ТАРИХТЫҢ ТҮБІН ҚОПАРҒАН ДАРАБОЗ

ТАРИХТЫҢ ТҮБІН ҚОПАРҒАН ДАРАБОЗ

Ұстаздық ету, нағыз ұстаз болу – әркімнің қолынан келе беретін іс емес. Бұл – білімділікті, қарапайымдылықты, үнемі іздене білуді, ең бастысы, адалдықты қалайтын, өзіңді үнемі рухани жағынан дамытып отыруды қажет ететін кәсіп. Ұстаздықты таңдап, бүкіл өмірін, болмысын және рухын осы жолға бағыштаған, оны өмірінің мәні тұтқан, бар білімі мен ғылымдағы ізденістерін бір ғана мақсатқа – Отанына қызмет етуге, өскелең ұрпаққа сапалы білім беруге бағыттаған дарабоз жандар халқымызда баршылық. Міне, солардың бірі ғана емес, бірегейі, тарихты зерттеп, осынау ғылымның жолында көз майын тауыса еңбек еткен, ұзақ жылдар бойына Қазақстанның ірі-ірі жоғарғы оқу орындарында білімгерлерге сабақ берген азаматтың өзіміздің ауданымыздан – мерейлі Меркі жерінен шыққанын қалайша мақтаныш етпеске?!

«Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін – білім» – деп ұлы жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, елімізді өркениетке апарар жолдың бастауында мектеп, әлбетте, ұстаздар қауымы тұрады. «Ұстаз – ұлық емес, ұстаздық – ұлы қызмет» деген тамаша тағылымды сөз бар, халқымызда.Міне, біз әңгімелегелі отырған Сәкен Әсімбайұлы Тортаев осындай ұлы қызметтің иесі ғана емес, өзі ұзақ жылдар бойына зерттеген тарих ғылымының хас шебері, Тәуелсіз Қазақстанның білімін де, ғылымын да дамытуға орасан зор үлес қосқан жан.

Сәкен Әсімбайұлы Тортаев, 1941 жылдың 2-ақпанында, ежелгі Түркі қағанатының қоныс тепкен жері, аты сонау VI ғасырдан бастап аталатын – Меркі жерінде, қазіргі Жамбыл облысының Меркі ауданында, дәлірек айтқанда, Кеңес ауылында дүниеге келген. 1955 жылы 7 жылдық мектепті тауысқан ол, аудан орталығындағы мектеп-интернатта оқып, білім алады.

Асқар тауы Әсімбайдай әкесі мен Сейсекүлдей асыл анасының тәрбиесін алып, өскен Сәкен бірнеше жыл Алматыға білім қуып барғанымен, жоғары оқу орнына түсудің реті келмейді. Сөйтіп жүріп, Алматыдағы республикалық киномеханиктер мектебін бітіріп, біраз уақыт туған жері Меркісіне келіп, киномеханик болып еңбек етеді.

Оқуға түсуді армандап жүргенде, арада екі жылдай уақыт өткенде, 1960 жылы Отан алдындағы әскери борышын өтеуге аттанады да, іріктеу кезінде Украинаның Днепропетровск қаласына түседі. Жастайынан ізденгіш, әріден ойлай білетін қасиеті Сәкенді алға жетелей берген-ді. Иә, ол алға ұмтылды... Осындай ұмтылыс, әскери қызметте жүрсе де оны Днепропетровск университетінің дайындық бөліміне алып келді. Мұның өзі Сәкеңнің орыс тілін едәуір меңгеруіне көп көмегін тигізген-ді.

Әскер қатарынан босаған бетте, 1963 жылы, қарапайым қазақ баласы, асқақ арманын жүзеге асыруды мақсат етіп, Иркутск педагогика институтының тарих факультетіне оқуға түсті. Көптен күткен арманы жүзеге аса бастағанда, ол бар ықыласы мен пейілін оқуына, біліммен сусындауға арнады. Жат қалада жүрсе де, оқудан бас алмайтын. Дегенмен де, туған жерге деген сағыныш Сәкен Әсімбайұлын елге жетеледі. Арада екі жыл өткенде ол оқуын алыстағы Иркутскіден Алматыға, Абай атындағы Қазақ педагогика институтына (қазіргі Қазақ ұлттық педагогика университеті) ауыстырды.

