Аулаларды абаттандыру айрықша маңызға ие. Бұл, бір жағынан, шаһардың шырайын кіргізсе, екіншіден, балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне таптырмас мүмкіндік. Бүгінде бұл бағытта шаһарда ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Айталық, биыл Таразда «Проект и К» ЖШС-нің мердігерлігімен 26 аула абаттандырылмақ. Бүгінгі күнге жиырма аулада негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, енді тек балаларға арналған ойын құрылғыларын орнату жұмыстары атқарылады.
– Қаладағы аулаларды абаттандыру жұмыстары бір ай бұрын басталды. Жұмыс күшіміз де, құрылғыларымыз да толықтай жеткілікті. Қазір негізгі құрылыс жұмыстары аяқталды. Енді балалар ойнайтын құрылғыларды орната бастаймыз, – дейді «Проект и К» ЖШС-нің учаске бастығы Ғабиден Бакшиев.
Осы орайда аулаларды абаттандыру қала әкімі Бақытжан Орынбековтің жіті назарында екенін айта кеткен жөн.