Сырбаз суреткер, сыралғы дос

Сырбаз суреткер, сыралғы дос

 

 

Менің Әлібек досым -  төл әдебиетімізде

өз әлемін қалыптастырған, өз биігіне шыққан

 жазушы. Ол Алтайымен мұңдаса да,

 сырласа да білетін кемел суреткер.

                                Құлбек Ергөбек

                               сыншы, профессор.

 

         Өткен жылы еліміздің кейбір өңірлерінде бүгінгі әдебиетіміздің дәріпті тұлғасының бірі,  көрнекті жазушы Әлібек Асқаровтың мерейлі жасы лайықты атап өтілді.

         Жазушының келген кемел жасының жарымынан астам  бөлігінен мен де хабардар екенмін. Біз білетін бұл жылдары Әлекең мемлекеттік қызметтің  ауыз толтырып айтарлықтай лауазымдарында жүріп, абырой биігінен табыла білді, шығармашылығында да айтулы табыстарға қол жеткізді. Шүкір дейміз, өмір деген тым қысқа, артыңа қалдыр бір нұсқа дегендей, досымыздың қоғамға сіңірген еңбегі, алған атақтары, алуан марапаттары баршылық. Бүгінде ол Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парасат, Барыс ордендерінің, көптеген медальдардың иегері.  Көз майын тауысып жазған роман, повесть, әңгімелері де бір басынан асады. Оның ешкімге ұқсамайтын дегдар шығармашылығы жайында баспасөз беттерінде бұрқырап мақалалар жазылды да, әлі де жазылып  жатыр.

***

         Аптасына бір суға түспесең тәніңді кір басатыны секілді, өз басым аптасына бір Әлекеңмен тілдеспесем жанымды кір басқандай күйге түсетінім бар. Өйткені екеуміз базарлы жастығымыздан бері  емен-жарқын араласып, кейінгі ғұмырымызда отбасылық қуаныштардың бал қызығын бөліп ішіп, шайқап төгіскен достар болдық. Содан да болар, жаныңдағы досыңның азаматтық тұлғасына, адами қасиеттеріне, өзгеге үлгі болар іс-әрекеттеріне көңіл қоя бермейді екенсің.  «Е, ол  өзіміз ғой» деп басымызды атша шұлғып, жанаса жақын тартып, қазақы салғырттықпен жүре берген екенбіз. Зымыраған өмір ағысында арқамызды кеңге салып жүргенде жылдар жылымы уақытты қалай жұтып қойғанын байқамай қалыппыз, жетпіс дейтін белеске қалай жетіп қалғанымызды  аңдамаппыз.  Қоңыр әуен сазымыз, жайраңдаған жазымыз сыдыртып қасымыздан өте шығыпты.

         Енді, міне, есіме жаңа түскендей күй кешіп, бұлаңдап асау тайдай бірге өскен сыралғы досымның  кітаптарын алдыма тізіп қойып, бірінен соң бірін парақтап қарап отырмын. Парақтаған сайын үндемей жүріп үйдей жұмыс тындырыпты-ау, молынан еңбек етіпті-ау деп өз-өзімнен  ризамын. Шығармашылығына тереңдей үңіліп, түйсіне пайымдаған сайын бойымды мақтаныш билегендей, осындай азаматпен замандас, сырлас, жақын дос  болғаныма біртүрлі марқайған күйге түсемін.

***

         Мен Әлібек досыммен сонау жетпісінші жылдардың басында танысқан екенмін.

         Бала кезден армандаған сол кездегі республикалық «Қазақстан пионері», аудандық «Алатау жұлдызы» газеттерінде жарияланған ұсақ-түйек мақалаларымызды алаулатып-жалаулатып жүріп, КазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түскенбіз. Артынша деканаттың пәрменімен Әлекең елу адамдық курсымыздың старостасы, яғни біздің өкірген бастығымыз болып сайланды. Жүзінен жылы шуақ төгілген, әзіл-қалжыңымен адамды баурап алатын кішіпейіл жігіт екен, старостамыз бәрімізге бірден ұнаған. Күнді түнге ұрып, түнді таңға жалғастырып жүрген әлекедей жаланған жас кезіміз. Алғашқы күннен-ақ бөтенді жатырқап, жақынды алаламайтын ақжарқын жүзді Әлібекпен тіл табысып, әңгіме-әзіліміміз жарасып жүре берген. Бірте-бірте жұбайларымызды таныстырып, кейіннен қарым-қатынасымыз тонның ішкі бауындай араласып кеткен. Арада жылжып  жылдар өткен сайын, заманалар өзгеріп, қоғамның ауаны жаңғырған сайын  достығымыз беки  түскен. Сол жылдары басталған туысқандық байланысымыздың қылауына қыл түспей,  алтын жіптей созылып, мінеки, күні бүгінге дейін жалғасып келе жатыр.

