой болғанда, басымыз бүтін, апаттан адам шығыны жоқ. (Тасқын болғасын, табиғи апат орын алған жерде адам шығыны болмауы мүмкін емес. Сондықтан апаттан адам шығын жоқ деп айта алмаймын. Болады).  Бұл бәріміздің – қара халықтың да, биліктің де басына түскен сын боп тұр. Бұдан адами  һәм азаматтық абыроймен шыға аламыз! Шығамыз! Тек мұндай сын сағатта «жаға жыртысуға», ырықсыз ырың-жырыңға, керексіз кикілжіңге жол бермейтін бірлік керек!

 Ел ертеңі үшін, тіземізден тұрып кету үшін бірге болайық, ағайын! Бұл біздің елдігімізге сын болатын өте жауапты сәт! Қашанда ойымды ашық айтып, не нәрсеге де бұра тартпай, жан-жақты қарайтын басым, бұл жолы да  әділдік салтанат құруы үшін,  депутаттың жазбасының астына Кенже Жанбуршина ханымның қалдырған пікірін де ұсынып отырмын. «Ермұрат Бапи аға, Сізді ұлт мүддесі үшін қызмет жасауда деп сыйлаймын. Халық соншалық қатігез емес, уайымдамаңыз. Билікке таласқан өз жаулары болмаса, әдейі ұйымдастыратын. Батысқа бас бұрып қарасаңыз, суда қалса да, ешбірі Президент кетсін демеді. Керісінше бір-біріне көмек беріп мал кетсе де, жан кетпесін, Үкімет өлтірмес деп сабырмен отыр, жан сауғалап. Басқа қалалар халықтан жылу жинап көмек жіберуде. Бәріміз елдің тыныштығын, бірлігі мен Батыс халқының бас амандығын тілеп отырмыз. Бір қатын айтты деп, арнайы пост арнап о несі-ей?!

Жалпы қанша депутат бар? Ең болмаса 3/1 Батысқа барды ма? Қазір белсенді жүрген Абзал Құспан, Ерлан Сайыров, Нартай Аралбай, Мақсат Толықбай, Еділ Жаңбыршин тағы бір жылу апарған депутат бар, парақшамда тұр. Халық ол үшін бұл депутаттарға рақметін айтуда. Басқа партия қайда? Осы жылы сөзді халықтың ортасына барып айтсаңыздар, көкіректеріңізден теппес. Иә, қазақ халқы қашанда кешірімді және бірлікте, уайымдамаңыздар», – депті. Бұл да көпшіліктің сөзі деп түсініңіздер. 

Кенже ханымның пікіріне талас жоқ. Дегенмен депутаттардың көпшілігі белсенді араласуда. Су тасқынынан халық күйзелуде. Бай-бағыланның ештеңесі де кеткен жоқ. Кетпейді де. Қай заманда да  ел басына күн туғанда, қиындық келгенде қара халық зардап шеккен. 

Естіп жатырмыз, Үкімет халықтың несиесін үш айға дейін шегеруге шешім қабылдапты. Неге үш ай? Ел есін жинап алғанша (Мысалы алты ай, бір жыл емес) қарайласуға болмас па?  Неге отбасылық жағдайға қарамаған? Халықтың өзі ала-құла ғой. Орташасы, одан да төмені бар дегендей.  Үйі құлап, малы қырылған ағайын үш айда жыртығын жамап, оңалып кетуі неғайбіл. Мемлекет көмек берсе, осыларды ескеруі тиіс еді. Халықтың мемлекеттен басқа арқа сүйері жоқ. Банктердің бәрі де жекеменшік. Оларға Үкіметтен басқа ешкімнің сөзі өтпейді. Олар түгіл «Естиді деген Үкіметтің өзі халықтың мұңы мен зарын» естігісі келмейді. Осыдан барып халық пен биліктің арасы алшақ.  

Қазақ не көрмеді? Аштық көрді, тарыдай шашылып, тау мен тас та сүйектері қалды;  оқыған ұл мен қызы репрессияда  қынадай қырылды;  Ұлы Отан соғысы өзі қажыған қазақты тұралатып, қыршын жастарын жер жастандырды; Отар болды, отқа түсті; Кеңестің қол астында 70 жыл жетім баладай күй кешті; Желтоқсанда шерленіп шерменде күйге түсті. Тәуелсіздік таңы атқанда қазақ мәз болып шаттанды; Өз қолым өз аузыма жетті деп мақтанды; тілім оралады, күйім оңалады деп  күн батырды; Өзімнен шыққан ерлер ел басқарады, төрт құбылам теңеседі деп қуанды; Отыз жылдан астам уақытта қазақ жетілмеді, қуарды! Көз жасы көл болып уанды! Қазынасы тоналды, кредитке байланды!  Жемқорлықты көріп, екі жағы суалды. Соңғы жылдары көргені жарылған қару-жарақ базасы, тасыған өзен мен табиғаттың азасы, сөйтіп қазақтың кетіп тұр мазасы!

