Республикалық «Айқын» газетінің 2009 жылдың 7 мамырдағы санында «Польшада соғысқан қазақ партизандары» атты танымдық мақала жарияланды. Авторы – Орталық мемлекеттік мұрағаттың ғылыми-ақпарат бөлімінің сол кездегі бастығы Гүлнар Қаратаева. Мақалада басқыншы неміс әскерінің тұтқынында болып, кейіннен одан қашып шығып, Еуропа елдеріндегі фашизмге қарсы тұру күштерінің құрамында ерлікпен соғысқан кеңестік жауынгерлердің, атап айтқанда, қазақ ұлтының өкілдері туралы баяндалады. Автор Г.Қаратаева 2009 жылдың мамыр айында Варшава қаласына іссапармен барып, ол елдің мұрағатшыларымен іс-тәжірибе алмасады. Іссапар барысында «Армия Людова» мұрағаттық қорында сақталған құжаттармен танысқан. «Краткий отчет группы партизанского отряда «Свобода» за действие в тылу немцев в 1944 году» деген орыс тілінде жазылған мұрағат құжатынан партизан отрядтарының құрамында болған қазақ жауынгерлерінің тізімін кездестіреді, сол тізімді көпшілік назарына ұсынады. Осы тізімдегі «Хужаев Изим, 1917 г.р. Казахская ССР, г. Алма-Ата» деген жазу көзіме оттай басылды. Оның өзіндік себебі бар. Жоғарыдағы аты аталған мақалада Гүлнар Қаратаева: «Әзірше біз Польша мұрағаттарынан польшалық партизан отрядтары құрамында фашизмге қарсы күресті жалғастырған отандастарымыздың аты-жөнін ғана таба алдық. Алайда олардың соғыстан кейінгі тағдырлары бізге беймәлім», – деп жазған.
Марқұм Ізім ақсақалды өз көзіммен көрдім. Ұзақ жылдар бойы Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы, Жаңатаң ауылында тұрып, бейнеті белуардан келетін шопандық кәсіппен шұғылданды. Адал еңбегімен шиеттей бала-шағасын асырап, үлкен жолға салған шаруақор адам еді. 1995 жылдың 30 желтоқсанында 78 жасында бақилыққа аттанды. Жан-жары Айғанаш анамыз 2018 жылдың қыркүйегінде 90 жастан асып, немере-шөберелерін көріп, көрген бейнеттің зейнетін татып, өмірден озды.

Осыдан он шақты жыл бұрын Ізім атаның кенжесі Әділ достың ұйытқы болуымен «Сағыныш» атты шағын естелік кітабы жарық көрген болатын. Осы кітапта: «Марқұм Ізім баяғы сапырылысқан заманда өмірге келген. Жоқшылық кезді бастан кешіп жүріп, мектептің табалдырығын да аттай алмай қалған ғой. Соғысқа қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісай ауданының Политотдел ауылынан аттаныпты. Әскер қатарына алынғанша мақта алқаптарында қатардағы колхозшы болып еңбек етті. Әкесі Қарасай соғыс басталған кезде елуді еңсерген адам екен. Соған қарамастан өкімет оны жұмысшылар батальонына алған. Содан із-түзсіз кетіпті. Сүйегінің қайда қалғаны белгісіз. Қарасайдың кіндігінен 2 ұл өрбіген. Біреуі – менің шалым Ізім, екіншісі – қайным Ізмағамбет», – деп толғанып еді Айғанаш ана. Ізім ата соғысқа 1942 жылдың 24 наурызында ол кездегі Мақтаарал аудандық әскери комиссариаты арқылы шақырылыпты. Польшаның архивінен табылған құжатта не себепті Алматыдан дегені белгісіз. Қазақстаннан болғасын, Алматы деп жаза салған шығар. Украинада соғыс қимылдарын жүргізген 281-атқыштар полкінде атқыш есебінде тіркеліп, 1942 жылдың 26 шілдесінде ұрысқа кірген. Соғыс кезінде екі мәрте жараланыпты. Алғаш рет 1944 жылдың 29 қазанында сол аяғы мен жағынан жеңіл жарақат алса, екінші рет 1945 жылдың 27 сәуірінде оң қолынан жарақат алады. 1946 жылдың 26 шілдесінде әскер қатарынан түпкілікті босаған. Екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін» және тағы басқа медальдарымен марапатталған.
Адам баласы үшін ең биік награда – адам атына кір келтірмей ғұмыр кешу. Ал енді Отан қорғау жолындағы ерлігіңе Жоғары басшылықтың берген лайықты наградасының орны бөлек. Қазір интернеттің заманы. Керек ақпараттың барлығы әлгі ғаламтордың тиісті жәшігінде сол қалпында сақтаулы.