         Университетте төл әдебиетімізде айшықты орыны бар адуын ақын Тынышбай Рахимов,  танымал жазушылар Болат Қанатбаев, Мұхтар Шерімов, Заря Жұманова, облыс пен аудандық газеттерде шыңдалған сақа журналистер Жүсіп Қисымов,  Балтабай Нұржанов, Сабыр Қарманов, Совет Махметов секілді азаматтармен бірге оқыдық. Журналистік кәсіптің әліппесін, қыры мен сырын жиі-жиі әңгіме етіп, тәжірибе алмасқан үлкен ағаларымыздан біз жастар да көп нәрсе үйренгенімізді жасыра алмаймыз. Курстастағылардың жартысы ауыздары жалын шашқан ақын еді. Қалған жарымы мұрындары көк тіреген прозаиктер,  газет-журналдың майын ішкен майталман журналистер болды. Бас қосып жиналған жерде ақындарымыз қолдарын оңды-солды сілтеп, айғай салып өлеңдерін оқитын, прозаиктеріміз құлақ етіңді жеп, аш ішектей созып, қырылдаған қырғи дауыстарымен әңгіме соғатын. Сарыарқаның сайын даласынан, Атыраудың апайтөс жазығынан келіп, Алматының тар қапасына симай жүрген кейбір достарымыз әуелетіп ән шырқап, күмбірлетіп күй шертетін.

***

         Әлекең жер төресі Алтайда туып, қара орманы сыңсыған таулы өңірде, көк шалғыны жайқалған құйқалы өлкеде өскен азамат қой. Ақбас таулардың саф ауасын жұтып, тастай суық, шыныдай мөлдір бұлағынан сусындаған бозбала ерте кезден-ақ суретшілік өнерді көксеген сияқты. Таулардың ғаламат құдыретінен қуат алып,  табиғаттың мың құбылған бояуларын бойына сіңіріп, шама-шарқынша алуан көріністі пейзаждар да салыпты. Салған суреттерін ұқсата алмай жатса - көмекке келер ешкім жоқ, жол көрсетер пенде жоқ,  жетімсірей қыстығып,  оңашада ағыл-тегіл жылап та алады екен.  Алтайдың қия-шатқалында қой жайып жүрген осындай шақта түбінде алыстағы Алматыға барарын, суретшінің оқуына түсерін, соңынан мықты қаламгер боларын да бала қиялымен сезген шығар? Әйтеуір, бойындағы балауса қабылеттің бәрі туған жері Өр Алтайға деген перзенттік сүйіспеншіліктен басталғаны шындық. Ақыры сол балаң шақтағы балалық арманы оны адастырмапты, үздіксіз алға жетелей беріпті.

         Ерте бастан кітап жастанып, білте шамның жарығымен түн ауғанша кітап парақтаған Әлібек сол әдетін кейін де қоймаған. Онысына мына мен де куәмін. Ол біздің ауылға -  Талғар  жаққа келген сайын, алдымен кітап дүкенін аралайтын. Сөредегі сатылымға қойылған кітаптарды асықпай ақтарып, әсіресе шетел мен орыс қаламгерлерінің шығармаларын ақшасын аямастан сатып алатын. «Орыс тілді кітаптарды соншалықты жинағаны несі, ақшасын құртып?», - деп мен сонда іштей қынжылатын едім. Оның себебі де бар-ды... Әлекең де, мен де жаңа үйленген жастармыз, отбасылық өмірдің алғашқы жылдары,  әлі қалта тесік, жалаңаяқ-жалаңбас кезіміз. Біз де кісі болармыз, атқа кісен салармыз деп үміт жетегінде жүрген дүбара шақ. Мені қойшы, ауылдамын, ел ішіндеміз, іргеде әке-шешеміз бар дегендей, аштан өліп, көштен қалмаспыз. Ал, ат арытып анау алыстағы Алтайдан келген Әлекең мен Зәйгүл Алматының қиыр шетінде, орыс кемпірінің қуықтай жалғыз бөлмесін жалдап тұратын. Әлгі кітапқа жұмсалған қаражатты мен сол үшін де қимайтынмын, обалсынатынмын. Сөйтсем ол кітаптар  болашақ жазушының жан сарайын қалап жатқан рухани кірпіштері екен ғой.

