Бүгінде су тапшылығы бүкіләлемдік өзекті мәселе болып отыр. Елімізде де бұл күн тәртібінен түспейтін тақырыпқа айналғалы қашан. Биыл су тапшылығынан зардап шеккен облысымыздың 6 ауданында төтенше жағдай жарияланғаны тағы бар. Жақында ғана Елордамыз Астанада PaperLab зерттеу орталығы ұйымдастырған «Қазақстандағы су дағдарысы: су ресурстарын тиімді басқарудың жолдары қандай?» атты талқылауда Қ.Сәтбаев атындағы қазақ политехникалық университеті ректорының су қауіпсіздігі жөніндегі кеңесшісі Кәмшат Түсіпова «Бізде су жоқ емес, оны тиімді реттейтін жүйе жоқ» деді.
Иә, барды ұқсата білу хас маманның ғана қолынан келеді. Осындайда халықтың «Торғайды сойса да қасапшы сойсын» деген сөзі еске еріксіз оралады. Сол секілді елдегі бар суды орынымен пайдаланып, ысыраптан сақтандыру үшін де жұмысқа жүйелілік керек. Ал, жүйелі жұмыс жүргізу үшін әр саланың тізгінін өз маманы ұстаса ғана нәтижесін бермек. Көптен бері су шаруашылығында өз маманы жоғы да айтылып жүр. Бұдан тағы бір мәселе туындайды, яғни елімізде су шаруашылығын оқытуға білім гранттары бөлінгенімен ол игерілмей келеді.
Айталық, 6В086-«Су ресурстары және суды пайдалану» білім беру бағдарламалар тобына Қазақстан бойынша 338 білім беру гранты бөлінсе, соның 98-і ғана игерілген. Осы топтағы білім беру гранттарын иеленгендердің тізімін сараптасақ, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті 26, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті 14, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті 19 грант иеленген. Одан бөлек, биыл жаңадан қосылған білім беру бағдарламалар топтарына да мемлекет тарапынан 60 грант бөлініпті. Анығырақ айтсақ, «В173- Гидромелиорацияға» 20 грант бөлініп, мүлдем игерілмеген. «В175-Сумен қамтамасыз ету және суды бұру» мамандығына 20 грант беріліп, 8-і ғана игерілген. «В176-Гидротехникалық құрылыс және су ресурстарын басқару» маманын оқытуға да 20 грант берілгенімен тек 8-і пайдаланылған. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру институтының директоры Кенжеғали Шилібектің айтуынша, бұл жағдайдың өзіндік себептері бар.
– Біріншіден, бұл білім беру бағдарламаларына сұраныс аз. Былай айтқанда, оқуды аяқтаған соң, түлектердің өз мамандығы бойынша жұмыс табуы қиын. Еңбекақысы өте төмен, жаңадан жұмысқа кірген жоғары білімді су саласы маманының айлығы 86-94 мың теңге аралығында ғана. Бұл еліміз бойынша орташа еңбекақы 350 мың теңгемен салыстырғанда, 3-3,5 есе төмен. Екіншіден, мектепті тәмамдаған түлектер тапсыратын Ұлттық бірыңғай тестілеудегі таңдау пәндері «математика» және «физика» болатын білім беру бағдарламалары көп, мәселен ел ішінде мәртебесі, жоғары жалақысы бар мұнай- газ, құрылыс, тау-кен ісі, энергетика және тағы басқа инженерлік-техникалық бағдарламалар баршылық.
