Бұл бизнес форум ғана...
Қазақстанның халықаралық және саяси-экономикалық жаңалықтарының қатарында тамыздың басындағы Талибан делегациясының Астанаға сапары айрықша орын алатын жаңалық ретінде есте қалды. Сыртқы саясатта көпвекторлы бағыт ұстанатын Қазақстан Орталық Азия аймағының бейбітшілігін сақтау мәселелерінде белсенді қатысушы саналады. Ауғанстандағы ұзаққа созылған шиеленісті келіссөздер арқылы шешуді дәріптейтін қазақ елі, бұған дейін талай басқосуларды өткізіп, тараптарды ымыраға шақырудан жалыққан емес. Соның бірі – Астанада 27-28 шілде күндері өткен С5+1 арнайы сессиясы. Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және АҚШ елдерінің саясаткерлері бас қосқан бұл сессияда ОА өңірінде өзара гуманитарлық көмек көрсету, адам құқықтарын қорғау, Ауғанстанмен халықаралық ынтымақтастық, сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету және терроризмге қарсы күрес тақырыбы қаузалды. Осы жиналыс кезінде АҚШ-тың Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Томас Уэст ресми Астананың Ауғанстанға көмек беру жөнінде қабылдап жатқан шараларын құптап, әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру тұрғысында әрекет етіп жатқандығын айрықша бағалаған болатын.
Өткен аптада Астанаға Ауғанстанның өнеркәсіп және сауда министрі Нуриддин Азизи бастаған 210 адамнан тұратын бизнес-делегациясы келіп түсті. 2005 жылдан бері қарай «Талибан қозғалысын» лаңкестік ұйым ретінде танитын Қазақстан билігінің бұл әрекеті көпшілікті таңғалдырғанын жасыра алмаймыз. «Сауда- экономикалық байланыстарды ілгерілету мақсатында» шақырылған бұл сессияға, осылайша өзгелерді қойып, өзіміздің адамдар да үнсіз ғана бас шайқап жатты.
«Сүннетке сай киініп», аяқтарына жеңіл сүйретпе ілген бөгенайы бөлек топтың арасында (ҚР СІМ сайты таратқан мәліметі бойынша) «Ауғанстанның Орталық банкінің басшылары, ірі жекеменшік банктердің, «Да Афганистан Брешна Шеркат» (DABS) энергетикалық компаниясының, «Афган телеком» (AfTel) телекомуникациялық компаниясының, ауылшаруашылығы өнімдері мен мал шаруашылығы палатасының, сауда-инвестициялық палатасының, сондай-ақ ауылшаруашылығы, фармацевтика, өнеркәсіп, көлік-логистика, инженерлік, тоқыма және басқа компаниялардың өкілдері бар» екен. Қонақтарды Назарбаев әуежайынан ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин күтіп алды. Жоспарланған бағдарламаға сәйкес, 2 тамызда Қазақстан және Ауғанстан компанияларының презентациялары, B2B келіссөздері, 3 тамызда бизнес-форум өтті. Ал 4 тамыз күні қаладағы көрнекті орындардың бірі саналатын EXPO қалашығындағы Конгресс-орталығында Ауғанстаннан әкелінген тауарлардың көрмесі болды. Мұнда аздаған кондитерлік өнімдермен қоса қолдан соғылған ыдыс-аяқтар, зергерлік бұйымдар, ауған кілемдері көрмеге қойылды.