         Бүгінде сол Әлекең ай мен күндей жарасқан отбасының иесі. Жұбайы Зәйгүл екеуі ұл өсіріп, қыз өсіріп дегендей, немерелерінің қызығына бөленген оразды жандар.

***

         Ұшар басы мәңгі мұз Алтайдың алқымынан құлап аққан асау  Бұқтырманы жағалай қоныстанған Катонқарағай жері - Әлібектің кіндік қаны тамған кіші отаны. Жас өскін ағашқа су нәрі қандай қажет болса, адам баласына айналасындағы табиғат, қоршаған ортаның әсері сондай болмақ. Тұмса табиғаты адамды өзіне еріксіз тамсандыратын, суы жаныңа қуат, дертіңе шипа беретін аруақты қоныста Баламер Сахариев, Қалиқан Ысқақ, Оралхан Бөкей ағаларының ізін баса  Дидахмет Әшімханов пен Әлібек Асқаровтай көркем сөздің хас шеберлері өмірге келіпті. Әлібектің бұл ағаларынан ерекшелігі - ол туған жерінің әсемдікке малынған әрлі көрінісіне, тылсым табиғаттың сұлулығы мен астарлы құбылыстарына суретші көзімен қарайтындығында, айшықты бояуларын суретші көзімен көре білетіндігінде. Сол көргенін сөзге түсіріп,  қазақтың қара тілімен оқырманға көркем түрде жеткізе білетін жазушылық шеберлігінде.

         Ол Алтайдың қойнау-қолаттарын жаяу аралап, Мұзтауға шығып, ұмыт қалған Көккөлді ел жадында қайыра жаңғыртумен бірге, қазақ жеріндегі Хан Тәңіріге, Қазғұртқа сапар шегіп, тұшымды туындылар жазды. Олары қалың оқырманның шынайы ықыласына бөленіп, әріптестері арасында «меншік жанры бар жазушы» атанды. Осындай сапарларының негізінде, «Алтайда алтын күз еді», «Алтай: алтын бесік, ата жұрт», «Тарғыл таулар, бұйра белдер», «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын», «Бұғы қуып, аю алған», «Қайырымды Үміт мүйісі», «Аспантау», «Шанағаты»  сияқты, үлкенді-кішілі  деректі повестер жазып,  ұзын саны алпыстан астам  кітаптарды жарыққа шығарды.

         Осы аталған кітаптардың бір парасын оқыған ақын ағамыз Қадыр Мырзалиев: «Әлібек өзінің туған Алтайын жырлаудайын-ақ жырлап баққан. Елітіп оқисың. Оқып қана қоймайсың, көркемдіктің көне өкілі ретінде құмарта түсесің... «Алдымен құдай болу қиын. Құдай болсаң жаңбыр жаудыру боқтан оңай» деген екен бір атамыз. Жақсы айтылған сөз. Әдебиетке, көркем сөзге келген адам алдымен талантты болуға тиіс. Ал талантты, әсіресе аса талантты адамға әдемі кітап жазу - проблема емес... Әйгілі Алтайдың айтып жеткізе алмайтын, жырлап тауыса алмайтын сұлулығы мен соны жанын салып суреттеген Әлібек інімнің талантына мен дән риза болдым!» - деп жазыпты.

         Ал, Әлекеңнің Алтайды аралаған алуан  сапарлары туралы кітабын парақтаған академик Сейіт Қасқабасов: «Арнайы бармасам да асқаралы Алтайдың қойнауына еніп, ауызбен айтып жеткізе алмайтын жерлерді аралап, әрі сағынған, әрі рахаттанған сезімде отырмын. Мұндай жағдайға түсіріп отырған Әлібек Асқаровтың «Алтай: алтын бесік, ата жұрт» атты кітабы... Бұл жай кітап емес, туған жер мен туған елге деген гимн, мадақ, әрі поэтикалық ескерткіш болып шыққан тамаша туынды» - деп тамсана баға беріпті.

         Халқымыздың аузы дуалы тұлғасының бірі, көзі тірісінде-ақ елінің сүйіспеншілігіне бөленіп, «Шераға» атанған - Шерхан Мұртаза да кезінде әдебиет сүйер жастарға былай деп аманат сөз тастап кеткен екен: «Толстойдың «Қажымұратындағы»  соқа жырып кеткен түйежапырақтың тамырындай қазақ ауылдарының да жаны сірі, тамыры тереңде. Осы көріністі көркем әдебиеттен көрем деген кісі - Әлібек Асқаровтың «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» хикаятын оқысын!».         