Білімдіге қашанда жол ашық. Институтта бір жыл білім алған соң, студент Сәкен Тортаевтың алғырлығы мен білімділігі басшылардың назарына ілікті де, оны Қазақ ССР-нің Оқу министрлігі тағы да Ресейге, білімін жалғастыруға арнайы жолдамамен жіберді. Бұл жолы ол Кострома педагогика институтының тарих-педагогика факультетіне ауысты. Осында тиянақты білім алып, дипломмен елге оралған Сәкен Әсімбайұлын, 1969 жылы, еліміздің Оқу министрлігі Семей педагогика институтына оқытушылық қызметке жіберді. Сол кездегі талаптарға сәйкес, міндетті болып саналатын 3 жылдық қызмет мерзімі біткен соң, талантты жас маман, министрліктің қадағалауымен сол кездегі астанамыз – Алматыға, Қыздар педагогика институтына, қызметке ауыстырылды. Мұнда да ол өзінің тынбай ізденетін қарапайым да парасатты мінезімен ерекшеленді.Сондықтан да оған басшылар назары тағы ауып, 1975 жылы Мәскеудегі КСРО Педагогика ғылымдары академиясының аспирантурасына оқуға жіберіліп, оны 3 жылдан соң, 1978 жылы аяқтайды. Білімді жас ғалым ғылым кандидаты атағына диссертациясын Мәскеудің өзінде қорғап шықты. Сөйтіп, Сәкен Тортаевқа 1979 жылдың 26-сәуіріндегі КСРО-ның Жалпы мәселелер жөніндегі Ғылыми-зерттеу институты Кеңесінің шешімімен (№9 хаттама) ПД №002969-шы Ғылым кандидатының Дипломы берілді.

1980 жылы Сәкен Әсімбайұлы осындай үлкен жетістіктерімен туған жеріне оралып, 1988 жылға дейін Жамбыл педагогика институтында сабақ беріп, ұстаздық кәсіптің қыры мен сырына үңіліп, еңбек етті. «Ізденген жетер мұратқа» – дейді қазекем. Оған 1988 жылдан 2005 жылға дейін қазақ білімінің қарашаңырағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұстаздық ету бақыты бұйырды. Үлкен шаңырақта, көптеген атақты әріптестерінің арасында еңбек ету Сәкеңді алға, ғылымға тереңдей түсуге итермелегені анық. Ол мұнда Дүние жүзі тарихы кафедрасында доцент болып абыройлы қызмет атқарды.

2005 жылы осы жерден зейнет демалысына шықты. Қашанда өмірінің әрбір сәтін ерінбей-талмай еңбек етумен өткізіп, білімгерлерін біліммен сусындатқан, содан рухани күш-қуат алатын ұстаз демалыстамын деп, қарап жата алмады. Бір кездері өзі еңбек еткен Қазақтың қыздар педагогикалық университетінің шақыруымен, тарих пәнінің мұғалімдерін дайындауға белсенді түрде атсалысты.

Қоғамдық жұмыстан да, ғылыми ізденістерден де ешқашан бас тартпайтын, сыпайы, барынша кішіпейіл және аса қарапайым Сәкен Әсімбайұлы қайда еңбек етсе де, өзі жүрген ортада әрқашан құрметті де қадірлі болды. Сондықтан да болар, оған 2010 жылдың 24-желтоқсанындағы

Қазақтың қыздар педагогикалық университеті Ғылыми кеңесінің шешімімен (№3 хаттама) профессор академиялық атағы берілді.

Сәкеңді дарабоз ғалым десек қателеспейміз. Себебі, ол өзінің болашақ тарих мұғалімдерін даярлау қызметін оларға арналған оқулықтар жазу мен әдістемелік құралдар, әртүрлі түсіндірме сөздіктер дайындаумен ұштастырып, бұл мәселені өзінің өмірлік мұратына айналдырды. Сонымен бірге, Сәкен Әсімбайұлы шәкіртті дайындау мектеп қабырғасында іргелі түрде қолға алынуы керек екенін де бір сәт естен шығарған емес. Осы мақсатпен ол «Орта ғасырлардағы Азия және Африка елдерінің тарихы» атты кітабын және «Дүние жүзі тарихы» оқулықтарын үздіксіз дайындап, орта мектепке оқулық, хрестоматия, әдістемелік нұсқаулық түрінде ұсынып отырды.