Су шаруашылығының бір маманымен тілдестім. Оның айтуынша, кейбір өңірлердегі  судан қорғайтын дамбаларды, сай-салаларды әпербақан шенеуніктер құммен жауып бітеп тастапты. Не ойлағандарын ешкім білмейді. Егістікке айналдырғылары келді ме? Әлде басқа ойлары болды ма? Оның айтуынша, су шаруашылығының мамандары зейнетке кетіп жатыр, жастар жоқ. Сондықтан тәжірибелі мамандарды зейнетке жібермей, жастарды оқытуға, тәжірибелерін бөлісуге жағдай жасаған жөн.

Бұған менің қосарым – қала түгілі, ауыл көшелерінде арықтар болуы тиіс. Олар көктеммен күзде тазартылып отырса, еріген қардың еркін ағуына себесін. Су шаруашылығы мамандарының айлығы тіпті күлкілі: 85 мың мен 130 мыңның аралығы. Осындай айлықпен жас мамандардан сапалы жұмыс талап ету мүмкін бе? Үкімет осы жағын да ойлануы керек. Ақшаны үнемдеймін деп, қаншама шығынға батып жатыр. 

 

 

НИЕТ ПЕН ПЕЙІЛ БҰЗЫЛҒАН ЖЕРДЕН БЕРЕКЕ ҚАШАДЫ

 

Әнші Жұбаныш Жексенұлы елде болып жатқан жағдайға пікір білдіріпті. Өнер иесі көпшілікті пиғылды түзеуге шақырған екен.  «Елімізде қанша шаңырақ үйсіз қалды, қанша елдің үйін су алды. Одан да басқа қиын жағдайлар болып жатыр. Елімізде болып жатқан қиын жағдайға байланысты менің ойым: бір-біріміздің көңілімізді қалдыру, ренжіту, пейілдің тарылуы, пиғылдың жаман болуы табиғи апаттарға әкеледі. Менің ойымша емес, солай естігенмін. Тезірек мінезімізді, пиғылымызды, сөзімізді, ойымызды, көзқарасымызды, іс-әрекетімізді түзейік. 

Елдің басына музыка тыңдайтындай, аспанымызда ән қалықтайтындай жағдайға тезірек жетсек екен деп тілеймін. Құдай бізге сабыр берсін, жеңілдік берсін. Аман болайық!» – депті Жұбаныш Жексен.  Ал желі қолданушылары әншінің бұл пікіріне қарсы шығып, жарыса пікір жазды.  «Қателестің», «Жылдап баққан малы суға кеткен ауыл адамы сіздің пікіріңізбен келіседі деп ойламаймын», «Пейіл жайлы әңгіме айтпай, адамдарға көмек қолын созса болатын еді ғой», «Ол да бар шығар. Алайда бұл – биліктегілердің кінәсі», «Су тасуына пейілдің қатысы жоқ. Бұл бірнеше рет қайталанған жағдай», «Көктемде қар ериді, дайын болу керек еді», «Аспаннан жауған апат емес» деп. Оқып отырып, адамдарға қайран қалдым. Осыншама агрессия қайдан шығып жатыр? Қазақта «О, Құдай, байлығымды алсаң да, пейілімді алма» деген ұлағатты сөз барын қалай ұмыттық? Бұдан халқымыздың ниет-пейілді барлық құндылықтан жоғары қоятынын аңғару қиын емес. Ниеті оң, пейілі түзудің ісінде береке болады. Дүние-байлық, материалдық құндылық пейілдің жанында түк те емес. Пиғылың бұзылса, пейілің ортайса, жиған-тергеніңде мән-мағына қалмайды. Бірақ мұны ескеретіндер аз. Адами құндылықтардың бірі ретінде адалдықты таңдау халықтық салт-сана, Ата Заң мен моральдық-этикалық нормалар аясында өмір сүруге, еңбек етуге бағыттайды. Алайда қоғамдағы басқалардың тарапынан туындап жататын келеңсіз көрініс, талайлардың бейәдеп қылықтарға барып, ортақ мүддені жеке бастың қамынан төмен қойып, пасықтыққа баруы дұрыс бағыт ұстанғандардың көңілін бұзып, кері тартып, олардың ақ жолдан таюына азғыратыны қынжылтады. Шынайы пейілмен жүргендерді «қолынан келген соң, қонышынан басатындар» кесірінен «шөміштен қағылуы», қызметте еленбеуі, қоғамда біліміне, қабілетіне сай орнын таба алмауы ойландырмай қоймайды. 

