Тек өзіңнің қолдауыңмен келем мен

Тек өзіңнің қолдауыңмен келем мен

Нұржан  Жаманбай ұлтының нағыз патриоты. Өзі ауылда тұрса да Алматы шаһарындағы оқиғаларға жиі қатынасып тұрады. Біздің газеттің жанашыры. Бұрын да біздің газетімізде жеке-жеке өлеңдері шығып тұратын. «Жырларыңды топтап әкелсеңші. Сонда көзге көрінеді» деген өтінішімізден кейін бір топ жырларын әкеліпті. Оның өлеңдерінің біршамасына ән де шығарылған. Жастар сүйсіне айтып жүр. Нұрекеңе алдағы уақытта зор шығармашылық табыс тілейміз.

 

Ақ періштем

 

Адалдығың жанарыңнан көрінген,

Қара шашың иығыңа төгілген.

Жалын оты махаббаттың маздайды,

Ақ періштем, кездескенде өзіңмен.

 

Аспандағы жарқыраған жұлдызым,

Бақшамдағы сайраған сен бұлбұлым.

Еркелей кеп, қоншы менің қолыма,

Еркелеткім келіп сені тұр бүгін.

 

Жанарыңды жалын атқан тайдырма,

Жаныңда мен болам әркез 

                                           қайғырма.

Ақ періштем, пәк сезіммен 

                                         баурай бер, 

Аққуым боп, қалықтаған айдында.

 

Біз осылай бақытты өмір кешейік,

Теңіздерден бірге жүзіп өтейік.

Бірге жүріп, бірге шығып шыңдарға,

Қол ұстасып армандарға жетейік!

 

Қарағашым

 

Белес-белес белі  бар, 

Салқын, самал желі бар, 

Ауылым менің Қарағаш, 

Ақ пейіл, жарқын елі бар, 

 

Топырағы нәр берген, 

Несібе, ризық – дән берген. 

Ерлері еңбек қыздырып, 

Әйелдері сән берген.

 

Сарыбұлағым – берекем, 

Сағынышым сен екен. 

Шөбің түгіл шөңгең де

Таптырмайтын ем екен. 

 

Қыратың гүл жайнаған, 

Елің жомарт, тойлаған. 

Қасиетті Қарағаш, 

Мен өзіңнен айналам.

 

Сенен шыққан батырлар,

Өнерлілер, ақындар. 

Бабаларым басқан жер, 

Мақтануға хақым бар.

 

Анама

 

Еркелеумен өстім, анам, 

Етегіңе оралып. 

Тәтті ғұмыр кештім, анам. 

Деп аталған «балалық». 

Ақ сүтіңмен асырадың, 

Ер жеткіздің, өсірдің, 

Бала болдым, шала болдым. 

Бәрін өзің кешірдің. 

Қалардай боп сізді көріп, 

Соңына ердім сағымның. 

Көңіл толқын, ерік беріп... 

Өзіңді шын сағындым, 

Сағынышым самал желмен 

Жетсе, шіркін, анашым. 

Құрақ ұшып, «құлыным» деп, 

Қуанып бір қалатын.

 

Немереге тілек

 

Тастамай ойыншығын сылдырлаған,

Қасымда немерелер былдырлаған. 

Астына көп сұрақтың алған кезде, 

Орнымда шыр айналып, 

                                   шынжырланам. 

 

Ойнаймыз, кешті бірге батырамыз, 

Ат боламыз, қораз боп шақырамыз. 

Қызықтап қылықтарын немеренің, 

Ата мен апа болып отырамыз. 

 

Тілейміз бәрінің біз амандығын, 

Болса екен азаматтар жиған ғылым. 

Ержетіп, ел-жұртына қызмет етіп, 

Көгіне көтерсе екен туған тілін. 

 

Ұрпағым Ұлы дала төсінде өскен,

Мерейін «Мәңгілік Ел» өсірсе екен. 

Қадірі қазағымның әлемге артып, 

Қазақ боп тумағандар өкінсе екен. 

 

Ұрпақ жыры

 

Біз бақытты баламыз, 

Билейміз, ән саламыз. 

Бізбен билеп гүлдер де,

Тербеледі даламыз. 

 

Жетіледі санамыз, 

Жетектейді анамыз.

Ашып өмір есігін, 

Мектепке де барамыз. 

 

Білім нәрін аламыз, 

Қияға қанат қағамыз.

Туған жердің көгінде. 

Жұлдыз болып жанамыз.

 

Ғарышқа да шығамыз, 

Әлем сырын ұғамыз. 

Туымызды тік ұстап, 

Тұғырында тұрамыз. 

 

Өткен ата-бабамыз 

Өсиетін аламыз.  

Ұлы Дала елінің 

Ұрпағы боп қаламыз.

 

Елтаңба – менің жүрегім 

 

«Отаным» 

 

Ана тілім – арым бұл,

Қазаққа сый ғажап бір.

Ғарыштан да естілген,

Ғаламдағы ғажап тіл.

Шарлап әлем аспанын,

Шарықтай бер, от әнім. 

Әнұраным  –айбыным, 

Қазақ елі  –Отаным! 

Елтаңба – менің жүрегім. 

Көк байрағым – тірегім. 

Зеңгір шыңда көк тіреп, 

Желбіреуін тіледім, Отаным! 

