«Қазақстанның Мемлекеттік рәміздер күніне орай елордада «Түркістан» тұрғын үй кешенінің жаңа ауласы салтанатты түрде ашылды», – деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Мерекеге орай балаларға арналған аниматорлармен, ойындар мен байқаулардан тұратын бағдарлама ұйымдастырылды.
«Мемлекеттік рәміздер күніне орай Сарайшық ауданындағы «Түркістан» ТК-де жаңа балалар алаңы ашылып отыр. Бұл жұмыс «Халық қатысатын бюджет» (ХҚБ) жобасы аясында атқарылды, тұрғындар ЭЦҚ арқылы дауыс беріп, ең көп дауыс жинап, жеңіске жетті», – деді қалалық мәслихат депутаты Мәдина Әжікенова.
Аулада брусчатка ауыстырылып, жасанды көгал, жабын төселді, әткеншектер, балаларға арналған спорт және ойын кешендері, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылды. Сонымен қатар, жаттығу алаңы да жабдықталды.
«Үй салынғанына 12 жыл болды. Біз ХҚБ жобасын ұтып алғанымызда қатты қуандық. Үйіміз абаттандыру бойынша тізімде бірінші тұрды. Жұмыс сәуір айының соңында басталып, бір ай ішінде аяқталды. Күткенімізден де артық жасалды. Қуанышымыз шексіз. Мен 8 баланың анасымын, біз үшін бұл өте маңызды. Үйімізде 514 пәтер бар, көпбалалы отбасылар көп», – деді үйдің белсенді тұрғыны Айжан Әбдіманбекова.
Мереке Қазақстан Қарулы Күштерінің Орталық әскери-патриоттық орталығының Орталық әскери оркестрінің өнер көрсетуімен аяқталды. Олар Қазақстан Республикасының Әнұранын және халық арасында кең таралған музыкалық шығармаларды орындады.
Сондай-ақ, іс-шара аясында «Ту – терезеде» атты патриоттық акция өтті, онда тұрғындар пәтерлерінің терезесіне мемлекеттік туды іліп, қолдау білдірді.
Еске салайық, биыл Астанада шамамен 180 аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылады. Бұл жұмыс қаланың барлық ауданын, соның ішінде тұрғын алаптарды да қамтиды.
Кейбір жобалар қазірдің өзінде аяқталған. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай елорданың алты ауданында 40-тан астам аула мен қоғамдық кеңістік ашылды.