 Осы орайда қиналған жұртпен бірге жүрген Әділет Орынбасаров атты азаматтың пікіріне құлақ салайық.  «Мен бір-ақ нәрсені ұқпай далмын. Неше күн бойы осы сауалдар санамнан кетпейді. Жұмыс бабымен эвакуациялық пунктерде жиі боламын. Барған сайын әр адаммен сөйлесіп, жан-дүниесіне үңілгім келеді. Пунктерде жағдай біркелкі. Жатын орын, тамақ – бәрі ұйымдастырылған. Әрине, өз үйіңе жетері жоқ.  Бірақ адамдардың іс-әрекеттері... Болған жағдайдан шок алған дейін десең, Теректіде осыдан бір аптадағыдай дүрбелең жоқ. Алайда эвапунктердегі адамдарда бір-біріне деген жанашырлық жоқтың қасы.  Бір адам жастық таба алмай сенделіп жүр. Бір ағам төрт (!) жастық салып алған басына. Бір апайға көрпесіне тыс керек. Бір апай қос-қостан алып, қалғанын үйіме әкетем дейді. Бір тұрғын берілген шай мен майға «Шүкір» дейді. Мың адам «Бізге банан мен алма беріңдер» деп айқай салып жүр. Қырқысқан, тартысқан адамдар. «Сен тимесең, мен тиме» деп қырын қарап жатқан қарттар. Байқағаным, «Тәйт» дейтін ақсақал қалмай барады. Мүмкін осы сөзім үшін мені сөгесіздер. Қазір сөгу трендте ғой... Бұрын бір ақсақал «Тәйт, жаман ырым бастамаңдар!» деген бір ауыз сөзімен бір елді жөнге салып, мыңдаған отбасыны ажырасу мен жүздеген ағайынды бет жыртысудан сақтап қалған еді ғой. Сол заман келмеске кетті ме? Бұл өзі қай заман?! Әлде бұл ниеттен бе? Мүмкін бұл залал біздің ниетімізге байланысты беріліп жатыр деп ойламайсыздар ма?» – депті. Ойланатын мәселе, ағайын!

Иә, бұл да бір сынақ... Бәлкім жемқорлық салдарынан болып жатқан шығар. Тексеру жүргізілер, кінәлілер анықталар, жазаланар. Бұндай үлкен табиғи апат соңғы 80 жылда болмаған деп жатыр ғой. Шынымен де солай шығар. Өйткені қазір дүние жүзінде әртүрлі табиғи апаттар болып жатыр. Бүкіл әлемге оңай болып тұрған жоқ... Ел болып бұны да еңсерерміз! Бірлік, ынтымақ бар жерде береке де болады. Жұдырықтай жұмылайық. Дұға жасайық, қаржылай да, қолмен де көмек көрсетейік. Азаматтығымыз, мұсылманшылығымыз сынға түсіп жатқан уақытта аянып қалмайық, ағайын! Алла жар болсын дегім келеді қиналған ағайынға!

Қарап отырсам, халықтың жағдайы мен билікке сенімі сөнгендей көрінеді. Арыстағы жарылыс кезінде халық қалтасынан 5-10 000 тг беріп, асарлатып көмектескен еді. Қазір нан табудың өзі өте қиын. Қымбатшылық, ақша қатты құнсызданып кетті. Осыдан 5-6 жыл бұрын көпшіліктің Каспий депозитінде 50-60 000 тг артық жүретін, қазір 5000-6000 тг де жоқ.  Бұл бірді-екілі ғана емес, халықтың басым бөлігіндегі жағдай. Біз тек тамаққа тіршілік етіп жатырмыз қазір. Ипотекаға үй алып, астына несиеге машина алып жүргендер көп.  Бірақ жіліктеп ет сатып алып жатқандарын көрген емеспін. Табады, ипотека, кредит төлейді, болды. Тіпті емделуге, дәріге де ақшасы болмайтындар миллион біздің елде. Дүкенде күніге 10-15 тг қосылып жатыр. Күннен-күнге артқа кетіп жатырмыз...