Қазіргі уақыттарда еліміздің рухани өмірінің әртүрлі салаларында белсенді қызмет етіп жүрген көптеген азаматтар орта мектепте Сәкен Тортаев дайындаған оқулықтардан білім алып, дүние жүзінің тарихынан алғашқы сатылық негіздегі дүниетанымдарын біртіндеп кеңейтіп, айтулы мамандарға айналғаны анық. Олардың басым көпшілігі бүгінгі жаһандану заманында басқа елдер туралы алғашқы түсінікті орта мектепте осы кісі дайындаған оқулықтан қабылдағандарын ұмыта қойған жоқ болар. Бұл – ұстаз жетістігінің биік шыңы, арман-мұратының орындалуы.

Сонымен бірге, Сәкең өзінің тарихшы-ғалым екенін де бір сәт естен шығарған емес. Кезінде «Алаш» тарихи-зерттеу орталығында бірнеше жыл қызмет жасаған ол, «Қазақ ру-тайпаларының тарихы» және «Қазақтың этникалық тарихы» тәрізді республикалық деңгейде танымал болған ғылыми жобаларға ғалым ретінде белсене қатысты. Бұл жобалардың соңғысы бәрімізге белгілі «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша кітаптар шығарып келеді. Осы ғылыми ұжымда Сәкен Әсімбайұлы 7 томдық қазақ ру-тайпаларының тарихын баяндайтын іргелі монографиялық зерттеулерді жазуға тікелей атсалысты.

Сонымен бірге ол, «Қазақстан ұлттық энциклопедиясының» «Жалпы тарих және халықаралық қатынастар» бөлімінің ғылыми кеңесшісі ретінде де елеулі жұмыстар атқарып, қомақты үлесін қосты. Оның есімі осы танымал энциклопедиялық басылымның 6-10 томдарында атап көрсетілген.

Ғалымның ғылыми ізденістерінің нәтижесі ретінде ол дайындағын 126 ғылыми-әдістемелік оқулық пен оқу құралдарын, көптеген мақалаларды атап өтуге болады. Оның «Азия және Африка тарихы» атты студенттерге арналған оқулығы 3 рет қайта басылып шықты, қазір жоғарғы оқу орындарында кеңінен қолданылып келеді. Бұл оқулыққа қосымша «Орта ғасырлардағы Азия, Африка тарихы» пәнінің типтік бағдарламасын, семинар сабақтарының әдістемелік құралын, орта ғасырлар тарихының терминдерінің түсіндірме сөздігін, «Орта ғасырлар тарихының маңызды оқиғалары» деген күнтізбені жазып, баспадан шығарды. Орта мектептің 7-сыныптарына арнап бірнеше авторлармен бірлесіп жазған оқулықтары да 3 рет басылып шықты. Бұл пәндердің оқу-әдістемелік кешені де (әдістемелік нұсқау, хрестоматия, бағдарлама, глоссарий) баспадан шықты.

...Ресейде алған білім Сәкен Әсімбайұлын қазақ тарихына қатысты шет елдегі деректерді іздестірумен шектелмей, көрші мемлекеттің ауқымды да іргелі, ежелден қалыптасқан жазба тарихын терең меңгеріп шығуына жол ашты. Мұның өзі еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Сәкеңдіорыстың орта ғасырлардағы тарихындағы тарихи оқиғаларды шовинистік пиғылмен асыра дәріптеуге негізделген евроцентристік пиғылдарға сын көзбен қарауға тәрбиеледі. Ол сондықтан да орыстың орта ғасырлардағы тарихында көп әңгімеленетін Киев Русіндегі князьдардың былықтарын, Алтын Орданың хандарының Ресей жеріндегі ежелгі саясатын бүгінгі қазақ зиялысының көзімен дұрыс бағалайтын шынайы да объективті оқулықтардың дүниеге келуіне белсенді атсалысқан ғалым-ұстаздарымыздың біріне айналды.

