Бүгін облыс орталығында «Жер-2023» республикалық командалық штабтық оқу-жаттығу шеңберінде Жамбыл облысы азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін бірыңғай құлақтандыру жүйесі іске қосылды.
Жүйе аясында жалпы облыстық сейсмикалық оқу-жаттығу барлық мекемеде (меншік иесіне қарамастан) ұйымдастырылды.
Оқу-жаттығу кезінде Тараз қаласы, Ыбырайым Сүлейменов көшесі, №3 мекенжайындағы Тараз қаласы әкімдігінің ғимаратындағы қала әкімшілігінің басшылық құрамы, жұмысшылар мен қызметшілер, Жамбыл облысының мамандандырылған күзет қызметі басқармасының жеке құрамы қамтылды.
Сонымен қатар жаттығуға Тараз қаласының авариялық-құтқару қызметтерінің жер сілкінісі кезінде іс-әрекеттері ұсынылды. Жер сілкінісі кезінде ден қою жасағының күштері мен құралдарының дайындығын тексеру мақсатында жедел құтқару жасағының 35 техникасы, 99 маманы жұмылдырылды.
«Жер сілкінісі! Қауіпсіз жерлерге орын ауыстырыңыздар!» деген дыбыстық хабарламасынан соң жұмысшылар мен қызметшілер әкімшілік ғимаратынан алдын ала белгіленген қауіпсіз орынға шұғыл түрде негізгі және қосалқы шығу жолдары арқылы эвакуацияланды.
Сонымен қатар, іс-шара аумағындағы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аумақты жергілікті полиция қызметкерлері қоршауға алды.