Иә, қазір жалған ақпарат таратып, халықты дүрбелеңге салмау керек.  Әлеуметтік желідегі ағайын,  тәубаға келейік.  Мейіріммен қарайық бәріне. Төзімділікпен қарайық бұл сынаққа.  Арандатпайық. Қиналған халықты алаңдатпайық. Жақсы сөз сөйлейік. Жақсы сөз жарым ырыс екенін естен шығармайық.   Бір ауыз жылы сөздің қаншама қуат көзі бар.  Елмен бірге болайық. Қызылсумен алысқан, қар суымен қырқысқан, алапат тасқынмен жағаласқан  азаматтарымыз аман болсын! Олар бүгінгі күннің батырлары. Халқым жұдырықтай жұмылып, көмегін аямай, бірлігі мен ынтымағын көрсетіп жатыр.

Ызғары бойды қарыған тастай судан денсаулықтарына зиян келіп, сырқаттанып жатқан адамдар қаншама. Ел қорғау жолында толарсақтан саз кешіп жүрген белсенді азаматтарға Алла Тағала күш-қуат бергей!    

 

«ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН» АУЫЛЫНА ЖЕТУ АРМАН БОЛЫП ТҰР 

 

ТҮЙІН: Қанша жанталаса қимылдап жатса да, су басқан аймақтарға Үкіметтің жеткілікті қам жасай алмағаны көзге ұрып тұр. Жылда қайталанатын шаруа ғой. Неге сабақ алмайды? Жауған қар мөлшері, еритін су көлемі, метеорологтардың есептеулері, жердің топографиялық картасы қолдарында тұр ғой, жаным-ау. Алдын ала бәрін ойластыруға болатын еді. Қам-қарекет жасап, судың алдын алуға, қорғануға мүмкіндіктері де жететін еді.  Бұл жерде табиғаттың да, халықтың да кінәсі жоқ, биліктің кінәсі көп! ТЖ жауапты адамдардың, бірінші басшылардың қалтасынан қаққанда ғана қимылдайды олар! Әйтпесе «күл болмасаң, бүл бол» дейтін шенеуніктер арамызда әлі жүр. Олардың келешекте моралдық тұрғыдан ел басқаруға құқықтары жоқ. «Неге бұлай болды?» деген сауалға  ел алдында   жауап беруге  ғана құқықтары бар. Қиналған шақта кімнің дос, кімнің бос екеніне көзің жетеді. «Қырғыз-қазақ бір туған» деп бабалар бекер айтпапты. Бауырмалдықтарын көрсетіп жатыр. Көмек қолын созып жатыр. Алла Тағала разы болғай оларға! Қырғыз Республикасының тасқыннан зардап шеккен қазақстандықтарға жөнелткен гуманитарлық көмек керуені  (15 жүк көлігі) төрт бағытты – Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарын бетке алған. Жәрдем керуеніне Қырғыз Республикасының Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Урматбек Шамырқанов жетекшілік етіп келді. 300 тоннадай гуманитарлық жүк артқан көліктерде төсек-орын жабдықтары, киім-кешек, жылытқыш қондырғылар мен азық-түлік бар. Бірнеше күннен бері жолда келе жатқан қырғыз бауырларды Сыр өңірінің ел азаматтары қарсы алып, қонақжайлылық танытты.

 

 

Қырғыз Республикасы ТЖМ Вице-министрі Урматбек Шамырқанов: «Қазақ біртуғандар, Қырғыз елі атынан Қазақ елінде жапа шеккен облыстарына жәрдем алып келе жатырмыз. Қазір бұл жерде жәрдем керуенінде 15 фураға жүктелген ең бірінші кезекте керек барлық тауарлар бар. Егер Қазақ еліне тағы қосымша тағы бір қандай көмек керек болса, тағы алып келуге даярмыз», – депті ол. Қалай жүрегің толқымайды? Неткен пейілдері кең халық! 

Пендеміз ғой, ойға көп нәрсе келеді. Қазақстанның жарты байлығына ие деген 162 олигарх қайда? Олар неге үнсіз? Халыққа көмек қолын неге созбай жатыр? Әрқайсысы 1 ауылды тұрғызып тастай алатын күшке ие емес пе? Қырғыздардан кейін түрік пен әзербайжан бауырларымыз да гуманитарлық көмек жіберіп жатыр деген жақсы хабар айтылуда. Түркінің бірлігі жасасын дегің келеді осындайда!