Дінім, Тілім – мәйегім, 

Ғұмырымның мәні едің. 

Көркейте бер сәніңмен 

Жер дүние әлемін. 

Елім, жерім жайнасын, 

Қыраным биік самғасын. 

Ағалардың арманын 

Жалынды жастар жалғасын! 

 

Желтоқсан

 

86 жылдары, 

Қақаған қыс ызғарлы, 

Алаңға шыққан жастардың

Жүрегінде мұң қалды, 

 

Қаптаған қалың әскерлер, 

Қабағы суық, сұрланды. 

Қолына алып «ұр тоқпақ» 

Алаңда салды ойранды. 

 

Білмедік кімдер ұйғарды? 

Жастарды бірден сынға алды. 

Тағдырлары тәлкек боп, 

Күлкісі ана ұрланды. 

 

Аямады-ау қыздарды, 

Шашынан сүйреп қинады. 

Ұл-қызынан айырылып, 

Ата-аналар сорлады. 

 

Сан мың боздақ қамалды,

Қанға алаң боялды. 

Намысы үшін ұлтының 

Күресті ұл-қыз табанды. 

 

Желтоқсанның ызғары, 

Ұлт намысын шыңдады. 

Ұмытпайды мәңгі ұрпақ 

1986 жылдарды! 

 

Найзағайдай жарқылдап 

 

1986  жылдары 

Асыл – тот боп жатпады, 

Найзағайдай жарқылдап, 

Шықты алаңға жастары. 

 

Жасақтары – иттері, 

Мәңгүрті мен биттері. 

Арандары ашылып, 

Құзғындай боп қаптады. 

 

Су шашып суықта, 

Сойыл, күрек, темірі. 

Қыршын кетті, түрмеге 

Талай жастар өмірі. 

 

Түрмеден Қайрат қайтпады, 

Алаңнан Ербол келмеді. 

Кесірінен мәңгүрттің, 

Талай боздақ жерленді. 

 

Арландарым – асылым 

Өшпес мәңгі даңқың бір

Елің еске алады, 

Бауырларым – батырым. 

 

Желтоқсан шашқан шуағы, 

Жалындап шығар таң нұры. 

Ата-бабам арманы –

Қазақ елі, мәңгі тұрағы.

 

Ағаны аңсау

 

Қиналғанда өзің едің демеген. 

Жүрегі кең, ақылшы ағам кемеңгер, 

Талай мені өткелдерден өткізіп, 

Жігер бердің, құлама деп кемеңнен.

 

Қалтарыста қалмасын деп елеп ең, 

Тіреу болды ақылың мен өнегең. 

Бұл өмірдің сынағынан сүрінбей, 

Тек өзіңнің қолдауыңмен келем мен.

 

Ұштастыр деп біліміңді өнермен. 

Ақыл айтып, мейірімге бөлеген. 

Бірге жүріп, қиындыққа дес бермей, 

Жетектеп ең жоғарыға төменнен.

 

Беруші еді әр ісіме бағасын, 

Асқар таудай ардақты асыл ағашым. 

Интернатта қара нанды тең бөліп, 

Қамқор болып, еркелеткен ағамсың. 

 

Бірге өтіп «өмір» деген өзеннен 

Үлгі тұтып, тек өзіңді келем мен. 

Сенің арқаң асқар таудай ағашым, 

Жетістікке жетіп жатсам егер мен.

 

Ән-жырымды төгіп бүгін көмейден, 

Тілегімді жеткізейін өлеңмен. 

Алғыс айтып бас иемін өзіңе

Бермесем де алтын-күміс қолыммен.

 

Қазақ елі  

мәңгілік

 

Көк байрағым желбіреп, 

Қазақ елі – Отаным. 

Елім, жерім, жүрегім, 

Мәңгі соқсын деп тіледім.

 

Жігіттер, айбарлы жауынгер, 

Жалында, азамат, жүректі ер.

Біліммен, өнермен шыңдалған, 

Қазақ елі – мәңгі ел.

 

Намысты ер – ұланбыз, 

Күзетіп елді тұрамыз. 

Отаным аман болсын деп,

Әскерде жүрген қыранбыз. 

 

Жанмен келген рухы, 

Биіктерге шығамыз. 

Ата-баба тұрағын 

Мәңгі сақтап тұрамыз.

 

Сарыбұлақ

 

О, туған жер, ыстық едің. 

Қақаған ызғар-суық қысың! 

Көздері бар көрмеген 

Ракета жарып, салды қысым. 

 

Сарыөзектегі жарғаны 

Бөлшегі екен зиянды. 

Тиді кесірі ауылға. 

Соқты дерттің дауылы. 

 

Жан-жақтан ракета әкелді,

Атып, жарып кетеді. 

Сарыбұлақта өскені 

Кеселден ауырып өтеді. 

 

Он шақырымда жарғаны 

Ауру, кесел жұққаны. 

Ісік, аққан ауру қысады, 

Шідерлі аттай тұсады. 

 

Ауылда адам тұрады, 

Шал мен кемпір, ұланы. 

Бәріне де шыдады, 

Отаны, елі, тұрағы.

 

Нұржан Жаманбай,

Алматы облысы

 Кербұлақ ауданы

 Қарағаш ауылы

 

08.03.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 6904
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 7035
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 22024
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 20634
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 24127