Астана қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жылда өтеді. Оған әр саланың мамандары атсалысады. Астананың ерекше тазалығы мен жинақылығы тұрғындар мен қонақтар үшін де жақсы бастама. Жақсы көрсеткіш!
Жуырда Астанада әскери білім ордасының басшылығы, профессорлық-оқытушылық құрам мен магистранттар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Жеңістің 80 жылдығына орай 80 түп ағаш көшетін отырғызды.
Университет ұжымына Қазақстан Қарулы күштерінің ардагерлері, генерал-майорлар Мүслім Дайыров, Бақтияр Сыздықов және әскери қызметшілердің отбасы мүшелері қосылды. Жалпы іс-шараға 300-ден аса адам қатысты.
– Біздің университет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдады, – деп атап өтті ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков. – Бүгін университет маңында біз 80 түп қайың мен қарағай көшетін отырғыздық. Бұл сан кездейсоқ емес, осылайша біз Ұлы Отан соғысының батырларына, ардагерлеріне және тыл еңбеккерлеріне құрметімізді білдірдік.
Айта кету керек, Қарулы күштердің әскери қызметшілері азаматтардың қоршаған ортаны абаттандыруға және экологияны жақсартуға бағытталған табиғатты қорғау акцияларына үнемі белсенді қатысып келеді.
26 сәуір күні Астана қаласында «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық акциясы аясында қалалық сенбілік өтті. Бұл іс-шараға Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі, «Жасыл даму» АҚ қызметкерлері, Астана қаласы әкімдігі және қала тұрғындары қатысты.
Сенбіліктің негізгі мақсаты – қала көшелеріндегі тазалық пен тәртіп мәселелеріне қоғам назарын аудару, сондай-ақ тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. «Жасыл даму» АҚ қызметкерлері Әл-Фараби даңғылынан Ұлы Дала даңғылына дейінгі аумақты тазалады.
Сенбілік барысында қала орталықтары мен тұрғын аймақтары, парктер, скверлер, аулалар, сондай-ақ сауда, қоғамдық тамақтандыру және басқа да ұйымдардың маңындағы аумақтар тазартылды.
Экологиялық мәдениет пен әрбір азаматтың қоршаған ортаны сақтау мен тазалыққа жауапкершілігі «Жасыл даму» АҚ үшін маңызды басымдық болып табылады. Компания өкілдері мұндай іс-шараларға қатысу жастар мен ересектер арасында табиғатқа деген құрмет пен саналы көзқарасты қалыптастыруға көмектесетініне сенімді.
Мамыр айының басында Астанада республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды жалпықалалық сенбілік өтті.
Бұл игі іске «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының қызметкерлері белсене атсалысып, қаланың тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты. Сенбілік барысында кең аумақ қоқыстан тазартылып, 160 түп ағаш отырғызылып, 10 жаңа орындық пен қоқыс жәшігі орнатылды. Бұл – елордада жайлы әрі жасыл орта қалыптастыру жолындағы тағы бір нақты қадам.
Бүгінгі іс-шара – жай ғана экологиялық бастама емес, ол – әр азаматтың жауапкершілігі мен орнықты дамуға деген ұмтылысының көрінісі. Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде сөйлеген сөзінде жиынның маңызына тоқталып, «Тазалық» фестивалі өте тағылымды іс-шара екенін айтты.
– Осыдан бір жыл бұрын бәріміз бір ел болып «Таза Қазақстан» жобасын бастадық. Мен, ең алдымен, осы жалпыұлттық бастамаға алғашқы күннен бастап белсене қатысып жатқан әр азаматқа шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Әсіресе, солардың қатарында өздеріңіз сияқты жалынды әрі дарынды жастарымыз өте көп. Сіздер еліміздің әр аймағында еңбек етіп, қоғамдық жұмысқа атсалысып жүрсіздер. Бұл – үлгі боларлық іс. Мен Мемлекет басшысы ретінде сіздерді әрдайым қолдаймын! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы тазалықтың мәні мен мағынасы жайындағы пікірімен бөлісіп, ойдың да, бойдың да, қоршаған ортаның да тазалығын сақтау әр адамның ішкі мәдениетінің көрсеткіші деп баға берді. Сондықтан тазалық халқымыздың болмысына сіңген қасиет болуы қажет екенін үнемі айтып келе жатқанын еске салды.
– Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз. «Жас келсе – іске» деп халқымыз бекер айтпаған. Баршаңызды табиғатты қорғау идеясы біріктіріп отыр. Сіздер бәріңіз бірге істеп жатқан жұмыстың арқасында бұл игі бастама осындай үлкен қозғалысқа айналды. Ортақ іске күш жұмылдыру дегеніміз – осы, – деді Президент.