«4-ші атқыштар ротасының атқышы, қатардағы гвардия жауынгері Қожаев Ізім 1945 жылдың 27 сәуірінде Буг деревнясы үшін болған ұрыста блиндажға жасырынған қарсылас жақтың күшті пулемет соққысын фауст-патронмен тас-талқан етіп, біздің әскердің шабуылдауына жол ашып, 2 немісті өлтіріп, 4-еуін тұтқынға түсірді. 1917 жылы дүниеге келген, ұлты қазақ, партия мүшесі емес. Әскер қатарына 1943 жылдың мамырында Оңтүстік Қазақстан облысы, Белек ауданы әскери комиссариаты арқылы шақырылды».
Біз жоғарыда Ізім ақсақалдың майданға 1942 жылдың 24 наурызында Мақтаарал аудандық әскери комиссариаты арқылы шақырылғанын жаздық. Белек деген қай аудан, не себепті осылай жазылғаны белгісіз. 1945 жылдың 27 сәуірінде Буг деревнясы үшін болған шайқаста ажал оғын төгіп тұрған жау блиндажының көзін жойып, 2 дұшпанды өлтіріп, бірнешеуін тұтқынға алуы – қандай наградаға болсын лайықты еді. Ол осы ұрыста көрсеткен қаһармандығы үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады.
Ақтөбелік ақын Өтеген Нұрмағамбетов былай дейді: «Әкеммен бірге туған Ілияс көкеміз 1926 жылы дүниеге келгесін, соғыстың соңғы жылдарында әскер қатарына алынған. Көкеміз кезінде оқу орнын бітірген. Немістерден тазартқан бір қаланың коменданты да болып едім деп отыратын. Ілияс көкеміз Ізім атамыздың соғыста нақты қандай құрылымда қызмет атқарғанын білу мақсатында Мәскеудің орталық архивтеріне талай рет хат жазып, сұрау салған. Олардан нақты жауап келмеді. Ізім атамыз неміс тұтқынында болғанда ретін тауып, одан бірнеше қарулас достарымен қашып шығады. Жергілікті тұрғынның үйіне жан сауғалап барып, мая-мая болып үйіліп тұрған шөпке тығылады. Неміс полицейі шөпті айырмен тығып көріп, ешкімді кездестірмегесін жөніне кетеді. «Сол жолы олардың қармақтарына іліккенімде, тірі қалуым екіталай еді», – деп күрсініспен еске алушы еді. «Кейінірек орманның ішінде поляк партизан отрядының құрамында болып, немістерден өшімізді қайтардық. Теміржолдарын миналау, көпірлерін жарып жіберу секілді жауапты жұмыстарды атқаратынбыз. Соғыс аяқталған соң, кеңестік офицерлер біздерді мұқият тексерді. Польша партизандарының басшысы оң мінездеме беріп, ерлік көрсеткендерімізді жазбаша түрде жазып берді», – деп отыратын.
Ізім ақсақалдың жалғыз інісі Ізмағамбеттің соғысқа қалай алынғаны туралы Орынай әже: «Мақтаны жинап жатқан абыр-сабыр мезгіл болатын. Ізмағамбет алқаптың жанындағы қара жолмен Мақтааралдағы әскери комиссариатқа қарай кетіп бара жатты. Иығында ескілеу бір қапшық. Ауылдың адамдарын қимай, дөңнен асар тұста көпке дейін біздерге қарап тұрды. Содан соң қол бұлғап, алған бағытына қарай ілби басып кетіп еді. Қайран азамат-ай, сол кеткеннен оралмады! Ұрпақсыз өткені өкінішті. Соғысқа алынғанда бар болғаны 21-дегі өндірдей жігіт екен ғой. Бұл соғыс кімнің обалына қалмады дейсің», – деп еске алады.
73 жыл бойы хабар-ошарсыз кетті деп есептеліп келген Ізмағамбет Қарасайұлының тағдыры өткен жылдары белгілі болды. Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне байланысты Ізім ақсақалдың кенже келіні Арай интернеттегі арнайы сайт арқылы іздестіруге кіріседі. Бірнеше ай бойы жүйелі түрде жүргізген жұмыстың арқасында ондаған жылдар хабар-ошарсыз кетті деп есептеліп келген Ізмағамбет Қарасайұлының қайда жерленгендігі анықталған.
Ізмағамбет Қожаев 1943 жылдың 13 ақпанында Орлов облысы, Болхов ауданы, Зайцево деревнясы маңындағы кескілескен шайқаста ерлікпен көз жұмған. Зайцево деревнясының солтүстігінде бір жарым қашықтықта, 250 метрлік биіктіктегі бауырластар зиратына жерленген. Осы мәлімет көздеріне шалынғасын Ізім атаның ұлдары Қамқа, Әділ, немересі Асланбек және келіні Арайлым бастаған топ Ресейдің Тула облысына сапар шегеді. Ондағы ойлары – әкесінің аманатын орындап, Ізмағамбет атаға Құран бағыштау болатын.