Қазақстан жаңа жол іздеп жатыр
Осының алдында ғана бұл форум туралы нақты түсінік берген Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев біраз жайға шолу жасап өткен еді. Оның сөзіне қарағанда, екіжақтылы ынтымақтастықты ілгерілету жағында Қазақстанның ұтатын тұстары көп екен. «Ауған делегациясының барлық мүшелері БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің санкциялық тізімдеріне кірмейтінін және тиісінше оларға қандай да бір шектеу шараларын қолдануға болмайтынын бірден атап өтемін», – деді вице-министр. Бұдан ары экономикалық мүдделер туралы тоқталған Қайрат Төребаев «Орталық Азияның барлық елдерінің ішінде Ауғанстан Қазақстанмен сауда жасайды. Өткен жылы өзара тауар айналымы 1 миллиардқа жетті. Алдағы жылдары біз бұл көрсеткішті 3 миллиардқа дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Қазақстанның сауда бағыттарын әртараптандыру – Ауғанстан – Орталық Азия, Үндістан және Парсы шығанағы елдері арасындағы байланыстырушы көпір. Ауғанстанның көлік-логистикалық әлеуетін асыра бағалау қиын, бұл Пәкістанға 220 миллион халқы бар ең қысқа жол», – деп түсінік берген болатын. Бас-аяғы бірнеше күнге созылған сессия аясында екі ел арасында бірқатар келісімдерге қол қойылды. Атап айтар болсақ, екі мемлекет арасында өзара сауда көлемін $3 миллиардқа дейін жеткізу мақсатында екі елдің бизнесіне қолайлы жағдай жасау үшін барлық күш-жігерді жұмсауға келісті. Астана мен Кабул қазақстандық мұнай өнімдері, ұн, бидай, күнбағыс майын Ауғанстан нарығына өзара тиімді шарттар негізінде жеткізуді ұлғайту жөніндегі жұмысты жалғастыратын болды. Ауғанстан – Түрікменстан шекарасында сауда-логистикалық терминал құру үшін транзит және логистика мәселелері бойынша Қазақстан, Ауғанстан және Түрікменстанның қатысуымен үшжақты келіссөздер жүргізуге уағдаласты. Қазақстан мен Ауғанстан банк және телекоммуникация секторларында ынтымақтастықты дамытуға, тау-кен өндіру өнеркәсібінде, ауыл және су шаруашылығында, энергетика, логистика, теміржолдар, денсаулық сақтау, білім беру және басқа да салаларда инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарастыратын болып келісті. Ал қазақ елінің түпкі мақсаты – келешекте екі ел арасындағы байланыстарды тереңдете отырып, Пәкістан мен халық саны жағынан Қытайдан озып бара жатқан Үндістан нарығына, онан қалса мұхитқа шығар жаңа жол табуға деген ниеті еді.
Қайрат Төребаев өз сөзінде «Перспективалы бірлескен жобалар Қазақстан Орталық Азия елдерінің Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс елдерімен үздіксіз өңіраралық ынтымақтастығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін Мазари-Шариф – Кабул – Пешавар теміржол трансафған көлік дәлізін салу бастамасын жоғары бағалайды. Бұл бағыт сауда-экономикалық ынтымақтастық динамикасына жаңа серпін береді. Қазақстан оның құрылысына қатысуға дайын. Ауғанстан Қазақстан сияқты әлемдегі ең бай минералды ресурстарға ие, атап айтқанда, мұнай, газ, көмір, мыс, күміс, алтын, кобальт, күкірт, қорғасын, мырыш, сирек жер элементтері, темір рудасы, тұз, бағалы және жартылай бағалы тастар. Сонымен қатар Ауғанстан литий қоры бойынша №1 ел болып табылады, ол болашақтың металы екені белгілі», – деді.
Мұхитқа шығар жаңа жол, уақыттан және қашықтықтан үнемдеуге болатын жаңа бағыттар ашу мәселесі қазақ елі үшін маңызды стратегиялық жобалардың бірі. Бұл бағдар ойдағыдай жолға қойылатын болса, біздің кәсіпкерлеріміз көптеген өнімдерді ауған нарығына делдалсыз сатуға мүмкіндік алмақ. Бұған қоса, мұнай құбырлары мен логистикалық арналарды көзір етуді әдетке айналдырған көршілердің арамзалығының алдын орап кетуге мүмкіндік туатыны тағы бар.
Әлем тәліптерді мойындауы мүмкін бе?
Ауғанстандық делегацияның Астанаға келуі әлемдік БАҚ-тардың да назарын бірден аударды. Қытайдың кейбір сайттары таратқан ақпараттарына «Қазақстан Талибанды мойындады» деген тақырып қойыпты. Алайда мақала мәтінінің ресми ақпаратпен ғана шектелгендігін айта кеткен жөн. Мұның автордың оқырман назарын аудару үшін жасаған «сенсациялық қадамы» ма немесе бүкіл ақпаратты қатаң сүзгіден өткізіп отыратын Қытай билігінің шешімі ме, айыру қиын...
