Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті аумағында кезекті сенбілік ұйымдастырылып, оған университет оқытушылары мен студенттері белсенді қатысты. Табиғатты қорғау мен қоршаған ортаны таза ұстау мақсатында өткізілген бұл шара жоғары оқу орнының экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталды.
Іс-шараға Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының студенттері мен оқытушыларыда қатысты. Сенбілік барысында университет ауласын, оқу корпустары маңын және жасыл аймақтарды тазартты. Қоқыстар жиналып, жасыл аймақтар, ағаштар мен бұталар ретке келтірілді. Сонымен қатар, студенттер мен оқытушылар қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығы туралы пікір алмасып, экологиялық жауапкершілікті арттыру жөнінде ой бөлісті.
Мұндай шаралар жастардың табиғатқа деген жанашырлығын қалыптастырып қана қоймай, ұжымдық ынтымақтастықты нығайтады. Сенбілік – тек тазалық жұмысы ғана емес, сонымен қатар тәрбие мен үлгі көрсетудің тиімді құралы. Әсіресе, болашақ мамандар ретінде студенттердің экологиялық сана-сезімін қалыптастыру аса маңызды.
Айта кету керек, университетте экология және тұрақты даму бағытында түрлі іс-шаралар жүйелі түрде өткізіліп келеді. Бұл бастамалар студенттердің белсенділігін арттырып, қоғамдағы экологиялық мәселелерге бейжай қарамауға тәрбиелейді.
Сенбілік білім алушылардың қоршаған ортаны қорғау жолындағы маңызды қадамдарының бастамасы болатын игі іс щара болды. Осындай игі істер алдағы уақытта да өз жалғасын табатыны сөзсіз.
Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының
аға оқытушылары: Курбанова Л.С., Тусупова Б.Х.,
Керимкулова А.Б.