         Енді ойлап отырсам - атынан ат үркетін шоң ағаларының жүректен шыққан осынау сөздері - олардың талантты інісіне берген бәтуалы батасы екен ғой!

***

         Ертеректе академик Серік Қирабаев ағамыз Әлібек Асқаровтың романы туралы: «Бұл бір ғажайып хикая, жұп-жұмсақ,  тұнып тұрған лиризм! - деп жазыпты. - Адам сезімін, ойын қозғап, құйылып тұрған сыр. Алайда шығарманың тақырыбы, суреттеліп отырған өмірі - лирика емес, трагедия».

         Әдебиетіміздің абызы өзінің осы мақаласында «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді...» романының оқиғасы Кеңес заманының соңғы жылдары мен ел тәуелсіздігінің алғашқы қиын-қыстау кезеңіне арналғанын сөз етеді. Оған дейін қалыптасқан бір орталықтан басқару жүйесі ыдырап, колхоздар мен совхоздар тарап, қазақ ауылдарының күйісі кетіп,  күйрей бастаған шақ. Соның салдарынан ауыл-ауыл болып бөлініп, оңашаланған қазақ қоғамында  ағайындық, рушылдық белең алады. Жастар жұмыс таппай тентіреп қала жаққа босады. Бөлімшелер мен бригадаларда, мал фермаларында қалған азын-аулақ жұрт жұмыссыздыққа тап болысады.    Әлі келгендері жылы орындарын тастап орталыққа, немесе ірілендірілген басқа совхоздарға үдере қоныс аударысады. Қоғамды жайлаған осындай өзгерістерді айта келіп, академик ағамыз: «Жазушы қазақ ауылы үшін үлкен апат кезеңі болған  ауыр жылдардың сырын да, шындығын да суреткерлікпен ашып берген» - деп түйін жасайды.

Мен Әлекеңнің  сонау жас күндерінен тай құлындай тебісіп, жарты малта бөлісіп бірге өскен бір топ достарын да жақсы танимын. Осылардың ішіндегі еңсегейі - Сауытбек Абдрахманов. Ол - филология ғылымдарының докторы, профессор,  көрнекті мәдениеттанушы, атақты публицист, айтулы аудармашы-жазушы, бүгінде Парламент Мәжілісінің депутаты. Осы Сауытбек замандасымыз өзінің жан досы Әлекеңнің шығармашылығы төңірегінде  бірнеше мақала жазыпты. Сол мақалалардың бірінде ол: «Әдебиетте не көп, қиындық көп. Оған келу қиын, орнығып қалу одан қиын, ойып тұрып орын алу одан да қиын, - деп жазған екен. - Әдебиетте белгілі бір бағыттың басында тұру, сол бағытты арнаға айналдыру, жанр ретінде тұрақтандыру тіпті қиямет-қайым. Әлібек Асқаровтың маңдайына қазақ сөз өнерінде сафари жанрының ізашары болу жауапкершілігі жазылыпты, осы бақыт қаламгерлік тағдырына бұйырыпты. Қазақтың кәдімгі «сапар» сөзімен астасып жатқан арабтың «сафарынан» шыққан бұл ұғым бүгінде бүкіл әлемде жаңа әдебиет өмірге алып келген соны жанр күйінде, тың термин түрінде қабылданған. Э.Хемингуэй, Х.Маккой, Дж.Адамсон, т.б. қаламгерлердің тұнып тұрған таза да тұмса табиғаттың қойнау-қолатында тікелей өзі барып, бәрін өз көзімен көріп, өз таным-түйсігімен ақ қағаздың бетіне төгілдіріп түсірген тамаша жазбаларынан кейін осы жаңа жанрға алдымен қалам тартқан Әлібек Асқаровтың «Көккөл», «Шындығатай», «Мұзтау», «Шабанбай» сынды дүниелері жыл өткен сайын табиғат-анамыздан алыстатып, жанымызды жүдетіп бара жатқан мына жаһандану дәуірінде айрықша аяулы».