Ресейде басқа халықтың тарихын жан-жақты оқып үйренсе де, Сәкен Әсімбайұлы азаттық қозғалысының тарихын негізгі ұстаным ретінде әрқашан басшылыққа алып келді. Осы орайда, оған Сібірде айдауда болған, самодержавиелік билікке қарсы азаттық үшін белсене күрескен декабристердің тағдыры, олардың кейбіреуінің Иркутскідегі саяси-ағартушылық қызметтері және Ресей тарихында осы тарихтың бұрмаланып баяндалуы оның әділдікті бағдар еткен тарихи санасына әрқашан да әсерін тигізгенін атап өткен жөн.

Айта кетер бір мәселе, Сәкеңнің зерттеушілік жұмысының белгілі бір кезеңі ғылымның айтулы ордасы – Мәскеумен тікелей байланысты болды. Кострома пединститутында оқып жүргенде оның дипломының ғылыми жетекшісі Мәскеудегі Ленин атындағы педагогика институтынан тағайындалған еді. Осыған байланысты Сәкеңнің студенттік өмірінің біразы Мәскеудің Ленин атындағы атақты кітапханасында өтті. Осында ол орыс жылнамаларындағы біздің тарихымызға байланысты нақты деректермен сусындап, 1380 жылғы Күлік (Куликово) шайқасы туралы тарихи шындықты бейнелейтін түпнұсқа мәліметтерімен қаруланып, Ораз-Мұхаммед пен Қадырғали Жалайырдың еңбегіне қатысты ол кезде Қазақстандағы қазақтарға едәуір белгісіз оқиғалармен танысып, айтарлықтай ауқымды білім алды.

Осының бәрі Тәуелсіз Қазақстанда Сәкен Әсімбайұлын өзіндік ұлттық дүниетанымы бар, тарихи біліммен терең сусындаған және өзіндік көзқарастарын ақпарат құралдары мен әртүрлі жинақтарда ашық айта алатын азаматтық ұстанымы қалыптасқан ұлттық маманға айналдырды...

Сәкен Әсімбайұлы әлі де тынымсыз еңбек үстінде. Оның еңбегі сол тарих: қызмет істеп жүргенде үлгермеген немесе мүмкіндігі болмаған тарих қатпарлары, елдің білетіндері мен біле алмаған тұстары...

Мысалы, 2019 жылы «Орта ғасырлардағы Шығыс елдерінің қысқаша тарихы» атты кітабы жарық көрді. Негізінен, бұл кітап автордың «Орта ғасырлардағы Азия және Африка тарихы» атты оқулықтарын толықтыра түскен. Ал, 2021 жылы «Қазақтың қиямет-қайым ғасыры» атты жаңа кітабы оқырмандарына жол тартып отыр.

Кітаптың кіріспесінде: «Қазақстанның сан ғасырлық тарихының ең қасіретті кезеңі – ХХ ғасырдағы қияли коммунизм белесін қуған кезең болды» – делінген. Онда Кеңес халқының, соның ішінде қазақтың бұрын- соңды болып көрмеген қорлықтары ашып көрсетілген. Шығарма өз елінің шынайы тарихын тереңірек білгісі келетін көпшілік қауымға арналған.

Профессор Сәкен Тортаевтың еліміздің тарихына, тарихшыларды дайындау ісіне, оның ішінде, тікелей тарих пәнінің мұғалімдерін оқытып шығаруға қосқан қомақты үлесін зерделей отырып, байқағаным, ол нағыз ұлтжанды азамат, Отанымыздың шынайы патриоты. Өйткені, қайда жүрсе де, тарих қатпарларының қай саласына үңілсе де, бойынан ұлттық пайымы мен ұлттық болмысы арылмаған азамат. Осы жерде халқымыздың бойында бар қарапайымдылық, аңғарымпаздық пен сұңғылалық қасиетті анық байқауға болады. Сәкең – сонысымен дара, сонысымен де асқақ!

Әтіркүл ИСАЕВА, Журналист Меркі ауданы, Жамбыл облысы
25.11.2021

Ұқсас жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ АЛУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ БҰЗЫЛМАУЫ ТИІС
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 26.11.2024 91
Таласқа ешкімнің таласы жоқ
Serik Salemov, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары - 26.11.2024 100
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 196
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 196
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 333
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 336
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 562
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 510

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9211
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8608
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11834
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9604
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10817