2023 жылы мамырдың басында Исламабад қаласында Пәкістан, Қытай, Ауғанстан елдерінің үшжақты кездесуі өткені есімізде. Үш елдің Сыртқы істер министрлері бас қосқан кездесуде негізгі талқыланған мәселелердің ең алдында экономикалық мүдделер назарға алынғандығы айтылған еді. Бұдан бөлек Үндістанда өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммиті кезінде Пәкістанның Сыртқы істер министрі Билавал Бхутто Зардари сөз арасында: «Мен халықаралық қауымдастықты Ауғанстанның уақытша үкіметімен «мағыналы түрде араласуға» шақырамын. Ауған жері қайта-қайта ұлы державалардың ойын алаңына айналғаннан кейін біз ауған халқының сол қателіктерді қайталауына жол бермеуге міндеттіміз», – деген еді. Бұл ең алдымен 2600 шақырым ортақ шекарасы бар екі елдің іргесінің тыныштығы үшін айтылған үндеу болатын.
Келесі бір маңызды басқосу АҚШ пен Талибан өкілдері арасында өтті. 2023 жылы 1 тамызда Талибан жетекшілері екі жыл бұрын Ауғанстанда билікке келгеннен бері алғаш рет Катарда АҚШ шенеуніктерімен кездесті. Ауғанстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Абдул Кахал Балки шілденің 31-і күні Катарда өтетін келіссөздер кезінде тараптар сенім шараларын, соның ішінде санкцияларды алып тастау мен саяхатқа тыйым салуды және Ауғанстан Орталық банкінің шетелдегі активтерін қайтаруды, есірткіге қарсы күрес пен адам құқығы мәселелерін талқылайтындықтарын айтқан болатын.
БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі Талибан үкіметін әлі күнге дейін мойындаған жоқ. Бұған басты себеп – елдегі адам құқықтары мәселесі, соның ішінде әйелдердің білім алу, қоғамдық жұмыстарға араласу мәселесінің қатаң шектелгендігіне қарата ашық наразылық білдіріп отыр. Алайда кедейшілік пен қақтығыстың салдарынан ауыр күндер өткізіп жатқан ауған халқына қаратылған гуманитарлық көмектерге тосқауыл қойған емес. Бұл тұрғыдан алғанда сауда-экономикалық қарым-қатынастарды біртіндеп жандандыру мәселесіне халықаралық қоғам да теріс пікірде емес екендігі байқалады. Мәселен 2022 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында Қытай мен Ауғанстан арасындағы сауда көлемі 595 миллион АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 13,6%-ға өскен. 2021 жылы қытайлық компаниялар Ауғанстанға қаржылық емес тікелей инвестицияға 2,82 миллион АҚШ долларын инвестициялапты. Бұл көрсеткіштер бұрынғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай азайған дейді қытайлық сарапшылар. 2022 жылдың 1 желтоқсанынан бастап Қытай елі Ауғанстандағы өнімдердің 98 пайызына нөлдік тарифтік режимді енгізеді.
PS: АҚШ әскерлері елден кеткен бойда Талибан қозғалысы билікті қолға алғалы, халықаралық қауымдастық Кабулмен болған қатынасын саябырлатқан еді. Дегенмен екі жылдан бері Талибан өкілдерінің қатысуымен өткен кейбір кездесулердің нәтижесі біртіндеп жылымықтың басталатындығынан хабар беретіндей. Қазір әлемдік БАҚ-тар Талибан үкіметінің Ауғанстандағы апиын өндірісіне деген шектеулерін жоғары бағалай бастады. 1 тамыз күні Катарда өткен кездесуден кейін АҚШ делегациясы мәлімдеме жасап, Вашингтонның «экономикалық тұрақтылық бойынша жақын арада техникалық диалогқа» дайын екендіктерін айтты.