***

         Әлібек Асқаров бүгінде мемлекеттік қызметтің отымен кіріп, күлімен шыққан қайраткер тұлға. Сонымен қатар ол шығармашылық жолда өзінің биігіне жеткен, әдебиет сүйер қауым кітаптарын іздеп жүріп оқитын дарынды қаламгеріміздің қатарында. Асықпайды, аптықпайды, ойланып жазады. Біреулер құсап жазған дүниесін іле-шала газет-журналға бастыруға ала жүгірмейді. Менің білетінім - ол әдетте шығарманың жазылу мәнеріне, ішкі әуеніне, әсіресе көркемдік жағына баса мән береді. Өзі құралыптас қаламгерлерден сәтті бейнелеу, ұтымды сөз, ұтқыр тіркестерді көрсе балаша қуанып жүргені. «Әнші де асүйде жүрген трикосымен сахнаға шықпайды ғой. Жақсы киініп, боянып-таранып, жарқырап шығады. Сол секілді көркем әдебиет те күнделікті күйкі тірліктен бір мысқал жоғары тұруы тиіс. Ол «көркем» деген атына лайық болуы міндет» дейді Әлекең.

         Иә, ол  аз жазады, аз жазса да саз жазады. Сондықтан да оның кітаптары жыл сайын алуан түрлі баспаларда басылып шығып жатады. Кейін мен оның да сырын «зерттеп» біліп алдым... Әлекеңнің шығармаларын баспалар өздері сұратып алып жатады екен. Яғни, мұндай құбылыс - жазушының оқырманы бар деген сөз. Пікіріміз дәлелді болуы үшін тағы айтайын;  үш мәрте шыққан орысшасын, ағылшын тіліне аударылғанын былай қойғанда, Әлекеңнің «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді...» романы қазақ тілінде тоғыз рет жарық көріпті. Тоғыз рет!

         Қазақ зиялысының дегдары, аса білімдар ағамыз Шерияздан Елеукенов те осы сарынды пікір айтып кетіпті. Ол кісі «Өр Алтай...» романына «бүгінгі қазақ әдебиетінің даму процесіндегі ерекше бөліп айтарлық  шоқтығы биік шығарма» деп баға беріпті.

         Зияткер ағамыздың пікіріне қарапайым оқырман ретінде біз де қос қолымызды көтеріп қосыламыз... Менің ойымша, бүгінгідей ақпарат тасқыны заманында шығарма алғашқы беттен-ақ оқырманды бірден өзіне тартып, тұңғиығына шым батырып, қызықтырып әкетуі тиіс. Турасын айтсақ - шығарма сені ерік-жігерінен тыс жетелей жөнелуі керек. Өйтіп бірден өзіне тарта алмаған, қызықтыра алмаған шығарманы бүгінгі кірпияз оқырман жаба салады, лақтырып жібереді де басқа кітапты қолына алады. Шүкір, «Өр Алтай...» ондай қауіптен ада, бұл роман әлгі айтқанымыздай,  алғашқы бетін ашқаннан-ақ өзіне еліктіре тартып әкететін сирек шығарманың бірі. Екіншіден, көптеген роман-повестерді бір рет оқисың да жылы жауып қоя саласың, қайтып оған қайырылмайсың, тіпті оның бар-жоғын ұмытасың да. Ал, «Өр Алтай...» ондай шығармалар сапынан  емес екеніне мен кәміл сенем... Бұл роман қайталап қанша оқыса да оқырманын әсте зеріктірмесіне көз жетті. Қайталап оқыған сайын өзіңе бұрын байқамаған нюанстарды, жаңалықтар  мен құбылыстарды  ашқандай боласың.    

***

         Әлібектің кітаптарының сыртқы мұқабасының безендірілуі де оқырманын қызықтырып, өзіне тартып тұратын сиқыры бар. Қарасаң көзің тоятын, оқысаң жаның рахаттанатын, тау-тасын, өзен-көлін аралап, кейіпкермен бірге сапар шеккізетін түрлі-түсті альбом-кітаптары - бөлек әңгіме. Өзі график-суретші, өзі кәсіби баспагер болғасын да кітаптарының версткасын, макетін, ішкі-сыртқы безендірілуінің бәрін Әлекең өзі қадағалап, өзі жобалайтын көрінеді. Бұл ұзақ жылғы шығармашылықтағы маңдай тердің, баспа саласындағы мол тәжірибенің жемісі екені даусыз.  Оның суретшілігі туралы әдебиетіміздің ақсақалы Мұзафар Әлімбаев ертеректе: «Талант иелерінің, туасы дарындардың былайғы жұрттан ерекшелігі,  мейлі ол   әртіс, мейлі ол ақын, мейлі ол суретші болсын - олардың творчестволық тұрғыда ойланатындығында. Ендеше оғылан жас кезінде суретшілікті игерген Әлібек бауырымның кейінірек суреткер, яғни мықты қаламгер болып кемелденуіне  таңдай қағып, тамсанудың керегі жоқ» - деп жазыпты.

