Ұлттық Банкке инфляция деңгейін бекітілген коридорға қайтару туралы тапсырма берілді. Бірақ бұл жоспар орындала ма, жоқ па, оны ешкім айта алмайды. Өйткені, биліктің қолында валюта нарығындағы интервенциядан басқа құрал жоқ. Теңге бағамы құлдыраса, ол импорттың қымбаттауына алып келіп, одан әрі «домино» эффектісімен инфляцияны өршітетіні түсінікті. Себебі, біздегі инфляцияға әсер ететін тауарлар тобының басым бөлігі сырттан тасылады. Осыларды алға тартқан қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов: «Импортты алмастыруы тиіс жалпыұлттық жоба – «Қарапайым заттар экономикасы» әлі өз жемісін бере қойған жоқ. Беруі де неғайбылдау. Теңгенің жақын болашағын мемлекеттің төлем балансы айқындайды: егер баланс теріс болса, онда валюта әлсіреп, оң болса, валюта әлі де жарамды болады. Қазір АҚШ-та тұтынушылық бағаның өсуі сәл төмендеді, демек, доллар теңге мен басқа да әлсіздеу валюталарға қатысты күрт күшеймейді деген сөз. Бірақ теңгенің әлсіреуінің барлық алғышарттары бар. Сондықтан Ұлттық Банк базалық ставканы инфляция жоғары болғандықтан емес, теңгенің тағдырына алаңдағандықтан көтеріп отыр. 8,7 пайыз инфляцияны біз бұған дейін де бастан кешкен болатынбыз. Ал қазіргі жағдайда теңгенің құнсыздануы бізге ауыр соққы болып тиеді. Айырбас бағамын басқару әдістеріне күшті экономиканы құру мен салмақты сауда балансын қалыптастыру кіреді. Ал Ұлттық Банк қысқа мерзімді ставкалармен кей өткір бұрыштарды тегістеп қана отыр»,— деп жазады. Ал, экономист Мұрат Темірханов: «Мемлекет инфляцияны ауыздықтауда әлі күнге дейін мүлде тиімсіз коммунистік әдістерді қолданып келеді. Нарықтық экономикасы бар дамыған бірде-бір мемлекетте инфляцияны қалай тоқтатамыз деген мәселе талқыланбайды. Қазір ұсынылып отырған шаралар әлі күнге еш нәтиже берген жоқ.. Әкімшіл-әміршіл принцип инфляцияға одан сайын жел береді»,— дейді.
Ұлттық Банктің мәліметінше, қазір депозиттердің долларлануы 36 пайызға дейін төмендеген. Бірақ ұлттық валютаның құлдырауы депозиттерін теңгеде ұстап отырған азаматтарға соққы болып тиіп, олардың қайтадан долларға ауысуын туғызуы мүмкін. Сондықтан Ұлттық Банк теңге бағамының жайлы коридорда тұруын күнделікті бақылауда ұстап отыр. Қажет болған жағдайда интервенцияға барудан да кет әрі емес. Елдегі депозиттердің сомасы 25,2 триллион теңгеге жетіп отыр. Оның 14,7 триллионы заңды тұлғаларға, ал 12,2 триллион теңгесі жеке тұлғаларға тиесілі.
Ермек Сахариев