Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил шаһардағы бірқатар нысанды аралады.
Әуелі Қайрат Әбілханұлы №15 мектеп-гимназияға арналған қосымша ғимараттың құрылыс жұмыстарын көрді. Аталған оқу ордасының жанынан 300 орынды жапсарлас ғимараттың құрылысы 2024 жылдың 22 мамырында басталған еді. Бүгінгі күнге бірінші қабатының жұмыстары жүргізілуде. Мердігері – «SHEBER BUILD» ЖШС.
Келесі кезекте Қ.Исмаил №36 орта мектептің жылу жүйесін қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты.
Осы ретте айта кетерлігі, ағымдағы жылы мектептердің жылу жүйелерін гидравликалық сынақтан өткізу жұмыстары басталып, 85 пайызға орындалып отыр. Айталық, 12 оқу ошағының жылу жүйелерін гидравликалық сынақтан өткізу кезінде ақаулар анықталып, оларды ағымды жөндеуден өткізу үшін сметасы дайындалуда. Енді қаражат көздерін қарастыру туралы бюджеттік өтінім білім басқармасына ұсынылады.
Бұдан кейін Қайрат Әбілханұлы “Ақбұлақ” шағын ауданы, №7 және “Жансая” шағын ауданы №23 көпқабатты тұрғын үйлердің ауласындағы балалар ойын алаңшаларына аялдады.
Бүгінгі күні шаһар бойынша 16 мекенжайда абаттандыру жұмыстары басталса, 7-еуінде тиісті жұмыстар толығымен аяқталуға жақын. Осы орайда, биыл қалада 25 аула жаңа кейіпке енеді.
Сондай-ақ Қ.Исмаил “Ұлы дала” шағын ауданындағы 1200 орындық мектеп пен “Бурыл” алқабындағы шағын футбол алаңшасының құрылысымен танысып, жұмыстарды сапалы әрі межеленген мерзімде аяқтауды тапсырды.