Депутат Мақсат Толықбай Фейсбукта: «Су басқан аймақтарға барып, тұрғындардың айтқан өтініш, қойған талаптарын шетінен орындатып жатырмыз. Мәжілістің төрінде отырып, мәселені көтеріп қана қоя салған жоқпыз. Жағдай өте қиын. Елдің елдігі осындай сын сағатта көрінеді. Ең бастысы – халқымыздың амандығы. Осы қиындықты еңсеріп алайықшы! Нақты, үлкен өзгерістерді талап ететін мәселе көп. Уәде беремін, үнсіз қалмаспыз!» – деп жазба қалдырды. Риза болдым. Мақсат балама айтарым,  адамның бауырмалдығын, туыстың туыс екенін басыңа ауыртпалық түскенде білесің деген рас.  98 депутаттың ішінде 10-15-і ғана атына лайық  депутат болып шықты ма деймін.

 

 

Билікке айтарым, әділдікті өмірлеріне нәр еткен, жүректері халқым, елім деп соққан депутаттар Қазбек Иса, Абзал Құспан, Бақытжан Базарбек, Ерлан Сайыров, Жарқынбек Амантайұлы, Данияр Қасқарауов, Анас Баққожаев, Мақсат Толықбай, Ринат Зайытов сияқты депутаттарды неге билікке әкелмеске, Өкіметтің тиімді жұмысы халық үшін екенін билік ұмытпауы тиіс!

Су басқан аймақтардан естіген адамның жаны шошитын оқиғалар да орын алуда. Құм салатын қаптың бағасын өсіру, Атырауда жалдамалы пәтер бағасын көтеру секілді сұмдықтар да болыпты. Бұл енді нағыз имансыздық. Мұндай адамдардан жарқын болашақ туралы күту – үлкен әбестік.  

Апат айтып келмейді, бірақ қайтып келеді. Ағайын аман болсын бастысы. 

1. Жиған-тергені су астында қалған ағайынды ашындырмай өтемақыны толық төлеу міндет. Сол үшін комиссиялар судың қайтуын күтпей дереу фото-видео фиксация жасау керек қазірден бастап. 

2. Қазір кей аймақтарда қапшық, күрек секілді заттардың қымбаттағаны туралы айтылуда. Ел басына күн туғанда мұндайға жол беруге болмайды. Халыққа қазір қажет заттардан артық пайда табуға ұмтылу ұят. 

3. Қазір азық-түлік тауарлары мен гигиеналық заттардың бағасының негізсіз қымбаттауына да жол бермеу шарт. 

4. Және қалыпқа келтіру жұмыстары басталғанда құрылыс заттарының да қолдан қымбаттауына жол бермеу керек. 

Соңғы ақпараттардан көңілге түйгенім, үйін су басқан халық мектептерге орналастырылған. Далаға палатка құрып жатқандар да көп. Мен мұны дұрыс санамаймын. Керісінше, зардап шеккен жұрт апартамент пен қонақүй немесе демалыс орталықтарына орналасуы керек.  Халық үйі салынып біткенше не істейді? Соны ойлаймын. Омырауда баласы бар анаға, кішкентай бүлдіршіндерге,  қарт ата-әжелерге қандай қиын? Табиғи апаттың қаупі көп  болатындықтан, әр қала мен ауданға эвакуация пункттері салынуы міндетті деп ойлаймын.

«Төтенше жағдайлар министрлігі өкілінің айтуынша, барлығы 18 млрд теңге гидротехникалық құрылғыларды жөндеуге  және төтенше жағдайды ескерту құрылғыларын орнатуға жұмсалыпты. Ақша қайда? Ескерту қайда? Кім ұтып алды? Кім актіге қол қойды? Антикор мен Бас прокуратура көз жұмбай тексерсе, талай миллиардтың суға кеткені анықталатын сияқты ғой. 2021-2023 жылдары Төтеншені кім басқарды? Біз қалай ел болар екенбіз. Божко мырза зейнетке шыққан соң, қаншама бизнес ашып жатыр. Атасы мұраға қалдырған ақша ма? Әлде қазақтың көз жасы мен қайғысынан тапқаны ма? Жақында Ақмола облысы Аршалы ауданындағы сүт зауытын Божконың ұлы рейдерлікпен басып алмақшы болды. Зар жылап қазақтың екі-үш жігіті келді. Кәсіптерін дамытуға 65 млн тг ақша да салыпты. Сотта шешім шығарып, Божконың ұлын қорғапты. Қайта сотқа беріп, әлемжеліні шулатып, Аршалы тұрғындарымен бірлесіп жүріп апелляциялық сотта жеңіп шықтық. Бізде 90-жылдардың бандиттері әлі бар екеніне көзім жетті. «Әділетті Қазақстанның» ауылына жету үшін талай асудан өтетін сияқтымыз ғой. Алла берекесін берсін!» – деген жазбаны да оқыдық. Оқыдық та аһ ұрдық.