«Ізмағамбет атамыз жерленген бауырластар зиратына барғанда ауыр әсер құшағында болдым. Бұл жерде ел мен жерді қорғау жолында талай шейіт кеткен азаматтардың асыл сүйектері жерленіпті. Бізді Тула облысы, Белевский аудандық әскери комиссары Олег Семенов қарсы алды. Оның айтуы бойынша, Ізмағамбет атамыз 12-гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамында соғысқан. 1942-1943 жылдары немістер Пролетар, Культура, Царево, Шестерка, Николаевка, Зайцево деревняларын басып алу үшін қыруар күш жұмсаған. Бұл деревнялар біресе Кеңес әскерлерінің, біресе немістердің қолына өтіп отырған. Осындай бір кескілескен шайқаста 12-гвардиялық дивизияның жеке құрамының басым бөлігі мерт болады. Олардың барлығы бауырластар зиратына жерленген. Белевский аудандық әскери комиссариатының басшылығы бауырластар зиратын қамқорлығына алыпты. Тас плитадағы әр азаматтың артындағы ұрпақтарымен байланыс орнатуға тырысады. Араға 73 жыл салып, әкеміздің аманатын орындағанымызда, арқамыздан ауыр жүк түскендей болды», – дейді Қамқа Ізімұлы. Ізім Қарасайұлы елге оралғасын, ел қатарлы еңбек етті. Кеңшардың озат малшыларының бірі болды. Жеңістің 40 жылдығына орай Мәртөк аудандық атқару комитетінің төрағасы Үсен Жаманшаловтың ұйытқы болуымен кеңшар орталығы Жайсаңнан 4 бөлмелі кең үй берілген. Тағдырдың талай теперішін көрсе де, бір Аллаға сыйынып, тіршілік үшін күрескен табанды қарияның есімі араға 60 жылдан астам уақыт салып, Польшаның шаң басқан мұрағатынан табылып жатқанына ағайын-тумалары дән разы болды. Мейлі, тұтқында шарасыздың күйін кеш немесе алдыңғы шепте алысып, қаһармандықтың үлгісін көрсет, қалай болғанда да адамның аты – адам ғой. Оның азабы мен қуанышы қалайша ұмытылуға тиіс?
Адамның қоғамға сіңірген еңбегін таразылағанда, сол жанның жеткен жетістігімен қатар, қандай ұрпақ тәрбиеледі – соған да мән беруіміз керек. Ендігі бір ауыз сөз Ізім Қожаевтың елге пайдасы тиіп отырған Айнабек, Зұлқожа, Қамқа, Әділбек, Әділ секілді ұлдары жөнінде. Олардың осы жылдар аралығында атқарған шаруалары шаш етектен. Зұлқожа Ізімұлы басшылық жасайтын «Алихан ойл 3» ЖШС 2004 жылы қазығын қаққан. Облыс, республика көлемі бойынша ірі құрылыс нысандарын салып, елдің алғысын алған азамат. Ауызбіршіліктері жарасқан Қожаевтар әулеті облыс, аудан көлеміндегі көптеген қайырымдылық шараларына қатысып келеді. Өздерін қанат қағып ұшырған Мәртөк селосынан Халықаралық балалар күніне орай биіктігі 3 метр 30 сантиметр болатын «Ана мен Бала» ескерткіші мен аллеясын өз қаражаттарына салып берді. Зұлқожа Қожаев Ақтөбе облысы кикбоксинг федерациясының президенті ретінде ондаған жыл бойы кикбоксингтен Ізім Қарасайұлы атындағы халықаралық турнирді жоғары деңгейде ұйымдастырып келеді. Өткен мамыр айында Ақтөбе қаласында тұңғыш рет республикалық турнирді жоғары деңгейде өткізді.
Қожаевтар әулетінің берекесінің тасуы – ауыр тағдыр кешсе де, сағы сынбай, бір Алладан үмітін үзбеген Ізім Қарасайұлына Жаратқанның берген марапатындай елестейді. Үстіміздегі желтоқсан айында қаһарман сарбаз Ізім Қожаевтың өмірден озғанына 30 жыл толып отыр. Жуырда Ақтөбе қаласының №83 жалпы білім беретін мектебінде Ізім Қожаев атындағы кадет сыныбы салтанатты түрде ашылмақ. Енді болашақ Отан қорғаушы жеткіншектер Ізім атасының ғибратынан үлгі алып, патриоттық рухта тәрбиеленіп өсетініне еш күмән жоқ.
Кенжебек ТҰМАНБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
запастағы полковник