Оларға грантқа өту балы 50 болса жеткілікті. Үшіншіден, «В175-Сумен қамтамасыз ету және суды бұру», «В176-Гидротехникалық құрылыс және су ресурстарын басқару» және «В173-Гидромелиорация» білім беру топтары жаңадан ашылды, берілген гранттарды насихаттауға уақыт аз болды. Төртіншіден, халық тығыз қоныстанған Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Алматы облыстарында су шаруашылығы мамандығын бітірген мамандар аз емес, еңбекақының төмендігіне байланысты олар басқа салаларда жұмыс істейді. Облысымыздың әкімдігі бірнеше білім беру бағдарламалар тобына атаулы гранттар бөлді. Айталық, В082-«Су ресурстары және суды пайдалануға» 15 орын бөлініп, оның 4-і ғана игерілсе, В010-«Физика мұғалімдерін даярлауға» 10 орын, оның 6 орнына талапкер қабылданды. Ал, В060-«Химиялық инженерия және процестер» білім беру бағдарламасына колледжден кейін түсетін абитуриенттерге 25 орын берілді, бірақ бір де бірі игерілмеді. Облыс әкімдігінің білім басқармасының ақпаратына сәйкес жалпы 55 орынға 21 талапкер құжат тапсырған. Қалған орындар игерілмеген, – дейді Кенжеғали Қошқарбайұлы.
Өңірдегі су шаруашылығы мәселесінің маңыздылығын ескере отырып, оны шешу жолын іздеген мамандар бірнеше ұсыныстарын да жеткізді.
– Жергілікті атқарушы органдардың атаулы гранттарына үміткерлерге қаңтар, ақпан, тамыз айларында өткен ҰБТ нәтижесімен конкурсқа қатысуға рұқсат берілсе екен. Яғни, «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларына» өзгеріс енгізу керек. «Су шаруашылығы» бағытының білім бағдарламалар тобының талапкерлер арасында кеңінен насихаттап, оның ішінде осы бағыттарға түскен студенттердің шәкіртақысын педагогикалық бағыттағы студенттермен теңестіріп, көтеру керек. Сонымен қатар, колледждерде су шаруашылығы бағыттары бойынша білім беру бағдарламаларын ашса деген ұсыныстарымыз бар, – дейді институт директоры әрі Тараз қалалық мәслихатының депутаты Кенжеғали Шилібек.
Осы ұсыныстар назарға алынып, қолданылса, бәлкім бар суды қажетімізге тиімді тұтынып, тапшылықтан құтылар ма едік. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Астана қаласында өткен талқылауда Сәтбаев университеті ректорының су қауіпсіздігі жөніндегі кеңесшісі Кәмшат Түсіпова қолда бар ресурстарды есепке алғанда, әрбір қазақстандық жылына 5 мың текше метр су тұтына алатынын және бұл су табиғи жолмен жаңартылып отыратынын айтты. «Тапшылық деген – экономикалық термин. Қазақстанның гидрологтары су тапшылығын қалай есептеп жүр? Шамамен 4 өлшемшарт бар. Оның негізгілерінің бірі – су ағынының көлемі. Қазақстандағы су ағынының орташа көлемі 102 текше метр. Оны елдегі халықтың санына бөлсек, жылына бір адамға 5 мың текше метр судан келеді. Су күйзелісінің индексі бойынша, бір адамға жылына 1700 текше метр судан келсе, бұл күйзелістің бірінші деңгейі болып есептеледі. Бізде бір адамға 5 мың текше метр су деп отырмыз. Яғни, Қазақстанда су тапшылығы жоқ. Одан кейін біздегі су тапшылығы мезгілдерге байланысты. Бір мезгілде су мол болса, бір мезгілде аз болады. Бірақ бұл бізде су жоқ деген сөз емес. Мысалы, Біріккен Араб Әмірліктерінде бір адамға жылына 500 текше метрден 1000 текше метрге дейін су тиеді. Біздегі гидрологиялық деректерге қарағанда, Қазақстанда судың физикалық тапшылығы жоқ. Бізде судың экономикалық тапшылығы бар», – деген еді су маманы Кәмшат Түсіпова.
Сарапшының сөзіне қарағанда, қолда барды ұқсата алмай отырмыз. Әрине, ол үшін білікті маман керек. Кәсіби сауатты маман даярлап, оны ең қажетті іске жұмсауға әлгінде айтылғандай жағдайлар кедергі. Бәлкім, түйінді мәселені зерттеп, шешілетін жолын ұсынған мамандардың ұсынысы іске асырылса, біраз жұмыс ұтымды жүйесін табар ма еді…