Жапонияда жер сілкініп, су басып халықты әуреге салып жатса, басшысы артынып-тартынып апат болған жерге барып, жұмыс біткенше сонда барып тұрады екен қос (палатка) тігіп үй ішімен. Халқы ең қатты жапа шеккен жерге барып тұрады екен онда да. Әйелі тамағын істеп, кірін жуып береді күндіз-түні қасында жүріп. Өзі апат болған жерді аралап, жұмысқа бас-көз болып, соның басы-қасында жүреді. Бір жағынан әйелі де тез-тез бітір жұмысты деп қыстайды, бала-шағасының да күйі кеткенін көреді сонда жүріп. Сөйтіп, қираған, құлаған нәрсенің бәрін жылдам орнына келтіріп, жұмыс біткен кезде ең соңында кетеді екен өзі содан. Бізге де сөйту керек-ау. Әкім-қаралар жылы кабинетінен шығып, үй ішімен апат болған жерге барып тұру керек жұмыс біткенше.

Жазушы Дәурен Қуат айтпақшы, «Осының бәрі бетімен кеткендіктің салдары. Қазір ауылшаруашылығы саласында жөнді білетін мамандар жоқтың қасы. Маман дейтіндердің дені жиһазға малынған кеңселерде кекірейіп отырып алып нотация соғатындар. Сондықтан орман шаруашылығына болсын, су шаруашылығына болсын, басқа да шаруашылық салаларына болсын, тәжірибелі мамандарды (егер олардан бірлі-жарым тұяқ қалған болса) жинап, қоғамдық кеңестерге мүше қылу керек. Қоғамдық кеңестерден қазір қайдағы бір шұнаңдаған пысақайларды көреміз. Олар қоғамдық кеңестерді табыс көзіне, өсудің баспалдағына айналдырып алған. Істің ығын білетін адамдар ауылдардан бастап, Астанаға дейінгі аралықта тұтасып, бір-бірімен кеңесіп, ұйымдасып іс қылып отырса, мұндай келеңсіздіктердің алдын алуға болатын еді...».

Тағы бір сорақы мәлімет: 2 жылда бөгет, бөгендерді жөндеуге 97 млрд теңге жұмсалған?! Суға төтей алмаған Ақтөбедегі бөгетке 210 млн жұмсалыпты. Осыдан ой түйе беріңіздер. Сақтанамыз деп миллиардтар жұмсап, сақтана алмадық деп тағы миллиардтар сұрау – нонсенс. Тоғандарды жалға алғандардың да былығы жетеді, арналарды қоқыс, қамыстан тазаламайды. Әкімдіктегі әлдекімдердің жылы қабағына бөленіп жүре береді.

Қайтейін, екінші Президент келгелі  түрлі апаттан көз ашпадық, «Қазақстан халқына» қорына түскен ақша біресе отқа өртеніп, біресе суға ағып жатыр. Ел игілігіне жарар қаржының соқыр тиынын болашаққа жұмсауға мұрсат жоқ. Айта берсем, әңгіме көп. Отыз жылда бізді әбден былық пен шылыққа батырып кетіпті-ау. Соның зардабын тартып келеміз. Су басқан өңірлердегі ағайынға сабырлық тілеймін! Алла Тағаладан  еліме амандық, жеріме тыныштық тілеймін! Үйі суға кетіп, малынан айырылған ағайынмен бірге қамығып отырмын. Мал ашуы – жан ашуы! Ең бастысы – бала-шағаларыңыз аман болсын! Шығынның орны толар, ағайын. Алланың бұл да бір сынағы. Бір өкініштің артында бір қуаныш жасырынып тұратыны рас. Табалаушыдан болмай, сабырға, тәубеге келейік, халқым! 

Біз біргеміз!

Сондай-ақ, от пен судың ортасында жүрген еріктілерге, үлкен жүректі азаматтарға, құтқарушыларға мың алғыс!

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! 

Әмин!

 

Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, 

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

 

11.04.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 38
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 97
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 30
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 38
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 44
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 37
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 92
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 97
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 292
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 286
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 907

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8984
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8379
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11604
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9362
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10588