         Осылайша біздің Әлекең әрдайым қызметінде абырой биігінен көрінумен бірге, шығармашылықта да өзінің ешкімге ұқсамайтын, қайталанбас қолтаңбасымен алдыңғы лекте келе жатыр.

***

         Әлібектің шығармаларымен танысқан әрбір адам Алтайдың тау мен тасын, тоғайы мен орманын өзі аралап, аң мен құсын өзі көріп жүргендей ықпалда қалады. Аралап қана қоймай, жүрегінен өткізіп, «Алтайды бір көрсем шіркін» дегендей нәзік сағыныш көкірегіне мәңгі ұя салады. Содан да болар, Әлібек қазақ жазушыларының, қаламгер достарының біршамасын жыл сайын шұбыртып Алтайға  апарып, аралатып-қыдыртып қайтып жүргенін білем. 

         Алтайға деген сағыныш менде де көптен көкейімде жүруші еді. Ақыры, жаймашуақ жаз айларынының бірінде жолымыз түсіп, көліктермен кернейлетіп-сырнайлатып шығысқа бет түзегенбіз.

         Осы сапарымызда Әлібекті ел азаматтарының қоғадай жапырылып, қаздай тізіліп қарсы алғандарына куә болдық. Жігітті жігерінен таниды, азаматын көріп елін таниды дейтін тәмсілдің  растығына да көзіміз жеткендей болған... Досымыз еліне сыйлы екен, қадірлі екен, жерлестері оны керемет құрмет тұтады екен. Алыстан келген досы ғой деп бізден де аянып қалған жоқ, қайда барсақ та қазақтың дархан көңіліне,  қонақжай құшағына бөлендік, ағайындардың риясыз ниеттеріне кенелдік.  Ел мен жерді аралағанда жол таңдамайтын көліктерді жүргізушілерімен қоса беріп, көлік бара алмайтын тау-қияны  салт аттармен аралауға жағдай жасады. Айдынды теңіздей  шалқыған Бұқтырма су қоймасын, әйгілі Берел қорық-мұражайын, биік тау қойнауындағы Рахман сауықтыру шипа-жайын, Марқакөлмен жалғастыратын атақты «Австрия тау жолын», қақ күмістей жарқыраған Мұзтаудың етегі - Қаракөлдің жағасындағы демалыс айлағын армансыз аралап, серпіліп қайттық, сергіп демалдық.  Айтары жоқ, жиырма күн бойы кәрі Алтайдың қойнауы мен қолатын армансыз араладық, таулы өңірдің қайталанбас көркін, таңғажайып суретін көкірегімізге хаттап, табиғаттың мәңгілік сарынын бойымызға сіңірдік. Сөйтіп, көтеріңкі көңілмен, көкірек кернеген мол әсермен аман-есен Алматыға оралдық.

***   

         «Қазақ әдебиеті» газеті анау бір жылдары Рақымжан Отарбаев - бүгінгі әдебиетіміздің классигі деген мазмұнда жазылған Мереке Құлкеновтың мақаласын жариялағаны есімде. Соны оқыған кейбір қаламгердің  мойнын ішіне алып тулағанын, енді біреулерінің қорасына қасқыр түсіп кеткендей шамдана шулағанын білеміз. Иә, данышпан Абай айтқандай, біздің дарқан көңіл деп мақтайтын қазағымыздың тарыла қалатын ондай кездері жиі болып тұрады екен. Сондықтан жақсылықты несіне қызғанамыз, ағайын? Жақсылық бар болса ол бәрімізге де жетеді.   Менің Әлібек досымның да алтын жетпес нарқы барын зиялы қауым, оқырман жұртшылық жылы сөздерін өздері айтып, лайықты бағаларын өздері беріп  жатыр. Олай болса жазушы туралы жақсы сөздерді біз де жатсынбай қабылдап, досымыздың өзімсініп байқамай жүрген сындарлы  қасиетін  ел арасында тарата жүрсек - оның несі айып!?

         Сөзіміздің соңын Жаратқан ием Әлекеңе мықты денсаулық беріп, жазары әсте таусылмасын, ғұмырын ұзақ етсін деген тілекпен аяқтайық!

 

 

Тұрсынқожа Тұрлыбеков, журналист.
18.01.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 109
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 109
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 625
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 743
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 655
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 666

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8802
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8201
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11427
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9181
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10412